Бір-бірімен шуласып жатқан өмір деген көк мұхиттың толқыны қай жағадан қалай алып соғарын ешкім де болжап болмайды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірдің талай соқпағынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге абыроймен жеткен ақ жаулықты әже, асыл ана, арда тұлғаның бірі де бірегейі – Бибікен апа.
Бибікен Оспанова 70 жасты еңсерді. Қазыналы қария бұл жасқа өзі үкілеп өсіріп, мәпелеп, аялаған бауыр еті балаларының арқасында, өзінің қажыр-қайраты мен қиындыққа мойын ұсынбайтын қайсарлығының арқасында жетті. 1947 жылғы 12-ші сәуірде дүние есігін ашқан нәресте тумысынан өмірдің қиындығын аз көрмеді. Бұл отбасы ғана емес, қалың жұртшылық қиыншылықтың азабын тәуір-ақ тартты ол кезде.
Санасы сәулелі, ізгілікті істері іргелі елге үлгі болар жан 42 жасында ерінен айырылып, аза тұтты. 11 баланы жалғыз өзі асырап, жеткізген ана ешкімге жалтақтамады, жасаурап, жәутеңдемеді. Еңбектеніп, шаңырағының ұйытқысы да болып, іргелі отбасын сақтап қалды. Ынсап пен мейірім, әділетті жанындай көріп, жан сақтады. Жиырма жыл совхоздың қойын бағып, табанды еңбек етті. Кешегі төккен маңдай тер, ащы тер, ыстық көз жасы бүгінде тек бұлыңғыр елес болып көрініп, өткеннің еншісінде қалды. Ақылы дария, ізігілік нұры тасыған дана да дара жан талай жылдан өз кәсібін дөңгелетіп, шаруашылық басқарып келеді. Балаларын ешкімнен де кем қылмаққа бекініп, тарыдай шашыратпай, қайта, берекелі шаңырақтың ішіне ұйыстырған асыл әже кәсіптен нәсіп тауып, тай-құлындай балаларын жеткізді. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Бибікен апа немере-жиендерінің ортасында, үлкен әулетте мәуелі ағаш, алып бәйтеректей. Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп, ашыққанға бір күлшесін бөліскен әжені бүкіл ел сыйлайды, құрметтейді. Айналасына шұғыла, шуақ төккен әженің жақсы аты алты Алашқа түгелдей жария болмаса да, ел арасында үлгі-өнеге болып отыр. «Жаны жайсаңның базары тарқамас» деген бар. Жүрегі аузын ашса көрінетін, қолы ашық жомарт жанның берекелі шаңырағынан мереке толастаған емес. Балаларын жамандық атаулы бес нәрседен қашық қылып, жақсылыққа жуық бес нәрсеге асық болуға үйреткен Бибікен Оспанова балаларына «сусағанның су сықылды сұп-сұйық сусыны болып», ел көңілін қалдырмауды үйреткен, өне бойларына адамгершілік дарытқан. «Адалдың аты арымайды» – дейтін қазақ Алланың ақ жолымен жүргендерге ғана бақ дарып, көсегесі көгеретінін айтса керек.
Арда азаматтан азғын ұл-қыздың тууы мүмкін емес. Жетпісті желкендеген әженің бұл тойын балалары дүбірлетіп тойлады. Жоғарыда ақ жаулықты әженің елге атқарған қызметі мен ақ пейілі жөнінде айтып өттік. Олай болса, елеулі еңбектің еленер кезі келді. Дүбірлі той құрмет көрсету мен марапаттаудан басталды. Мансаптың тағы үшін мақтанға салынып емес, адамдық борыш, барша адамзат қамы үшін ар сақтаған, адалл еңбек еткен әжені төбелі төрге шығарып, құрмет-марапатты жаудырды. Салтанатты шарада ел құрметіне бөленген Бибікен апа басшылық тарапынан марапатқа да кенде қалмады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда айтарлықтай үлес қосқан апамызға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Төлеген Ынтықбаев аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлының Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, Павлодар облыстық, аудандық мәслихат хатшысының, облыстық және ауданлық Ардагерлер кеңесі басшыларының, Ақсаң ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттары мен құттықтаулары әже еңбегінің жемісіндей болып мерейін өсірді. Жиын барысында жақындары мен туған-туыстары ақ жарма тілектерін білдіріп, өткен күннің беттерін парақтап, тағдыр тауқыметін көп тартқан жанның бүгінгі белесін мақтанышпен сөз етті. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Сахна төрінде ардақты ананың ұл-қыздары мен өнегелі, өнерлі немере-жиендері өнер көрсетіп, мәртебесін асырды. Еңбегімен сан қырын танытып, жақсыға жан нұрын шашу еткен Бибікен Оспанова қалың жұрттың құрметіне бөленді. Өзінен өркен жайып өнеге алған ұрпақтары жүрекжарды тілектерін білдірді. Ал, біз ақ пейілдер ақтарылып, мейірім мен береке салтанат құрған үлкен әулеттен жанымызға жылулық тапқандай болдық!
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.