Кәріліктің ауылына аяқ басқанда қарт кісілер бала сияқты болып кетеді екен. Балалары ержеткенде қартайған ата-
анасына бала сияқты күтім көрсетуі керек. Оларды бағу – міндет болса, сөз қайтарып, дауыс көтерудің жөні
бір басқа болар. Жасы үлкен адамның өмірден көрген-білгені, тіршілікте түйгені, тәжірибесі мол болғандықтан оның сый-құрметке бөленуі өте орынды нәрсе емес пе?! “Балаға ұқсап кетеді екен” деп, оларға балаға ұрысқандай ұрысуымыз дұрыс па? Ата-ананы сыйлау деген – сәби күніңде олар өзіңді қалай бағып қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялау. Қытай халқының данышпаны Конфуцийден бір патша сұрапты: “Егер ата-анамыз сый- құрметімізді місе тұтпаса қайтеміз?” – деп. Сонда данышпан айтыпты:”Сыйы кем болып жатыр. Ондай ата-ананы одан да бетер сыйлау керек. Сый-сияпаттан басқа үлкеннің емі болмайды”. Үлкенді сыйламау, құрмет тұтпау, адамзат тарихында кездеспейтін оғаш қылық, қылмыспен ғана тең келер құбылыс. Бір биге:”Ата сыйламағанға неге жаза жоқ?” – деген сұрақ қойылыпты. Әлгі би жауап бере алмай, тоқырап қалыпты.
Мұның жауабын iздестіре келе, “ертеректе ондай қылмыстың болмағандығы немесе ешқашан болмасын дегені екен” деген жауапқа тоқталуды жөн көрдім.