ХАТ
Қарлығашым, біз жолыққан сəтті ойлап,
Қара түнде жаным тыншып жатпайды-ақ.
Қабыл алсаң, өзің жаққа ұшырдым,
Қайтқан құстың қанатына хат байлап…
Желпіп өтіп жақпар тастар төбесін,
Сол құстарым жетер əлі, көресің…
Қашықтықты уақытпен өлшейді,
Ғашықтықты немен өлшеп бересің?
Білесің бе, білесің бе, бұрымдым,
Тауқіметтер – түлетеді, ұғынғын,
Кешеуілдеп шұғыласы тарайды,
Кірпігіне Күн ілінген ғұмырдың!
…Үміт барда беретұғын арға мəн,
Сен – көктемді, мен – өткенді қарғаман.
Терезеден түскен жалғыз тамшыға,
Сүйсең егер сыйып кетер бар ғалам.
II
Қарлығашым, көзің – нұр, сөзің – арман,
Көңілімді жұбатшы өзіңе ауған.
Бір сұлудан сезінген жылылықты,
Мың сұлудың жүзінен сезіне алман.
Беймəлім боп қонарым, ұшарым да,
Беймаза күй жетелеп құса-мұңға,
Өзегімді өрт шалып жүрмін, күнім,
Өзіңді ойлап өзгенің құшағында.
Солай, қалқам, жырақтап бал қызықтан,
Өз өмірін өздері жанбыз құртқан.
Өлең күйіп барады шоқ үстінде,
Жүрек күйіп барады жалғыздықтан.
…Қапияда түйісіп жолым əрең,
Қосылам ба өзіңмен соңыра мен?
Ал əзірше үнсіз қап жатыр іште,
Бір ішегі үзілген домбыра-əлем…
III
Қарлығашым, көп болды көрмегелі,
Саған мəлім жанымның шөлдегені.
Мен өзіңді сабылып, сағынғандай,
Сағынасың білемін сен де мені…
Сағынасың, күтесің, күрсінесің,
Екеуімізді алайда кім сүйесін?
Сəл қырсықтау болса да, бұл өмірде,
Бақыт барын əйтеуір білсін есің.
Мына түн де біледі ақын əлін,
Өзіңді ойлап таңымды атырамын.
Сен ояндың көктемнің сəулесінен,
Күз кеудеңнің жасырып жапырағын.
Орындалмай жатқан соң жан арманы,
Аңсағандар ақылын жоғалтады.
Міне, бүгін өмірді сылтауратып,
Өлең жазып отырмын саған тағы…
Біржан Ахмер, ақын Alex Cappa Womens Jersey