Қазақстанда борышкердің қарызынан айыппұл санкцияларын, өсімпұлды алып тастау қарастырылған заң жобасы талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздің Қаржы министрлігі төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы заң жобасын әзірлеуде. Бұл заң жобасы ең бірінші кезекте бүгінгі күні қиын жағдайға душар болып, өздерінің несиелерін төлей алмай отырған жеке тұлғаларды қолдауға бағытталған. Ол жеке сипаттағы қарыз, мәселен банктік займ, коммуналдық қызметтер төлемі, салықтық борыштар болуы мүмкін», – деді ҚР ҚМ МКК Борыштармен жұмыс басқармасының жетекшісі Айгүл Уәлиева «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» заң жобасын талқылау барысында.
Оның айтуынша, жеке тұлғаның бір мезетте барлық кредиторларымен есеп айырысуына тура келмеуі үшін аталған заң жобасында оның төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің соттан тыс және сот процедуралары қарастырылған.
«Жеке тұлғаның төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің соттан тыс процедурасы кредитормен борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі белгілі бір жоспарды түзуін көздейді. Заң жобасында аталған жоспардың 5 жылға дейінгі мерзімге жасалатындығы қарастырылған. Яғни, борышкер өзінің ағымдағы жағдайына, табысына қарай кредитор алдында борышын өтеп отырады. Өз кезегінде, кредитор борышкердің белгілі бір уақытта қарызды қайтаратындығын түсініп, қарыздан айыппұл санкцияларын, өсімпұлды немесе сыйақы ставкасын қайта қарауы мүмкін», – деді Уәлиева.
Оның айтуынша, жеке тұлғаның табысы, оның мүмкіншілігі кредитормен есеп айырысуға жетпесе және ол мұны түсініп кредиторға хабарласа, онда мұндай жағдайда борышкер өз мүлкі есебінен қарызын жабу үшін сотқа жүгінеді.
Сонымен қатар ол жалғыз ғана баспанасы бар жеке тұлғалардың проблемасы да қазіргі уақытта жан-жақты қарастырылып жатқандығын атап өтті.
«Ипотекалық несие алған барлық жеке тұлғалардың мүліктері алынады деп біржақты айтуға болмайды. Өйткені, бұл мәселе қазіргі уақытта талқылануда. Ол екінші деңгейлі банктер бізге статистика ұсынғаннан кейін ғана анықталады. Егер мүлік сатылғаннан кейін де кредитормен есептесуге қаржы жетпейтін болса онда сот қалған қарызды шығысқа жатқызу туралы шешім шығара алады», – деді ол. Sean Davis Jersey