Есік қаласының кіре берісіндегі қорық-музейге бұрылдым. Қызметкерлермен амандасып, хал сұрасып жатырмыз. Ортамызда Бекен ата ғана жоқ. Жұрт солай атап кеткен бұл кісі белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов еді. Өткен жылы дүниеден озды. Ел-жұрты ақ жауып, арулап шығарып салды.
Археолог жұмыс істеген кабинетке бас сұқтым. Төрде атаның ақ шапаны ілулі тұр. Музейде өтетін игі шараларда оны үнемі үстінен тастамайтын. Қазба жұмыстарына барғанда арқасына іліп жүретін жол сөмкесі де осында. Енді мұндағы заттардың бәрі құнды жәдігерлердің біріне айналып кеткендей.
Бәрін рет-ретімен баяндайын. Өздеріңіз білесіздер, 1969 жылы Есік қаласы маңынан Алтын адамның мүрдесі табылды. Жер қазып жатқан экскаватордың шөміші сандық секілді затқа тиіп шақ ете қалған. Мұның тегін еместігін сезгендер дереу жұмыстарын тоқтатып, Алматыға хабарлайды. Әлгі затты анықтау археолог ғалым Кемал Ақышевтың тобына жүктеледі. Мамандар шұғыл іске кіріседі. Сол күні мүрдені өз қолымен алғаш ашқан, көрген, түгендеген бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Бекен ата болатын.
Одан кейінгі кезеңдерде Бекмұханбет Нұрмұханбетов Алтын адамға қатысты зерттеулерді, ғылыми ізденістерді тоқтатқан емес. Өмірінің соңына дейін осы музейде қызмет етті. Біздің алғаш танысқанымыз қызық. Алдымен байқағаным, көздері қыранның жанарындай өткір, жүзі сұсты екен. Сенімен тілдесуден бұрын «мені түсінуге жарайсың ба, қалайсың?» дегендей, бетіңе барлап қарайды. Ашылуы қиын құлып секілді. Әңгімелесуден бұрын біраз ақпар жиғанның пайдасы тиді. Соншалық жымия қоймаса да, жылуын сездірді.
– Сендер мынаны біліңдер. Алтын адам мен алтын киімді адам екі түрлі сөз. Мағынасы да бөлек. Қазақ жақсы көргенін «алтыным» дейді. Хас шебердің қолын «алтынға» балайды. Ал табыттағы ханзаданың киімі олардан басқа. Алтын адам атауын ғылыми қолданыстағы ұғым деп қарастырған жөн.
Қазір бірқатар өңірлерден Алтын адамдар табылды. Бұл – сол кездегі дәуір сипатын дәлелдейтін белгілер. Сондықтан, оларды әр аймақ өздеріне меншіктемей, жеке-жеке аңызға айналдырмай, бәрін біртұтас зерттегені абзал, – деп сөзін бастады.
Бекен атаның үні алдымен баяулап шығады. Бара-бара арқасы қозады. Сол кезде дауысы әуелеп, биікке көтеріледі. Бауыржан Момышұлының осылай сөйлегенін радиодан талай естігенмін. Бұл да тура сондай. Ол кісілердің өзара ұқсастықтары мені қайран қалдырды.
Ата сөзінен ұққаным, Есіктен табылған жәдігер – біздің заманымызға бүтін жетіпті. Өрнек-әбзелдерінің бәрі орнында тұр. Мұндай олжа археологтарға өте сирек кездеседі екен. Осы сұхбат кезінде мүрделерге түсетін ұрылар туралы естідім. Олардың да жүрмейтін жері жоқ. Мұрындарына алтынның иісі келсе, қорымды археологтардан бұрын қазады. Кәдімгі түн жамылып жортатын көртышқандар секілді. Өздерінің әккілігі сондай, оңайлықпен қолға түспейді. Ал ғылымға тигізетін зияны шаш етектен. Құдай оңдағанда, ұрылар Есікте жатқан Алтын адамды білмей қалған.
– Бұл хабар жергілікті мамандар тұрмақ, мәскеулік ғалымдарды да елең еткізді. Десе де, жоғарғы жақ Алтын адам табылған жерде қазақтың атабабасы өмір сүрді дейтін қорытынды жасауға асықпады. Тіпті оны айналып өтіп, жалпылама сипаттауға тырысты, – дейді Бекен ата.
Өйткені, кейбір әріптестер ежелгі өркениетті қазақтарға қимаған. Олардың бүгінгі ұрпақтары бабаларының өмірін қарабайыр күйде көзге елестеткенін қалаған. Алтын киімді, алтын әшекейді жергілікті сақтар қайдан жасасын? Қайтыс болған ханзадасын жерлеу үшін Ираннан алдырған деген секілді пікірлерді таратқан. Ол кез – күштілердің кезі ғой. Аз халықты еріксіз көндіретін, сенбесең мәжбүрлеп сендіретін заман.
Сәтін салғанда, осы оқиғадан кейін Есік көлінің айналасынан тағы бір олжа табылыпты. Ол жерден алтын киімдерге арнап әшекейлер құятын қалыптар шыққан. Қорымнан алынған алтынның сынамасына ғылыми сараптама жасалады. Бәрі өз өлкеміздің шикізаты, іргедегі Жіңішкенің рудасы екен. Сөйтіп, жөнсіз күмән келтірушілердің аузына құм құйылады.
Өзіңдікін өзімдікі дей алмаудан асқан қандай қорлық бар?! Қазақ жерінен бір құнды жәдігер табылса, оған баға қоятын жо-ғарғы жақ. Солар не айтады деп жалтақтаған күндерді де бұл ел басынан кешірген.
«Есік» музейіне кірсеңіз, көне жәдігерлер сізге қарап сөйлейді. Тебіренесіз, толғанасыз. Сізді мұндай әсерге бөлеген археологтардың еңбегі. Алтын адам шыққан қорымнан әрі қарай үлкен қаланың орны табылыпты. Оны сақтар патшалығының ордасы деп болжаған. Қаланың теріскейі Асы жайлауы. Ондағы жартастарда таңбалар мен бейнелер аз емес. Бұл нені көрсетеді? Бұл әлі қағазға түспеген ұлт тарихының жер қойнауында мол екенінен хабар береді. Археологтардың айтуынша, ол жерден табылған дүниелер сақ дәуірінің ғана емес, қола дәуірінің де белгілеріне келеді екен. Бері қарай сырғытсаң, көк түріктер мәдениетіне жалғасады. Зерттеушілерін күткен қат-қат қазыналар, міне, осындай. Бекен ата өз өмірінде шаршамай, талмай қазақтың жоғын солардың арасынан іздеді.
– Алаштың кеңдігі бар да кемдігі жоқ. Сондықтан, басқалардың қаңсығын таңсық көруге тиісті емеспіз. Қолыңнан келгенше тереңге көз сал. Таяз әуесқойлықтан арыл. Ізденістердің негізгі бастауы – өлкетану болуы керек. Жер-жерде соны дамытқанымыз жөн. Менің кейде ренжитінім, арамызда ұлтының тарихына қызықпайтын жастар бар. Бұл болмайтын нәрсе. Тарих – сенің өзің, тегің, бүкіл өмірің. Маған бәрібір дейтін немқұрайдылықтан қорқамын. Бабалардың басқан жері де, жатқан жері де қасиетті. Соны білу, анықтау, зерттеу – парызың. Олай дегенде түске, аянға сеніп мазар салуды айтып тұрғаным жоқ. Ғылыми ізденістердің өрісін кеңейтелік. Бұл орайда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы көптеген игілікті істерді бітірді. «Есік» музейінің қайта жанданғаны – соның бір дәлелі, − деді Бекен ата.
Ол кісі ешнәрсені асырып та айтқан жоқ, жасырып та айтқан жоқ. «Алтын адамның бағасы Санкт-Петербургтегі орыс патшасының тәжінен кем емес», деді. Алтын адам бейнесі – біздің символымыз. Ендеше, Есік өңірі әлі-ақ миллиондардың назарын аударатын алтын мекенге айналады. Мұнда әлемдік туризмнің дамитыны анық. Егер Бекен атаның армандары орындалса, одан ешкім ұтылмайды. Қорық маңындағы көріністерді Алтын адам дәуіріндегі кезеңдерге сай етіп жасақтай алсақ, қандай керемет! Сонда бұл жерге келушілер бір сәт көне тарих қойнауына сүңгіп, сақтармен бірге жүргендей әсерге бөленеді. Бекен атаның ендігі бір қыры – жазғыштығы. Ол жүздеген ғылыми мақалалардың авторы. Бірақ, осыншалық зор таныммен, мол мүмкіндікпен ғалым атанбаған. Адам сенбейтін қызық парадокс. Еңбексүйгіштігі ерен, енжарлыққа жаны қас. Қағазы қасында, қаламы қолында жүрді. Ендеше, бұл жерде біз білмейтін қандай құпия бар? Оның жауабын да археологтың өз аузынан естігенбіз.
– Рас, кезінде мен де ғалым болуды армандадым. Дайындығым да жеткілікті еді. Бірақ… Барлық мәселе осы біраққа келіп тіреледі. Егер сол шақта тарих ғылымына ден қойсаң, жазылмаған қасаң бір қағидаға кездесесің. Қазақы пайымға, ұлттық көзқарасқа жоламау керек. Оны орындамасаң, өз обалың өзіңе. Мәселен, Алтын адам біздің өлкеден табылды. Ол – шындық. Бірақ сен оны біздікі емес, бұл өлкеде ақсүйектер, ханзадалар болған жоқ деп ат тоныңды ала қашуың керек. Киімдерін, әшекейлерін өзге елдің шеберлері жасады деп монография жазуың қажет. Осы секілді сенің мұратыңа сәйкес келмейтін толып жатқан қитұрқылық алдыңды кес-кестейді. Менің арым да, жаным да мұндай ұстанымдарды қабылдай алмады. Сол себепті жаман ғалым болғанша, жақсы археолог қалпымда қалайын деген берік шешімге келдім. Ең бастысы, адал қызметімді халқыма, Алашыма арнадым. Мен алғаш археолог жұмысын бастаған сәтте жеті атамды ғана білетінмін. Қазір 77 бабамның бар екеніне көзім толық жетті. Еңбегім еш, өмірім зая кеткен жоқ. Бәрі бір Алланың, тәуелсіздіктің және Елбасының арқасы. Жастарға айтатын өсиетім мынада: ұлтыңды сүй, ұлтын сүйген азамат қана әлемнің барша халқын сүйе алады. Осымен бітті, – деді әңгімесін аяқтап.
Болат МӘЖИТ, журналист
Алматы облысы
Суреттерде: Бекмұханбет Нұрмұханбетов; музейдің сыртқы көрінісі
Р.S. Менің сезетінім, Бекен атамыз болашақта талай шығармалардың кейіпкеріне айналады. Соған лайық тұлға. «Тік жүріп, тік кетті», дейді әріптестері. Қаруына балаған қаламын қолынан тастамапты. Әпсаналарда айтылатын аңыз бар. Шыңғысханның сарбаздары ат үстінде шейіт болғанды армандаған екен. Бекмұханбет атамыз да соларға ұқсас киелі тағдырды қайталаған сияқты.
*/негізгі тақырып : Алтын адамды ашқан археолог