«Бүркіт сыны» мен «Қансонарда» қай жылғы?
Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңі баршаға аян. Ал, бірақ «Бүркіт сыны» деген туындысы ешбір жинақта жарияланбай келеді. Оған абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов «Жаңадан табылған сегіз өлең» деген мақаласында түсінік береді («Абай» журналы. 1992, №2, 48-49 бет). Өлеңнің екі нұсқасы бар екен. Біріншісі – 1951 жылы Мәди Тәстембекұлы жазып берген бес шумақ та, екіншісі – 1965 жылы Сүлеймен Макеев Қазақ Ғылым академиясына жіберген тоғыз шумақ (бұл нұсқа Иқанбай дейтін құсбегіден жазылып алыныпты).
«Мәди жаттаған өлең нұсқасында ұмытылып қалған шумақтарын Иқанбай нұсқасы толықтырады, – дейді Кәкең. – Сол сияқты Иқанбай нұсқасында жоқ екі шумақ өлеңді Мәди жазбасындағы екінші, үшінші шумақ өлең толықтырады». Сонымен, жиыны жаңадан табылған өлең – он бір шумақ, мазмұны, ұйқасы жағынан екі нұсқа толық сәйкес.
Абай «Бүркіт сыны» деген өлеңін жазған жыл қайсы?
Бұл өзі әйгілі «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңімен тақырыптас, бітімдес, соның сыңарындай туынды. Әуелде «Бүркіт сыны» дүниеге келіп, онан соң бұл тақырып «Қансонарда» дамыта жалғасқаны айқын көрініп тұр. Демек, қос өлеңнің жазылу мерзімі алшақ емесі анық. Ендеше әуелі «Қансонарда» қай жылғы дегенді тексеріп алайық.
М.Әуезов монографиясында «Қансонарда» мен «Қақтаған ақ күмістей» өлеңдерін талдай келе, жеткізбек ойын: «Әлеуметтік шындықты, халық басындағы ауыртпалықты сыншылдықпен жырлайтын қоғам қайраткері Абай бұл өлеңдерде көрінбейді», – деп түйеді. Көрдіңіз бе, Мұхаң бізге «Қансонарда» Абай әлі қоғам қайраткері болып қалыптаспаған, яғни болыс уағындағы шығарма деп бағыт сілтеп отыр (мәселен, Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?» деген өлеңі 1886 жылғы екеніне кім таласар. Өйткені, онда ақын анық қоғам қайраткері, ел сыншысы ретінде өлеңінің соңын:
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осынымен жүр далақтап, –
деп қорытады).
Бірақ барлық Абай жинақтарында «Қансонарда» 1882 жылғы делініп жүр. Сондықтан шығарма бұдан бес жыл бұрынғы деген соны пайымды бекіте түсуге тиістіміз. Қосымша қисын, дәлеліміз қайсы?
Жинақтарда өлеңге: «Ақын өзі аңға шыққан кезіндегі әсері бойынша жазған» деген түсінік берілген. Өлең соңында бүркітші Абай:
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң,-
демей ме. Олай болса, Абай достарымен құс салуды ермек еткен соңғы жылдар қайсы? Әрине, Қоңыр-Көкшеде болыс болған шағы. «Абай аңшылықты жасында істеген, – дейді Көкбай. – …Бірақ берірек келгенде аңшылықты қойып, жоғарыда саналған өзге түрлі сауықтарға көбірек ауысты» (Абай туралы естеліктер. –Семей, 2010. -176 бет). Бұл жерде Көкбай «аңшылықты жасында істеген» деп Абайдың 33 жасқа дейінгі жас өмірін айтқан. Егер ақын құс салуды 1880-жылдары да қызықтаған болса, дос-інісі Көкбай қансонардан неге қалсын, қосыла қызықтамас па еді?
Сөйтіп, Абай «аңға шыққан кезіндегі әсері бойынша жазған» деген түсінік «шығарма 1876-77 жылдардың өнімі» деуімізге қосымша дәлел.
Мұның бәрі құр болжам десеңіз, Кәкітай сөзіне де жүгінелік. «Күн кеш болып, шам жаққанда, үйді оңашалап Абай ағам кітап оқуға кіріседі, – дейді Кәкітай Ысқақұлы. – Оқу мезгілі өтіп кетіп, школға түсе алмай қалған мені қасына отырғызып, орысша «Азбука» оқытады, есеп жазғызады. Орыс сөздерін қазақшаға аударып, жазғызып жаттатады. Сол қалыппен май айына дейін Абай ағам Семейде болды». Бұл арада Кәкітай 1881-82 жылдың қысында болған оқиғаны баяндап отыр. Ол әрі қарай он екі жасында көргенін былай деп есіне алады: «Сол қыстай Семейде болғанда, Абай ағама үзбей Михаэлис деген орыс досы келіп тұрды. Кейде оның қасына еріп Долгополов және Гросс деген адамдар келеді, түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып қайтысады» (Аталған естелік кітап, 142 бет).
Көріп отырмыз, Абай 1882 жылдың қысқы айларын ең жақын досы Е. Михаэлиспен бірге өткізген. Егер қыс бойы Семейде, орыс достары арасында жүрген болса, бұл аңшылық ермегі жайына қалды деген сөз. Онда қансонарға арнап өлең жазудың қисыны қайсы? Абай 1880-жылдары Семейдегі қалалық кітапхана табалдырығын тоздыра орыс, батыс классиктері шығармаларын тесіле оқығаны, құныға зерделегені аян. Кәне, өлеңде мұның ықпал-әсері көріне ме?
«Қансонарда» өлеңінде, – дейді Мұхаң, – орыс халқының өмірінен, не орыстың классик поэзиясынан тұп-тура ауысып келіп, араласып тұрған ешбір белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз, қазақ халқы мекен еткен қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға салт атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы. Ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. -100 бет).
Көрдіңіз бе, «Қансонарда» таза қазақ тұрмысынан жазылған шығарма және онда «ермек үшін еңбек еткен» қажырлы адамдар әрекеті суреттелген. Егер шығарма шынымен де «1882 жылғы» болса, онда, сөз жоқ, Абайға орыс әдебиетінен ауысқан ықпал сезілсе керек-ті. Ондай ешбір белгі, дерек жоқ.
Қысқасы, «Қансонарданы» Абай Байкөкшені серік еткен 1876-77 жылдары жазған деп топшылауға толық негіз бар. Бұл Абай өзінің ақындық қабілетін сынап көрген өзгеше кезең болғанын баса айтқанымыз жөн.
Қатені түзеу не үшін қажет?
1882 жылы Тұрағұл 7-де, Кәкітай 12 жаста. Екеуі де датаны дәлді айтар жаста емес. Оның үстіне, жас Абай жазған өлеңдерін жұртқа жария етуге асықпаған. Қоңыр-Көкшеде көкейден төгілген өлеңдерін тек Байкөкше сияқты бірлі-жарым достары ғана естіп, білгені содан. Тізе берсек, «Қансонарда» 1882 жылғы деп санауға қарсы уәжіміз көп-ақ. Егер дата өзгертілмей, ескіше қала беретін болса, онда Абай дамуының келесі сатысы көлеңкеленбек. Яғни 1878 жылдан соң Абай алтын уақытын ғылым-білім жинауға және шығармашылық жұмысқа төселуге сарқа жұмсағаны тасада қалмақшы. Кеткен қатені түзеу, ең алдымен, сол үшін қажет.
Жоғарыда аталған мақаласында Қ.Мұхаметханов: «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» сияқты тамаша көркем өлең жазған атбегі, бүркітші Абайдың қыран бүркітке арнап өлең жазбауы тіпті мүмкін емес» деп түйін түйеді.
Әділ пікірді қолдай отырып, «Бүркіт сыны» және «Қансонарда» мерзімдес, Абай екеуін де 1877-78 жылдың қысында жазған деп қорытамыз. Әзірге бұл жылдар Абайда «бос». Екі өлеңмен болса да толтырылса несі айып. Қайта бұл Абай дамуына үйлесімді, көкейге қонымды, абыройлы міндетдүр. Абайдың жастық өлеңінің бірі – «Бүркіт сыны» қашанғы қағаберісте қала бермек, Абайдікі екені күмәнсіз өлеңнен неге беземіз? Ойласайық, ағайын.
Жас Абай тума қабілетін сынаған, өз басының тәжірибесіне сүйенген шығармашылық ұзақ дәуірін барлау, тексеру осымен тәмам.
Түйін сөз
Өздеріңіз де куәсіздер, 1878 жылға дейінгі, яғни Абайдың жастық дәуірдегі ақындығы толыға түсті. Тексеріс нәтижесінде алты шығарманың жазылу мерзімі жаңадан анықталып отыр. Олар: «Тайға міндік», «Әйгерімге», «Жарқ етпес қара көңілім», «Әкімбай өлгенде», «Бүркіт сыны» және «Қансонарда» сияқты тамаша өлеңдері. Оған «Жақсылыққа», «Ағыбайға», «Рахымшалға» деген ауызша үш шумақты қосыңыз. Барлығы да отыз үш жасқа дейінгі туындылар. Қай қайсы да Абайдың біртіндеп өсіп келе жатқан ақындық талантының жарқын куәсі. Кезінде М.Әуезов «Абай ақындықты пайғамбарлық дарығандай ағыл-тегіл бір-ақ бастаған» дегенге саятын теріс пікірге қарсы шыға отырып: «Жас Абайда ақындық үлкен өнер барын танытатын бірталай шығармалар болуға керек» деп топшылаған болатын. Жоғарыдағы ізденісті осыны расқа шығарар талпыныс ретінде қабыл алыңыз, қадірменді оқырман.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.
Gareon Conley Authentic Jersey