Семей – Курчатов жолының бойында Ертісті енжайлаған ауылдың бірі – Бөдене. 1950-ші жылдары 5 колхозды ортақтастырып, шаруашылығы мыңғырған бұл совхоз бүгінгі таңда алақандай ғана ауыл. Бірақ, осы алақандай ауыл өмірге Алатаудай азаматтарды да аз бермеген екен.
Бесқарағай ауданының Далон ауылдық округіне қарасты осы елді мекенде үстіміздегі жылдың 7 шілдесінде өткен өнегелі бір істің куәсі болдық. Ауылын аялаған азаматтардың, елін сүйген ерлердің қалдырған ізіне, атқарған ісіне тәнті болдық. Осы ортадан көргеніміз бен көңілге түйгенімізді қолымыздан келгенше көпшілікке жеткізіп көрейік.
Мен үшін бұл сапар тосыннан болды. Аса көрнекті абайтанушы, қадірлі қаламгер аға Асан Омаровтың бір ауыз сөзін жерге тастамайын деген ниетпен жолға шығып кеттік. Жолымыздың оңғарылғаны соншалық, бір көлікте бірге барғандар кілең мықты, өресі биік, өнегесі мол азаматтар болып шықты! Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің профессоры, Нанотехнология ғылымдарының білгірі, академик Дәуренбек Әубәкіров, полиция полковнигі, Ішкі істер саласының ардагері Қинаят Терлікбаевпен сапарлас, сұхбаттас болдық. Ол аз десеңіз, «тізгіншіміздің» өзі – ІІМ-не еңбегі сіңген қызметкер, полковник Жұмағазы Оразов деген дөкей. Темір тұлпар тізгінін бірде тартып, бірде екпіндеткен Жүкең әңгіме тізгініне де икемді екен. Сыртынан білетіндігіміз болмаса сырбаз жанның елжандылықтың ерен үлгісін жасап жүргендігінен хабарсыз екенбіз. Жеке бір тақырыпқа жүк боларлық еңбегінің бірі – аймағынан соғысқа аттанған 250 майдангердің ерлігіне арналған «Отты жылдар» атты кітабы. Бұл туындының құндылығы сонда – Екінші дүниежүзілік соғытан оралмаған, «жерленген жері белгісіз, хабарсыз кеткен» деген жандарың барлығын анықтап қалпына келтіргендігі. Бір академик, екі полковник ортасында өрбіген сұхбат осал бола ма, 90 шықырымдық жолдың кедір-бұдырын байқамай да қалыппыз.
Сағат 10 мөлшерінде шымылдығын сыпырған шара «Ұмытпаңдар біздерді» деп аталыпты. Осы атаумен мәрмәр тастан жасалған қабырға тақтаға 580 адамның аты мен тегі жазылыпты. Олар кімдер, олар – осы өңірден Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған боздақтар, олар – тылда еңбек еткен ардагерлер, олар – соғыс қасіретін тартқан ата-аналар. Яғни, «Біздерді ұмытпаңдар» деген сөз осы 580 адамның атынан айтылып тұр әрі осы сөз сол жандардың көкйінде бірге кеткен арман да боллуы мүмкін…
Ең ғажабы – осы 580 адамның есімін мәрмар тақтаға жаздырып, орнатуды қарапайым зейнеткер, 82 жастағы адамның бір өзі ғана қолға алуы. Зейнетақысын жерлестер рухын көтеруге арнаған ақсақалдың есімі – Төлеген Тұрсынханұлы. Ұзын ырғасы 1,5 миллион теңгенің шаруасын бір өзі мойнына алуының «сыры неде?» деген сауалға жауап іздегенімізде Төлеген ақсақал ештеңе жасырмады. Жауабы да қызық әрі шынайы шықты.
Адамның жасы ұлғайған сайын соңымыз қалай болады екен деп көбірек алаңдайды екенсің. Оның үстіне алдыңғы жылы едеуір сырқаттанып жатып қалдым. Аурухана төсегіне таңылған жанның басына не келіп, не кетпейді дейсің… Көкейді кернеген көп сұрақтың негізгісі; «Әи, Төлеген! Міне, сенде сексеннен асып барасың. Осы уақытқа дейін не бітірдің, не тындырдың? Оны қазіргі ұрпақ біле ме? Кешегі замандастарың қайда? Сәлеміңді беріп батасын алатын ақсақалдар ортамызда неге жоқ? Қонақ шақырсаң үйге сыймай кететін достар мен үлкендер қайда? Осы секілді сауалдарды өз-өзіме жиі қоя бастадым. Жасыратын несі бар, бәрі де біртіндеп ғайып болып, өзіміз де жар жағасына жақындап қалыппыз. Осы ауылды өркендеткен, шаруасын шалқытқан ағаларымның, от кешкен майдангерлердің, замандастарымның ерен еңбектері мен есіл есімдерін ел есінде қалдыру бәлкім менің борышым болар. Сол үшін солардың соңында қалған шығармын деген ой иектей түсті. Сөйтіп, қолымнан келгенше бір әрекет қылайын деп осы шаруаны қолға алдым. Өзімнің таза ниетім болғандықтан ешкімнен көмек сұрап, ешкімнің мазасын алған жоқпын. Зейнетақымды, аздап жинағанымды, балаларымның қосқанын барлығын осыған салып 1 жыл уақыт көлемінде жасап шықтым. Ниетімнің түзулігін түсініп, көп жағдайда Асан Омаров, Жұмағазы Оразов, Қалияс Жұмабай сынды ауылдас бауырларым ақыл-кеңестерін беріп, үлкен жанашырлық танытып тұрды. Қабырғатастарды меткеп алдындағы алаңға орнату жұмыстарына Бейбіт Құрманбаев, Талап Ахметов, Серғазының Тұрсынғалиы сынды жігіттер атсалысып, зор күш шығарды. Ені 5,5 ұзындығы 3,5 метрлік ескерткіш-қабырғаның сәулетшісі Білімбек Тоқаев деген маман, – деп ойындағысын ортаға салған Төлеген ақсақалдың турашыл мінезі де байқалып тұрды.
«Ақты ақ…» деп айтуға дағдыланған ақсақал туралы тағы бірер жайға тоқталмай кетуге болмас. Егде тартсада есесін тік ұстаған ер Төлеген қарттың әлі күнге дейін есте сақтау қабілеті ерекше екен. Осы 580 адамның аты-жөнін және өзі көріп өскен ортаның шежірелі тарихын жатқа біледі. Төкеңнің айтуына қарағанда тізімге енгендердің көбінің аты-жөні туралы қазір ешқандай жерде сақталған құжат жоқ. Сол себепті де Төкең ақсақал бар білгені мен түйгенін тасқа басып, қағазға түсіріп кетуге шешім қабылдаған. Ал, ол кісінің қабылдаған шешімін бүгінгі қоғам мен келер ұрпақ қалай қабылдайды, ол уақыттың еншісіндегі жай. Төкеңнің басты мақсаты – білгенін беріп кету. Мәрмәрдан қабырға тақта орнатумен бірге «Бөденелім – елім менің» атты кітап та жазып тастапты. Қоспасыз шындық сол – қартайған шақта қаламгер атану емес, дария кеудеге жиналған жақұттарын кейінгіге ұсыну. «Жақсылардың кеудесі алтын сандық» десек, төкеңнің де зердесі ерен естеліктерге толы екендігін оқырман қауым өзі аңғарар. Бір өзі – бір өңірдің мұрағаты секілді қазыналы қарт екен. Бала күнінен еңбекке араласып, ауылдың тұңғыш механизаторлары қатарында тер төгіп, кейін Дегелеңде көлік жүргізушісі, 1968 жылдан 12 жыл «Атомкөл» директоры болған Төлеген аға 7 кластан артық білімі жоқ екенін де жасырмайды. Бірақ, бір өңірдің жер-су аттары мен адамдар есімін, тарихи, естелік әңгімелерді жатқа соғу табиғат берген зеректік, құйма құлақтық қасиет болса керек. «Жас күнінде байқары бардың, қартайғанда айтары бар» деген осы. Жоғарыда есімі аталған Дәуренбек Әубәкіровтей ғалымның да өз сөзінде Төлеген ақсақалдың іс-әрекетіне өте жоғары баға беріп, даланың дара тұлғасына теңеуі тегін емес.
Ардагер ағаның «елім-жерім» деп бастаған игілікті ісінің ашылу салтанатына ауыл халқымен бірге Асан Қайырбекұлы бастаған бір қауым ел қаладан да келіп жетті. Жиынның ашылу рәсімін өзі жүргізіп, кіріспе сөз жасаған абайтанушы ғалым Асан Қайырбекұлы орнап жатқан ескерткіштің елге қажет тұстарын тарата түсті. Осы орайда оның: «Тізімге 1937 жылға дейін туған жерлестеріміздің есімдері жазылған. Олар алапат ашаршылықты өткерген, соғыста толарсақтан қан кешкешкен, трудармияда тер төгіп, тылда табанын тоздырып жұмысқа жегілгендер. Тарихта бұрын-соңды болмаған сынаққа төтеп беріп, еңбекті ту еткен ата-аналарымыз. Бүгін солардың есімі ел жадында жаңғырып отыр. Аулымызда соларға тағзым ететін ескерткіш белгі дүниеге келді. Қуаныштың ең үлкен осы! Өңірімізден соғысқа аттанған 184 адамның көбісі оралған жоқ, қыршыннан қиылып ұрпақсыз кетті. Артында бір жоқтаушысы қалмаған қайран ерлердің есімі ел алдына оралғаны, ертеңгі күнге сапар шеккені керемет іс болды!» дегені көпшілікті толғандырып тастағандай.
Осы тектес пікірлер мен жүрекжарды лебіздер келесі сөз алғандар тарапынан да молынан айтылды. Бітімбай Жүнісов, Қалияс Әбілғазыұлы, Жұмағазы Оразұлы сынды Бөдене тумалары елді береке-бірлікке, тарихты танып-білуге бастайтын бүгінгі шараның жас ұрпаққа берер шапағатының мол болуын тіледі. Жасы келгеніне қарамастан жақсылыққа жаршы болып жүрген Төлеген ағаларының иығына шапан жауып, алғыстарын жеткізді.
P.S. Бұл ескерткіштің осы тектес тақталардан айырмашылығы бір өңірдің ардагерлерін «соғыс ардагері», «еңбек ардагері» т.б. деп бөлмей тұтас қамтуы. Сонымен бірге, көп жерлерде адамның фамилиясы ғана жазылып, есімінің бас әріпі ғана алынатын. Мұнда есімі мен тегі толық жазылған. Қай тұрғыдан алсақта, Төлегендей ауыл ағасының ағалық жүрекпен атқарған бұл шаруасы ел бірлігін арттыра түсіп, рухани жаңғыру, ұрпақ сабақтастығы секілді құндылықтардың қанат жаюына өз септігін тигізетіні анық.
Қайрат Зекенұлы, Семей-Бөдене-Семей.