-Ғылыми деректерге негізделе отырып, көрме атауы Шәкәрім ақының өз сөзімен «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталды,-деді Абайдың «Жидебай- Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбекова,-бұл сөз ғұлама ғалымның қолтаңбаларында кездеседі. Мәселен, бүгінгі күнге жеткен үш суретінің бірі – портреттік фотосуреті. Сақталып келген екі суреттің бірінде көне қадым ғарпімен: «Халелұлы Мұхамедин мырзаға, жас білгіштен әрқашан ұмытылмасқа Шәкәрім Құдайбердіұлынан. 1912 жыл 11 ғинуар», – деп жазылған.
Көрме: «Білімділерге бес сауал», «Әрқашан ұмытылмасқа», «Үш анық», «Шәкәрім және өнер», «Шәкәрім кітапханасы», «Шәкәрім және дін», «Шәкәрімнің ұрпақтары», «Шәкәрім – Алашорда сотының төрағасы», «Шәкәрім музыкасы» атты бөлімдерден тұрады. Сондай-ақ, көрмеге Шәкәрімнің қолы тиген шоқпар, саптаяқ сынды құнды жәдігерлер қойылды.
Шара барысында Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншісі Берік Омаров Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанда» әнін орындаса, музей жанынан ашылған «Абай» өнер мектебінің шәкірттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Көрмеге Шәкәрімнің шөбересі Қайыртай қажы Мұхаммедшайыққызы, қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қатысты.
«Әрқашан ұмытылмасқа» көрмесі жыл бойы жұмыс істейді.