Абайда төл поэма үшеу. Олар: «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» және «Ескендір». Төменде алдыңғы екеуі еліктеу шағынан деп дәлелдемекпіз. Біздің мақсат – Абай поэмаларын тек жазылу мерзімі жағынан ғана тексеру екенін ескерте отырайық. Ақынның «Масғұт» поэмасы «1882-1903 жылдар аралығында жазылған» делінеді. Бұл «жазылған жылы белгісіз» дегенмен бір. Датаны 1883-84 жыл деп нақтыласақ несі айып. Оған қажетті дәлел, қисындар қолымызда ғой.
Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында дастан «Тургеневтен» деп көрсетілген. Яғни Абай оны И.С. Тургеневтің «Восточная легенда» атты қысқа әңгімесінің сюжеті бойынша жазған. Әңгіме соңында Тургенев қойған «Апрель, 1878» деген дәлді дата бар. Бірақ бұл датаға алданып қалуға болмайды. Әңгіме мерзімді басылымдарда тек 1882-83 жылдары ғана жария етіліпті. Міне, керек дерек осы. Абай орыс әдебиеті өрісіндегі жаңаны қалт еткізбей қадағалап отырған. Сондықтан әңгімені Семейдегі қалалық кітапханаға жаңадан түскен журналдан оқығанын аңдау қиынға соқпас, бұл заңды, күтулі жәйт, тегі. М.Әуезовтің пікірінше, поэмада композициялық тұтастық, бірінші және екінші бөлімдердің арасында сюжеттік сабақтастық жоқ. Бұлар, әрине, ақынның дастан жазуда әлі тәжірибесі аз, үйрену үстінде болғанына меңзейді.
Дастанға соңғы нүкте қойылған жыл қайсы? Тұрағұл өз естелігінде «1887 жыл» деп дерек береді. Бірақ шығарма дерегіне үңілсек, сірә да, 1884 жылдың екінші жарымы. Поэманың соңында ақын:
Ендігіге не сұрау бұл заманда?
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда, –
және де:
Көптің бәрі осындай, мысал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең, –
деген түйінмен түйіндеген. Бұл Абай өзі айтқан «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дегенге дәл келетін хәл. Еске сала отырайық, 1884 жылғы болыстық сайлауда ақын бұрынғы достарына сеніп, қатты алданған. Әсіресе, досы Ерболдан тірідей айырылғаны жанын өзгеше күйзелткен. «Осы маңда тұрмас едім» дегені жара ескірмегенінің белгісі. Сол ашынған асау жүректен шыққан сөз сияқты. Ал Тұраш болса, дастан әуелі жақын айналасына, онан соң дүйім жұртқа тараған датаны көрсеткен деуге керек.
Енді Абайдың «Әзім әңгімесі» атты поэмасына келер болсақ, ол да әлі күнге «қай жылы жазылғаны белгісіз» делінеді.
Бұл туынды жайында М.Әуезовтің айтқаны: «Абайдың 1933 жылғы жинағына алғаш рет басылған бір поэмасы – «Әзім». Бұл поэманың тақырыбы «Мың бір түн» ертегісінен алынған. …Бұнда Абай Пушкиннің орыс ертегілерін балаларға арнап өлең еткені тәрізді жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жасамақ сияқтанады».
Орыстың классик ақыны Пушкин «Полтава», «Кавказ тұтқыны», «Жез атты», «Бақшасарай фонтаны», «Сығандар», «Ағайынды қарақшылар» сияқты сан алуан тақырыпта дастандар жазған. Оларды Абай, күмәнсіз, түгесіп оқыған. Мұхаң «жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жасамақ болған» дегенде «Әзім» поэмасы соларға еліктеп жазылғанына меңзеп отыр.
Және шығарма Абайдың алғашқы тәжірибесінің бірі екенін былайша жеткізеді: «Бұл поэманы оншалық жоғары дәрежедегі көркем шығарма деуге келмейді. …Поэма Абайдың тіпті ерте кездерде өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған алғашқы черновик есепті бір вариант болуға керек». Алып-қосары жоқ, барынша ашық ғылымдық пайым емес пе.
Айта өтері, «Әзім» поэмасы жоғалмай сақталып, 1933 жылғы Толық жинақта жарық көруіне себепкер – Абайдың Ырғызбайдан қосылатын аталас туысы, ақын Ысқақ Ырысайұлы (1870-1932). Ол жасынан Абай өлеңдері мен дастандарын жаттап алып, ел арасына таратқан. Абай энциклопедиясы «Тобықты елінің жастары Абай шығармаларын осы Ысқақтан естіп, жазып алып отырған» деп дерек береді (612-бет). «Әзім» дастанының аяқталмай қалғанына және көркемдігі Абайдың атын ақтай алмағанына қарап, біреулер «оны Ырысайдың Ысқағы өзі шығарған» деп топшылаған екен. Мұндай күдіктерге Ысқақтың өзі: «Абай мұны ерте уақытта өлең етіп, бір жазған соң қарамай тастап еді. Мен сол уақытта жиыстырып алғанмын» деп тойтарыс беріпті. Міне бұл да – «Әзім» дастаны Абайдың ақындық жолдағы тәжірибесі деуімізге негіз болып отыр. Оның соңы жоғалған, бәлкім, аяқталмай қалған.
Қорыта келгенде, Абай «Әзім» поэмасын 1879-1883 жылдар көлемінде жазған деуге негіз баршылық.
Алдағы уақытта екі дастан – «Масғұт» пен «Әзім» Абай ақындық күшін байқастап жүрген кезінікі деп мойындалғаны дұрыстық. Сонда М.Әуезов «тағы да өлеңдері болмауға мүмкін емес» деп күмән келтірген он бес жыл екі поэмамен толыға түспекші.
Абайдың үшінші дастаны – «Ескендір». Ол – «Абайдың ең жақсы поэмасы» (Әуезов). Аталмыш поэманы Абай энциклопедиясы «жазылған жылы белгісіз» десе, кейбір басылымдар «1900-1902 жылдар аралығында жазылған» деп көрсеткен. Бізше поэманың тыңнан жазылуы даулы, неғайбіл нәрсе. Егер «автор оны қайта қараған» десек әңгіме басқа. Неге? Өйткені, ХХ-ғасырдың басында «Ескендірнама» туындыларын жазған ұлы классиктер – Низами, Жәми, Науаидің еңбектерін қарастыруға Абайда мұрсат болған емес. Өйткені, «Тасдиқ» атты хакімдік еңбегіне уақытын сарқа жұмсады.
Негізі, алдыңғы екі дастан сияқты «Ескендір» де ақынның жастық поэзиясы. Бірақ хакім-теолог Абай бұл поэмасын қайта қарап шыққан сыңайлы. Неге десеңіз, поэмада күллі Шығыс ақындары дәстүрінше Ескендір мақталмаған, керісінше Абай оған алғаш рет «қанішер хан» деп кінә таққан. Сол сияқты «Көп елді күтінбеген қырып жойып, …Шапқан жердің бәрін де бодан қылған» дейді. Бодан деген орыстың «подданный» сөзінің қысқа түрі. Бұл жолдарды ойшылдың отаршыл билікке айтқан қарғысы деуге толық негіз бар. Көрнекті ғалым Ақжан Машанидің: «Бұл қазақ жеріндегі өзіне аян жәйтті заман ағымынан жасқанып, ашық айта алмаған Абайдың жан айқайы» («Әл-Фараби және Абай». -117 бет) дегені құптарлық тұжырым.
Сөйтіп, ХХ-ғасырдың басында хакімнің поэманы азды-көпті қайта өңдегені, әсіресе, басқы шумақтарды ұштап, бодандық хәлді маңдай алдыға қойғаны байқалады. Яғни «Ескендір» поэмасы алдыңғы екі дастаннан бөлек емес, соларға жалғаса туылған. «Үшеуі де шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылады». М.Әуезовтің бұл пайымын үш дастан да ізденушілік кезеңдікі деп түсінген жөн.
Қорыта айтқанда, «Ескендір» 1900-1902 жж. тыңнан жазылған деп тұжыруға ғылыми негіз жеткіліксіз. Оның бүгінгі таңға бас-аяғы бүтін боп жеткені де қайта өңделгеніне қосымша дәлел.
Абайдың үш төл поэмасының жазылу мерзімі жайлы шағын тексеріс осымен тәмам. Олар алдағы Абай жинағы тізілуі кезінде ескерілуі керек.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.