Биыл мен басқаратын ұжым үшін ерек жыл болды. Кезінде біздің ұжымда еңбек етіп, өзіміз талай тәлімін көрген ана-әжеміз Күлзия Біләшқызы Садықова 80 толып отыр. Ойды ой қозғап осы мақала әжеміздің мерейлі мерекесі қарсаңында өмірге келді.
«Қазақтың баласын арман өсірген, Қазақтың баласын тәуекел пісірген. Қазақтың баласын еңбек қатарға қосқан. Осы үшеуі болса, талай биіктерге шығармыз!» деген еді заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев. Осы бір үш қасиетті қатар ұстап, өнегелі ісімен өз биігін қалыптастырған есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс ақ самайлы әжелеріміздің бірі – төсінде жоғары мемлекеттік нагарадалар қаздай тізіліп, адал тірлігімен өткен барша ғұмырын паш етіп тұратын еңбек ардагері Күлзия Біләшқызы Садықова. Бұрынғы «Заветы Ильича» ұжымшарының озат сауыншысы Күлзия Біләшқызының еңбек өтілі қырық жылдан асады.
Әжеміз жар құлағы жастыққа тимей елі үшін абыройлы еңбек етіп, есімі жұрт жадында сақталып, көз көргендер немере-шөберелеріне үлгі етуде. Осы еселі еңбегінің арқасында әжеміз ауданды бері қойғанда атағы облыс пен республикаға жайылып, «Еңбегімен Ер атанып» КСРО кезіндегі барша марапат пен сияпатқа бөленді десек артық айтпаймыз.
Солардың ішінде Күлзия Біләшқызы үшін ең ыстығы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы. Әжеміз еңбек ете жүріп, көп балалы ана атанып, етегінен өрбіген 7 баласы Қайынжамал, Бижамал, Бинұр, Арыспек, Гульнара, Күнсұлу, Айсұлулардың тәлім-тәрбиесіне уақыт тауып, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған мәуелі бәйтерек.
«Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын сағымдай өткен бір күн,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы»,-деп М. Мақатаев тегін жыр төгілткен жоқ. Әжемізді бүгінгі дәрежеге, бүгінгі ел құрметіне жеткізген осы ауылы.
Ауыл – адамзаттың кең дүниенің енсігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Дүниедегі ең құдіретті АНА болса, ауыл да барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі.
Осы тіршіліктің нәрін Күлзия Біләшқызы сынды әжелеріміздің ғибратты өмір жолы арқылы ғана ұғына аламыз.
Ауыл – халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, негізгі мекен-жайы, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, ауыл көркейсе, халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Жусаны мен жуасы бұрқыраған, ауыл төсінде жайқалып егін өссе, жайылып мал өрсе – ауылдың сәні емес пе?
Міне, кезінде өз ауылының өркендеуіне жанын салып, уақыты мен маңдай терін аямай төккен жандар қаншама. Қазір өзім басқаратын ұжымның ардагерлерінің қатарында Күлзия Біләшқызы болғанын мақтан тұтамын. Бие сауып, кәсібін дөңгелетіп отырған Кисебаев Құрманғажы құрдасыма зерек шежіреші қазыналы қарт әжеміздің жан жары Астамбай ақсақал бір әңгімесінде Бородулиханың қазақша атауы – Ойағаш деп біраз нәрсенің басын ашып берген болатын. Әрі Бородулиханың жер-су аттарына қатысты мол дерек жиды. Оның бәрі Садықовтардың отбасылық архивінде сақтаулы тұр.
«Бар адам менің бауырым, Жақсылық жасау парызым» бұл Күлзия Біләшқызының өмірлік ұстанымы. «Байдан пейіл, кедейден мейір кеткен» бұл заманда жығылғанды сүйеп, жылағанды жұбатар жан кемде-кем. Өз ғұмырында кең пейілімен, жүрегі жұмсақтығымен танылған әжеміз қашанда елімен бірге қуанышқа – шаттана, қайығыға – ортақтаса күн кешіп келеді.
1937 жылы Шемонаиха ауданының Веселое ауылында өмірге келген әжеміз кіндігі кесілген өңірді үнемі аузынан тастамай, жылы лебізбен еске алып отырады. Ол осы шағын ауылда өзінің балалық, бойжеткендік және ойжеткендік кезеңін өткізді. Ел еңсесін түсіргенімен жігерін жасыттырмаған сол ауыр кезең жайында: «…Жұрттың бәріне оңай соққан жоқ. Тұрмыс өте ауыр болды. Сіңілім екеуміз анамыздан жастай қалдық та, соғыстан кейін ауыр тұрмысты ерек сезіндік. 1955 жылы Садықов Асқамбай Икеұлына тұрмысқа шығып, жеті балалы болдым. Бүкіл ғұмырымың басым бөлігі ауыл шаруашылығында еңбек етуге жұмсалып, Бородулиханың «Заветы Ильича» кеңшарында сауыншы болып еңбек еттім. Ауылда қай кезде болмасын ең керек мамандық сауыншы мен механизатор саналатын. Сауыншы мамандығы өте ауыр әрі еңбекті көп керек етеді. Ауылдағы шаруашылықтың баққуаттылығы да осы сауыншылардың сүт бұлағын қалай ағызғандығында байланысты. Сауыншының еңбек таң құлан иектене басталып, қашан күн ұясына кіріп, соңғы сауыннан кейінгі олардың бабын тауып біткен шақта өз мәресіне жетеді. Өйткені, өзің сауатын әр сиырдың бабын таба білуге тиіссің».
Исі мен қоңсысы да барлығы өз алдына, бұндай еңбек ырғағындағы жылдам қарқынға көп адам шыдас бермейді. Осындай еңбекті көп керек ететін шаруаға жарты өмірін арнаған әжеміздің суреті ұжымшардың «Құрмет тақтасынан» түспеді.
Қазірде әжеміз өзінің келіп қалған жасына қарамай, кәрліктің кәрін жеңіп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Ауладағы бақшалықта тыным таппай, ауылдағы балаларының ортасында болады. Кім қашықта тұрса, олар келіп анасының мауқын басып тұрады. Осы мерейлі 80 жыл біздің еліміздің түпкір-түпкіріне жайылған үлкен отбасының басын қосады. Бәрінің ортасында мәуесін жайған бәйтеректей болған әжеміз нұрдай жайнап отыратын болады.
Мерейлі 80 жасқа келіп, ел-жұртының құрметіне бөленген, әжелік, кісілік, біліктілік пен көргенділік қасиеттері мол, қыран құсындай аңқылдаған ақ пейілді әжемізге бұрын өзі еңбек еткен ұжымның басшысы әрі облыстық депутат ретінде өмірдегі барлық жақсылықтарды тілей отырып, елге сіңірген еңбегі мен істеген жақсылықтары мерейін тасыта берсін демекпін.
Е.Зайтенов, шаруа қожалығының басшысы,
облыстық мәслихат
депутаты