Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтың халық алдындағы есебі кестеге сәйкес аяқталғанымен оны талдау жалғасып жатыр. Соның бірі – кеше «Қазақстан-Семей» телеарнасының осы тақырыпқа арнаған Ток-шоуы болды. «Қала әкімінің 2016 жылы атқарған жұмысы мен алдағы міндеттері» атты ток-шоуға атқарушы билік пен өкілетті билік және қоғамдық ұйым өкілдері жиналды. Пікір-сайыс алаңында қала басшысының беделін көтеретін де, төмен түсіретін де көзқарастар айтылды.
Айналып келгенде, коммуналдық сала, соның ішінде қаланы қардан тазарту мәселесі көп сөз болды. Бұл жағдайға келгенде атқарушы биліктің айта беретін жауабы: «Обай, биыл жылдағыдан қар 2-3 есе көп жауды» болып келеді. Өздеріне абырой әпермейтін осындай жауап айтылғанда «Семейден басқа қалаға мұндай қар жаумап па екен?» деген сұрақ туындайды. Жұрт соншалықты аңқау емес қой, бұл бағытта қаншалықты жұмыс атқарылып жатқанын көріп отыр. Ең басты мәселе бар техниканы ұқсата алмай, бөлінген ақшаны тиімді пайдалана алмай отырғандық байқалады. Яғни, кемшілік осы саладағы шаруашылықты ұйымдастырушылардың салғырттығы немесе біліксіздігінде болып тұр. Олардың бірі қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков болса, екіншісі бөлім басшысы Юрий Пазына. Бұлардың біліктілігі мен іскерлігі мердігер мекеме жетекшілерінен бір саты жоғары тұруы керек. Онсыз бюджеттің қаржысын тиімді пайдалану мүмкін емес. Әйтпесе, техниканың «сынуы» мен жанармайдың «тез таусылуы» жалғаса бермек.
Атқарушы биліктің қаланы қардан арылтуға тұрғындарды қатыстыру жөнінде қабылдаған шешімдері де көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ. Ұйғарым бойынша жер үйде тұратын тұрғындар маңайындағы қарларды өздері техника жалдап қала сыртына шығаруы тиіс екен. Әйтпесе, 20 мың теңгеден басталатын айыппұл салынбақ. Қардың бір текшеметрін бекітілген 2,5 мың теңгеден есептегенде одан айыппұл арзан болып шықан. Тіпті, қымбат болмағанның өзінде де комуналдық қызмет ақысын әрең төлеп жүрген жұрт айналадағы қар үшін ақша төлей қояр ма екен. Арада туындайтын даудың аяғына жеткенше жаз да шығып қоймай ма. Сонда бұл қандай шешім болғаны… Негізі, халықты ортақ іске жұмылдыру қажет, бірақ, мынандай жолмен емес.
Сонымен, қала әкімінің ел алдындағы есебінеде де, есепке арналған ток-шоуда да «Қар мәселесі» Ермак Сәлімов жұмысының сәнін кетіріп тұрды. Кемшілікті жоғарыда аталған коммуналдық сала басшыларынан іздегенімізбен бір шеті Ермак Бидахметұлының өзіне келіп тиеді. Негізінде, Н.Ушаков пен Ю.Пазына қала әкімі Ермак Сәлімовтың өзі таңдап, келісім берген мамандар. Ал, сол екеуі әкімнің есебіне арналған ток-шоуға келіп, жағдайды түсіндіруге жараған да жоқ.
Ал, бар мәселені шешу кадрға келіп тірелетіні баршаға анық. Ендеше, қала басшысының кадр мәселесіне қаншалықты көңіл бөліп келе жатқандығы уақыт өткен сайын айқындала түспек.
Қ.Зекенұлы, «Жерұйық» порталы.