Дүйсенбі, Желтоқсан 25, 2017
Негізгі > Бас баған > Бүгін менің туған күнім, ой бәлі-ай!

Бүгін менің туған күнім, ой бәлі-ай!

Болашаққа арыз жазып кеткен ақиық ақынның бүгін дүниеге келген күні. Ол 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен». Азан шақырып қойылған аты – Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері – Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Мұқағалидің әкесі 1941ж Калиниград майданында қаза табады.

Ақынның туған күніне орай, тамаша жырларына да кезек берейік.

Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле – ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім – ақ,
Тәңірдің бір жарытпай – ақ қойғаны – ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ – құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін»,- демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең – дағы ұлыңды.
… Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей – ақ, сый көрмей – ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін…

***

Мына қасқа…

Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына – көз, мына – жүрек, мына – басқа
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына – жүрек, мына – көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң…
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
..Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!



Несіне асығады?!

Күн қайда асығады?!
Нендей күш күннің нұрын жасырады?!
Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Несіне асығады?!
Көкжиекке ымырт кеп асылады,
Түн келіп, дүниені басынады.
Күн неге асығады, асығады?!
О, жарық дүнием-ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай.
Өмірді басқа арнаға бұратындай.
Түннен қорқам…
Мәңгілік тұратындай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай!
Білмеймін асығатын Жер ме, Күн бе?!
Белгісіз, не күш мені тербетуде?!
Қара жер қашан өткен күнді айналып?!
Қозғалмай-ақ тұрмын ғой жер бетінде.
Жетпедім ұшығына күнде ойланып,
Жер қайда асығады, күнді айналып?!
Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онан-дағы күнге айналып.


Алматының аспаны

Тал түсте,
Бозғыл деңгейде,
Шуағын жерге төккен Күн.
Жылымық қыста кей-кейде,
Иісі келер көктемнің.
Ұмыттырар ақпанды,
Боз аспан, онан боз дала.
Осынау ғажап шақтарды,
Қозғама, тәңір, қозғама!
Оралады өткен күз,
Қыс келеді.
Төсі қар.
Ұзатылған көктем-қыз
Қайта оралса, несі бар?!
Ішке сыйған баламыз,
Сыртымызға сыяды.
Кең ғой біздің даламыз!
Зиялы да ұялы.
Қайдан келсін бірақ та,
Мезгіл жетпей қыз-көктем.
Қарашы анау қыратқа,
Арқасына мұз шөккен.
Алматының аспаны,
Бізді әзірге тұр алдап.
Қайың, терек бастары,
Барады әне, қыраулап…

Жалғыз көкек

Жетімсіреп, жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.
Иесіз қалған, бұзылған тамға барып,
Қонушы еді, қонағын қамдап алып.
Жоқтаушы еді оңаша отырып ап,
Оқшау шетте ұясы, талда қалып.
Сұңқыл үнді сұрша құс, жан – Отанын
Ойландырып тастайтын жаға талын.
Оңашада отырып жоқтаймын деп,
Оятатын ұядан балапанын.
Сұқ саусақтай балапан ес білер ме,
Сұрша құстың сұм даусы есті желде.
Ұясында құттай құс қобалжиды,
Таныс үнді шалғайдан естігенде.
Қайдан білсін, әкесі жем бергенін,
Жем бергенін… Қаршыға өңгергенін…
Қайдан білсін, шешесі шер бергенін?..
Түйір дәндей жүрегі тулап жатыр,
Ұядағы титімдей шерменденің.
Жетімсіреп жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.



Отан

Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға – сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз –
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан – мекенің!


Нені аңсаймын

Нені аңсаймын?..
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!
Қуат берген дәмің мен тұзың маған,
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,
Үнін сүйем масаңның ызыңдаған.
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар,
Ақ бас таулар – самайын ақ басқандар.
Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар,
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар,
Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation