Оспан батырдың сегіз комиссары-12

483

Біз осы кезде орыстар мен монғолдардың 1932 жылы Қожанияз қозғалысында “Шығыс Түркістан” деп жарнама жариялап соңғы кезде алдап соққаны  біздің есімізде тұрды да қондырманын атын “Шын Түркістаны” деп атап бердік.

Барлық істі жүргізетін тоғыз полковник құрастырылды. Оларға біртұтас батыр атағы беріліп қолдарына құжат та ұстатылды.

Олар Оспан батыр, Сүлеймен батыр, Сұлубай батыр, Келес батыр, Кәмел батыр, Нұрғожай батыр, Қапас батыр, Зарыққан батыр, Қуанышбай батыр болып олардың еңбегі тиянақталып атақ беріліп ең жоғарғы үкімет билігін жүргізетін кеңес, комиссарияттың мүшесі делінді. Комиссарият тоғыз адамның үштен екісі болғанда ғана қаулы шығаруға құқықты деп жазылды. Біздің мемлекеттік туымыз Жәнібек туы деп жазылды. Сонау 1745 жылы бұл тудың атын атақты Хан Абылай (яғни Әбілмансұр Хан) “санжақ” деп атаған еді. Сол санжақтың астына топталдық.

Тұңғыш осы тудың астына Оспан мен Сүлейменді қойып басқа жеті полковник “өзіміздің ақырғы демімізге дейін ұлт үшін күресеміз” деп серт бердік. Халық алдында “Түркістан отанымыздың тәуелсіздігі үшін өз өмірімізді арнаймыз”, – деп уәде бердік. “Басымызға қандай ауыр күндер туса да, жауға тізе бүкбейміз, Құдай аты, Құран сөзі”, – деп ақ сарбас қойды сойып қанына қол матырып тудың алдынан мылтықты серте ұстап өттік. Біз ант беру ісі аяқталган соң, ең жоғарғы басшы деп танылған Оспан мен Сүлеймен:

– Отан мен халық алдында адал қызмет істейміз. Ақтық демге дейін осы қызметті жалғастырамыз. Жауға тізе бүкпейміз. Жәнібек туын ұстап бүкіл Шығыс Түркістан тәуелсіздігі жолында арымай, талмай қызмет істейміз, – деп Жәнібек туының алдынан өтіп қанға қолдарын матырды. (88)

Сонымен ұлт-азаттық қозғалыстарын мәңгі-бақи жүргізуге белді бекем байладық. “Бұлт ала, жер шола” солай болса да тәуекел дедік. Ел ала. Өйткені саяси сатқындар еліміздің ішінде аз болып отырған жоқ. Біреу орысшыл, біреу қытайшыл, біреу монғолшыл. “Болашақ алыс, жол бозаң” бізге түріктен иелік етіп келетін көмек жоқ. Бүкіл Кырым, Кавказ, Түркістандағы 40 миллион түрік тектес халықтар өз алдына қаңғып кетті. Олардың ішінен осынау ұзақ тарих бір саяси қайраткер туғызып бере алмады. Бұл шерміштердің орыстың жемі болып қайта келіп өзіңді алатын болды.

Өз жөнімізден алғанда, қолда қорымыз жоқ. Қару-жарағымыз да аз. Қытайдан тартып алып, келіп беріп кетіп жүрген қаруларымыз бар. Осы замандық соғыс қару жарағымыз да жоқ. Өз арамызда ғылыми жұмыс жүргізетін сауатты адамдар да жоқ. Осы замандық тәртіпті қарулы армиямыз да жоқ. Біздің армиямыз халықтың өзін ру-руға бөліп тізімдеп қойған адамдар ғана. Азығы да, соғысқа мінетін аттары да жеке адамның өзінде.

 

Коминтерннің бізге қолдауы

Олар, бір тұлып арпа талқанын алып бір ай, екі ай су ішіп кете береді. Қытай жүретін соғыс жолдарын ру-рулардың өзіне бөліп бердік. Тоғыз полковниктің әскерлерді түгелдей өз туысынан, өз руынан, өз елінен құралды. Осындай ұйымдастыру программалық әрекеттерімізді жазып-сызып, “Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитетіне” ұсындық.

Жазған хатымыздың соңында “ақиқатты оқпен өлшейміз” деп жазып қол қойдық. Жағдай бізді орыс пен монғолға сүйенуге мәжбүрледі. Ентернат жіберген жеті профессордың сөзіне қатты иландық.

Біз 1942 жылы 20 қараша күнгі жарнама, 1943 жылы 6 қаңтар күнгі тоқтамға қол қойсақ та сенім байламадық. Ақ Үй Соғыс Комитеті біздің Қытай Түркістаны деген сөзімізге қосылмады. Оны Шығыс Түркістан деп өзгертті. Біз олардан қауіптеніп Қытай мемлекетіне қарасты Түркістан болсақ тәуір болар деп ойлаушы едік. Өйткені орыстардың бұрынғы ондай саяси жарнамаларының барлығының соңы (89) реніш, біртүрлі қайғылы етіп жын ойнатып уақыт күтіп отырғанын болжайтынбыз. Бірақ, сол кездегі халықаралық жағдайда бізге пана болатын басқа мүмкіндік табылмай қалды.

Орыстар Коминтерн жарнамасын Мажұң қозғалысына дайындап жариялаған еді. Мақсатына жеткеннен кейін, атап айтқанда шаян бақаны мініп көлден өтіп алған соң, Шың Сысайды пайдаға жаратып алып Қожаниязды қайтып Шың Сысайдың қолымен өлтіртті. Осы барыстарды біз ол кезде түсінетін едік.

1943 жылдағы тоқтамдар болып кетті. 1943 жылы 6 желтоқсанда Ақ Үй Соғыс Комитеті (әсілінде Шығыс Түркістан Бұлғын-Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитеті) құрылғанда келген адамдар саяси профессор Қасен (Кенесарының төртінші немересі) тарих профессоры Нұрмұхамет, соғыс профессоры Құрмаш, жағрапия профессоры Дүйсебай, сымсыз телеграмма профессоры Алтын Бұлақ Махмұт, ұйымдастыру профессоры Жағпар, атқыштар профессоры Әлихан қатарлы жеті адам еді. Кейіннен олар 28 адамға барып жетті. Алпысбай полковник, Қалқабай полковник, Темірхан полковник, Доскенов полковник, Қаби полковник, Әбділда полковник, Әнуар полковник, Әбдірахман полковник, Есенбай полковник қатарлы адамдар бірінің артынан бірі келіп жатты.[1] Олардың сыртында Богдонов, Мәжік атты екі генерал сыртқы жұмыстарға басшылық жасады.[2]

Осы реткі Ақ Үй Соғыс Комитеті (Бұдан соңгы жазуларда қысқартып осылай жазамыз) 1943 жылы 6 желтоқсанға дейін, яғни көшіп келуіне дейін басынан бір барысты өткізді. 1940 жылғы және 1941 жылғы қозғалыстардағы қимылдарды қоспағанның өзінде, комитетіміз негізінде 1942 жылы сәуір айынан бастап әрекеттенген еді. Басқа сөзбен айтқанда, ол комитет өз басынан бір жыл сегіз айлық барысты өткізіп барып осы дәрежеге жеткен еді. 1940 жылы Есімхан, Ырысхан соғысы бандит Шың Сысайды бір танытқан еді.

Ырысхан мен Шу Силиң тоқтамына қол қойылған болса да, бандит Шың Сысай ата бабасының (90) ескі тәсілін қолданып қазақтарды қайтадан жөнге салып аламын деп ойлады. Қытайлар дүние бойынша өзін саясатшы санайды. Бірақ қытайдың саясатшылары үш мың жылдан бері өз елін өнеркәсіпті елге айналдыра білмеді. Оның саясатшылығы Қытайда көрші болып отырған аз ғана монғол, аз ғана мұсылмандарға өтіп жүр. Басқа дүние жүзінің ешқандай жерінде саясатын кәдеге асырып көрген жоқ. Сонау ғұн түрік тарихынан, Яушылар тарихынан, Үйсін тарихынан, Көктүрік тарихынан, Қараханилар тарихынан, Кидан тарихынан, Шыңғыс тарихынан, Темір тарихынан алып айтқанда, қыз беріп түрік нәсілділерді біріне бірін айдап салып жоғалтып келе жатқан тәсілін қазіргі қытай саяси алаяқтары да өздеріне дұрыс тәсіл деп алып келе жатыр. Бүгінгі түрік, бүгінгі Түркістанның қырық миллион ұрпағы оны әбден түсініп отыр. Ырысхан төңкерісі кезінде, орыстар, монғолдар, бандит Шың Сысайдан қол үзе қоймаған еді. Сондықтан үшеуі бірлесіп Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы бүкіл қазақты қоныс береміз деп алдап Бұлғын жазығына апарып қырып салды. Оның үстіне 2.400 бала бесігімен өртеніп кеткен еді.

Ал 1941 жылғы қозғалыстарда орыс пен Шың Сысай арасында айрылысу себептері туа бастағанда Алтай орыс Консулының орынбасары қазақ азаматы Баймурзин жасырын Бұқатты, Бұқат арқылы Қалелді әрекеттендірді. Олардың қолына берген жарнама жоқ. Тоқтам жоқ. Қару-жарақ жоқ. Қолтықтарына су бүркіп отқа итеріп жіберіп Шың Сысайды құқайлап тұрып қайта қолына түсірмекші болып еді. Бұқат пен Қалел үйде жатып базар іздеп еді. Бұл базарды олар кәдеге жарата алмады. Алдымен Қарақас елі Қытайға адам жіберіп өздері бағынып кетті. Алдыңғы Ырысхан тоқтамынан айрылып қалды.

1942 жылы қыркүйектің басында бандит Шың Сысай Ресейден қолын үзгендігін жариялағаннан кейін 1942 жылы 20 қарашада орыстар Коминтернның тонын жамылып оның атынан “Шығыс Түркістан (91) тәуелсіз Халық Республикасы” деп жарнама жариялауға мәжбүр болды. 1942 жылы мамыр айының басында Коминтерннен Куйшев келіп Алтайдың бас консулы Красилников, оның орынбасары қазақ азаматы Баймурзин, Алтай қаласындағы қазақтардың белгілі адамдарынан ұйым құрып адам тәрбиеледі. Кейін осы ұйымдағы адамнан 1942 жылы 10 қыркүйек күні Дәлелхан Сүгірбайұлын Баймурзин алып кетіп Ресейде тәрбиелеп 1944 жылы шілде айында “Ақ Үй Соғыс Комитетіне” әкеліп берген болатын.

Біздің ІІІ- қозғалысымыз, яғни 1943 жылы 6 желтоқсанда Ақ Үй Соғыс Комитетіне осындай барыстарды басынан өткізіп келген еді. Оқырмандардың бұл істің тарихын түсінуі үшін кейбір тарихи барыстарды әдейі естеріңізге жол жөнекей болса да сала кетейін. Сонда ғана құбылыстардан өтіп мәнді түсінуге, сөйтіп қозғалысымыздың мән мағынасын ғылымдандыруға болады деп үміт етемін.

1942 жылдарда Оспан аз адаммен қашып жүргенде, Коминтерннен талай адам барса да 1940 жылғы Бұлғындағы қырғынның қоламтасы суымаған еді. Және 1940-1941 жылдарда болып өткен шайқастардың бәрі де орыстың, монғолдың, Шың Сысайдың үш жақтан бірдей бірлесіп істеген жұмыстарының салдары еді. Сондықтан үш қолды саяси ұрылардың түпкі мақсаты бір деп қарағандықтан Оспан тобы көп реткі кеңестерге сенбестікпен қарады.

“Жетім қозы тас бауыр, түңілер де оттығар”, деп тұрған едік. 1942 жылы қыркүйекте Шың Сысай Ресейден айрылғандығын жариялады. Оның үстіне орыс-герман соғысы шарықтау шегіне жеткен еді. Монғол-жапон соғысы да ең жоғарғы шегіне келді. Ресейдің көп жерін немістер тартып алды. Орыстар шегініп келе жатыр. Орыстардың өміріне ауыр қауіп төнгенде, “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялап, біз де осы орайдан пайдаланып қалуды мақұл көріп жарнаманы тапсырып алып тоқтамдарға қол қойып, ел болып кетуді ойладық. Оспан тобы да сол кездегі (92) жағдайды пайдаланбақ болды. Бандит Шың Сысайдың Ресейден қол үзген күні, біздің Ресей мен Монғолияны қайта тауып Коминтернты қабылдаған күніміз болып шыға келді.

1942 жылы 1 қыркүйекте Шың Сысайдың Сан Мын Жұйды қабылдап Ресейге қарсы жасаған баяндамасы үгіт қағаз ретінде бізге жетіп келді. Шың Сысайдың бұл шарасымен, біз бен тағы да келісім жасауға болар ма? екен деп у тастап қойды. Қан ішіп үйренген әккі Шың Сысайдың мінез-құлқын бұл баяндамасының өзгерте алмайтындығын түсінген едік. Есіктен Жын Шурын атты қасқырды қуып шығып шаңырақтан түсіріп алған Шың Сысай атты жолбарысқа қайта оралуды қажетсіз деп таптық. Шың Сысайдың осы үгітін үгіттеген шпион Мағауия залыңды Оспан атқызып тастады.

Ресейден келген профессорлар бізге кезек-кезек дәріс өтті. Ең әуелі ел билеудің әдіс амалдарын оқытты. Онан соң соғыс жүргізудің саяси тәсілдерін оқытты. Және сол кездегі халықаралық жақтағы орыс-герман соғысын, жапон-монғол соғысын, Қытайдың ішінде болып жатқан соғыстарды түсіндіріп отырды. Сымсыз телефон әкеліп, теледидар әкеліп орнатты. Оларды қорғайтын әскери қорғаныс күштері келіп түсті. Бізге интернационалды үйретті. Оның халықаралық ұйымдық үлкен күш екенін, оған дүние жүзіндегі елдерден 80 неше ұйым бағынатындығын ұқтырды. Ал Коминтернді халықаралық жақта езілген ұлттардың өзін-өзі билеу, яғни тәуелсіздік құқығын алып беретін ұйым деп түсіндірді. Орыстар:

– 1932 жыл 5 сәуірде Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп жариялап Қожанияз танылған болса да, оның соңғы кезде Шың Сысайдың қолына өтіп кетуі сол кездегі саясат белгілеуші адамдардың қателігі. Оның барлығын жарнамаға да, Коминтернге де артпаймыз. Ал, 1942 жылы 20 қарашада Коминтерн тағы да “Шығыс Түркістан тәуелсіз Халық Республикасы” деп жарнама жариялады. Бұл сіздер үшін үлкен бақыт. Осы ғасыр ішінде сіздерге келген үлкен орай. Осы орайды мықты ұстау керек. Шығыс Түркістан өлкесі (93) осы орайдан пайдаланып өз алдына ту тігіп ел болып кетуі керек. Қазір Коминтерн осы жұмысты Монғолия өкілдігі арқылы жүргізеді. Монғолия атынан халықаралық жәрдем беріледі, – деп үйретті.

Біздің жазып берген үкімет құрылымымызды зерттеп көргеннен кейін біздің жазба мәліметтерімізді қайта өзгертіп ғылымиландырып қайта жазып шықты. Біздің негізгі пікірімізді

– “Шын Түркістаны” болса, – деп ортаға қойған едік. Олар “Шын” деген сөзге қосылмады.

– Коминтерн сіздерді “Шығыс Түркістан Халық Республикасы” деп жариялап отыр. Осы есім сіздерге баянды болады, – деп үйретті.

Ең жоғарғы құқықты органға “Шығыс Түркістан Бұлғын-Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитеті” деп ат қойды. Оны төменде “Ақ Үй Соғыс Комитеті” деп қысқартып айтамыз.

Республика бастығы Оспан Исламұлы,

Үкімет бастығы Сүлеймен Бектұрұлы,

Ең жоғарғы әскери қолбасшы Сұлубай батыр,

Ең жоғарғы әскери сот бастығы Көксеген Би деп белгіленді.

Ақ Үй Соғыс Комитеті бізге:

– Барлық Шынжаңда жүргізілетін Түркістан қозғалысына бірақ жерден басшылық жүргізіледі. Басшылық бір орында болса да, соғыс жер-жерде жүргізіледі. Соғыс Алтайдан, Тарбағатайдан, Іледен бірдей қозғалу керек. Ал Алтай жөнінен алғанда Шығыс Бұлғыннан да, Батыс Жеменей, Қаба ауданынан да соғысты қозғау керек. Қалаларды қоршау, жолдарды кесу, қаша соғысу, өкшелей соғысу төрт жақтан қоршап жою, бөліп-бөліп әкетіп жауды жою торғай соғыстарын жүргізу керек. Өйткені сіздер үшін барлық жақта партизан соғысының осы әдістерін жүргізу тиімді. Сіздер 1940-1941 жылдардағы соғыстардың бәрін осы тәсілмен жүргізіп келдіңіздер, – деп осы тәжірибені еске салды.

Тарихтағы қозғалыстардың барлығы Алтайдан басталып келеді. Тарих бүкіл түрік тайпаларының барлығының дүние жүзіне осы Алтайдан тарағанын көрсетеді. Алтай бүкіл дүние халқына таныс орын. Алтай бүкіл 23 түрік тайпасының атамекені, ана жұрты, ұлы мекені. (94) Ал таяудағы тарихтардан алып айтсақ тағы да барлық қозғалыстар Алтайдан басталып отыр. Соларды еске алатын болсақ, Асылбек қозғалысы, Жарқынбай қозғалысы, Ызғұтты қозғалысы, Далай қозғалысы, Бөке батыр қозғалысы, Көбен батыр қозғалысы, Шөмшекбай қозғалысы, Шөмішбай қозғалысы, Жантайлақ қозғалысы, Зуқа қозғалысы, Әліп батыр қозғалысы. Бұлардың барлығы Алтайдан туған. Дөрбітқан қозғалысы, Қылаң Қиюбай қозғалыстары да осы қозғалыстармен ұштасып жатқан еді.

– Осы қозғалыстардың ең соңғы қортындысын сіздердің орындауларыңызға тарих жүктеп отыр, – деп бізді онан арман шабыттандырып жіберді.

– “Ерікті Алтай” бүкіл Түркістан қозғалысының жаршысы болуға лайықты, – деп қортындылады. Ақ Үй Соғыс Комитеті өзінің қарауында үш соғыс комитетін белгіледі.

1-    Алтай Соғыс Комитеті

2-    Тарбағатай Соғыс Комитеті

3-    Іле Соғыс Комитеті.

Оның сыртында Алтай Соғыс Комитетінің қарауында Жеменей соғыс комитеті ойымдастырылды. Алтай соғыс комитетінің бастығына Әлихан полковник, орынбасарына кейіннен Дәлелхан Сүгірбайұлын әкеп берді. Жеменей Соғыс Комитетінің бастығына Әліпбай полковник, орынбасары Рамазан залың болып белгіленді.

Тарбағатай Соғыс Комитетінің бастығына Әбдірахман полковник, орынбасарына Қалибек үкірдай белгіленді.

Іле Соғыс Комитетінің бастығына Әкбар батыр, орынбасарына Патих, Саяси комиссары Әнуар полковник тағайындалды. Оспан саяси қолбасшы деп Әлиханды бекіттірді. Оспан күш салып өзінің өкілдігінде дербес жұмыс істеп тұруы үшін Әлиханға арнаулы құқық ажыратып берді. Әлихан жөнінде Ресейден келген адамдар арасында талас болды.

– Әлихан біріншіден діни адам, екіншіден Ресейден қашып келген адам. Тілекке сай жұмыс істей алмас па екен? – десе де, Оспан ол пікірлердің барлығын кері қақты. (95) Оспан:

– Әлихан оқымысты адам, өмір көрген адам, оның үстіне халық беделдісі. Қозғалысымыз Әлиханға сүйену керек, – деп ортаға қойды.

Сонымен Оспан пікірі бойынша бұл қарар алынып Ақ Үш Соғыс Комитеті арқылы Коминтерн өкілдігіндегі Чойбалсанның бекітуіне жіберіліп берілді. Оспан мен Әлихан хат алысып тұрды. Чойбалсан біздің ұйымдастыру жоспарымызды бекітіп Монғолияның 6 қарауылында жатып осы істерге көмек беруге Генерал Мәжікті әкеліп орналастырды. Әлихан 1942 жылдың екінші жарымында Оспан тобымен таныстырылған болатын.


[1] Осы кезде Қазақстаннан 150-дей адам арнайы курстардан өткізіліп жіберілген. Азаттық радиосына 1980 жылдардың басында Қазақстаннан келіп қызмет істеген Махмет Құлмағамбетовқа ағасы Кенжағараның айтуынша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бүкіл ел бойынша таңдал 150 қазақты Алматыда жинаған. Бұлар судья, прокурор, адвокат, Кеңес және партия апаратының мүшелері сияқты жауапты орындарда қызмет істейтін азаматтар еді. Олар Орталық Комитетте Шығыс Түркістанның жағрапиясы, оның халқы, ауылдардың аттары, рулық қатынастары, тіпті жеке адамдардың аттары мен олардың байланыстары туралы арнайы курстардан өткізілді.  Оларға қазақтың ескі салтына жарай киімдер тіккізілді. Қазақ ер тоқымымен монғол аттары, қоржын, қару-жарақ  сияқты заттар беріліп жүк таситын вагондармен Семей облысына жіберілді. Олар аттарына мініп сол жерден тек Кеңестік жағында күзет болған Кеңес – Қытай шекарасынан ар жаққа өтіп кетті. Кулмагамбетов М. Восточнотуркестанская операция // Континент. 1984, № 42, 242-243-бет.

[2] КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 1943 жылы 4 мамырда Шынжаң үшін осындай ұйымдастырулар турасында шешім қабылдаған еді. Онда Шың Сысайды Шынжаңдағы билік және құқықтарынан аластату үшін бірқатар шараларды қолдану қажеттілігіне көрсетілді. Төңкерістік ұйымдар мен Шынжаң үшін төңкерістік кәдірлер дайындау туралы қарар қабылданды. Сонымен бірге Шынжаңмен шекаралас Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда “ұлттық даму топтары” үшін арнайы басқарушылар мен келешекте Шынжаңдықтармен бірге жұмыс істейтін үгіт-насихат жүргізуші қайраткерлер дайындайтын бірнеше оқу орындарын ашу туралы да шешім қабылданды. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, s. 156-бет.


Жалғасы бар – АЗАТТЫҚТЫҢ ӨШПЕС РУХЫ

Нұрғожай батырдың Естеліктері және Оспан батыр

Баспаға дайындап ғылыми түсініктемесін жазған:  Әбдіуақап Қара

Оспан батырдың сегіз комиссары-12

Қара Әбдіуақап 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988- 1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Европа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді. Brandon Bolden Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз