Шәкірттерді шыңдау шарты

351
Шәкірттерді шыңдау шарты
Әли-Хан Омарбеков, отставкадағы полиция полковнигі

Тергеу изоляторына басшылық еткен жылдары(1992 -2003) амалын тауып, офицерлік лауазымға тек қана қол астымдағы  қабілетті сержанттардан іріктеп алып отырдым. Жоғарғы жақтан жіберілгендердің бірен-сараны болмаса, қалғанын жүз желеу мен мың сылтау тауып кері қайтаратын едім. Қабілетті адамның жақсы қасиеттерін дөп басып байқап, өсуіне жағдай жасау – ынталандырудың сара жолы(қазір бұны мотивация деп жүр).  Өсу үшін оқу керек. Офицер лауазымын алған 16 қызметкердің бәрінің дерлік қосымша жоғарғы білім алуын қатаң қадағаладым. Олардың біразы бөлім мен бөлімшелерді басқарды. Солардың арасынан өзіме орынбасарлыққа дейін көтерілгендер болды. Менің тәрбиемді көрген шәкірттерімнің арасынан үш мекеме бастығы, үш мекеме бастығының орынбасарлары шықты. Ал полковник Көнекбаев Тілеуберген Сәкенұлы (2000 – 2003 жылдары менің бірінші орынбасарым болған) бүгіндері Қостанай облыстық қылмыстық-атқару жүйесін басқарады. Солардың өсуінде менің еңбегімнің барын мен мақтаныш етемін.Төмендегі хатты Тлеуберген алғаш рет мекеме бастығы (35-ші колония) болып тағайындалғанда жазып, қолына тапсырып едім.

ТЛЕУБЕРГЕН !

Қазақта мынандай ұғым бар. «Дер кезең» немесе «Дер шақ» деген. Бұл нағыз шабатын уақыт деген мағынаны білдіреді. Осындай додаға түсетін сәттің адам баласына бұйыруы алланың қолында. Себебі ешбір адам өзінің «дер кезеңін» болжай алған емес, болжай алмайды да. Міне, сол «дер кезең» сенің несібеңе 2009 жылдың 7-ші сәуірінде тиді. «Дер кезең» ол мереке-мейрам емес. Ол сын сағаты, жауапкершілік. Сүрінбей өтсең бағыңның жанғаны, сүрінсең досқа таба, дұшпанға күлкі болдым дей бер. Саған сенген басшылардың сенімін ақтамау жігіттігіңе нұқсан келтіріп, дақ түсіреді.

Мен пір тұтып, табынатын Бауыржан Момышұлының «дер шағы» сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Баукең қалт жіберген жоқ.. Қылыштай жарқылдап, әлемді аузына қаратты. Қайнап жатқан қан төгіске қатардағы командир болып кіріп, Батыр қолбасшы болып, аты тарихта қалды.

Кешегі өткен Құрманғазы, Абай, Қажымұқан, Шәмші, Мұқағали, Мұқаңдар осы күндері өмір сүріп, атақ даңқа ие бола алмас еді. Себебі олардың «дер кезеңі» өз заманында болды. Бүгіндері өмір кешкеннің өзінде  олар көптің белгісіз бірі болып жүрер еді.

Өзіңді құттықтауға барғанда айттым ғой «сен СИЗО-дан шыққан бірінші колония бастығысың» деп. Ал менің «дер шағым» сол мекемеде өткенін сен білесің. Осы күндері ойлап отырсам оны екі жыл аттан түспей бастық болған жылдарым ең бақытты шағым екен. Сол жылдардың бәрі сенің көз алдыңда, сенің тікелей қатысуыңмен өтті. Біреуге жақтым, енді біреулерге жақпадым. Кейбіреулеріңді ұрдым, ұрыстым. Сені ешкім «Толик» деп айтпасын деп саған талай қынжылып, ұрысқаным есіңде ме?. Абайсызда «Толик» деп айтып қалғандардың апшысын қуыратын едім. Ондағы менің мақсатым сені атқамінерлікке дайындау еді. Біраздарыңды сүйреледім, жетектедім. Жетектегендердің ішінде сен де болдың. Есіңде болар сені оперативтік бөлімге бастық етіп тағайындағанда былай деп едім ғой. Клуб тола жиылған қызметкерлерге сұрақ қойдым емес пе: «бүркіт құз жартастағы ұядағы балапандарын қалай өсіріп, қалай ұшырады?» – деп. Ешкім жауап бермеді. Сол жиында менің айтқаным А.Крыловтың ғана есінде қалыпты. Сонда мен былай деп едім, Тлеуберген: «Қанаты қатқан балапандарын бүркіт ұядан тұмсығымен күштеп, итеріп жібереді екен. Құзға соғылмай тірі қалғаны ұшып кетеді екен, тасқа соғылғаны мерт болып, құз түбіне құлайды. Тірі қалғаның бүркітсің дегені ғой. Не деген қаталдық, десейші». Мен өзімді бүркітке сені балапанға теңегенім ғой. Құдайға шүкір, міне сенде бүркіт болдың. Бастық атандың. Орынбасар мен бастықтың көтерер жүгін салыстырып болмайды. Жақсы жүз орынбасардың жауапкершілігі нашар бір бастықтың жауапкершілігінен төмен тұрады. Себебі, бастық шешім қабылдайды, орынбасар орындайды. Орынбасар үшін бастық жауап береді. Орынбасар бастық үшін жауап бере алмайды.

Өткенде Мирболаттың (осы ағаңның сенің алдыңдағы еңбегі орасан зор) көзінше біраз нәрселерді айта алмай кетіп едім. Соларды қағазға түсіріп, саған жолдамақпын. Бұл менің ағалық парызым. Есте сақтау ол сенің шаруаң. Керек десең әжетіңе жарар. Қажеті болмаса көп қағаздың бірі болып қалар.

  1. Арақ ішпе. Әсірісе қол астыңдағылармен жиі табақтас болудан аулақ бол. Көңілшек болма.
  2. Енді саған доста, туыста, тамыр-таныста көбейеді. Оның бәрі өткінші, алдамшы дүние. Саған көмектесейін деп келмейді. Сені қолданып қалмақшы болып келеді.
  3. Жалықпа. Ерінбе. Көп оқы. Сен қол астыңдағылардың бәрінен ақылды болуың керек. Газет-жорнал шолып отыр. Теледидардан жаңалықтарды жіберме. Жарлық, қаулы, бұйрық, нұсқауларға құлағың түрік жүрсін.
  4. Келім-кетім, аралас-құралас бастықтармен иығың тең болу үшін, сен өз-өзіңе сенімді болуың қажет. Сенімсіздік адамды төмендетеді. Сондықтан үйренуден жалықпа, оқудан шаршама. Ойыңды кібіртіктемей нақты жеткізуге дағдылан.
  5. Берген тапсырманың орындалуын қатаң қадағалап отыр. Қадағалау орындауданда қиын екенін есіңде сақта. Орындамағандарды аяма. Орындағандарды қошеметте.
  6. Есеп-қисапқа мығым бол. Қаражат жағын сағат сайын назарыңнан тыс қалдырма. Бір тиын сенің рұқсатыңсыз орнынан тырп етуші болмасын. Қаражат бөлуді өзің ғана шеш. Қолы суықтарды бұл шаруаға жолатпа.
  7. Жылпостар мен өтірікшілерден көп кешіктірмей құтылғаның абзал. Астыңа көпшік қойғандардың тілін кесіп, аузына құм құйып отыр.
  8. Құлағыңа сыбырлайтындардан сақтан. Кабинетіңе жиі келе беретіндерден шошын. Кемшілігіңді бетіңе айтқандардан қорықпа.
  9. Мен 38 жасымда бастық болып тағайындалдым. Ал сен оданда жас кезде тізгін ұстадың. Кесіп айтайын сен мен секілді 12 жыл қатарынан бастық бола алмайсың. Болғызбайды. Себебі, қазір уақыт басқа. Заман өзгеше. Өзгерістер тез болады. Аттан аудара салуда оңай, көзді ашып-жұмғанша ауыстыра салады. Сондықтан, осы лауазым сенің өсуіңе өте маңызды баспалдақ боларын ойыңнан шығарма. Өсер кезде өсіп қалғанның ешбір айыбы жоқ, қайта ол абырой.
  10. Мекемедегі жақсы дәстүрді дамыт, есті жігіттерін көтермеле. Қылтың-сылтыңы көп, арзан күлкіге құмар қыз келіншектерді тәубесіне келтір. Қызметке адал аруларды азаматтан кем көрме. Ауырса емдет, шаршаса демалыс бер, қажыса қолдау көрсет.
  11. Өзіңнен төменге шіренбе, шіренгенге иілме. Ақымақты ақылыңмен сабасына түсір, ақылдының алдында салмақты бол.
  12. Ер-жігіттің артынан сөз еру ежелден келе жатқан құбылыс. Ұсақ-түйекке, тиіп-қашпа сөздерге мән берме. Бәлеге жақындама, жаладан алыс бол, өсекке ілікпе.
  13. Өзің ертіп барғандарды ез етпе. Оларды қызметтің ауыр жерлеріне тағайындап, жүріс-тұрысын жіті бақылап отыр. Көре алмайтындар көзін шұқып, жетесіздерге жем болып жүрмесін.
  14. Өзің түлеп ұшқан СИЗО-ны ұмытпа. Саған арқа сүйеп, алшаң басып, еркін жүріп қалған әріптестеріңнің жағдайын біліп жүр. Қолыңнан келсе қолғабыс жаса. Жазықсыз жапа шеккендер болса, жабырқа. Әпербақан бастықтар бетімен кеткендей болса, беделіңді салып, бейбастығын бетіне бас.
  15. Сені қолдап, бұйрыққа қол қойғандардың ойынан шық, Тілеуберген.

Тілеулес ағаң, отставкадағы полковник Ә. Омарбеков.

12-ші сәуір 2009 жыл.

  Davis Webb Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз