Қымбатты ФБ-достарым Жеңіс күні құтты болсын дегім-ақ келеді ! Бірақ Екінші жаһан соғысында қырғын тапқан миллиондаған азаматтарды еске алсам, жаным түршігеді. Соғыстан кейін Совет Одағынан өлген адамның саны 9 миллион деді, себебі Алмания да соғыста 9 миллион адам жоғалтқан болатын. Сталин өлген соң шығын үш есе көп, яғни 27 миллион адам өлген екен деп айта бастадық. Қазіргі күні кейбір мамандар 40 миллионнан астам адам қаза болды дейді. Адамзат баласы жаратылғаннан бері Екінші жаһан соғысындай қырғын болған жоқ, соның ішінде зардап шеккен елдің бірі өзіміз ! Қазақтың өз жеріне еш қатысы жоқ, Кремль мен Рейхстагтың арасындағы саудаға бола басталған осы соғыстағы шығыны шамамен 400 000 адам. Қаріп-қасер қалғандарды, жесір ана мен жетім баланың көз жасын есептеу де мүмкін емес. Біздің бала кезімізде ауылда соғыс лаңы әлі де білінуші еді, азаматтары елге оралмай жалғыз қалған әжелер болды, соғыс кезіндегі ауыр бейнеттен белдерін жаза алмай екі бүктетіліп жүруші еді, соғыстан мүгедек-кемтар келген ағаларымызды көрдік, лагерден келген, қара жұмысқа барып келген, пленде болғандар т.б. Мектептің жоғарғы сыныбынан соғысқа алып кеткен ағаларымның аман келгендері 60 келер-келместе жалған дүниеден кетті.
Сондықтан 9 мамырды Жеңіс күні, Мейрам демейік, «Екінші жаһан соғысында қаза болғандарды Еске алу күні» дейік. Көшеге шығып шерулемейік, бір-бірімізге құттықтау открыткаларын жібермейік, одан да қаза болған, кейде тіпті көмусіз қалған, хабарсыз кеткен ағаларымыздың аруақтарына арнап дұғамызды оқыйық !
Жамбыл Артықбаевтың фейсбук парақшасынан