Орта Азияның билеуші-әміршісі Темір (1336-1405) – 14 ғасырдың екінші жартысындағы әлем мойындаған ұлы тұлға. Оның ғұмыр жолы парадокске толы. Мысалы, кешегі моғол ұрпағының талай ескінің көзі – архитектуралық тамаша ғимараттар салдырып, Орта Азияның материалдық мәдениетінде өшпес із қалдыруының өзі неге тұрады? Бірақта басты парадокс Темірдің тарихи миссиясы: ол сол дәуірдегі ең күшті екі империяны (Осман және Алтын Орда) талқандап шаңырағын ортасына түсірді. Сөйтіп, күллі Түркі әлеміне «кер заман» әкелгені шүбәсіз шындық.
Қанеки, осы оқиғалар қалай өрбіген еді? Шамамыз келгенше рет-ретімен баяндап көрелік.
Тәуелсіздік алған көшпелі мемлекет «Моғолстан» күні кеше ғана өзі қол астына қараған Мауереннахрды «тымақпен ұрып» дегендей оңай жаулап алады (1362). Жазмыштың мына жазуына қараңызшы – Мауереннахр, яғни Сартауыл басына бұлт төнген дәп осы тұста жарыққа Темір шығады (Ойлайсың «бұл тұлға тым асқақтап кеткен Түркі әлемінің аптығын басып, тәубесіне келтіру үшін туды, сірә» деп. Аллатағаланың хикметі шексіз).
Ұзын сөздің қысқасы – 1370 ж. Темірдің Мауереннахр тағына қолы жетеді. Ол әлсіреген мемлекетті Шыңғысхан дәстүрімен қайта ұйымдастырады. Әлемді жаулауды көздеген Әмірге ең керегі не? Жеңілуді білмейтін атты әскер, әрине. Сартауылдың Отырықшы жұртынан қисапсыз көп атты әскердің шыға қоймасы бесенеден белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Әмір Темір ең жақын көршілері – Моғолстан мен Ақ Ордаға сұқтанады. Ондағы максаты – әскери күш ретінде көшпелілерді пайдалану.
Тарихи деректер: «14 ғас. жетпісінші-тоқсаныншы жылдарында Орта Азия билеушісі Әмір Темір Моғолстан мен Ақ Ордаға қайта-қайта шапқыншылық жасады» – деп атап көрсетеді. (Дәлірек айтқанда Темір оннан аса шабуыл жасады. Соның бірі -1389 ж. Балқаш көлінің сыртымен Ертістің орта ағысына жеткен жорығы. Тарихшы жерлесіміз Амантай Исиннің қолында бар таңсық дерекке қарағанда – Әмір Темір Аякөз маңында майдан ашып, одан қазіргі Семей тұсына ат басын тірепті. Бұл дерек – ежелгі Қимақ ғибадатханалары жанынан бой көтерген әйгілі «Жеті сарайды» («Семь палат») қайта салдыртқан Әмір Темір емес пе деген топшылау тудырып отыр).
Іргесіне жолатпағаны үшін Ақ Орда ханы Орысхан (немесе Ырысхан, шығыс жазбаларында осылай) Орта Азия қолбасшысының ең қас дұшпанына айналды. Ақыры, Ырысханды (1360-1379 жылдары ел билеген) тағынан тайдырып айлакер Әмір Темір оның тағын жас сұлтан Тоқтамыстың алуына жағдай туғызады.
Тәуелділік қамыты көшпелілерді несіне қызықтырсын… Бірақта тасы өрге домалаған жолы болғыш Темірге қарсы қайрат қылу – қиынның қиыны.
Әділдігі керек – Моғолстан мен Ақ Орда билеушілері қол қусырып қарап отырмаған. Берекесін алған Әмірге қарсы тұруға екі ел әскери-саяси одақ құрады. Бірақта бұл Одаққа Алтын Орданы тартпай тұрып, әбден бел алып алған Тұранға тосқауыл қою мүмкін болмаған. Демек, үш көшпелі мемлекет күш біріктіруі қажет. Ақ Орда ханы Тоқтамыс амалын тауып 1380 жылы Алтын Орданы өзіне қаратады. Өстіп екі Орда тізгіні де ұзақ жылдарға (1380-1395) хан Тоқтамыстың қолына тиеді.
Айтылмыш оқиға, яғни Темір мен Тоқтамыс арасындағы тартыс енді қалай өрбіді дейсіз ғой? Бұны баяндау алдында ескерте кетер бір жай – Тұран мен Алтын Орданың қиян-кескі күресі екі ханның өзара «кикілжіңі» мен «жаға жыртысуы» деген ұғым аясына сия алмайды. Өздерін «Құдай» санаған екі ханның басы бір қазанға симағаны, оның үстіне өзінен көмек көріп, тәрбие алған Тоқтамысқа Тұран сұлтанының өкпесі «қара қазандай» болғаны – бәрі рас. Десек те тереңгі себеп – екі туысқан мемлекеттің өмір сүру формасы, ұлттық жүйесі мен тарихи дәстүрі бөлектігі еді деуге бейілміз.
Сонымен, ұлы тартыстың шешуші кезеңі таяп келе жатты. Алтын Ордаға бағытталған соққылардың ең жойқыны – 1391 жылдың жазында өтті. Алтын Орда империясының шаңырағын шайқалтып, тынысын тарылтып кеткен осы шайқас! Демек, осы уақиғаға сәл кеңірек тоқталғанымыз мақұл.
Әмір Темір Ақ Орда және Алтын Орда ханы Тоқтамысқа бұ жолы да Дешті Қыпшақ арқылы (бұл жолы Ертіске қарай емес) Еділ бағытында аттанады. Тұран сұлтанының осы ұзақ жорық жолындағы көңіл-күйін жанындағы «жазғышы»: «тебіреніс-толқыныс үстінде болды»,-деп жасырмапты. Расында, Дешті Қыпшақтың дәл жүрек тұсы – Ұлытауға жеткенде жер қайысқан қалың қол тыныстап, ат терін кептіріпті. Ұлы қолбасшы «Алтын шоқы» аталатын биікке тастан мұнара үюге, белгі сөз жазып қалдыруға бұйырыпты (өзге салт-сана сүйегіне сіңіп кеткен кешегі моңғол ұрпағы Жошы мазарына таяғанда кімге, қай шаңыраққа балта көтергенін сезінді ме, жоқ па, бұл арасын айта қою қиын).
Тасқа қашалған араб әліпбиінің ирек-өрнектерінің орысша аудармасы мынадай екен: «…В год овцы… Султан Турана Тимур- бек шел с двумя стами тысяч войск по кровь хана Золотой Орды Тохтамыш-хана. Достигнув этой местности, он воздвиг этот курган, дабы он был знаком» (Бұл тас қазіргі күні Петербор Эрмитажында деседі. Тауып алған адам – академик Қ.Сәтбаев).
Көп ұзамай (1391 жылдың 18 маусымы) Алтын Орда тағдыры таразы басына түскен шешуші шайқас «Құндызша» аталатын жерде басталып кетеді. Осы күні ысылдаған садақ оғы, сабы сартылдап кірш-кірш қадалған найза, айқасқан қылыштар, кісінеген, пысқырған арғымақ үндері, ұрандаған адамдардың айғайы – бәрі-бәрі бүкіл кең Даланы ию-қию шуға толтырғаны хақ. Бұл адам қаны судай ағып, айнала өлікке толып кеткен керемет сұрапыл соғыс бопты… Небір боздақтар ат жалын құшады… Ауыр найза аттан ұшырып түсірген қыршын жігіттің көзі оттай жанып, кеудесіндегі атқылаған қан мен көк аспанға кезек қарап, өмірді қия алмай жатты. Жерде қансырап жатып, еріндері «Өмір сүргім келеді, өмір сүргім» деп қимылдап жан тапсырған сарбаздарда есеп жоқ.
Тарихи деректемелер – осы қырғын шайқаста 100 мыңнан астам көшпелілер қаза тапты дейді. Апыр-ай, сонда не үшін?! Бұл Алланың хикметі, тарих құпиясы демеске лажың жоқ.
(Қазақ тарихы – далалық салт-сана және көшпелі Кеңістік үшін күрес тарихы. Бұл тұжырымды, әлбетте, бәріміз де құптаймыз. Осы орайда әйгілі «Куликово шайқасын» әлденеше рет орап алатын «Құндызша шайқасы» сияқты нағыз халықтық соғыстардың отандық тарихымызда айтылмай, жазылмай тасада қала беретіні өкінішті-ақ).
«Құндызша шайқасынан» соң жұлдызы сөнген Тоқтамысқа соңғы соққыны сұлтан Темір-бек Терек өзені бойында береді (1395ж). Сібірге қашқан Тоқтамыс сол жақта опат болады.
Көшпенділер отаны – Жошы ұлысын осылай күйретіп мақсатына жеткен Ақсақ Темір әрі қарай не істеген? Тақырыбымызға тікелей қатысы болмаса да осы сұраққа сәл кідіре кетелік.
Орта Азия қолбасшысы бүкіл көшпелілердің әскери күшінің тізгіні қолына тиген соң, оларды бұрып алып, оңтүстік пен батысқа төкті (Темір мемлекеті бұдан бұрын да Иран, Сирия, Кавказ елдеріне әлденеше рет жорық жасаған болатын). Енді Көшпелілерге сүйенген ол жеңіліс дегенді білместен Үндістан астанасы – Делиді жаулап алады (1398). Ал азуы алты қарыс Осман империясын күйрету (1402ж.) – тіпті тосын оқиға болған. Неге десеңіз – бауырлас екі ел Тұран мен Осман күш біріктіргенде күніміз не болады деп бүкіл Европа қатты шошыған (ал түрік ханы Баязит онсыз да Батысты саяси тұрғыдан ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған-тұғын).
«Екі қошқардың басы бір қазанға» сыймады ма? Әлде Батыстың құйтырқы саясаты араға от тастады ма? Әйтеуір, Тұран-Осман арасында жарты милионнан астам адам қатысқан ғаламат соғыс өрті лап ете қалады. «Шоқ-шоқ» деп қуанған алыс-жақын елдер алдында өткен соғыс театрында түрік әскері ұятқа батып, ойсырай жеңіледі. Тұтқынға түскен Баязитті масқара ету үшін Әмір Темір оны арба артына байлаған екен. Европа азаттығына, бірер ғасырда оның дара-гегемон болуына даңғыл жол ашты осы жеңіс. Сол үшін Франция Ақсақ Темірге «Европаны азат етушіге» деген асқақ ескерткіш орнатты. Тұран жолбарысы – Әмір Темір қалың әскерді Қытайды алуға бұрған мезетінде дүние салады (1405). Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аяқталмай қалғаны сол.
Хош, Әмір Темір туралы сөзімізді түйінделік. Әмір Темір кім? Түркі әлемінің әлсіреуіне, Батыстың күш алуына әкеп соққан Ақсақ Темірдің жорықтарын қалай бағалағанымыз жөн? Қос империя – аузын айға білеген Алтын Орда мен айдарынан жел ескен Османияның шаңырағын шалқайтып, түңлігін түре соққан дауыл, дауыл деймін-ау, қақ маңдайдан қасқитқан сойыл қайдан шықты? Осы сұраққа қысқаша да болса жауап қайтаруға талпындық.
Тобықтай түйін: Темір мемлекеті нығаюына байланысты отырықшы Орта Азия ықпалы қазақ даласын қайтадан орады (бұл жайды төменіректе бөлек әңгіме етеміз). Осымен, Шыңғыстан соң екі ғасыр өтті. Талас-тартыстар Дала потенциалын сарқыды. Оның арты – Алтын Орданың ыдырауына әкеп соқты.
Асан Омаров, ғалым.
Семей қаласы.
Авторға ескерту. 1. Сөзіңізде қателік бар. Әмір Темір, хан емес оның (титулы) мансабы -Гурхан. Немесе Хан – күеу, әиелі, Жеңісханның (Чингисхан) тұқымынан.
2. Темір монголдың ұрпағы дегенді айтасыз. Руы Барлас Найман – түрік болады.
3. «Куликова шайқасы» деген лақап сөз, осы уақытқа деиін қай жерде болғанын ешкімде білмейді. Алақандай екі бет жазбаңызда, осынша тарихи қателіктер бар.