Ертеңгілік «Шалқар» радиосын қосып қалсаңыз:
– Дауысын басыңыз!
– Өшіріңіз үнін! – деп, екілене айқайлаған екеудің сөзін естисіз. Бүл – бүкіл қазақ тілді радионы бұрап, өшіріп таста дегендей әсер береді…
Өзге радиода да қарапайым жұрт эфирге араласып жатады, бірақ ешқайсысы «дауысын басыңыз» деп, ренжи ескерту жасамайды. Әлде, техникалық базасы өзге жұрттыкінен көне ме?
Немесе, қазақ даласындағы тойдың бәрін үнтаспаға түсіріп ап, тыңдап отырғандай күйде қаласыз. Бір апалар, ағалар тұрып ап, ұзақ-ұзақ «тост» айтады. Үрім-бұтағының бәрін түгендеп шығады…
Одан қала бере ламиналь, ламифарэн деген жарнамалық үлгідегі, таусылмайтын бір сыдырғы судырақметтерді насихаттайтын хабар…
Қоғамдық сананы жаңғыртуға осылай жеңіл қарап, бәтуасыз амалмен әрекет етсек – ұлттық-рухани тамырдан үзіліп қалатынымыз анық.
Кешке қарай «Бастаңғы» жастар сағаты» деген бағдарлама эфирге шығады. Сондағы отырған редакторлар ана тілдерін түсінбейді-ау… Әйтпесе, «бастаңғы» деген сөз әйелдерге қаратылып айтылады.
Қазақ тілінде сөздер аталық тек, аналық тек деген жікке бөлінбейді. Солай болса да, бірді-екілі сөз тек әйелдерге қатысты қолданылады. Дәл соның бірі осы – «бастаңғы».
2008 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің шығарған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Бастаңғы» – ауылдың үлкендері жол жүріп кеткенде, үйде қалған әйелдері, қыз-қырқындары бас қосып, ойын-сауық жасайтын салт-ырым» деп ұғындырған.
Яғни, әйелдер басқосуы. Демек, «Бастаңғы» жастар сағаты» деген атау – дұрыс емес. Егер, «Бастаңғы» әйелдер сағаты» болса – дұрыс.
Осы жерде күллі жастарды әйелдердің мәселесіне көңіл аударуға шақыру немесе оларды сөздің төркінін түсінбегендіктен алжастыру болып шығады.
Қызыл тілге құшырын төге сөйлегенімен астарына үңілмейтін журналистер көбейіп кеткен-ау, шамасы.
Тоқ етері, қазақ тілді тыңдарман «Шалқардан» айырылып қалды. Тұра бара «Қазақ радиосы» – тыңдайтын құлақ таппай қалмасын.
Әділбек Ыбырайымұлы парақшасынан