Көптен күткен күн де келіп жетті. Енді 5 жыл бойғы еңбек пен ізденістің нәтижесін көретін күн де алыс емес. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми ашылуы бүгін Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де басталады.
Көрмеде 100-ден астам елдің және 22-халықаралық ұйымның өкілдері шараға келушілерді болашақ технологиясымен таныстырады.
Ал қазақстандық өнертапқыштар жаһан назарына тың жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмаса алады.
«Жалпы көрме, жәрмеңке өткізу қазаққа таңсық дүние емес. Тарихқа көз жіберсек, Ұлы даланың төсінде жылына бір рет ұлы дүбір жәрмеңке өтіп отырған. «Қоянды», «Қарқаралы», «Атбасар», т.б. қатарлы халықаралық деңгейдегі көрме-жәрмеңкелерді тарихтан жақсы білеміз. Қазіргі «статуспен» қарар болсақ, бұл жәрмеңкелердің халықаралық дәрежеде өткені белгілі. Себебі арысы орыс, берісі өзбек ағайындар мен іргелес Қытай елі де бұл жәрмеңкелерден қалмай қатысып отырды.
Бұл біздің халықаралық көрме өткізуге ежелден бейіміміз бар екенін көрсетсе, 1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзі сән өнері көрмесінде (ЭКСПО) «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, 2-бәйгемен қоса күміс медаль алды. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған.
Ал 1958 жылы Брюсель қаласында өткен ЭКСПО-1958 көрмесіне Дінмұхамед Қонаев қазақ тілінде арнайы видео құттықтау жолдаған болатын. Мұнан кейін де әр кезде өткен халықаралық көрмеге Қазақстан өз мүмкіндігінше қатысып келеді. Әсіресе Қазақстан Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан бері алғаш рет 2008 жылы «Су және тұрақты даму» тақырыбында өткен бұл көрмеде Қазақстан «С» санатындағы павилонда өз өнімдерін көрсетті. Испанияда өткен көрмеге 104 мемлекет қатысқан еді. Мұнан соң 2010 жылы Шанхайда, 2012 жылы Оңтүстік Кореяда, 2015 жылы Миланда Қазақ елі әлемдік көрмелердің қатысушысы және тың идеялар ұсынушы мемлекет ретінде танылды.
Сонымен қатар 2012 жылы бүгінгі басталар «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге мүмкіндік алды»/Baq.kz/