«ДАРИҒА-АЙ» ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ САХНАСЫНДА – РИЧАРД ІІІ
Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Семейдің «Дариға-ай» жастар театрында Дина Құнанбайдың режиссурасымен У.Шекспирдің «Ричард–ІІІ» (аударған Х.Ерғалиев) трагедиясының премьерасы (2017 жылдың 4-5 ақпан күндері) болды.
Бұл өнер ордасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлқызы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төкен Ибрагимовтың бастамасымен 1999 жылдың 14 қарашасында шаңырақ көтерген еді. Театрдың ірге тасын қалауға профессор Майра Омарбаева, аға оқытушы Мейрамгүл Алепарова, театрдың режиссері және көркемдік жетекшісі болған Акбарәлі Айтыбаев сынды азаматтар айрықша үлес қосқанын жақсы білеміз.
Театр құрылғаннан бастап оның кәсіби өсуіне бар білімі мен біліктілігін жұмсаған А.Айтыбаев театрдың өзіне тән келбетін қалыптастыруға мол тер төкті. Оның режиссурасымен қойылған Ж.Б.Мольердің «Сараң», Г.Горин «Ұмытыңдар Геростратты», Д.Исабеков «Әпке», М.Хасенов «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!», «Ызғарлы желтоқсан» (реквием), М.Шаханов «Танакөз», М.Мақатаев «Дариға жүрек» спектакльдері актерлердің шеберлігін шыңдауға айрықша әсерін тигізді. Бүгінгі күнге дейінгі ұжым шығармашылығының жеткен жетістігіне А.Айтыбаевтың қолтаңбасы байқалатынын атап айту орынды болмақ. Акбарәлі Тұранқұлұлы негізін қалаған сөз құдіретін қастерлеу дәстүрі театрдың бұдан кейінгі спектакльдерінде алдыңғы кезекте тұра берері даусыз. Актерлердің бойына өнерге деген құштарлық пен жауапкершілік дәнін еге отырып, олардың әрқайсысының даралықтарын аша білген режиссер өзінің соңғы демі таусылғанша жас өнер ордасының жұмысын алға жылжытумен болды.Театрдың ертеңіне зор үмітпен, батыл сеніммен қараған ұстаздарының жүзеге асыра алмай кеткен асыл армандарын бүгінде шәкірттері одан әрі жалғастырып жатыр.
Қазіргі күнде театрдың директоры Амангелді Талғатбекұлы Бахтинов пен көркемдік жетекшісі Дәурен Шәріпұлы Төлеубаев бастаған театр ұжымы жаңа белестерден көрінуге аянбай еңбек етіп келеді.
Аталмыш театрдың құрылғанына жиырма жыл толып үлгірмесе де ұлттық театр өнерін дамытуда елеулі қадамдар жасап, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді дәріптей отырып, еліміздің өркениетіне, мәдени дамуына, болашақ ұрпақтың эстетикалық көзқарасының қалыптасуына сүбелі үлесін қосып келеді. Осы мерзім ішінде жастарды ізгілікке, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде өзіндік орны мен бет-бейнесі айқын бірден-бір өнер ордасына айналды. Театр труппасын Семей қаласының М.Төлебаев атындағы «Саз» колледжінің актерлік бөлімін бітірген жастар құрайды. Сайдың тасындай сәтті іріктелген актерлер құрамы шығармашылық ізденіс иірімдеріне бойлаған сайын қанаттары қатайып, психологияға, ойға, толғанысқа құрылған драматургиялық туындыларды еркін игеруге көшті.
Театрдың репертуарына көз жіберсек шетел драматургиясынан У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», В.Дельмардың «Өкінішті өмір», Г.Хугаевтың «Иттің баласы немесе адамның аласы», ұлттық драматургиядан Д.Исабековтың «Әпке», «Есепшот, домино және күркетауық», М.Хасеновтың «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!», К.Тоқаевтың «Солдат кетті соғысқа», М.Рахимжановтың «Әміре-аяқталмаған ән», Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» т.б. осы заманның өзекті тақырыптарына арналған шығармалар орын алған. Сонымен қоса балаларға арналған Р.Ибраеваның «Бәйтерек», Н.Мендебайыровтың «Жүрек іздеген қуыршақ», С.Маршактың «Он екі ай», Р.Киплингтің «Маугли», А.Богачеваның «Ғажайып түн» деп аталатын ертегілері жүріп жатыр.
Театр қоржыны жыл сайын жаңа қойылымдармен толығып келеді. Бұл ұжым халықаралық, республикалық деңгейдегі театр фестивальдеріне қатысып, өз өнерлерінен сын тезінен өткізіп, алға жылжып келеді. Атап айтқанда, I-ші Республикалық әзіл-сықақ байқауының лауреаты, халықаралық Дулат Исабеков шығармаларына арналған театр фестивалінің дипломанты, Оралхан Бөкей атындағы Республикалық көркемсөз шеберлерінің лауреаты, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан театрларының XVIII Республикалық фестивалінің «Екінші пландағы ең үздік әйел» бейнесін сомдағаны үшін номинациясын және лауреат атағын, сонымен қатар Казақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалінде Абай атындағы музыка және драма театрымен бірлесе жұмыс істеп Бас жүлде иегері атанды.
Бүгінгі таңда театр ұжымының шығармашылық ізденіс жолында екенін жақында ғана сахнаға шыққан жаңа премьерасы дәлелдеп өтті. Театр директоры А.Бахтиновтың арнайы шақыртумен келген жас режиссер Д.Құнанбай театр труппасымен ортақ тіл табысып, екінің бірі бара бермейтін Шекспир трагедиясын сәтті қойғандығының куәсі болып қайттық.
Шекспир шығармашылығының алғашқы жылдарында жазылған шежірелер төрт пьесадан екі кезеңді құрайды. Біріншісі: «Генрих – VI» және «Ричард – ІІІ». Екіншісі: «Ричард – ІІ», «Генрих – ІV». Драматургтің саяси көзқарасы осы пьеса-шежірелерінде айқын көрiнедi. Оның бұл пьесаларында алғаш рет дүниежүзi драматургиясында саяси күрес мифтiк емес, реалистiк әдiспен бейнеленді. Шекспир шежірелері (хроникалары) көп актілі драмалардан тұрады. Олардағы негізгі тартыс корольдік үстемдік пен феодалдар арасына құрылған. Автордың саяси идеалы – мемлекет тұтастығы, халықты сүйетін ақылды корольдің болуына сайды.
Егер соңғы жылдардағы әлем театрларының репертуарын қарайтын болсақ, онда Шекспир шығармаларының арасынан ең көп қойылғаны «Гамлет», «Король Лир» және «Ричард–ІІІ» екен.
«Ричард–ІІІ-ті» Лондондағы «Алмейда» театрында әйгілі режиссер Руперт Гулдтің сахналауы, ондағы Ричард рөлін атақты актер Рэиф Файнстың ойнауы елеулі оқиғаға айналғаны баршаға мәлім. Сол сияқты Сатирикон театрында жарық көрген Юрий Бутусовтың (Ричард – Константин Райкин) спектаклі де үздік режиссерлік шешімімен елең еткізген болатын.
Қазақ театрлары да тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Шекспир шығармашылығына деген қызығушылықтарын тоқтатқан емес. Атап айтсақ, оның «Отелло», «Король Лир», «Макбет», «Ромео мен Джульетта», «Асауға тұсау» т.б. пьесалары қойылды. Ал, «Ричард–ІІІ» шежіресінің «Дариға-ай» жастар театрының сахнасынан жарық көруін мәдени жаңалыққа балаймыз.
Спектакль оқиғасы театр сахнасына жайғасқан көрермендердің көз алдына өтеді. Бұл камералық театр ойынын тамашалағысы келген жұртшылыққа өте қолайлы болды. Режиссер трагедияны басынан аяғына дейін бір сөзін қалдырмай қоюды мақсат етпеген. Ол автор идеясын түп қазық етіп алып Ричард болмысын ашатындай оқиғаларды іріктеп бір жарым сағаттық спектакль жасап шыққан. Аталмыш қойылым өзінің пластикалық оралымымен, терең иірімді, қыртысты мазмұнымен, орындаушылардың шынайы ойынымен еркін қабысып көңіл толқытты.
Спектакльдің көркемдік үлгісі, жанр табиғатына сай күңгірт түспен безендіріліп көрермендерді терең ойға жетелейді. Алакөбе жарық аясында доп қуып жүрген жастар белі бүкір, аяғы қисық, ұсқынсыз адамды сыртқа қақпайлап, өздерінің арасына кіргізбей ығыстыра береді. Олар қуған сайын, сол топқа бар күшімен ұмтылған Ричард – Е.Нұғманов ашудан булығып кеткен. Осы көрініс арқылы режиссер адамдардың мейіріміне зәру болған кемтар жанның ешнәрседен аянбайтын жауыз адамға айналатынын сездіріп өтеді.
Келесі көріністе, зымиян күлкімен ортаға шыққан Глостер Ричард бүкіл оқиғаны өз уысына алып, қанды жоспарларын жүзеге асыруға бел шешіп кіріседі. Бұл рөлде ойнаған Еркебұлан Нұғманов бір бойында данышпандық пен зұлымдық қатар өмір сүріп жатқан адамның жүз құбылатын екіжүзділігін, сатқындығын нанымды бояулармен аша білді. Актердің мәнерлі де, икемді пластикасы, айшықты дикциясы таққа қол жеткізу үшін туған ағасы мен інісін, өзіне бағынғысы келмеген басқа да герцогтардың қанын судай ағызған жауыз адамның қорқынышты келбетін айқын көрсетуге зор септігін тигізді.
Трагедияда Ричардтың Леди Аннаны алдап-арбап қолға түсіретін сахнасы драматург шеберлігінің биік нүктесіне айналған. Бұл сахнаны ойнау актерден ішкі серпінді, қызу темпераментті қажет етеді. Күйеуінің қабірі басында жылап отырған Аннаны әбжыландай арбап, тілінен бал тамызған Ричардтың-Е.Нұғманов дем алысы жиілеп, бетін ащы тер жуады. Өзіне жақындатпай кірпідей жиырылған сұлу әйелдің осал тұсын дөп басып, қас пен көздің арасында қолына түсіреді. Леди Анна кете салысымен жеңісіне масаттанған Ричард екі санын шапалақтап, қолдарын уқалап, өзінің зымияндығына өзі разы болып масайрап күледі. Бірер минут бұрын өз алқымына қанжар тақап Аннаға деген махаббат жолында өзін құрбандыққа шалуға дайын болғандығына әйелді ғана емес, бүкіл көрермендерді сендірген Ричард –Е.Нұғманов келесі қанды жоспарына кірісіп кетеді.
Актер ойынында шынайы шыққан тағы бір сахна өзі өлтірген адамдардың елесі келіп Ричардты мазалайтын тұсы. Бұл сәтті актердің нанымды ойнағаны соншалық тіпті оның кейіпкеріне аяушылық сезім туындайды. Мұнда Ричард бірінші рет өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, ар отына өртенеді. Басқалар былай тұрсын, өзін-өзі соншалықты жек көретініндігін, басына топырақ сеуіп, үстіндегі киімдерін шешіп лақтырып, бүкір арқасымен жерге аунап жанының ышқынғанын, сол арқылы өзегін өртеген өкінішін жайып салады. Бір сөзбен айтқанда Е.Нұғманов Ричардтың психологиялық толғаныстарын, бір күйден екінші күйге алма кезек ауысар сәттерін алғырлықпен бере білді.
Әрине, дүниежүзінің аты шулы актерлерінің өзі ойнауға дәті бара бермейтін бұл рөлді сомдау актерге оңай түспегені де байқалып тұрды. Режиссер Д.Құнанбай тарапынан Ричард бейнесін әлі де өткірлей түсетін тұстар баршылық. Дәлірек айтсақ, оның данышпандығы жауыздығының астында көрінбей қалды. Актердің интонациясы мен бет-жүзін құбылту арқылы әлі де болса кейіпкер әрекеттерін өткірлей түсуге болушы еді. Ричард билігінің құпиясы оның ақылды да, қу саясаткерлігінде ғана емес, сонымен қатар ол – данышпан актер де, оған маскаларын ауыстыру, өзі бастап отырған ойынының мақсаты – билік секілді жан рахатын беретіні спектакльде айқын емес.
Ричард – ІІІ болаттай қайрат-жігер мен үлкен ақылдың иесі болғанымен, ақсақ, бүкір, кемтар. Өзінің кемтарлығының кегін таққа отырып, тұлға ретінде танылуды қалайды. Қанды белшеден кешіп арманы орындалған кезде герцог Бекингем бастаған жақтастары оның таққа отыруын өтініп сұрайды. Мұның бәрі Ричардтың алдын-ала құрған жоспарымен жасалады. Спектакльдегі осы сахна айқындауды қажет етеді. Оның таққа қол жеткізуі қойылымда үлкен оқиғаға айналмай қалған.
Спектакль басынан соңына дейін күңгірт сахнада ойналады. Режиссердің бұл шешімі трагедия мазмұнына сай, өзіндік атмосфера тудырған. Бірақ актерлердің беттеріне жарық дұрыс түсірілмегендіктен олардың жүздеріндегі құбылыстар анық көрінбеді. Біздің пікірімізше, жарықпен жұмыс жасауға арнайы мамандар қажет. Себебі, спектакльдің көркемдік сапасының артуына жарықтың тигізер әсері зор.
Леди Анна рөлін ойнаған жас актриса Сымбат Ахметованың сыртқы келбеті тартымды болғанымен де, өз кейіпкерінің хал-күйіне жете бойлай алмаған. Әсіресе, Ричардтың қармағына ілігетін сәттегі Аннаның жан дүниесінде болып өткен құбылыстарды дауыс ырғағымен, үн құбылуларымен көрсетуге щеберлігі жетпей қалды. Ричардтың ділмарлығынан, оның махаббат сөздерінен жеңілген леди Анна сүйкімсіз адамның қолынан сақинасын алады. Ал, одан кейін аяулы жарын өлтірген адамға тұрмысқа шығады. Аннаның осындай күрделі қадам жасауға не итермелегенін актриса әлі де болса зерттеп, іздене түскені жөн.
Сахнаға бір рет қана шығатын Эдуардты сомдаған Ғалым Тасболатов корольдің сезім-толғаныстарын иланымды жеткізді. Ол дерт меңдеген адамның сыртқы түрімен бірге, тынысы тарылып, ауыр дем алып отырған Эдуардтың жан дүниесі нәзік, туыстарына мейірімді екендігін жақындарына мейірлене қараған көзқарасымен танытады. Минут сайын ажал күтіп отырған корольдің кенеттен інісінің қазасын ести салысымен үзіліп кетуі сенімді шықты.
Маргарита рөліндегі Қарлыға Сыбанова сезіммен, жан-жүрегімен ойнауға бейімі бар актриса екенін танытып өтті. Негізінен, Шекспир шығармаларында ойнау қай орындаушыдан болмасын шамырқанған шабыт пен асау сезімді талап етеді. Актердің ішкі жан-дүниесі қазандай қайнап тұрмаса, шынайы ойын тудыру қиынға түседі. Жас актриса өз кейіпкерінің үміт пен күдікке толы көңіл-күйін, балаларына алаңдаған ананың ішкі қорқынышын нанымды шығарды. Орындаушының өз рөлін зор құлшыныспен, ұтқыр ұмтылыспен алып шығуға талпынуы сахнадағы серіктестеріне әсерін тигізіп, олардың ширақ қимылдауларына мұрындық болды.
Спектакльде ойнаған Кларенс – Әділжан Серікқалиев, Королева Елизавета – Айнұр Жадранова, Герцогиня Йорская – Мейрамгүл Алепарова, Бекингем – Елдос Қасымбеков, Лорд Хестингс – Естай Шәріпұлы, граф Риверс – Даурен Төлеубаев, лорд Грей – Ислам Азизов т.б. актерлер өз кейіпкерлеріне тән мінез ерекшеліктерін қарастырып, шамалары келгенше режиссер бағыттаған сілемнен шықпауға талпыныстарын танытты. Алайда, көптеген актерлердің ойынында ой мен сезім бірлігі тұтастық таппай шашырап кеткен. Әсіресе, көпшілік сахналардағы актерлердің қимыл-қозғалыстарын әлі де болса ширату қажеттігі сезіледі.
Қойылым басталғаннан соңына дейін топырағы бұрқыраған сахна үстінде өтеді. Түрмеге түскен Кларнес пен герцогтардың өлтірілуі т.б. жан түршіктірер жазалар жендеттердің қолымен жасалып, спектакль атмосферасын одан сайын ауырлатады. Қан толған шелектерге жазаланушылардың бастарын тығып қорлайтын көріністер Ричард ұстанған саясаттың астарын ашуға жәрдемін тигізген. Режиссер әр қабірге шаншылған қылыштар арқылы символдық тұрғыда Ричард қолынан қаза болған адам санының көптігін аңғартқан.
Жалпы спектакльдің бір деммен ойналатындығы,оның пластикалық ыңғайдағы толассыз қимыл-қозғалыс пен дамылсыз іс-әрекетке құрылуы, бедерлі мизансценалар көрермендердің жалығуына мұрша бермейді. Көз алдарында тақ жолында кісілік қағидаларды тәрк етіп, адамдардың тағдырымен ойнаған Ричардтың Ричмон қолынан мерт болуы бүгінгі қоғамда болып жатқан талай шындықпен үндеседі. Спектакльдің басты идеясы мемлекет басқарушы ел басқару ісінде кісілік пен кішілікті, парасат пен мейірімді қатар ұстанбаған жағдайда жер бетінде қан төгістің мәңгілікке бітпейтінін еске салу.
Спектакль музыкасы шығарма табиғатымен үндесіп, кейіпкер мінездерінің ашыла түсуіне мол септігін тигізген. Суретші Наталия Ерчихинаның жұмысы да атап өтуге тұрады.
Сонымен «Дариға-ай» жастар театрының бұл спектаклі көрермендерді үлкен ойдың жетегіне бастайтын қойылымдар қатарынан орын алды. Осындай күрделі шығармаға батылдықпен барған театр ұжымының алдағы жұмыстарына тек қана сәттіліктер тілейміз.
Б.К. Нұрпейіс,
Өнертану докторы, профессор.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының «Өнертану» факультетінің деканы