Бейсенбі, Қыркүйек 6, 2018
Негізгі > Бас баған > Астана келбеті – ұлт келбеті

Астана келбеті – ұлт келбеті

Сонау 1998 жылы Астананың тұсаукесер рәсімі салтанатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың айтқан сөзін еске түсіріп көрсек, шынтуайтына жүгінсек, таңырқамау мүмкін емес. Қазір пайымдап қарасақ, мемлекет басшысы сол кездің өзінде «Астана келбеті – ұлт келбеті» деген сөзін үлкен үмітпен, берік сеніммен айтқанына көз жеткізесің.

Астанаға келген шетелдік қонақтар таңғалысын жасыра алмай, бір жағынан, сеніңкіремегендей сыңай танытса, екінші жағынан, ары-берісі небары жиырма жылдың аумағында осынша істі тындыру мүйізі-қарағайдай ауқатты, өркениеті шарықтаған елдің ғана қолынан келеді деген түсінік санаға шегеленіп, сіңіп қалғандығы. Байыбын аңдап қарасақ, қазақ деген ұлттың өзін де кешегі кеңестік дәуірде шетелдіктердің білгенінен білмегендері әлдеқайда басымырақ еді. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемен ел болудың арқасында ғана: «әй жарандар, осы қазақтардың жері емес пе еді кешегі Ұлы жібек жолы – дегеннің құрлықтың жартысындай болып далиып, керуендердің сілесі қатып, басы мен аяғын шолудың өзі жан шошытар аймақ!». Тарлан сыйлығының иегері Александр Гаркавец дәлелдеп бергендей, Ұлы жібек жолының бүкіл өнебойында 5-6 ғасыр көне қыпшақ тілі іскерлік тіл рөлін атқарған екен. Сөйтсек, біздің ата-бабалар екі мың жылдай бұрын қазіргі Қазақстан жерінің оңтүстігімен ҰЖЖ жұмысын дөңгелеткен болса, солтүстігімен ғұн дәуіріндегі Халықтардың ұлы көшін (ХҰК) жөңкілткен болып шығады (5-6 ғасыр бойы).

 

Енді жоғарыдағы Елбасы сөзін жаңғыртып, бүгінгі күнімізге қайтып оралайық. Бар әлемге, барша дүниежүзі жұртына көз-жауын алардай еңселі де көрікті, сағым-нұрдай жарасты да салтанатты Астанамыздың Қазақ Елі мәңгілікке құлаш сермеген жерұйықтай ел, бірлігі мен татулығы келісті жұрт екендігін паш етіп тұрғандығы – көңілге демеу, жанға жылулық ұялатпай ма!

Жай ғана өз жұртымыздың көңілін марқайтып қоймайды, ендігіде: «әһ, мына қазақтар дүниеде теңдесі жоқ қаланы небәрі жиырма жылдың ішінде салып алса, енді біз қалай сенбейміз бұлардың қабілетіне!?» – дегендей ой шетелдіктің қайсысына болса да келері хақ. Демек, жартылай қиали, жартылай шындық күйінде айтылып, жазылып жүрген ҰЖЖ, ХҰК деген түсініктер қазаққа жұғысты екендігіне шүбә келтірушілерге сабақ боп үлгергенін көреміз. Яғни, бүгінгі күнгі қауырт жетістік тарихтың өзін жөнге қояды екен. Осының бір көрінісі археолог-мамандардың жан-жақтан елге ағылып келуі.

Мемлекет сыйлығының иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасынан алынған мына соңғы шумақтар осы ойды түйіндейді :

Ойланшы, кеше қазақ, кім едің сен,

Құлпырып бүгін қайта түледің сен!

Ортаға Астанаңды орнатқаның –

Ғасырдың оқиғасы біле-білсең.

 

Салынып жатқан шаһар кең далаңа,

Сыйласын асыл мұрат әр балаңа.

Азаттық астанасы аталады,

Қазақтың астанасы сонда ғана!

Дәуренбек Әубәкіров, академик.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation