Әкім есебі: Шағын ауылдарға шұбырып бару міндет пе?

340

Жылдағы үрдіс бойынша әкімдердің ел алдында есеп беру кезеңі де келіп жетті. Бұл іс-шара Семей қаласы әкімдігіне қарасты ауылдық округтерде де басталып, алғашқы кездесулер қала маңындағы мекендерде жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда қала әкімі Ермак Сәлімов Шульбинск, Ново-Баженова, Приречный, Озерка, Ертіс, Шаған тұрғындарының алдында атқарған істері жайында мәлімет беруде.

Осы аталған ауылдық округтер тұрғындарының саны ұзаса 1,5 – 2 мыңның айналасы. Олардың әкім жиналысына келетіні 100 адамның аржақ-бержағы. Ал, осындай шағын ауылдық ортаға қала әкімінен бастап әкімдіктің барлық бөлімдерінің, құрылымдар мен мекемелер басшыларының шұбырып баруы қаншалықты қажет? Таратып көрсеңіз Семей қаласының әкімі Е. Сәлімовпен әкімдіктің 16 дербес бөлімінен бөлек, «ВКРЭК», «Горводоканал», СЭС (тұтынушылар құқығын қорғау), ІІБ т.б. мекемелердің басшылары түгел еріп барған. Ауылдағылардың айтуына қарағанда әкіммен еріп жүргендердің қатары 30 шақты адам болып қалатын көрінеді.

Әрине, аталған мекеме жетекшілерін немесе мамандарын ертіп жүруге ешқандай тиым жоқ. Алайда, әр нәрсенің өз мөлшері болатыны секілді, аядай ғана ауыл алдында есеп беру үшін осыншама дүрлігудің не жөні бар. Иә, осыншама нөкермен есеп беретін сәттер болады. Ол Семей секілді тұрғыны көп, аумағы кең, шаруашылығы шашетектен келетін қала тұрғындарының алдында. Ал, мәселесі санаулы, тұрғыны шағын ықшам ауылдарға қоғадай жапырылмай-ақ, бірер маманды ертіп барып есеп беруге де болар еді.

Қарапайым ауылдарға қала әкімінің қаптаған нөкермен келіп-кетуі кейбіреулерге түрлі ой салған көрінеді. Соның бірі – қала басшысы ауыл мәселелерінен бейхабар, сондықтан, әлдеқандай сұрақтар бола қалса жауабын сол саланың басшысына айтқыза қою. Немесе, бұрындар мұндай ірі өңірді басқарып көрмеген әкім есеп берудің тәртібі солай деп санайды. Егер ол солай санағанның өзінде, аппарат тарапынан есеп беруге байланысты бірнеше нұсқа ұсынылып, соның тиімдісін ғана ол бекітпеуші ме еді.

Айтпқшы, таяуда ustinka.kz сайты Е.Сәлімовтың Шульбинскідегі есебінде жергілікті тұрғынның «Бізге қалада істелген жұмыстардың қажеті қанша» деп наразылық танытқаны туралы жазды. Мақала мазмұнына қарағанда бір сағаттық жиынның біраз уақыты сол тұрғынды қала туралы тыңдауға шақыруға және қалаға қатысты мәліметтерді баяндауға кетіпті. Былай қарасаң Шульбинск тұрғынының пікірін де жоққа шығаруға болмайды. Қаламен іргелес елдімекендерде мұнда не істелгендігі теледидардан көрсетіліп, газеттерге басылып жатады. Оның үстіне әкімнің есеп беру кезеңі қарсаңында бір жылдық жұмыстың тезистік нұсқасы жергілікті басылымдарда қос тілде арнайы жарияланады. Сол себепті, әкіммен бетбе-бет жүздескенде сол нәрселерді қайталап тыңдағысы келмеген болар. Расында, олар үшін өзгеден бұрын өздері тұрып жатқан мекеннің болашағы туралы шынайы мәлімет қызықты болмақ.

Соған қарағанда Семейге қарасты 16 ауылдық округ пен кенттердегі әкім есебі аппараты ұйғарып қойған сарында өтіп жатқанға ұқсайды. Ел ішіндегі әңгіменің тағы бірі – М.Айнабеков, А.Кәрімов сынды бұрынғы әкімдер ел ішіне ешқандай нөкерсіз-ақ бір өздері келіп, жұртпен қоян-қолтық әңгімелесіп қайтушы еді дейді.

PS. Семей қаласының әкімі Е.Сәлімовтың қала тұрғындары алдындағы есебі сол жағалау бойынша 7 ақпан сағ. 15,00-де Қалалық офицерлер үйінде және оң жағалау бойынша 8 ақпан сағ. 15,оо-де Қалалық Мәдениет сарайында болады.

 

Қ.Зекенұлы,

Семей қаласы.

 Alex McGough Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз