Әлем көз тіккен халықаралық көрмені біз де тамашаладық. ЭКСПО қалашығының аумағы 170 гектарды құрайды. Оның 25 гектарында көрме кешені орналасқан. Көрмеде он халықаралық ұйым мен жүзге тарта елдер «болашақ энергиясы» тақырыбында «кереметтерін» баршаның назарына ұсынған.
Энергия – бұл адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасаушы және ынталандырушы бірден-бір табиғи қайнар көз. Энергия бүкіл әлем мен адамзатқа тікелей қатысты қызықты сауалдарды туындатады. Қоғамның энергия көздеріне қол жеткізуі олардың әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық тұрақты дамуының нақты жағдайларын тiкелей түрде анықтайды. Технология саласындағы әр түрлi қуат көздерін оңтайландырумен байланысты ғылыми зерттеулер мен жетiстiктер қоғамдастықтардың функционалды тәсiлдерiн анықтап, энергетиканың тұрақты даму болашағын қалыптастырады. Астанада «Болашақ энергиясы» ұранымен өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі кең ауқымды және барлығын қамтушы жоба ретінде ойластырылған. Оның тақырыбы жан-жақты терең қызығушылық танытатын, қоғамдастықтардың тіршілігін анықтайтын және осы қоғамдастықтардағы адамның күнделікті тұрмыс-ахуалын айқындайтын фактор ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін энергия болып табылады. Болашақ энергиясы – бұл қазіргі заманның келелі мәселелеріне және болашақтағы шешімдерді болжауға қатысты міндеттерді шешуге бағытталған, ойлануға нәр беретін ауқымы кең тақырып болып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері өздерінің соңғы жаңалықтарын жұртшылық назарына ұсынған көрмеде талайды тамсандырған туындылар аз болмады. Тіпті, көрменің өзі шынайы, асқан біліктілік пен білімнен құралған «тылсым» күшке негізделгендей.
Қай елдің павильонына жақындасаңыз да ұзын сонар кезек. Мұның өзі халық қызығушылығының жоғары екендігін білдірсе керек. Әрбір ел өзіндік мәдениет пен дәстүрді айнытпай ұлықтап, ғылымның ғаламдық жаңалықтарын айшықтап көрсеткен. Бірінен бірі өткен құрылыс ғажаптары естен тандырарлықтай. ЭКСПО қалашығын таңнан кешке дейін араласаң да барлығын толық қарап шығуға уақыт жетпейді. Әр нәрседен бір шолып, жүйрік уақыттың ығына көніп, барынша аралап шықтық. Павильондардың әсемдігінен бір, ұзын сонар кезектен бір басымыз айналды. Алған әсер сөзбен айтып жеткізгісіз. ЭКСПО қалашығында адам қарасы көп. Шет елдерден халықаралық көрмені тамашалау үшін арнайы келгендер де жетерлік. Қай елдің павильонына бас сұғып кірсеңіз де, алдыңыздан небір жаңа дүниелер мен болашаққа энергия сақтаудың сан түрлі жолдары қарастырылған жобалар шығады. Білімнің асқар шыңына шығып, болашақты бұлыңғыр етпеске ұмтылған жандардың жобалары бір ғана мемлекет, елді емес, бүкіл әлемді сақтап қалуға жеткілікті.
Мәселен, Венгрия павильоны келушілерін «Тіршілік ағашымен» тамсандырады. Мәңгілік қуат көзіне негізделген. Күннен таралатын қуат сол қуат көзін толығымен өңдеп, сақтайтын жер бетіндегі жалғыз өсімдік арқылы қолданылады. Өсімдік энергиясы болашақта өлі ортадан өмір қалыптастырып, қоршаған ортаны тазартатын тіршілік көзі мен ең таза қуат болып саналады. «Тіршілік ағашының» концепциясы жасанды синтез арқылы табиғат берген сыйды, таза ауаны қалыптастырады. Сонымен қоса, венгриялық ғалымдар күн көзінен қуат алатын велосипед ойлап тапқан. Оның жарық шағатын шамы мен ұялы телефон қуаттайтын функциялары да бар. Ал, Жапония өз ресурстары болмаса да, органикалық заттарды пайдаланады. Генераторлар мен күн батареялары бар. Жапондық жел энергетика саласы шектеулі жерді тиімді пайдалану жағынан қолайлы болған соң, әкімшілік бастамалары арқылы алға жылжып келген. Қазір өнеркәсіптер, мектеп пен үкімет бірігіп, үлкен жобалар да ілгерілеп, әлемдегі ең үлкен теңіз үстіндегі қалқыма жел электр станцияларын дамытуды қолға алып жатқан көрінеді. Күн энергетикасы да қалыс қалмайды. Офистер мен тұрғын үйлерге күн қондырғыларын орнату кеңінен таралып келеді.
Румыния павильонына кіре беріс жері лазер құрылыс жобасымен таныстырады. Болашақта ғарышты зерттеуде қолдануға жоспарланатын лазер қондырғысы медицинада да таптырмас дүние болады дейді құрастырушылар. Ал, Франция павиольонындағы «Итер» деп аталатын машина бөлшектері күннен және жұлдыздардан энергия алуға жасақталған. Финляндия павильонынның құрылысы басқалардан өзгеше. Неге десеңіздер, қарапайым қалдықтың өзінен қуат алуды көздеген финляндықтар кешен құрылысын да ерекше етіп құрастырған. «Біреулер қалдық көреді, біреулер мүмкіндік көреді» – деп ұрандаған олар басқалар керексіз деп есептейтін нәрсенің өзін болашақ энергиясын жасауға жұмсайды. Корея мен Өзбекстан ғалымдары болашақ энергиясын биогаз арқылы жүретін көлік арқылы елестетеді. Ресей павильоны Айсберг бөлшегін алып келу арқылы келушілерін таңдай қақтырса, Өзбек елі «Экокапсула» арқылы таңдандырды. Инновациялық туынды «ақылды үй» жобасы арқылы жасалған. Мобильді ұйымдар үшін жасақталған құрылысы екі қабаттан тұрады. Толығымен автономды, күн батареялары арқылы жұмыс жасайды. Ауа ылғалдандыратын жүйесі мен өрт сөндіру жүйесі бар. Сондай-ақ, интернет желісі, көпфункционалды телевидение, оқуға арналған шам бар. Қай елдің павильонына барсаңыз да, көз тартар керемет құрылыс пен жағымды жаңалықтар естен тандырады.
Қазақстан павильоны анадайдан көз тартып, «мен мұндалап» шақырады. шар тәріздес ғимарат сегіз қабаттан құралған. Әр қабатында су, кинетикалық, биомасса, жел, күн, ғарыш энергиялары мен болашақ энергия көздерімен құралатын болашақ Астана бейнесі көрсетілген. «Токамак» қондырғысы көптің назарын өзіне аудартқаны белгілі. Токамак – магнитті катушкасы бар тороидальді камера. Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласында жасалған қондырғы басқарылатын термоядролық синтез саласында зерттеулер жүргізуге арналған. Мұндай қондырғы Қазақстанда тұңғыш рет жасалуда. Құрылымы жағынан бір атом электростансасынан кем емес. Термоядролық синтездің бірнеше артықшылығы бар. Бұл шексіз энергия. Реакция кезінде сутегінің жеңіл ядролары бірігеді. Нәтижесінде көп көлемде энергия пайда болады. Бұл 200 литр бөшкедегі бензинді жаққанмен тең. Оның қуаттылығын осылай суреттеуге болады. Ғылыми жаһандық жаңалықтан бөлек, «Нұр әлем» павильоны ерекше құрылысымен көз тартады. Сегізінші қабатқа лифтпен көтерілген келушілер төмен қарай жаяу түсіп, жел, күн энергияларының болашақтағы жобасымен таныса алады. Шыныдан жасалған көпір көпшілік көңілінде үрей тудырса, екінші біреулері үшін керемет ойлап табылған құрылыс болды.
Жалпы, көрмеден көпшілік көңілі көншіді. Ғылым мен ілімнің болашақтағы бағындырар белесін таныдық. Естіп жүрсек те, аяқ басып, табан тіремеген елдердің павильонын көріп, сол елдің мәдениетімен танысып, құдды бір аталған елде жүргендей әсерде қалдық. «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғыздының» бүгінгі дәурені тіптен бөлек. Арыны қатты уақытта замананың тылсымға балаған дүниелері де шындыққа ұласуда. Қай қырынан алып қарасаңыз да, ғылым болсын, сәулет сұлулығы болсын, барлығы да ұлық елдің ұлылығын онан сайын асыра түсті. Күллі әлемді тамсандырған, таң қалдырған көрме – қаймана қазақтың дүбірлі тойы, болашаққа жарқын бастауы.
Әлия ТАУКЕНОВА.