Сайыпқырандар сап түзейді! Ағымдағы жылдың мамыр айында Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері және қазақстандық полициясының 25 жылдығына ұштастырып «Жас құтқарушы» үйірмелерінің арасында облыстық жарысты өткізген болатын. 11 команданың ішінен суырылып алға шығып, өзгелерден оқ бойы оза шыққан ауданымыздың «Арлан» командасы намысымызды абыроймен қорғап, ендігі кезекте республикалық жарысқа жолдама алған болатын.
Бүгінгі күні жас құтқарушылар тобы республика деңгейінде аудан намысын қорғамаққа жол тартты. «Қызылорда – 2017» жас құтқарушылар жиын семинары 7-10-шы тамыз аралығында Қызылорда қаласында өтеді.
Жас құтқарушыларды Зейтін Ақышев атындағы орта білім беру мектебінің мұғалімі Әйгерім Жаскенова бастады. Сондй-ақ, команда жаттықтырушысы Сайткүл Джанкулов, фельдшер Аманғазы Кеңес сүйемелдейді.
Команды құрамындағы барлық оқушылар, жас құтқарушылар З.Ақышев атындағы мектептің «сен тұр, мен атайын» дейтін қайсар да батыл оқушылары. Команда жарысқа өте тыңғылықты дайындалды. Дайындық барысында өздерін тек жақсы қырларынан көрсете білген оқушылар сайдың тасындай тізіліп, ерік-жігерді шыңдап, рухтары өрлеуде.
«Жас құтқарушылар» жиын жарысы су айдындарындағы құтқару жұмыстары, жауынгерлік қанат жаю, өзін таныстыру және қабырға газеті, табиғи орта жағдайында іздеу-құтқару жұмыстары, биік ғимараттарда зардап шегушіні құтқару бойынша ептілік пен ерлік сынға түсетін сайыстар арқылы жүргізіледі. Сол арқылы кіл жүйріктің ішінен ең мықтылар анықталмақ.
Жас құтқарушылар жиын семинарына қатысушыларға Баянауыл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Орман Түсіпов техника қауіпсіздігі және өзін-өзі қоғамдық орындарда ұстау бойынша нұсқама жүргізді. Жалынды жастар, ертеңгі ел тірегі болар жас құтқарушылардың республикалық жарысқа сапарын ұйымдастыруға қолдау мен көмек көрсеткен білім бөлімінің басшысы М.Әбдікәрімовке, ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Қылышбековке және аудан кәсіпкерлері Аспанбек Агибаев, Ержан Омаров пен Гулмира Ниязоваға алғысымызды білдіреміз.
Ал, жүрекжұтқан жауынгер жастардың еңсесі биік, көздегендері – жеңіс. Сәт сапар, жас құтқарушы!
Әлия ТАУКЕНОВА,
БАЯНАУЫЛ