ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерболат Сембаев басқарған Қазақстан делегациясы ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі конференцияға қатысты. Келіссөздер БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатыр. Жоғары деңгейдегі жиында сөз алған дипломат жойқын қаруға қатысты Қазақ елінің көзқарасын жеткізді. Ерболат Сембаев Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында ұсынған 2045 жылға дейін ядролық қарудан құтылған әлемді құру бастамасының маңыздылығы мен «Әлем. ХХI ғасыр» манифесінің өзектілігін ерекше атап өтті.
Ерболат Сембаев, ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
– Конференцияға қатысушылардың көбі ядролық қаруға тыйым салатын құжат қабылданатынына үміт білдіріп отыр. Ол үшін көпшіліктің ойы бір жерден шығуы тиіс. Ядролық қаруды жою үшін белсенді күресіп жүрген Қазақстан халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде құжаттың дайындалуына өз үлесін қосады. Ол конференция жұмысының аяқталуына дейін қабылданады деген үмітіміз бар.