1938 жылдың зобалаңында Сәкен ақын атылды ма?

618

ҚАЗАҚТЫҢ АРДА АҚЫНЫ – СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН

 немесе 38-дің зобалаңында  Сәкен ақын атылды ма?

 

 

«НКВД  Сәкенді 1938 жылдың  25 ақпанында 

атып жіберді, ал Алматының Фрунзе ауданының ЗАГС-і

1939 жылдың 9 қазанында өлді дейді.

Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?

Кімді кім алдайды? Неге?»

 

Кәкен А. «Қазақтың Сәкені» кітабынан.

 

25-ақпанды біз қазақ халқының ақберен перзенті, арда ақын Сәкен Сейфуллиннің бұл фәниден бақи дүниеге көшкен күні деп білеміз. Ресми іс-қағаздар бойынша.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты қазақ зиялылары басынан небір тар жол, тайғақ кешулерді өткергені мәлім. Себебі, қоғамдағы мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістер қазақтың қалам ұстаған білімді, ұлт қамын ойлаған зиялы жастарының басына қара бұлт үйіріп, «контрреволюционер», «ұлтшыл буржуа» т.б. ат қойып, жала жауып,  есіл боздақтарды қыршынынан қиды. Ұлтымыздың тарихына орны толмас өкінішке толы қайғы-қасірет әкелді.  Қазақ халқының қаймағы болған бетке ұстар білімді азаматтары, ұлт көшбасшыларының ұлттық мүддені көздеп, қазақ халқы ел ретіндегі керегесін кең жайып, терезесін тең ұстар-ау, деген үміттің жетегінде  көзсіз ерліктерге  бара білген, күреске толы заман еді.

Ол туралы Сәкен Сейфуллиннің қазақ даласында  болған ірі қоғамдық-саяси оқиғалар – Г.Е. Львов пен А.Ф. Керенский басқарған  Уақытша Үкімет, Алаш қайраткерлері құрған «Алашорда» ұлттық автономиясы т.б әр түрлі бағыттағы ұйымдардың құрылуы сияқты тарихи оқиғалардың барысын баяндаған, сол бір алмағайып кезеңнің шежіре куәгеріндей тарихи-көркем туынды,  1927 жылы араб харпімен сол кездегі астана Қызылорда  қаласында жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романында молынан жазылған.

Кітаптың беташарында: «Бұл «Тар жол, тайғақ кешу» әңгімесінің бас жағы бұрын «Қызыл Қазақстан» журналына бөлшектеніп басылған еді. Сол басылғандарды жиып, жөндеп, тағы қосып жазып кітап қылдым. Бірақ уақыттың тарлығынан асығыс жазылды. Сөзді шеберлеп, түзетіп тізіп отыруға уақыт жоқ… Мақсұт: 1916-17-18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде қалдыру. Мұнда талай кісілердің аттары аталды. Тарихи қозғалыстың көрген, білген оқиғаларын   жазған соң, әрине, кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде, әр түрлі пікір, әр түрлі әрекет болған. Ол – тіршіліктің, тарихтың ісі.  … Тек тарихи мағлұмат ретінде ғана баспа жүзіне шықсын деген оймен айтылды… Сәкен. 1926 жыл, 17 сәуір. Қызылорда.» – деп аңдатпа берілген.

Әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы: «ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғалардың энциклопедиялық анықтамасы болған роман-эссенің тарих пен әдебиеттің бел қайыстырар ауыр жүгін қосарлай арқалауы, құйынды да дауылды, шапағатты да қасіретті кезеңнің шежіресін жасап беруі Сәкен үшін ғана емес, бүкіл әдебиетіміз үшін орасан олжа. Өйткені,  ұлтымыздың тағдыры тәлкекке түскен 1916 жыл зобалаңының, 1917 жыл елді қансыратқан төңкерістің басы қасында қазақтың ойы толғамды тілі өткір, қаламы жүйрік сөз зергерлері аз болған жоқ. Алайда солардың ішінен  шыңға шыққан шынардай тек Сәкеннің ғана «Тар жол, тайғақ кешуді» жазуы, бірінші, уақыт талабы болса, екінші автордың қаһарман батылдығын, ұрпақ алдындағы адалдығын, әлеуметтік парызын мықтап сезгенін аңғартатыны сөзсіз» – дейді.

Сәкеннің сол бір аласапыран заманда халқы үшін жасаған  ұшан-теңіз еңбектеріне, дара дарынның атқарған қоғамдық сан-салалы қызметінде туған ұлтының қамы үшін жанын салған күрескерлігіне естігендерін алға тартып сырттай баға бергеннен гөрі, оқырман оларды егжей-тегжейлі оқып-танысып, әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қарымды қаламгер, арынды, асыл  ақынның артына қалдырған әдеби мұрасының  парқы мен нарқына бойлауға білім өресі жетсе, көкірек көзі ояу, зерек те зерделі ақыл иесі болса Қазақтың Сәкенінің туған ұлтының жан дүниесін тамыршыдай  дөп басып тани білген, жан-тәнімен сүйген, аумалы-төкпелі заманда ұлт руханиятын қызғыштай қорыған кемеңгер тұлға һәм айбатты, қайсар қайраткер,  ғасырда бір туатын саңлақ болғанын таниды.

Кеңестік Қазақстанда Совнарком төрағалығына (бұл қазіргі премьер-министр дәрежесі)  дейін  көтерілген  яғни, билікке қолы жеткен санаулы қазақтың бірі Сәкен Сейфуллин лауазымды қызметін  туған ұлтының   игілігі жолына арнайды.

Сәкен 1923 жылы 15-ақпанда «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік»  атты  мақаласын жазды. Онда:  «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз»  деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол «киргиз» деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді. …Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ, қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» – деген тарихи маңызы бар мәселе көтерген.

Қазақ ғылымының баһадүрі, әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының сөзімен айтсақ: «Біз 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген елміз. Яғни, қазақ ұлтының төл атын өзіне қайтарып, мемлекетті қазақ деп атаған – Сәкен!».

Сондай-ақ, 1923 жылдың 17-25 сәуір аралығында өткен Большевиктер партиясының ұлт мәселесін сөз еткен XII съезі жиынында орыс мәдениеті басқа ұлттар мәдениетін жеңбей қоймайтынын, орыс ұлтының басқалардан басымдылығын нығайту жөніндегі ойлар ашық айтылады. Осыны күйзеле тыңдаған Сәкен өз ұлтының тағдырына қалай қолқабыс тигізудің амалын іздейді.

Бүкіл қазаққа ілім-білім нұрын шашқан Алаш көсемдерінің бірі, елдің мүддесін тіл мүддесімен тұтастыра қаузаған Ахмет сынды дала данышпанын өнеге тұтып қастерлеген Сәкен ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілу қамын ойлап, тіл туралы күрделі мәселелерді алға тарта бастайды.

Совнарком төрағасы бол­ғаннан кейін-ақ істі қазақ тілінде жүргізу мәселесін көтерген Сәкен 1923 жылдан бастап тіл мүддесін қорғайтын мақалаларын жариялайды. Олар: «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» 09.06.1923 жыл, «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» 25.06.1923 жыл, «Не қылдыңдар?» 15.08.1923 жыл, «Қазақстанның Орталық Кеңес Комитетінің 3-жалпы жиылысының қорытындысы» 11.09.1923 жыл, «Қазақстанның заң комиссариатына теңеліңдер» (Қазақстанның мекемелерінде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу хақында) 19.09.1923 жыл, «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу»  22.12.1923 жыл, «Ашық хат» (Қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы)  17.03.1929 жыл т.б.

Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.

Сәкен Сейфуллин Қазақстан үкіметін басқарған уақытта ерекше назарында болған басты мәселелердің бірі  – оқу-ағарту саласы. Өзі редакторлық еткен «Еңбекші қазақ» газеті арқылы оқу мен білімнің пайдасын түсіндіріп, білім саласында болып жақтан өзгерістерді халыққа жеткізіп отырды. 1922  жылы жазған «Зор міндет» атты мақаласындағы: «Қазаққа әң әуелі оқу керек, оқу керек, оқу керек! … Оқусыз – қазақтың болашақтағы күні қараң. …Енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек» – деген жолдардан-ақ  қарымды қаламгердің туған ұлтының болашағы жолындағы айқын күрескерлігін тануға болады.

         Ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.С. Қасымова «Сәкен Сейфуллин – Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы» еңбегінде: «1924 жылы маусымның 12-18 аралығында Орынборда қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Съездің күн тәртібіндегі жазу ережелері, әліпби, қазақша пән сөздер, ауыз әдебиетін жинау, оқулықтар жазу, бастауыш мектептің бағдарламасы сияқты мәселелердің қай-қайсысын алсаңыз да сол кезең үшін көкейкесті еді. Осылардың ішінде А.Байтұрсыновтың араб графикасына негіздеп өзі түрлеген қазақ алфавитінің тиімділігін ұсынуы үлкен пікірталас, тіпті қарсылық туғызғанын ерекше айту керек. Өйткені қазақ зиялыларының арасында латын әліпбиінің  маңыздылығын жоғары қойғандар да болды.  Кейін С.Сейфуллин 1924 жылғы 5 қыркүйектегі Халком Кеңесі мәжілісінде Байтұрсыновтың түрлендіруіндегі қазақ алфавитін бекітті» – деген мәлімет келтіреді.

Оқу-білім саласына жасалған осы бір жаңа өзгеріс өз кезегінде, Қазақстандағы оқу жүйесін дамытудың  негізін белгілесе, қазақ алфавитінің бір жүйеге келтірілуі қазақ тілінде оқытуға көшуді тездетті.

Қазақстан тарихында бірінші рет халық мұрасын жинау мақсатында 1929 жылы экспедиция  ұйымдастырды. «30 жылдардың басында С.Сейфуллиннің қазақ әдебиетінің  тарихын зерттеуге арнаған. «Ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар жыры» (1933), «Әдебиеттану оқу құралы» (1933) сияқты жинақтар және Ыбырай Алтынсарин, Ақан сері, Ақмолда Мұхамедияров, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын бастырып шығарды. Қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы зор қадамы болып есептелетін «Қазақ әдебиеті» (1932) атты оқу құралын жазды.  1934 жылы бесінші класқа арнап «Көркем әдебиет» атты оқулық-хрестоматия жасады

Қазақ халқының болашағы үшін жасалған осындай тарихи  оқиғалардың біразы «қылышынан қан тамған» қызыл империя тұсында қазақтың  Сәкендей дара, дана ұлының кемеңгерлігінің,  халқы үшін жанпида күрескер қайраткерлігінің арқасында  іске асқандығын ғасырға жуық заман өткен соң еске алып, айтуға ғана оңай.

Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына айрықша еңбек сіңірген «социалистік жүйені оның идеялық дем берушісі, коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенген, тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп-көктеуіне пайдаланбақшы болып, жан-тәнімен қимылдаған»  қазақ халқының біртуар перзенті Сәкен Сейфуллин де өзінің ұлтжанды замандас-тұстастарымен бірге империялық озбырлықтың қасіретіне тап болды.

Небәрі қырық жастан астам ғана ғұмыр кешкен, сол «қамшының сабындай» қысқа ғұмырында туған халқына қызмет жасап, сансыз еңбек сіңірген, ұшан-теңіз бағалы мұра қалдырып үлгерген Сәкен 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілді.

 

Дегенмен сөз орайына қарай, айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар…

 «1938 жылы «халық жауы» болып атылып кеткен Сәкен Сейфуллин туралы ел арасында әр түрлі әңгімелер айтылып қалып жүрді. Біреулер Сәкенді кемемен кетіп бара жатқанда көріпті, тіпті Сәкен айқайлап елге сәлем айтыпты десе, біреулер «Ақмоладан Сібірге кетіп бара жатқан этаптан Сәкенді таныпты» дегендей…

 1990 жылдың  9-ақпанында «Казахстанская правда» газетінде Қарағанды қаласында тұратын Иван Николаевич Мудров ақсақалдың 1938-1939 жылдары халқымыздың  аяулы ұлы Сәкен Сейфуллинмен бірге Магаданда айдауда болғандығы жайлы әңгімесі жарық көрді.

И.Н. Мудровтың айтуынша, С.Сейфуллин 1938 жылы атылған жоқ, ол белгісіз жағдайда Горький атындағы (Ат-Урях) кен орнында 1940 жылы қаза тауыпты.

«Иван  Николаевич Мудров «Қарағандыкөпір» тресіне қарасты 33-34 шахтасында еңбек етті. Жер астындағы жарылыс болып, шахтадағы апаттың кінәсі учаскеде істеген барлық жұмысшылардың мойнына тағылып, олар зиянкестік үшін сотталды. И.Н. Мудров 1939 жылы маусымның 5-і күні Қарағанды облыстық соты отырысының шешімі бойынша он жылға сотталып Магаданға айдалады. Өжет қорғаушының  арқасында мерзімінен бұрын 1940 жылдың сәуірінде бостандыққа шықты. Бірақ еркіндікке шыққаннан кейін Қарағандыға кері қайтуға асыққан жоқ.

Сол жылы Магадан облысы, Ягоднинский ауданы, Горький кентінде (сол кезде Ат-Урях) кен орнында жалданбалы жұмыста қалады. Бұні растайтын КСРО МҚК Магадан облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары И.Д. Власенко 10.02.1997 жылы қол қойылған ресми құжаты бар.

И.Н. Мудров сөзінде 1940 жылдың сәуір айында С.Сейфуллин қайғылы жағдайда қаза болған, оның мәйіті эстакаданың үйіндісі астынан табылыпты. Бұл оқиғаның қалай болғанын ешкім білмейді. Содан кейін И.Н. Мудров Горький атындағы кентінен (Ат-Урях) 500 метр жерде орналасқан зиратта С.Сейфуллинді аяғымен күншығысқа қаратып өз қолымен жерлеген. – деген мәлімет келтіреді  Ж.Қ. Томпиев «С.Сейфуллинге қатысты деректерді анықтау мақсатында Магаданға барған сапар туралы» мақаласында.Сондай-ақ Қуаныш Ахметовтің «Құпияның кілті кімде?» (тағдыр) мақаласының мазмұны да  осымен өзектес болса, Рымжан Мәжитқызы Сейфуллина, Қарпық Құсайыновтардың «Кілті жоқ құпия» Ашық хат орайында мақаласында «Сәкен Сейфуллин 1938 жылы ақпанның 25-де атылды» деген анықтамасының аясынан алшақ түсіп жатқан деректер жетіп артылады» – дей келе, Мудровтың басынан өткен жағдайларды келтірумен қатар, – Сәкен ағаның бұл жерде атылмай, тірідей айдауға кеткені туралы: «Торғай облысының тұрғыны Мырсалық Исмайлов ақсақалдың да Сәкенмен лагерьде бірге болдым, Лагерьде  Құлымбетов, Жансүгіров, Майлин бәрі бірге болған» –деген тағы бір дерек келтіреді, онда:  – Менің  Сәікен туралы білетіндігім төмендегідей: Алматыда 1937 жылдың декабрь айынан бастап 1938 жылдың март айына дейін ГПУ-дің «сосновый парктің» астындағы түрмесіне отырдық. 1938 жылдың март айында ату жазасына бұйырылдық.  Атылды деп хабарлады. Бірақ біздерді (Сәкен тірі) жабық машинамен, жабық поезбен Игарка деген жерге апарды. … – деген. 

Алайда, 1991 жылдың 28 ақпанында С.Сейфуллиннің туылғанына 100 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу комиссия отырысының хаттамасында «С.Сейфуллин Магадан облысында жерленгенін айқындау үшін делегация құрылып, іссапарға жіберу» шешімі қабылданады.

1991 жылы шілде айында және 2013 жылдың шілдесінде Магадан облысы Горький атындағы приискіге С.Сейфуллиннің ізін іздеп тағы бір делегация барып қайтқанмен, әр түрлі себептерге байланысты ешқандай нәтиже шықпайды….

 Сәкенді 1938 жылдардан кейін де көрдім-білдім деген кісілердің мақалалары баршылық. Дегенмен бұл деректердің анық-қанығына жетіп зерделеу келер күннің еншісінде!

Бәлкім, заманалар көшінде бір күн  ақиқаттың беті ашылып болжамдар мен күдік-күмәндар шындыққа айналар…

Бәлкім, сол бір тылсым сыр күйінде мәңгілік жұмбағын ашпай ғасырларды-ғасырларға жалғап кете барар…

 Туған халқын шексіз сүйіп-құрметтеген,  бар қазақтың баласына бекзада болмысымен үлгі болуға шын лайықты ардақты ақын, асыл Сәкен ғасырлардың көкжиегінен:

 

Сарыарқаның бір тауы бар –

Бір тауы бар сымбатты.–

Сол таудан сен сыр тауып ал,

Сыр тауып ал, қымбаттым.

 

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара сырласым,

Сым пернені басып қара,

Басып қара жырласын! – деп үн қатар.

 ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдағы аумалы-төкпелі заманда  ұлты үшін жан берген, қазақ халқының маңдайына жарық жұлдыз болып жағылған Үш арыс – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер,  Бес Бәйтерегі – Ахмет, Шәкәрім,  Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптар ешқашан да өлмейді!

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» қазақтың Алыптары, Арыстары туған халқымен мәңгі бірге жасайды.

Жұлдыздары жарқырап бүгінгі өскелең ұрпаққа да үн қатар, болашақпен де сырласар, мәңгілік  өшпес өнеге, үлгі болып та қалар !

Хакім Абайша айтқанда «Өлді деуге бол ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» 

Еркегүл АРЫҚҚАРАҚЫЗЫ,

Сәкен Сейфуллин музейінің Ғылыми-ағарту бөлімінің ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты.

«Жерұйық» порталы

 

  Adrian Clayborn Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз