Темiр тордың ар жағы. Тамұқтағы өмiр. Тар қапас. Тiршiлiк тамыры бүлкiлдеген тылсым дүние.Өзiндiк өмiр. өз заңы,.өз қағидасы.Өз талабы.
Ешкiмге сенбе. Ешкiмдi сатпа. Ешкiмнен ешнәрсе сұрама. Күштiнi күш ықтырған, әлсiздi әлпеншек тептiрген қылмыс әлемiнiң қатыгез қағидасын ата заң iспеттi қабылдаған қауым.
Бесiктен белi шықпай – 14 жасында кiсi өлтiрiп, аталмыш қауымға қосылған Евгений құмға сiңген судай, темiр торлы тамұққа тез үйрендi. Жазасын өтеп бостандыққа шыққанмен, қайта келер есiгiн “қатты жаппаған” ол тағы бiр кiсi қанын мойнына жүктеп, кәнiгi қылмыскер болып үйреншiктi мекенiне қайыра оралды. Беделдi баскесер болып, күштiлермен ымыраласып, әлсiздердi ықтырып түрме иерархиясынан ойып отырып орын алды. Екiншi мерзiм бiтiп, ертең еркiндiкке шығасың деген күнi ол үйықтамай, таңды көзiмен атырды. Мұндағы қалыптасқан кәнiгi тiршiлiктен соң жаңа өмiр, бостандық самалы ескен еркiндiк оған жат тәрiздi. Бойын қорқыныш иектедi. Әйтсе де, еркiндiкке не жетсiн!
Әке-шешесiнен ерте айрылған оны алдынан құшағын айқара ашып ешкiм күтiп жүрмегенi анық. Кезiнде еркiндiкте жүрiп етене таныс болып, бiраз бiрге тұрған Әдемi мұны күтуде ме, жоқ па – ол да белгiсiз. Шыққан соң қайда барады, не iстемек? Темiр тордың арғы жағындағы қалыпты өмiрде өзiн судағы балықтай сезiнетiн Женя жаңа өмiр туралы ойласа, үмiт пен күдiк қабаттасып, үркектей бередi. Аңсаған еркiндiк ауасын, баянды бейбiт өмiрдi көз алдына елестетсе болды, жүрегi дүрсiлдей соғып, сол сәттi асыға күтедi. Үрей мен күдiк араласқан, алабұртқан сезiмге толы сәт безбеннiң еңсесiн бәрiбiр еркiн өмiр басып, тамұтағы өмiрдi тамаша азат сәтке алмастырар уақытты тағатсыздана күтуде. Осыдан басына бостандық тиген соң қылмыс атаулымен ат құйрығын кесiсiп, ел қатарлы еркiн өмiрден ләззат алып , жар құшып, бала сүйiп ел қатарллы өмiр сүрмек. Кейiннен қылмыс қамытын мойындарына iлiп қапасқа келгендерден естiген казино, кафе, түнгi клуб, “көбелек” қыздар, өзен боп ағып жатқан iшiмдiктер оның ынтызарын арттырып, дегбiрiн алуда. Сағат санауда. әншейiнде сынаптай сырғыған уақыт шiркiн жылжыр емес, ындынын құртуда. Жағада жаңа өмiр қол бұлғайды.
“Сiз боссыз!” деген көптен күткен көңiл қуантатын сөздi естiген ол камераластарымен қоштасып, “бүлiнгеннен бүлдiргi алма” деген сезiмiмен құрқол еркiндiкке қадам басты. Абақты қақпасы артынан тарс жабылып, ақ қарға оранған әппақ өмiрге кiбiртiктей тосырқап қарады. Бақыттан басы айналғандай. Еркiндiктiң саф ауасымен терең тыныстаған оны тiршiлiк диiрменi шыр айналдырып, өмiр атты ұлы мұхитқа топ еткiздi. Ескi көздердi тауып, еркiн өмiрдiң алғашқы алаулап атқан таңын жуып, жалғанды жалпағынан басып тойлатып, думандатып жүрiп жатты. Әншейiнде сананы сарғайтып, жүйкенi жегi құртша жеп, түрмеде әр сағат, әр секунд жылжымастай болып, уақыт санап сарғаюшы едi, желiктi өмiрдiң жетi күнi қалай өткенiн байқап үлгермептi. Қас-қағым сәт.
Босаған бетте барар жер, басар тауы тапшы ол салып ұрып Әдемiге барған. Алайда, “тесiк моншақ” жерде жатушы ма едi, ана жақта жүргенде Әдемi де етегiне намаз оқымай, бiреумен көңiл жарастырыпты. Салқын қарсы алды. Салы суға кеткен оны қызғаныш қызылиектеп, көңiлдегi көлкiген кектi кернеуiнен асырса да, бармағын тiстей амалсыз iштей тынған. 24 қаңтар күнi әдеттегiдей таныстарымен тойлатып жүргенде, Әдемiнiң қазiргi көңiлдесi Цемент переулогы көшесiндегi 17-шi үйдiң 1-шi пәтерiнде тұрып жатқанынан құлағдар болады. Армансыз iшiлген арақ пен қызғаныштың қызыл итi iштi тырнап, көзiне қан тола кектенген ол сол күнi кешкiсiн бiр шөлмек арақ пен пышақты жанына салып алып, бiр танысымен бiрге аталмыш мекен-жайға бағыт алады.
Балалық бал дәурен шағы балалар үйiнде өтткен Роллан мен Иван екi қолға бiр жұмыс, қай жерде басы жастыққа тидi – сол жердi түнемелiк жасап жүрген-дi. Жоғарыда аталған мекен-жайға қарауыл болу жөнiндегi пәтер иесiнiң ұсынысын қуана қарсы алған олар бейсауат кештетiп келген Женя мен оның танысына таңырқай қараса да, мойны сорайған шөлмектi көргенде райларынан қайтып, қонақжайлылық танытады. Дереу қолда барды тiске басар жасап алқақотан отыра қалып, әп-сәтте бiр шөлмектiң басына су құяды. Ащы арақ аш қарынға түскен соң, бұғып жатқан құмырадағы жын тәрiздi кеуденi керген қызғаныш басын көтерiп, Женя қарадай Ролланға тиiсе бастайды.
– Сен Әдемiмен әуейi боп жүр екенсiң. Бiреу тойға айналғанда бiреу қойға айналады демекшi, мен түрменiң быламығын iшiп жүргенде сен бiреудiң аруын бауырыңа басып, рахатқа белшеңнен батыпсың. Жiгiтке жараспас қылық. Бiреудiң бақшасынан қауын ұрлау – қылмыс. Жауап беруге тура келедi.
– Бауырым, сен ондай базарды қой. “Келiншек құтырайын демейдi құлап түспесе, жiгiт ұмтылайын демейдi”, “Буыршын көзiн сүзбесе, мен бұйдамды үзiп” нем бар? Ол басыбайлы бүтiнiң болса, өзiңмен бiрге “аржаққа” жетектеп кетуiң керек едi. Қазiргi талабың – бос былжырақ.
Бұдан әрi әңгiме тұздықты терминдер араласқан керiс-жанжалға ұласты. Қаны басына шапқан Женя сјзге жеңсiк бермей отырған Ролланға ата жауын көргендей алара қарап:
– А, солай ма? Мә, ал сыбағаңды! – деп ақыра, қойнындағы пышақты жұлып алып, тамақ тұстан осып жiбердi. Күре тамырдан бұрқақтай атқақтаған қан төбеге дейiн шапшып, айнала қызыл қанға боялды. Шапшыған қанды қолымен баса кескен теректей құлаған досын көрген Иван қолына түскен кiрпiштi алып, Женяға ұмтылды. Алайда, Женяның құлашын кере сермеген қанды пышағы Иванды да қапы қалдырады. Қансырай құлаған оны көзiне қан толған қандышелек қорқау шашынан көтере тамақ тұсынан орып жiберiп, онысына қанағаттанбастан сұлап жатқан Иванның мойнына шарфыдан тұзақ салып, жылу батареясын ұстап тұру үшiн жасалған қабырғадағы имек темiрге асып қойды. Бұрышта қорқыныштан екi көзi төрт болып үнсiз отырған серiгiне назар бұрып, оны ертiп тысқа шықты. “Егер осыдан бiреуге бiрдеңе десең, не болатынын өзiң iштей сезетiн шығарсың”, – деп, қорқыныштан қос тiзесi дiрiлдеген серiгiн жетелей пәтерiне келiп, үстiндегi қан жұққан киiмдерiн, пышақты лифтiнiң шахтасына тастап, аяқ киiмiне жұққан қанды жуып, арақ iшудi әрi қарай жалғастырады.
Ертесiне кешке қарай қаланың басқа бөлiгiнде тұратын, Цементшiлер поселкесiне бiр зат алуға және пәтердегiлердiң халдарын бiлуге келген пәтер иесi қанды оқиғаның үстiнен түсiп, жағасын ұстайды. Дереу полицияға телефон шалады.
Кезекшi топ жұмысын тексерiп, оларға жүктелген мiндеттi тиянақтап болған полиция подполковнигi Қалибек Елчубаев сағатына қараса, кешкi 10 болып қалыпты. Үйге қайтуға жиналған оны кезекшi бөлiмнiң шығар есiгiнен тоқтатты: “Жолдас подполковник, белгiсiз бiреу Цементный переулогы көшесiндегi 17-шi үйде екi адамның мәйiтi жатқаны туралы телефон шалды”. Әлгiнде ғана ойша ыстық ас пен жарқын пейiл әйелiн ойлап, соған жетуге асыққан Қалибек iштей бәрiн бiр сыбап алып, қайта қайырылды. Кезекшiге “Дереу оперативтiк қызметкерлердi, полицияның сол аумақта қызмет ететiн учаскелiк инспекторларды оқиға болған жерге бағытта“, – деп, өзi арнайы тергеу тобымен бiрге оқиға болған мекен-жайға бағыт алды. Қаңтар айы күшiне енген, қақап тұр. Туф десең түкiрiк жерге түспес аяз. Ол iштей “Осындай аязда қаңғып кiм жүредi? Бiрге арақ iшкен бөтелкелестер бiр-бiрiн пышаққа жыққан болар. Қылмыс тез ашылар” деген оймен пәтерге бас сұққанда, қызмет аясында талай құқайды көрiп жүрген өзiнiң тұлабойы түршiктi. Төбеден еденге дейiн қызыл қан. Сұлап жатқан екi өлiк. Екеуiнде де тамақ тұсына пышақ жұмсапты. Өлген адамды не себептi асты екен? Жауап iздер сұрақ көп. Сот-медициналық сарапшысының бұлардың өлiмi бiр тәулiк бұрын болған деген шешiмiн естiген соң: “Бәл -әй, қылмыскер қашып үлгердi-ау! Кiм болды екен?” Дереу қарамағындағы қызметкерлерге жәбiрленушiлердiң кiм екенiн, соңғы уақытта кiммен жүргенiн, көршiлерден мұнда кiм келгенiн анықтауды тапсырды. Куәлар, көргендер, естiгендер болса назардан тыс қалдырмауларын нақтылады. Қылмысты кiм жасаса да, қатыгез қорқаудың iсi екенi анық. Олай болса, осы маңдағы притондар, нашақорлар, бұрын сотталғандармен қоса жәбiрленушiлердiң белгiлi мекен-тұрағы жоғы ескерiлiп, қаңғыбастарды бөлiмге жеткiзiп жауап алу басталды. Әзiрге қолға iлiгер, тылсым құпияның шымылдығын ысырар дерек қолға түсер емес. Тек бiр көршiнiң 24-iнен 25-iне қараған түнi сағат түнгi 2 кезiнде айғай-шу естiгенiне қарағанда, қылмыс сол уақытта жасалынған. Одан берi бiр тәулiк өттi. Қауырт қимылдамаса, қылмыскер қадамы ұзарып, құрыққа iлiнбей кетуi ықтимал. Жәбiрленушiлер бiрге жүруi мүмкiн адамдар, таныстары анықталып, олар сұрыпталып, екшелену барысында Ролланның Әдемi деген бұрын нашамен қылмыстық жауапқа тартылған әйелмен тiршiлiктес болып, бiрге тұрғаны анықталып, Әдемiден де жауап алынады. Ол да “бiлмеймiн, бiз ұрсысып қалғанбыз, оған кiм қол көтеруi мүмкiн екенiн мен қайдан бiлейiн” деп маңайына жолатпады. Алайда, полиция қызметкерлерi әр деректi ой елегiнен өткiзе келе, дәйектердi салыстыру, сұрыптау барысында Әдемiнiң Ролланға дейiн Женя деген бiреуi болғаны, оның осыдан жетi күн бұрын бостандыққа шыққаны анықталып, гәптiң бiр ұшы осында болуы, яғни еркектiк қызғаныш осы қылмыс отының бықсыған қоламтасы болуы кәдiк деген ойға келедi. Дереу Женяға iздеу салынады. Оның суретi табылып, ориентировка жасалып, жеке құрамға таратылып, вокзал, автобекеттер, қаладан шығар жолдар назарға алынып, барады-ау, болады-ау деген жерлерге тосқауыл қойылады. Iс нәтиже берiп, араға 8 сағат уақыт салып ол ұсталады. Алғашқы жауап: “Бiлмеймiн, азамат бастық, бұл зорлық. Шыққаным жаңа. Еркiндiктi әлi толық ләззәттап үлгермей, қылмыс жасап менi жын ұрып па? Сотталған екен деп пәленi маған жаба беру жөн емес. Мен өз құқымды бiлем” тәрiздi әңгiме. Алайда, жiтi қараған тергеушi оның көйлегiнiң жеңiндегi қан дағын тауып, сараптама жасағанда ол қан тобы Ролланның қанына сәйкес болып, тағы басқа дәлелден соң ол өзiнiң жасаған ауыр қылмысын мойындамасқа амалы қалмады. Тергеу амалдарымен қанға малшынған киiм, қылмыс қаруы – пышақ табылып тәркiленiп, қылмысты iске тiркелдi. Қазiр қанiшер тұтқындалып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-шы бабы бойынша қылмыстық iс қозғалды.
“Бүкiрдi көр ғана түзейдi” демекшi, түрмеден тыс жетi күн өмiр сүрген Женя “құт мекенiне” қайтқан қаздай қайта оралды. Екi ғұмыр мезгiлiнен тыс үзiлдi.
Қаһарына мiнген қаңтар айы қанша қытымырланып, сары аязымен адамдардың апшысын қуырса да, одан өткен қаһарлы қаны сұйық қылмыскер қалада екi адамның қанын мойнына жүктеп, асқан қатыгездiк танытты. Қыс қаһары қайтымды. Күндей күлiп көктем, жадырап жаз келер. Ал, Женя қатыгез болып қалыптасты, еш жүрек жылуынсыз, мейiрiмсiз, мерез қанiшер қалыпта қалмақ тәрiздi. Айғақ – оның бiр апта бостандық кезiндегi қатыгез қылмысы. Оларды түрмеден босатудың қажетi шамалы-ау!
Ақпанның аптап аязы шуақты күндерге ұласуы хақ, ал қаныпезер Женяның үшiншi мерзiмiнде адами қалыпқа түсiп, түзелетiнi белгiсiз.
Елубек Оспанов,
полиция подполковнигі,
Семей қаласы.