Бейсенбі, Тамыз 30, 2018
Негізгі > Ел бірлігі > Тәуелсіздік ел тарихын толықтыруға да жол ашып береді

Тәуелсіздік ел тарихын толықтыруға да жол ашып береді

Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы жүзеге асырылып жатқан қазіргі кезеңде, әрине, Отандық тарихымызды оқып-үйренудің жаңа тарихи-методологиялық концепциясы жасалуы ауадай қажет. Бұл негізінен тәуелсіз Қазақстанның тарихы жаңаша жазылуы керек дегенді білдіреді. Мысалы, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов 1950 жылдары алғаш Индияға барған сапарынан алған әсерінің бірі туралы: «Дели университетінің Индия тарихын оқытатын бір профессорымен сөйлескен аз бір жайларымыз айтуға тұрарлық кеңес болғандықтан осы әңгіме соңында  еске ала кеткенді лайық көрдік.

Тарихшы профессор Индия тарихы дүниеге бар Индияны әлі танытып болмағанын дұрыс айтты. Тыңнан жаңаша тарих жазу қазіргі республика тарихшыларының ардақты міндеті екенін сөйледі. Соны айта келіп профессор Сурков екеумізбен жасаған мәжілісінде Нерудің тарихшыларға беретін мол мәслихаттары бар екенін айтты. Осы орайда мен профессордың пікірін қостай отырып, жалпы шығыс елдерінің тарихтары туралы бір дерек айтуды лайық көрдім.

«Орыстың XIX ғасырда өткен үлкен демократ ойшылы және жазушы адамы Герцен деген кісі болған. Сол адам «Шығыс елдерінің тарихтары драмалық, трагедиялық оқиғалары болғанмен де, жалпы алғанда іш пыстырарлық» деген екен. Менің ойымша тарих іш пыстырарлық емес, тарихты жазушылар сондай іш пыстырарлық етіп жазған. Бұл ретте барлық европалық халықтардың ырысына қарай сол Европаның, мысалы ескі Грецияның ең алғашқы тарихшылары Геродот пен Ксенофонт аса қызықты тарихшылар болғанға ұқсайды. Анығында олар тек қана тарихшы емес, соның үстіне өздері және тамаша талантты беллетрист-әңгімеші, жазушы болған. Сондықтан оның екеуі де көне грек тарихын іш пыстырарлық емес, қайта аса қызықты, қызғылықты етіп жаза білген. Солар үлгісін кейін барып Римнің, одан әрі орта ғасырдың, одан кейін бар Европа халықтарының тарихтары көңілді, қызықты боп жазылуға себепші, жетекші болған деп санаймын» деген едім. Менің бұл ойымды Сурков та, Дели профессоры да қостағандықтан «мен Индияның тарихы жаңадан жазылғанда солайша қызықты, есте қалғыш тарих боп жазылса, әсіресе бағалы болар» деген көлденең бір ой айттым.

Енді бертін келе ойласам, өз тарихтарын жаңадан маркстік-лениндік ұлы ғылымдық негіздерге сүйеп жазып жатқан өзіміздің отандағы советтік елдеріміздің бәрінің тарихтары мен тарихшыларына да осындай талаптар қойылса теріс емес, заңды болар еді-ау деп ойлаймын. Сол қатарда Советтік Шығыстың бір елі – «қазақтың, Қазақстанның тарихы да қызықтылығымен де талантты боп шықса-ау» деген орынды арман ойға оралып еді»,[11] – дейді.

Өкінішке қарай, кеңес өкіметі уақытында Мұхтар Әуезовтың «қазақтың, Қазақстанның тарихы да қызықтылығымен де талантты боп шықса-ау» деген арманы қалай жүзеге аспағаны туралы Мұхтар Мағауин «Әуелгі тарих, мәселен, 1943 жылғы «Қазақ ССР тарихы» осы үлгімен, күлдікөмеш болса да, жазылып қалды. Бірақ соғыс біткен соң, өкімет пен партия ес жиып, өз халқына қарсы күресті жаңа жігермен қайта бастаған кезде бұл шалағай тарихтың өзі көп болып көрінді. Сөйтіп, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің тікелей нұсқауымен жаңартылып, өңделіп, яғни, бұрынғыдан әрмен бүлініп, 1949 жылы екінші қайтара басылды. Ізінше, бұл марксистік идеология, советтік отаршылдық көзқарас тұрғысынан жазылған жарымжан тарихтың өзі керемет зиянды кітап деп жарияланды. «Қазақстан тарихын марксистік-лениндік тұрғыдан баяндау» туралы қандықылыш қаулы шықты. Көкірегінде сана, көңілінде саңылау бар тарихшы, әдебиетші атаулы түгел айдалды, осыдан соң шын мәнінде Қазақстандағы тарих ғылымы өзінің өмір сүруін тоқтатты»,[12] – деп айтады.

Әлемдік қауымдастық тәуелсіз Қазақстанды жақсы танып білуі үшін, әрине, оның лайықты өз Отандық тарихы болуы керек. Ал Отандық тарих өз кезегінде «Ұлттық келбет», «Ұлттық бірегейлік», «Ұлттық зерде» секілді тағы басқа үлкен философиялық ұғымдар арқылы сол ұлттың «Мен» дегізерлік қасиетін өзгелерге танытады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегіннің соңғы жолдарында: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр… Бірақ бұл мүмкіндік қана…»,[13] – дей келіп, оны тез арада «тарихи болымсыздықтың бос қуысында босқа қарманып жүрмеу үшін» шешуіміз керектігін қадап айтады. Мысалы, Қазақстан мектептерінде 6-шы сыныптан бастап 9 сыныпқа дейін Дүние жүзі тарихы пәндері оқытылады. Қараңыз, мұнда Қазақстанның ерте дүниедегі, орта ғасырлардағы, жаңа және қазіргі заманғы тарихына қатысты арнайы бірде-бір тақырып жазылып берілмеген. Айталық, 8-ші сыныпта Қазақстан мектептерінің оқушылары Дүние жүзі тарихы пәні бойынша АҚШ, Англия, Франция, Италия, Германия, Осман империясы, Ресей, Қытай, Жапон, Үндістан тәрізді  т.б. мемлекеттерді былай қойып, кешегі  ата-бабаларымыз азаттық үшін айқасқан Жоңғар хандығының тарихы туралы арнайы тақырып беріледі де, ал енді «бейшара Қазақ хандығы» туралы түк те жоқ. Бұл не өзі сонда? Сонау бір Азия және Африка елдеріндегі отарлау тарихы туралы ақпараттармен мектеп оқушыларының «басын қатырғанша», олардың бойында ұлттық мақтаныштың рухын егетін ежелгі сақ және ғұн тайпалық одақтары (Еділ патша), Түркі қағанаты (Елтеріс, Күлтегін, Білге қағандар мен Тоныкөк би), Дәшті Қыпшақ және Алтын Орда мемлекеттері, Қазақ хандығы тарихы тәрізді материалдарды оқытуымыз керек қой. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихын зерттеудің ғылыми прадигмасын (ғылыми білім мен дағдылар, әдістер, құндылықтар жиынтығын) қалыптастыруымыз қажет. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан ойып орын алатын дәрежемізге лайықты Отандық тарихымыз жазылып, оқытылуы тиіс.

Отандық тарих дегенде, өз кезегінде, мысалы Англияның премьер-министрі Уинстон Черчилльдің төрт томдық «История англоязычных народов», Түркияның тұңғыш Президенті Ататүрік Мұстафа Кемалдың «Нұтық» атты кітаптары тәрізді тағы басқадай көрнекті мемлекет басшыларының тарихи еңбектері еске түседі. Бұлар жай ғана тарихи кітаптар емес, Отандық тарихты жазуда жаңа ғылыми теориялық-методологиялық көзқарас (негіз) қалыптастырған еңбектер болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы, сондай тарихи құнды еңбектердің қатарына жатады. Ол туралы академик Манаш Қозыбаев «Ғасырлар сыры» мақаласында: «Елбасы Н.Ә. Назарбаев жазғандай, «біз кімбіз және бізді тарихтың бірде кезең, бірде жазаң жолы қайда алып барады» деген «қарапайым да мәңгілік сұрақтар» туындайтыны рас. «Үшінші мыңжылдыққа санаулы күндер қалғанда, – дейді автор кітаптың кіріспесінде, – біздің болмысымыздың ең көкейкесті сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-маңызы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда «МЕН» дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы қабаттасқан тарихтың тұңғиығымен де тамырласып жатыр…».

Автордың кәсіби тарихшылардан тағы бір өзгешелігі – ол Отандық тарихқа биік тұғырдағы әлемдік замана қайраткерінің көзқарасымен қарап баға береді. Бұл еңбек ендеше еріккеннің ермегі емес, тәуелсіздікті баянды ету жолында ата тарихының тағылымына үңілу, түсіну, түйіндеу, «мемлекеттікке жол салып берген халық ел ішіндегі ахуалдың бүгіні мен болашағы жолындағы жауапкершілікті арқалауға дайын болуы» керектігін азатты азаматтардың санасына жеткізу. Сондай-ақ автор азат елдің азаматы өзінің «ұлттық тарихқа заңды мақтаныш көзі және мәдени таным-түсініктің тірегі ретінде қарайтын біртұтас көзқарас орнықтыруын» көксейді.

Жаңа концепция бізге Отандық тарихымызды ұлттық мүддеге сай жасауға мүмкіндік береді. Бұл өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді дамытып, өзінің алты мың жылдық Ата тарихына деген ұлы мақтаныш сезімін қалыптастырады.

Жасыратыны жоқ, қазір біз Ата тарихымызды зерттеуде өзіміздің «теориялық-методологиялық ізденістеріміздің мешел қалғандығынан, кешегі «Қазақ ССР тарихының» ескі сүрлеуін қайталаудамыз. Сөйтіп, ұлтымыздың, мемлекеттігіміздің дәуірлері мен кезеңдерін дөп басып анықтай алмай келеміз»,[14] – деп айтып кеткен еді.

Мемлекет басшысы алғаш осы  «Тарих толқынында» атты тарихи еңбегінде Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанның тарихын жазуға қатысты жаңа теориялық-методологиялық концепция жасалуы тиіс екендігін ескерткен еді. Мысалы, 19 ғасырда орыс тарихшысы С.М. Соловьев өзіне дейінгі отандық тарихқа қатысты айтылған барлық қоғамдық-саяси және тарихи көзқарастардың негізінде «История Росси с древнейших времен» атты 29 томдық еңбегін жазып, жаңа теориялық-методологиялық концепцияның  негізін қалады. Сондай-ақ бұдан басқа ғылымда Сен-Симонның философиялық-тарихи концепциясы, Карл Маркстің тарихи концепциясы секілді т.б. концепциялар бар. Яғни, бұл арада Елбасы «Тарих толқынында» кітабында атап көрсеткендей, отандық тарихтың тарихнама, деректану ғылымдары секілді салаларына қатысты өзекті проблемаларын шешетін жаңа ғылыми концепциясы болуы қажет. Олай болса, академик Манаш Қозыбаев айтқандай, мұндай жаңа Отандық тарихты жазуға арналған жаңа теориялық-методологиялық концепцияға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі негіз етіп алынуы керек. Өйткені, мұнда алғаш рет жаңа ұлттық мемлекетке сай ұлттық тарихымызды жасаудың  мақсат-мұраттары айқындалып, соңғы «Тарихтың шеңберлері мен ұлттық зерде» атты қорытынды тарауында Ата тарихымыздың алты мың жылдық дамуы кезең-кезеңдерге бөлініп сарапталады. Қысқасы, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихын зерттеудің жаңа теориялық-методологиялық ұстанымдары мен ғылыми принциптері түбегейлі қарастырылған. Міне, біз сонда ғана барып елімізде Отандық тарихымызды оқып-үйренудің жаңа ғылыми прадигмасын (ғылыми білім мен дағдылар, әдістер, құндылықтар жиынтығын) қалыптастыра аламыз. Мұның өзі мемлекеттік деңгейде күн тәртібіне Қазақстанның ерте дүниедегі, орта ғасырлардағы, жаңа және қазіргі заманғы тарихын зерттеу мәселелері өткір қойылып отырғанын аңғартады.

Түркиялық қандасымыз, тарихшы-ғалым, жазушы Әбдіуақап Қара 2010 жылдың мамырында Астанда өткен Түрік академиясының ашылу жиынында оқыған «Ататүріктің тарихи реформасы және Тәуелсіз Қазақстанның тарихнамасы» атты баяндамасында: «Біз бұл баяндамамызда, туысқан ел Түркияның Османдық мемлекеті дүниежүзілік соғыста дұшпан тарапынан құлатылып ел талан-таражқа түскеннен кейін Мұстафа Кемал Пашаның айналасында бірігіп ұйымдасқан түрік халқы құрған жаңа мемлекет Түркия республикасының өз тарихын жазу барысында осындай қиыншылықтармен бетбет келгендегі тәжірибесін атап өтпекпіз. Ататүріктің тарих реформаларын жасауына негізінен үш мәселе түрткі болды. Жаңа ұлттық мемлекетке сай ұлттық тарихты қалыптастыру. Еуропалықтардың түрік халқы жайындағы жаңсақ пікірлеріне жауап беру. Жас мемлекетті баянды ету.

…Сонымен қорыта айтар болсақ, осыдан шамамен 90 жыл бұрын құрылған Түркия Республикасы ұлттық тарихын жасау барысында атқарған істерін бүгін Қазақстан да бастан кешіріп жатыр. Бауырлас, түбірлес екі елдің осы орайдағы атқарған істерінің де, мақсаттарының да бір екені байқалады. Атап айтқанда Ататүрік кезінде «Нұтықты» жазған болса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «Әділеттің ақ жолы», «Сындарлы он жыл», «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразияның жүрегінде» кітаптарымен тәуелсіз Қазақстанның тарихын жасаушы тұңғыш Президенті ретінде тарихтың жазылуына өзінің зор үлесін қосқан еді. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасын іске қосып, қазақ ғалымдарының қазақ тарихы туралы орасан зор еңбектерінің жарыққа шығуына мұрындық болды. 2008 жылы Астанада Мемлекеттік тарих институтының құрылуы жөніндегі қаулысы да осыған саяды»,[15] – деген болатын.

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбатында Отандық тарихымыз туралы: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады.

Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз.

Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүние жүзінен – Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген.

         Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер»,[16] – деп айтқан сөздері ойға оралады.

   Бүгінгі жаңарған, өсіп-өркендеген тәуелсіз Қазақстан, ол ертеңгі келешегі кемел, іргетасы мызғымас Мәңгілік мемлекет. Демек, біздің білікті жастарымыз ұланғайыр Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстан атты алып державаның айбынын асқақтатып, көне Түркі өркениетінен бастау алатын ұлттық әлеуеті, мәдени-рухани құндылықтарымен әлемді бағындырып табындыратын болады.

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

 


 Пайдаланған әдебиеттер

 Мұхтар Әуезов. Индия очерктері. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Жазушы», 1981. Том-8. 323-324 беттер.

  1. Мағауин Мұхтар. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: «Қазақстан», 1995. 6-бет.
  2. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: «Атамұра», 1999. 285-бет.
  3. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі (Замана асуы). 1-кітап. – Алматы, 1988.
  4. Әбдіуақап Қара. Ататүріктің тарихи реформасы және Тәуелсіз Қазақстанның тарихнамасы. Түрік академиясының ашылу жиынында оқылған баяндама. 2010 жыл мамыр. Ұсынылған дереккөзі: http://www.abdulvahapkara.com.
  5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбаты. Ұсынылған дереккөзі: http://www.akorda.kz.

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation