Семей тарихы нақтыланбай, ол қалай тойланбақ?

348

Патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатында аса маңызды рөл атқарған Семипалат бекінісінің құрылғанына келесі жылы 300 жыл толады. Осы межені Семей қаласының да құрылған уақыты дегенді негізге алып, оның 300 жылдық мерейтойын атап өту туралы пікірлер де, қала тарихынның бұдан әлдеқайда тереңнен басталатынын қуаттайтын бұған қарама-қарсы пікірлер де айтылуда. Осы дата жақындаған сайын әртүрлі көзқарастар арасындағы тартыс та қызып келеді. Мерзімді баспасөз беттері мен интернет саиттарында Семей қаласының тарихына байланысты тарихшы ғалымдардың зерттеу мақалаларымен қатар, қоғам белсенділерінің «Семей: 300 жылдықты қолдау – құлдық сананың көрінісі», «300 жылдықты» ушықтырып отырған атқарушы биліктің өзі» деген сыни мақалалар да жарияланып жатыр.

Екі жақтың да айтар уәжі, келтірер дәлелдері бар. Семей қаласының тарихы 1718 жылы қазіргі «Старая крепость» орнында бой көтерген Семиполатной бекінісінен бастау алады дейтіндер тарихқа тереңдеп баруға онша құлықты емес. Ал түрлі деректерге сүйеніп, қала тарихының одан әлдеқайда тереңде екендігі туралы батыл болжам айтушылардың дәлелдері де көкейге қонымды.  Мысалы, Г.Ф.Миллердің 1734 жылы: «Семь палат» аталатын ғимарат Ертістің шығыс жағалауында, қалмақтар оны Дархан-Зорджин кит дейді. Мұны Дархан-Зорджи деген лама тұрғызыпты дейді. Қашан екенін білмейді. Тюменьнің архивінен патша Михаил Федоровичтің 25 қазан 1616 жылғы грамотасын таптым, онда бұл құрылыстар «Тас мешіттер» деп көрсетілген» дегенінің өзі бұл қаланың тарихын бір ғасыр ары апарып тұрған жоқ па? Тіпті, сонау қола дәуірі тұрақтары да осы Семейдің орнынан табылғаны белгілі. Семей қаласы мен оның маңынан табылған жәдігерлер негізінде бүгінгі Семей облыстық өлкетану мұражайы құрылды.

Қала билігі мен қаланың қоғамдық ұйымдары екі жақты да риза ететіндей «Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл және Семиполатной бекінісіне 300 жыл мерекесін» атап өтуді ұсынып отыр. Осы орайда жуырда «Семей таңы» газетіне сұхбат берген қала әкімі Ермак Салимовтың «қала тарихына қатысты пікірді ғалымдардың еншісіне қалдырайық» деген еді. Алайда, халыққа қала тарихына байланысты жекелеген ғалымдардың пікірі емес, ғалымдар тобының арнайы жоба бойынша түбегейлі зерттеуінің қорытындысымен жасалынған ғылыми дәйекті тұжырымы қажет.

Сөз ауанына қарасақ, қала билігі де, қоғам белсенділері де Семей қаласының құрылуы туралы соңғы сөзді тарихшы ғалымдардан күтетін сыңай байқатады. Әрине, түбегейлі зерттелген, ғылыми зерделенген, деректермен дәлелденген шындыққа не жетсін. Бірақ, суырып алып бере салатын бүкіл бір қаланың тарихы ғалымдардың қалтасында тұрған зат емес. Қазіргі кезде басқа ғалымдар сияқты тарихшылардың да өзінің маманданған пәнішілік саласы бар. Сол себепті тұтас бір қаланың, бір өңірдің тарихы тек қана бір ғалымның көтеретін жүгі емес. Оның үстіне Семей қаласының, жалпы Қазақстанның Ертіс өңірінің өткендегі тарихын зерттеу ісі отандық тарих ғылымында кенжелеп дамып келе жатқан бағыттардың бірі екендігі және бар. Қала тарихын зерттеу  осыған мүдделі орындардан, яғни әкімшілік, немесе қоғамдық ұйымдар (қорлар, мемлекеттік емес ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар) тарапынан ғылыми мекемелерге (мысалы Шәкәрім университетіне) арнайы тапсырыс беруден басталса дұрыс болар еді.

Қазіргі заманда кез келген зерттеу жұмыстары түбегейлі материалдық дайындықты, қаржылық қолдауды, білікті мамандарды қажет етеді. Кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін кейбір жағдайларда басқа саланың мамандары да тартылады. Зертханаларсыз, арнайы құрылғылар мен жабдықтарсыз, заман талабына сай зерттеулер жүргізіп, тұшымды нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Сонымен бірге, зерттеу жұмыстарын жүргізудің заңдық-құқықтық жағы тағы бар. Мысалы, қазба жұмыстарын жүргізуге, немесе ұңғылар жасап, одан сынамалар алу үшін арнайы лицензиясы бар ұйымдар тартылады. Мұның бәрі айналып келгенде біршама қаржы талап ететіні де рас.

Сондықтан мұндай ауқымды шараны ғалымдардың басын біріктіре отырып, арнайы жобамен кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізуден бастау керек. Құдайға шүкір, мұндай ауықымды жобаны сапалы түрде атқарып шығуға Амантай Исин, Мұхтарбек Каримов, Ерлан Сайлаубай, Айдын Жүнісханов, Ерден Оралбай және т.б. қызығушылық танытып жүрген ғалымдардың әлеуеті мен біліктілігі толығымен жетеді. Аталған ғалымдардың бастарын қосып, олардың мол тәжірибесі мен білімдерін, интеллектуалдық әлеуетін  бір арнаға тоғыстырып, тұшымды нәтижелерге қол жеткізуге болады.  

«Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл және Семиполатной бекінісіне 300 жыл мерекесін» тойлауға әкімшілік тарапынан арнайы жоспарлар құрылып, оған қаржы да қарастырылып жатқаны анық. Мұндай жоспар-жобаларда алдымен өз қаламызды тыңғылықты зерттеп алу мәселесі де қамтылғаны дұрыс. Сондықтан мерекелі датаны ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған қала әкімшілігі арнайы грант бөлу арқылы қала тарихын түбегейлі зерттеуді осы іс-шаралар аясында атқарылуын ескергені жөн болар еді.

Мұхаметбек Асылбеков,

 Академик Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы.

 

 

 

 

  Sam Hubbard Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз