Алаш қозғалысы тарихында Әлихан Бөкейханның басшылығымен ұлт мүддесi жолында қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларының бiрi Биахмет Сәрсенов болды. Ол өзiнiң қысқа ғұмырында азаттық үшін күрестегі елеулі еңбегiмен ел жадына өшпестей iз қалдырды.
Алаш қайраткерi Биахмет Сәрсеновтың 1885 жылы бұрынғы Семей облысының Зайсан уезiне қарасты Нарын болысында (қазiргi Ақсуат селосы жерiнде) дәулеттi отбасында дүниеге келiп, жастайынан бiлiм-өнерге бейiм өскенi, 1905-1909 жылдары, бастапқыда Семейдегi мұғалiмдер семинариясының даярлық бөлiмiн, одан соң толық курсын үздiк бағаға бiтiрiп шыққан жалғыз қазақ екенi, ауыл мектебiнде бес жыл сабақ берiп бала оқытқаны, үш жылдай болыс болып ел басқарып, бастауыш мектептер ашқаны, 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен кейiнгi кезеңде Алашорда үкiметiнiң құрамында, ал кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдары халық-ағарту саласында басшылық қызметтер атқарғаны, 1921 жылы жаз айында Орынборда 36 жасында оба ауруынан қаза болғаны туралы деректердi сол Тарбағатай өңiрінiң қарт шежiрешi, әдебиетшiсi Қарпық Егiзбаев «Тағылым» атты кiтабында жазады. Бұл арада Биахмет Сәрсеновтың Семей мұғалімдер семинариясының алғашқы оқу жылын аяқтағаны туралы оқу үлгерімі табелінде: «ұлты – қазақ, діни сенімі – мұсылман, туған жылы – 1886 жыл, 19 жас, оқуға түскен уақыты – 1905 жыл, 4 оқу тоқсаны – 4 пен 5 бағасымен бітірді» [1] деп көрсетілгенін айта кеткен орынды секілді. Абайтанушы ғалым Қайым Мұқамедханов «Мұхтар – семинарист» мақаласында Биахмет Сәрсеновтың Семей мұғалімдер семинариясына 1905 жылы, ал оның інісі Жанахметтің 1908 жылы оқуға түскені [2] жайлы жазады.
1917 жылы ақпан төңкерiсiнен соң ақ патша тақтан түсiп, Уақытша үкiмет орнаған тұста қазақ сахарасының шығысында Семей қаласы ұлт-азаттық қозғалыстың ең қуатты орталығына айналған едi. Бұл өзi Уақытша үкiмет органдарымен қатар бiр мезгiлде жер-жерде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңестерi, қазақ комитеттерi, Земстволық басқармалар тәрiздi тағы басқадай жаңа билiк тармақтары өмiрге келе бастаған кез болатын. Мәселен, Қазақ комитеттерiнің құрылу себебі сол кезеңдегi тарихи қажеттiлiктен келiп туындағанын белгілі алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев: «…қазақ комитеттерi ұлт-азаттық қозғалыстың ақпан төңкерiсiнен кейiнгi кезеңдегi даму нәтижесi, оның өзiнiң түпкi, негiзгi мақсаты – мемлекеттiк еркiндiкке ұмтылысының көрiнiсi, ұлттық мемлекет болуға жасалған алғашқы қадамы-тын», [3] – деп түсiндiредi.
1917 жылдың көктемiнде елiмiзде жаппай облыстық, уездiк және болыстық деңгейде қазақ комитеттерiнiң құрыла бастауына байланысты Алаш қайраткерлерiнiң шақыруымен Биахмет Сәрсенов Семейге келедi. Ел өмiрiнде орын алып жатқан аласапыран саяси жағдайға байланысты осы жылдың 7 наурызында Семей облыстық қазақ комитетi шұғыл тұрде құрылып, өзiнiң ұйымдық-құрылымдық шараларын өткiзедi. Нәтижесінде, Семей облыстық қазақ комитеттiң төрағалығына Райымжан Мәрсеков, төрағаның орынбасарлығына Халел Ғаббасов пен Иманбек Тарабаев, хатшылыққа Әлімхан Ермеков және қазынашылыққа Ә.Молдабаев тағайындалып, ал комитет басқармасына мүшелiкке Сатылған Сабатаев, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсенов, Сыздық Дүйсенбин, Мұстақым Малдыбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шынжы Керейбаев [4] және т.б. сайланады. Көп ұзамай Уақытша Үкіметтің жергілікті басқару органдарының бірі – Семей облыстық комиссариатының құрамына Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Әлімхан Ермеков [5] мүше болып енді. Ал енді 28-наурызда Семей уездiк қазақ комитетiнің төрағалығына Жанғали Алдаоңғаров, комитет мүшелері болып Мәннан Тұрғанбаев, Ысқақ Ахмадиев, Ахметжан Андамасов, Бекқожа Құлғарин [6] және т.б. сайланды.
Сондай-ақ, Алаш қайраткерлері Биахмет Сәрсенов пен Нарманбет Орманбетовтың белсене қатысуымен Семей облысының Павлодар [7] және Қарқаралы [8] уездерінде қазақ комитеттері құрылды.
Алаш қайраткері Биахмет Сәрсенов Семей облыстық қазақ комитеті құрамында белсенді қызмет атқара жүріп, Орынборда бірінші және екінші жалпы қазақ съездерiнiң өтуiне, «Алаш» партиясының құрылуына, облыста Земстволық басқару жүйесiнiң енгiзiлуiне, қысқасы ұлттық саяси қозғалыстың өрлеуiне ерекше ықпалын тигiздi. Мысалы, 1917 жылдың шiлде айы соңында Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ съезiнде Ресей Құрылтай жиынына депутаттыққа ұсынылғандар тiзiмiнде Семей облысы атынан Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасовтармен бiрге Биахмет Сәрсенов те болды. Осы съезде алғаш рет болашақ «Алаш» партиясын құру туралы мәселе көтерiледi. 1917 жылы қазан айында Томск қаласында өткен Сiбiр автономистерінің съезiне қатысып қайтқан Алаш көсемi Әлихан Бөкейхан жергiлiктi қазақ комитеттерi, мұсылман мұғалiмдер одағы, «Жанар», «Талап» атты жастар ұйымдары секiлдi бiрнеше қоғамдық-саяси ұйымдардың көмегiмен Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитетiн құрады. Тағы да осы «Алаш» партиясының облыстық комитетi атынан Ресей Құрылтай жиынына депутаттыққа ұсынылғандар арасынан Биахмет Сәрсеновтың де есiмiн көремiз. Бұл жолы Әлихан Бөкейхан аталмыш жиынға депутаттыққа Орынбордағы «Алаш» партиясы облыстық комитетінің тiзiмi бойынша ұсынылды.
Семей облыстық қазақ комитетi (төрағасы Р.Мәрсеков, кейiнде Ә.Ермеков), «Алаш» партиясы (құрметтi төрағасы Ә.Бөкейхан, төрағасы Х.Ғаббасов), Мұсылман мұғалiмдер Одағы (төрағасы М.Тұрғанбаев) тәрiздi саяси-қоғамдық ұйымдардың ел өмiрiндегi оқиғаларға белсене араласып, ерекше табандылық танытуының нәтижесiнде 1917 жылдың қараша айында уездiк Земстволық жиынға депутат сайлау науқаны өте сәттi өтедi. Семей уездiк Земстволық жиынына депутаттыққа өзге ұлт өкiлдерiне қарағанда қазақтар көбiрек сайланды. Мысалы, олардың арасында елге жақсы танымал Шәкәрім Құдайбердиев, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Әнияр Молдабаев, Ахметжан Қозыбағаров, Райымжан Мәрсеков, Нәзипа Құлжанова, Көкпай Жанатаев, Иманбазар Қазанғапов, Мұстақым Малдыбаев секілді тағы басқадай ұлт зиялылары көп болды. Сол кезеңдегi Семей облыстық комиссариатының органы «Дело» газетiнде жарияланған «О выборах гласных в Семипалатинское уездное Земство» атты мақалада (авторы С.Возмитель):
«…Киргизское население совершенно отнеслось иначе. Они отложили всякая домашняя обстоятельства, даже организовали транспорты для перевозки лиц, имеющих право участвовать в выборах. И в проведении Земства оказались у них самые лучшее результаты. Прошли все образованные лучшее работники и даже на славу провели одну женщину», [9] – деп жазды. Мұның өзi Әлихан Бөкейхан бастаған Биахмет Сәрсенов сынды белгілі қазақ зиялыларының елдiгiмiз танылар сын кезеңде Семейде билiк тiзгiнiн басқаларға берiп қоймай, ұлттық мемлекет құру жолында осындай қыруар iстер атқарғанын көрсетедi.
Семей уездiк Земствосының бiрiншi төтенше жиынында басқарма төрағалығына А.Қозыбағаров, төрағаның орынбасарлығына Н.Воробьев, басқарма мүшелерi болып А.Булатов, С.Дүйсенбин, Н.Богатырев сайланады. Өз кезегінде Биахмет Сәрсенов Семей уездiк Земствосы атынан К.Ляшкевич, Ә.Молдабаев, И.Әлiмбеков, Т.Ибрагимов, М.Просековпен бірге облыстық Земствоның депутаттығына сайланады. Дәл осы мезгiлде Семейдiң Алаш деп аталатын бөлiгiндегі қалалық Думаға депутаттар сайлау науқаны өткiзiледi. Алаш қалалық Думасының мәжiлiсiнде, оның төрағалығына Б.Сәрсенов, орынбасарлығына М.Малдыбаев, қала басшылығына П.Шевченко, оның орынбасарлығына А.Ерыкалов, хатшылығына К.Грязев, ал басқарма мүшелерi болып А.Бейсекеев, Н.Үйсiмбаев [10] сайланды.
Әлихан Бөкейхан «Земство қолға алып қылатын iстiң бiр зоры – бала оқыту» деп айтқандай, 1917 жылдың күз айларынан-ақ Семей облыстық Земство басқармасы өз қызметінде «Алаш» партиясы, облыстық және уездік қазақ комитеттерi, жер комитеттері, Мұсылман мұғалiмдер Одағы тәрізді бірқатар қоғамдық-саяси ұйымдардың көмегiмен ұлттық бiлiм беру жүйесiн қалыптастыру, дәрігерлік емдеу орындарын ашу, сот, милиция органдарын құру, шаруашылық жұмыстарын жүргiзу шараларын қауырт жүзеге асыра бастады. Алаш қайраткерлерi М.Тұрғанбаев, Ә.Сәтбаев, Б.Сәрсенов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Мұстафин, Қ.Ибрагимов, А.Жиенбаев және тағы басқалардың күш-жiгерi арқасында Семейдiң Алаш қаласы бөлiгiнде тұңғыш бастауыш қазақ мектептерi ашылып, жұмыс iстеді. Семей облысына қарасты уездерде де мектеп саны өсiп көбейдi. Алаш қаласында ауыл мектептерiне арнайы бастауыш сынып мұғалiмдерiн даярлайтын қысқа мерiзiмдi педагогикалық курстардың ашылуы, сауатсыздық жою iсiне айтарлықтай үлес қосты. Мысалы, 1917-1921 жылдары аралығында Семей қаласы бойынша орыс мектептерiн айтпағанда, 13 мұсылман (қазақ-татар) мектептерi, соның iшiнде Алаш қаласында таза 3 бастауыш қазақ мектебi мен 1 қазақ қыздар гимназия мектебi жұмыс істеді, оларда 37 мұғалiм сабақ бердi. Сол уақыттағы педагогикалық курстардан бiрнеше ондаған бастауыш мектеп мұғалiмдерi даярланып шығарылды.
Семей өңiрiнде ұлттық бiлiм беру жүйесiн қалыптастыру iсiнде, сондай-ақ 1918 жылы желтоқсан айында Орынборда өткен екiншi жалпы қазақ съезiнде қабылданған мәдени-ұлттық бағдарламаны жүзеге асыру кезiнде де Биахмет Сәрсенов Алаш зиялыларымен бiрге осы игі шаралардың бел ортасында жүрдi. Мәселен, екiншi жалпықазақ съезiнiң қаулысына сай Ахмет Байтұрсынов басқарған арнайы оқу комиссиясы құрылып, оған М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов мүше болып ендi. Ал енді 1920 жылдың тамызында Қазақ АССР-і құрылғаннан кейінгі уақытта Биахмет Сәрсенов Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсыновтың орынбасары болып қызмет атқарды.
1921 жылдың 31 қаңтарында Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың төрағалығы, Биахмет Сәрсеновтың хатшылығы және Әлихан Бөкейхан, Елдес Омарұлы, Хайритдин Болғанбайұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Ғалімжанұлы, Файзолла Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәдуақас Сейфоллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы һәм тағы басқалардың қатысуымен еліміздегі 1-інші және 2-інші буын мектептер үшін оқу құралдарын даярлауға байланысты арнайы мәжіліс өтеді. Міне, осы мәжілістің қаулысы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жазу Ахмет Байтұрсыновқа, арифметика Мәннан Тұрғанбаевқа, геометрия Биахмет Сәрсеновке, жаратылыстану Елдес Омаровқа, физика Файзолла Ғалімжанұлына, география Әлихан Бөкейханға, қазақ-қырғыз тарихы Мағжан Жұмабаевқа, жалпы тарих Хайритдин Болғанбайұлына, мектеп гигиенасы Жұмағали Тілеулинге, алгебра Елдес Омаровқа, педагогика Мағжан Жұмабаевқа, дидактика Жүсіпбек Аймауытовқа, хрестоматия Сәкен Сейфуллин мен Жүсіпбек Аймауытовқа, көркемсөз теориясы (теория словесности) Мағжан Жұмабаевқа [11] жүктеледі. Аталған оқу кітаптары дер кезінде жазылып, басылып шығып, 1928-1929 жылдарға шейін қазақ мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келді. Өкінішке орай, сталидік қуғын-сүргін жылдары бұл оқу құралдары отқа өртеліп, құртылып жіберілді.
Азаматтық қарсыласу жылдары Алашорда үкiметi құрамында қызмет етiп, облыстық Земство басқармасында халық ағарту бөлiмiнiң қазақ бөлiмшесiн басқарған, одан кейінгі уақытта Халық ағарту қомиссарының орынбасары қызметін атқарған Биахмет Сәрсенов ұлттық мектептердi ашу және оларды қаржыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажеттi оқулықтармен қамтамасыз ету сияқты қыруар маңызды істермен айналысты. Сол жылдары ол мемлекеттік қызметпен айналыса жүріп, Семейдегi мұғалiмдер семинариясында, Алаш қаласындағы қысқа мерзiмдi педагогикалық курстарда сабақ бердi. Сондай-ақ «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерiне үзбей мақала жазып тұрды. Мысалы, Биахмет Сәрсеновтың «Автономия кеңесi», «Бiрiккен елде – береке», «Азық-түлiк», «Россияда осы күнде зор мәселе азық-түлiк» атты т.б. мақалалары [12] сол уақыттың өлшемімен алып қарағанда ұлт мүддесiмен үндес әрi дер кезiнде жазылуымен құнды болып есептелдi. Жалпы, сол бiр ел тағдыры таразыға түскен сын кезеңде Алаш көсемi Әлихан Бөкейхан бастаған Семей зиялылары халыққа бiлiм беру, мәдениетке үйрету, шаруашылық жұмыстарын жүргiзу және әдiл сот жүйесiн енгiзу, Алаш милициясы мен атты әскерін құру секiлдi маңызды iстерде диiрменнiң тасындай шырқ үйiрiлiп, күндiз-түнi тыным таппай қызмет еткенiн көремiз.
Алаштың ағиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Әлихан, Халел, Әлiмхан сынды бiр топ Алашорда үкiметi басшыларын халыққа таныстыру өлеңiнде Биахмет Сәрсенов туралы:
Бiреуi Биахмет Сәрсенұлы,
Ыңғайлы, қырғыйға ұқсар көрсең түрi.
Түрiнен де, сөзiнен, жүрiсiнен,
Екенiн бiле алмайсың қандай қыры.
Ақылы да оның көп, айласы да,
Көңiлiнiң жылдам сезгiш айнасы да.
Бар дейдi бұрынырақ ұмытылатын,
Түлкiдей жалт ететiн таймасы да.
Iсi де, таланты да қалыспайды,
Жұмсаса тегiс халық пайдасына.
Жастардың бiреуiнен кейiн емес,
Қазақ деп жүрегiнiң қайнасы да.
Халел мен Әлiмханды ай деп айтсақ,
Шолпандыққа жарайды ай қасында.
Әуелден қатарынан туысы артық,
Сондықтан күн-күн сайын барады артып.
Iлiмнiң аймағында жоқты дағы,
Ерiксiз тумысымен алар тартып, –
деген өлең шумақтарын арнаған екен. Амал не, осындай турашыл өткір, ақылды, сұлу, жiбектей мiнезiне қарап бүкiл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмiрден ерте кеттi. Ол 1921 жылы Орынборда Ахаңмен бірге, яғни Қазақ АСР-інің Оқу министрі Ахмет Байтұрсыновтың орынбасары қызметін атқарып жүргенде небәрi 36 жасында оба ауруынан қайтыс болды.
Семейдегi губерниялық «Қазақ тiлi» газетiне жарияланған Алаш қайраткері Жүсiпбек Аймауытовтың «Бияш» атты қазанамасында, шын мәнiнде Биахметтiң ұлт мүддесi жолындағы еңбегiне үлкен баға берілді. Бұл қазанаманы алғаш белгiлi ғалым-филолог Арап Еспенбетов арапшадан аударып, жұртшылыққа таныс еттi. Онда: «Өткен июльдiң 17-інде Орынбор қаласында Қазақстан оқу комиссариатының басқарма мүшесi Биахмет Шегедекұлы Сәрсенов оба ауруынан қаза болды.
Ол Семейде учительская семинарияны бiтiрiп, алғашқы кезде ел iшiнде, ауылдағы школада бала оқытып, соңынан әкiмшiлiк iсiне кiрiскен. 17-шi жылы революциядан кейiн қазақ азаматтары әлеумет жұмысына араласып кеттi. Бияш та солардың iшiнде областной қазақ комитетiне мүше болып, Павлодар уезiнде комитеттер сайлады. Алашорда, Земство болған замандарда Бияш көрнектi орында қызмет еттi. Семейге 1920-шы жылы совет үкiметi орнаған соң, Бияш Орынборға кеттi. Онда алғашқы уақытта соғыс комиссариатының саяси бiлiм беретiн жұмысын басқарып жүрiп, артынан оқу комиссариатына шығып едi. Ол басқа қызметтермен қатар, Семейде ашылған мұғалiмдер курсында, қазақ семинариясында, Орынбор курстарында оқытушы болып жүрдi.
Әлеумет iсiне қатысқандықтан айыпталып Колчак тұсында, соңғы совет үкiметi тұсында абақтыға да жатып шықты.
Бияш қазақша айтқанда сегiз қырлы, өнерлi жiгiт едi. Алған орысша бiлiмiне қарағанда, шын мағынасымен педагог (тәрбиешi) едi…
Төңкерiс заманға душар боп, әлеумет iсiне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйредi. Оның араласпаған қызметi болмады. Қандай жұмысқа кiрiссе де, тереңiнен бiлiп, тез бiтiретiн Бияш болатын.
Ол әкiмшiлiк iске өте жетiк, тағатты, құнтақты болатын… Ол орны толмайтын дипломат (елшi) едi… Ол ақылды едi…, сөзге шешен болатын. Оның тағы бiр қасиетi: нашарға, мұқтаж шәкiртке, жолдас арасында жүрегi қайырымды, қолы ашық болатын… Ол досшыл, жолдасшыл, еркөңiлдi, жолдасы үшiн, елi үшiн қатерлi жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын ер едi.
Ешнәрседен тауы шағылып тез қайтпайтын, қажымайтын, қунақы, пысық едi. Бияш – алмас қылыштай, қыран, қаршығадай жiгiт едi.
Бияштың қызметі, Бияштың адамшылық мінезі, қалжыңы жолдастары арасында көпке шейін ұмытылмас, жоқтар. Оны іздемеске болмайды. Оқу комиссариатының қандай iсi болсын, бiр өзi басқарып бара жатыр едi. Әкiмшiлiк жұмыста арқасы босағандай болып, Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) Бияшқа сенiп отырушы едi. Ендi…
Төңкерiс заманында талай жiгiттер шығын болды, тағы талайлар шығындалар. Бiрақ Бияш сықылды жiгiттен айырыла беру – аса шымбайға батарлық қайғы, өкiнiштi қаза.
Марқұмның арттағыларына сабырлық берсiн», [13] – деп жазылды.
Ал сол жылдары Ташкентте шығып тұрған Алаш қайраткерлерінің «Ақжол» газетi редакциясының басқармасы Биахметтің мезгілсіз қазасы туралы: «Қазақ елiнiң көгiндегі үркердей азғана жұлдыздарының бiрi сөндi. Биахмет сол санаулы жұлдыздардың арасындағы ең жарық, нұрлы көрiнгендердiң бiреуi едi. Оның өлiмi қазақ жұрты үшiн орны толмайтын қаза, қаруы қайтпайтын шығын», – деп көңiл айту бiлдiредi.
Биахмет Сәрсенов өмiрден ерте кеткенiмен, өкiнiшке қарай 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргiннiң зобалаңы оның әкесi Шегедек байдың әулетiнен тарайтын ұл-қыздарды да сырт айналып өтпедi. Жалпы Шегедектiң екi әйелiнен жетi ұл, жетi қыз тарайды. Осы жетi ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Қалел және Дәлел, Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды. Мәселен, солардың бірі Дәлел Сәрсенов те Алаш қозғалысына белсене қатысқан қайраткер болды. Айталық, «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 г. правительства Алаш-Орды» атты ресми құжатта Биахмет Сәрсеновқа қоса «Д.Сәрсенов (брат Бииахмета)» [14] деп оның iнiсi Дәлелдiң де есiмi қатар аталады.
Дәлел Сәрсенов те алдыңғы жасы үлкен ағалары Биахмет пен Жанахмет секілді Семей мұғалімдер семинариясын үздік бітіріп, Алашорда үкіметі тұсында оқу-ағарту мәселелерімен айналысты. 1920 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия университетін тәмамдап, сонда Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов және тағы басқалармен бірге сабақ берді. 1925 жылы Қазақ ағарту институты, одан соң мал шаруашылығы зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарды. Ол туралы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Сманов республикалық «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ұрпаққа – аманат, бұрмалау – қиянат» атты мақаласында: «Ташкентте алдымен Өлкелік курс, одан педучилище, соңынан Казинпрос болып ашылған бұл институтта 1922 жылдың 1 қарашасынан бастап Қызылорда қазағы Сегізбай Айзұнов, 1925 жылдың 23 мамырынан 1926 жылдың шілдесіне дейін еліміздің шығысындағы Зайсан жерінің перзенті Дәлел Сәрсенов директор болып басшылық етеді. 1926 жылдың 2 маусымында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесі «Қазақ АКСР-інде жоғары оқу орнын ұйымдастырудың қажеттігі туралы» қаулысы қабылданады. Соның негізінде Ташкенттегі ағарту институты «Қазақ педагогикалық институты» мәртебесіне ие болады. Дәлел Сәрсеновтен кейін 1926 жылы 13 шілдеден бастап жаңа мәртебеге ие болған оқу орнының ректоры болып Темірбек Жүргенов тағайындалады», [15] – дейді. 1922 жылы Ташкентте ашылған тұңғыш қазақ ағарту институты негізінде 1928 жылы Алматыда Қазақ педагогикалық институты құрылды, 1935 жылы бұл жоғары оқу орнына Абай есімі беріліп, қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады. Демек, біздің даңқты тарбағатайлық жерлесіміз Дәлел Сәрсенов Қазақстандағы тұңғыш жоғарғы педагогикалық оқу орнының алғашқы ректорларының бірі болған.
Алайда, Алаш қайраткері Дәлел Сәрсенов осы соңғы мал шаруашылығы зерттеу институтының директоры қызметінде жүріп, 1932 жылы тура ағасы Биахмет секілді кенеттен науқасқа шалдығып, қаза болады.
Ал енді Биахметтiң кіндігінен тарайтын жалғыз ұлы Ғалиханға келсек, ол да кешегi кеңес өкiметi кезiнде «алашордашыл, халық жауының баласы» деген талай түртпектi, қысымды көрдi. Бияш ағамыз 1918 жылы дүниеге келген жалғыз перзентiнiң есiмiн Алаштың ардақтысы Әлекеңнiң, Әлихан Бөкейханның құрметiне Ғалихан (бірақ кейінде төлқұжатқа Қалихан болып жазылып кеткен) деп қойыпты.
– Әкеден ерте айырылып, қиындық көрiп өскен Қалихан Биахметұлы Ұлы Отан соғысының алдында Тамбовтағы ұшқыштар даярлайтын училищенi бiтiрiп шығады, – дейдi семейлiк ғалым-тарихшы Мұхтарбек Кәрiмов. – Алайда әкесi кешегi Алашорда үкiметi басшыларының бiрi болған соң, оған сенiмсiздiк блдiрiп, ұшуға рұқсат берiлмейдi. Сол себептi, ол кейiнде Мәскеудегi шет тiлдер институтына оқуға түсiп, жаңа мамандық алады. Өзi ағылшын, француз және немiс тiлдерiнде еркiн сөйлейтiн болады. Ұлы Отан соғысы кезiнде әскер қатарына алынып, жаяу әскер құрамында талай қанды шайқастарды бастан өткередi.
1945 жылы соғыс бiткен соң Батыс Европадағы бiр мемлекетте тұтқындарды елдерiне қайтаратын халықаралық комиссиялардың бiрiнiң құрамында тiлмаштық қызмет етедi. Сол кезде бұл кiсi Голландия мемлекетiнiң аумағында көбiрек болса керек. Кездейсоқ бiр жағдайда ол әлгi Голландия (бұл ел Нидерландия деп те айтылады) мемлекетінің бұрынғы королiнiң ортаншы қызы Иоке Мульдерспен танысады. Олардың осы таныстығы үлкен махаббатқа айналады. Қалихан аға өзiнiң 1980 жылдары толтырған анкеталық өмiрбаянында (КГБ органдарының талап етуiмен жазылса керек) «Бiз үйленген едiк. 1947 жылы Херат деген ұлымыз дүниеге келдi» деп жазады.
Әрине, ол уақытта бұл үлкен жүрекжұтқан батырлық болды. Мысалы, Қалихан ағамыз нағыз кеңес өкiметiне қарсы байдың тұқымы, Алашорда қайраткерiнiң баласы болса әрi ол өзi Голландия королiнiң қызы Иокеге үйленiп, «социалистiк салт-санаға» жат қылық iстесе, шынында да бұл кешірілмейтін ауыр қылмыстық іс еді. 1948 жылы Қалихан Биахметұлы елге әйелi мен баласын алып келе жатқан кезде, оларды Польшамен арадағы шекарада ұзақ тексерiп ұстайды. Ақыры жас нәрестелi Иоке шетел азаматы болғандықтан шекарадан өте алмай жылап керi қайтады. Ал Қалихан ағамыз болса, бергi шекара бетінде іші қанжылап, өзегi өртеніп қала бередi.
Туған отбасымен арадағы осы үзiлiске тура он жылдай уақыт өтеді. Ендi қайта табысудан әбден күдерiн үзген Қалихан Биахметұлы Шымкент жақта Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленедi. Одан екi ұл өмiрге келедi.
1950 жылдары Қалихан ағамыздың атына Мәскеудегi бiр шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Сөйтсе, оны шақыртушылар – Мәскеуге халықаралық делегация құрамында келген әлгi Голландияда қалған отбасы Иоке мен Херат екен. Бірақ та өкіметтен ресми рұқсат болмаған соң олардың жүзiн көре алмайды. Ол кезде заман солай қатігез болды. Ғалым-тарихшы Мұхтарбек Каримовтан естуімізше, осыдан соң көпұзамай Қалихан ағамызға Голландия королдiгiнен бiр жапырақ хат жазылып келген екен…
Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтың туған iнiсi Салық ақсақалдың баласы, қазіргі уақытта Семей қалалық санэпидемологиялық департаментi басқармасының бастығы Бағлан Салықұлы Шегедековтың айтуынша, шетелдегi Иокесi мен Хератың бiр көрудi арман еткен Қалихан ағамыз 2000 жылдары қайтыс болып кетiптi.
Осылайша, Биахмет Сәрсеновтың тек қана жалғыз фотосуретi жаңағы Салық ақсақал мен оның зайыбы Бижамал әжейдiң ұзақ жылдар бойы жасырып сақтауымен бүгiнге аман-есен жетсе, ал оның жалғыз ұлы Қалиханның артында сталиндік қуғын-сүргіннің белгiсiндей болып шетелдік отбасының сарғайған бiр жапырақ хаты ғана қалған…
Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,
Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі.
Пайдаланған әдебиеттер
- ҚР ОММ. 503-қор, 1-тізбе, 1-іс ҚР ОММ. 503-қор, 1-тізбе, 1-іс.
- Мұқамедханов Қ. Мұхтар – семинарист. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1983 жыл.
- Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы, 1-том. 219-бет.
- «Алаш» қозғалысы. Құраст.: Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы, И. Нұрахмет. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008. 256-257 беттер.
- ЦДНИ ВКО, ф.200-П, оп.1, д.147, л.2.
- ЦДНИ ВКО, ф. 15, оп. 2, д. 423, л. 19 и 25.
- Аймауытов Жүсіпбек. Бияш. «Қазақ тілі» газеті, 1921 жыл 22 тамыз, №13.
- Қарағанды облыстық мемлекеттік архиві. 2-қор, 1-тіркеу, 3-іс.
- Дело, N 145 от 30 ноября 1917 года.
- Свободная речь, N 102, 1917 год.
- Қазақстанда. «Қазақ тілі» газеті, 1921 жыл 29 наурыз, №125.
- Егiзбаев Қ. Тағылым. – Семей, 2001. 250-бет.
- Аймауытов Жүсіпбек. Бияш. «Қазақ тілі» газеті, 1921 жыл 22 тамыз, №13.
- ЦДНИ ВКО, ф.1п, оп.1, д.21. л.7.
- Сманов Бақтияр. Ұрпаққа – аманат, бұрмалау – қиянат. «Егемен Қазақстан», 29 қаңтар 2015 жыл.
Суретте: Алаш қайраткерi Биахмет Сәрсенов. Семей қаласы, 1918 жыл.