Жексенбі, Шілде 1, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Айбынымды аспандатқан ассамблея!

Айбынымды аспандатқан ассамблея!

«Бірлігі мықты ел озады» – дейді дана халық. Еліміз егемендік алғалы 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұрақтылық пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы орайда, 1995 жылы 1-ші наурызда Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Осынау жиырма жылдан артық уақытты артқа тастап, түрлі ұлт пен ұлыстар сүттей ұйып, татулық пен келісімнің тұмарына айналып, Қазақстанды әлемге үлгі етті.

Апта ортасында Қ.И.Сәтбаев мемориалдық мұражайында Павлодар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының күні болып өтті. Дөңгелек үстелге Ассамблеяның облыстық төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Идият Әбдіхалықов, сондай-ақ, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Ғайниден Қабиденұлы мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Қамашев қатысты.

Шараның алғы сөзін аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы айтып, аудандағы оң өзгерістер мен баянды істер туралы баяндады. Достық пен бірлік, береке мен мерекенің алтын қазығы болған ассамблея жұмыстарымен Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы Сәуле Мамытова таныстырды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам жылы қабылдады. Себебі, мақалада Біртұтас Ұлт болудың нақты бағыт-бағдары көрсетілген. Расында, байтақ даланың нағыз егесі – қазақ ұлты үшін рухани жаңғырудың кезеңі келді. Елбасы үндеуінің барлық қазақстандықтар үшін маңызы зор. Бәсекелестік заманында немқұрайлылықтан алыс болып, ұстамдылыққа, үнемшілдікке бет бұрғанымыз абзал. Саламатты өмір салтын ұстанып, білімімізді жетілдіру, кәсіби маман болып қалыптасу, қоғамды кертартпалыққа итермелейтін радикалды көзқарастардан аулақ болу – бәрімізге ортақ қағидат. Атап өтерлігі, Елбасымыз «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жаңа жоба қолға алынатынын мәлімдеді. Яғни, елімізді дамытуға атсалысқан этнос өкілдерінің тарихы назарға алынатын болады. Мемлекет басшысы тұрақтылық пен татулықты ту еткен жұрттың озатынын әрдайым айтып отыратынына разымын. Тәуелсіздік жылдарында ел қатарлы еңбек етіп, түрлі салада зор жетістікке жеткен қазақстандықтар көп. Сондықтан, біртұтас болып жұмылып, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға бел шеше кірісіп, бұл бағытта нақты іске көшкеніміз жөн, – деп, Елбасының салиқалы саясатын қолдап, жұмыла кірісуге шақырды. Тарихты түгендеп, болашақты жарқын, өткенді өнегелі ету үшін деректі фильмдер бастау алып, алдағы уақытта да құрастырылатынын айтқан Сәуле Нәсенқызы Баянауыл тарихы мен тарихи орындары туралы фильмді баршаның назарына ұсынды.

Медиация орталығының жетекшісі Ольга Николашина сөз кезегін алып, біртұтастық пен татулықты сақтаудың басты әрі негізгі жолы сотқа жүгіну емес, медиация арқылы ымыраға келу екенін жеткізді. Ортақ шаңырақтың шайқалмай, іргесі мықты ел болуымыздың даңғыл жолы да осы бітімгершілік. Дөңгелек үстелге қатысушылар назарына бейне сюжет ұсынып, медиацияның ауқымын түсіндірді.

Шара барысында этно-мәдени орталық мүшелері Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылап, ондағы айқын мақсат пен мүддені жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, әр өңірде Қазақстан халқы ассамблеясының күнін өткізуді жоспарлап жүргендерін, «100 жаңа есім» мен «Туған жерім» жобалары аясында жүргізілмек жұмыстар туралы да сөз етті.

Ассамблея жанынан ашылған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Идият Әбдіхалықов пен қазақ тілі қоғамының төрағасы Социал Әйтенов өз кезектерінде ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың көзі ортақ кәсіп пен береке екенін айтып, тіл мәселесіне де айрықша тоқталып өтті.

Дөңгелек үстел аяқталған соң этно-мәдени қауымдастық мүшелері мен келген қонақтар ғалым мұражайын тамашалап, құнды деректер мен тарихи жәдігерлер арқылы өткеннің өнегелі өрісімен қайта танысып, рухани байыды.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мызғымас бірлігі мен ажырамас татулығы көпке үлгі. Бүгінгі көсегесі көгерген елде ұлттар достығын онан сайын жандандыра түсіп, жақындастыру болашақтың еншісінде. Ал, болашақ бүгіннен құралады.

 

            Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ,

Баянауыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation