Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Әйел – ана, әйел – жар, әйел – басшы

Әйел – ана, әйел – жар, әйел – басшы

Қай жерде, мейлі, қай елде, 
Әлемнің мәні –  әйелде. 

Ж.Ерман.

            Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан! Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?! Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік таныта біледі. Еліміз іскер әйелдерге көрсетілетін қолдаудан кенде емес, кем де емес. Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер әйелдер біздің өңірімізде де жетерлік. Міне, осындай түрлі салада толағай табыс, биік жетістікке жетіп жүрген іскер әйелдер Ш.Айманов атындағы мектеп-интератынада басқосып, бірлесе отырып жұмыс жүргізуге уағдаласты.

Ой қозғайтын ақылдың, сөз қозғайтын ақынның, сыралғы болған ақынның жері Баянаулада Павлодар облысының жазғы Көшбасшы әйелдер мектебі ашылды. Аталмыш мектеп өз жұмысын Қазақстанның Павлодар облысы бойынша іскер әйелдері Ассоциациясының 20 жылдығы мен еліміздің тарихи оқиғалары аясында жүргізді. Кәсібін дөңгелету екінің бірінің қолынан келе бермейтін, кім кімнің да алақанына қонбайтын, етегіне жармаспайтын бақ десе де болады. Бағалағанға алтын, табалағанға тас құм болатын кәсіп нәзік жандылардың барлығына бірдей бұйыра бермейтіні де шындық. Облыс бойынша жиналған, кәсіпті өнер деп бағалап, нәсіп табуға ұмтылған жандарды алғашқы болып аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы құттықтап, басқару ісіндегі жұмыстарына жеміс тіледі. Іле Павлодар облысы бойынша Қазақстанның Іскер әйелдері Ассоциациясының төрайымы Зинаида Пархоменко, Ассоциацияның Саясаткер әйелдер клубының төрайымы Ирина Фогель сөз алып, Көшбасшы әйелдер мектебінің ашылуымен құттықтап, толағай табыстар тілеп, ақ жарма ниеттерін білдірді. Сондай-ақ, Ирина Викторовна Павлодар облысы бойынша саясаткер әйелдер клубының атқарған жұмыстары мен нәтижелі қызметтері жайлы презентацияны Көшбасшы әйелдер назарына ұсынды.

Қазақстанның Павлодар облысы бойынша іскер әйелдері Ассоциациясының құрылғанына 20 жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында оның мүшелері отбасы концепциясы мен Қазақстан Республикасының гендерлік саясатының дамуына айтарлықтай үлесін қосқан. «Мемлекеттің және мәдениетінің дамуын көрсететін көптеген критерийлер бар, бірақ қай кезде де кез келген қоғамда әйелге деген көзқарас басты негіз болып қала береді». Елбасының осы бір сөзі іскер әйелдер нәзік жанды кәсіпкерлердің шеберлігі мен басқарушылық қабілетін онан сайын шыңдай түсетіндей. Олар Павлодар облысы бойынша экономика, білім, ғылым және мәдениеттің дамуына ер адамдармен иықтаса, теңдесе аса зор үлестерін қосуда. Әйел-басшы, әйел-кәсіпкер, әйел-ағартушы… Бұл тізім толастамайды. Және бүгінде Баянаулада Көшбасшы әйелдер бір-бірлерімен тәжірибелерін бөліспекке жиналды. Атаулы жобаның басты мақсат-міндеттерімен таныстыру үшін төбелі төрге Павлодар облысы көшбасшы әйелдер мектебінің жетекшісі Гүлнар Исенова көтеріліп, жобаның негізімен, қоғамда алатын орны мен тигізер пайдасын сөз етті.

Баянауыл жақсы-жайсаңға толы мекен. Мұнда да кәсіпкер әйелдер мен басшылар өңірдің өркендеуі жолында қызмет етуде. 2005 жылдан бастап аудан әкімі аппаратының жанынан гендерлік теңдік саясаты жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Комиссия құрамына ауданның беделді азаматшалары – мемлекеттік органдардың басшылары, жергілікті мәслихат депуттары, кәсіпкерлер кіреді. Ауданның іскер әйелдері қатарында 3 аудандық мәслихат депутаты, аудан әкімінің орынбасары, ауылдық округ әкімі, аудандық мәслихат аппаратының басшысы, 17 мектеп және балабақша директорлары, 61 шаруа қожалық басшылары және 72 жеке кәсіпкерлер кіреді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте 62 нәзік жанды мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді.

Жазғы мектеп жұмысына қатысу үшін облысымыздың барлық аудандарынан өздерінің көшбасшы мектептерін ашып, әр салада табысты еңбек етіп жүрген өкілдер келді. 3 күнге созылған мектеп жұмысы іскер әйелдерге шеберлік сыныптары мен қызықты тренингтер өткізді. Сондай-ақ, ұжымды басқарудағы ептілік пен сенімділік, ұйымдастырушылық қабілеттерді шыңдай түсіп, сенімділікті нығайтатын кездесулер де ұйымдастырылды.

Облысымыздың әр өңірінен жиылған 100 іскер әйел басқару ісіндегі ептілік пен біліктілікті арттырып, тәжірибе жинақтады. Өрісті кәсіп жүргізіп, өнегелі ой білдіру үшін, ұйымдасқан ұжым құрып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыс істеу асқан шеберлікті талап етері сөзсіз. Әйелдің қолынан бұл да келеді. Оған тағы шыдамдылық пен шынайылық, жылдамдық пен жинақылық, мұнтаздай тазалықты қосыңыз…

 

Әлия ТАУКЕНОВА,

Баянауыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation