Дүйсенбі, Қыркүйек 17, 2018
Негізгі > Бас баған > Ескерткіш неге тасаланып қалған?

Ескерткіш неге тасаланып қалған?

Алаштың Ордасы аталған көне Семей шаһарында, 2017 жылдың 22 қыркүйегі күні, алаш көсемі  Әлихан Бөкейханға ескерткіш ашылды (бірінші сурет). Бұл Семей жұртшылығы қашан-қашан деп зарыға күткен күнтұғын. Қарақұрым халық жиналғаны сол. Оның  ашылу салтанатында шешендер «Бұл тарихи оқиға», «Әлихан – қазақтың көшбасшысы», «Тәуелсіздік жемісі – еңселі ескерткіш тұңғыш рет ашылып отыр» дегенді жиылған көп қауымға пафоспен айтып, әдеттегіше әдемі сөздері төгілтіп жатты. Бірақ қазір сөз басқа, іс басқа заман болып тұрғаны-ай.

Ескерткіштің қазіргі тұрған орыны – ағаштар арасы, нағыз таса жер, оны алыстан байқау-көру мүмкін емес, тек 10-15 метр жақын қалғанда ғана көзіңіз шалады. Қалаға алғаш келген қонақтар оны кездейсоқ көре қалса: «апырай, мына арада әп-әдемі ескерткіш тұр екен-ау?!» деп таң қалары сөзсіз. Бастапқы келісілген орын көшенің шеті емес, тап ортасы болатын. Оның әр тұстан менмұндалап тұратын орын екенін фотомонтажбен салынған екінші суреттен әркім өзі көріп, түсіне жатар…

Халықтың сөзін ұстаған, оның пікірін жоғары жаққа жеткізген алаштанушы топ осы Ленин көшесі, Жеңіс сквері жанындағы орын үшін жарты жылдай күресіп бақтық. «Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткішіне бұйырар орын қайсы?» дегенге саятын бірнеше мақала да жария етілді. Ақыры қала  әкімі Е.Сәлімов біздің ұсынысты қолдап, мақұлдаған болатын. Осы шешімге өзге орынды ұсынып жүрген шенеуніктер де көнгендей еді. Алайда, олардың ішкі қарсылықтары өзгермеген екен. Өйткені, іс жүзінде ескерткіш көшенің біз көрсеткен орта тұсы емес, көшенің шетіндегі қуысқа ығысып кетіпті. Ал керек болса! Япырай, үш ай бұрын ғана мәселе мүлде  басқаша шешілген еді ғой. Алайда, әлдекім өз дегеніне жетті, біздерді де, Семей жұртын да мықтап қатырды, яғни алдап соқты демеске лажың жоқ.

Алдағандық емей немене, жарықтық Әлекең көшенің кең аңғарынан Ертіс өзеніне қасқая қарап тұратын болды ғой деп шын жүректен қуанғанбыз. Өйткені, келешекте бұл ара «Алаш алаңы» делінетін үлкен алаңға айналары анық деп қиялдаған едік. Қазір ескерткіш тұғырында  арбиған суық әріптермен қашалған ескерткіш иесінің аты-жөні ғана тұр, Әлекеңнің «Тірі жүрсем, қазаққа қызмет қылмай қоймаспын» деген жүрекжарды лебізі де қашалса шіркін деген ұсыныс ескерілмеді. Астана қаласынан даяр ескерткішті әкелуге небары бір жұма қалғанда ғана тұғыр орны алас-түлесте қолға алынған. Алматыдағы ұлы Абай ескерткішінің тұғыры қандай махаббатпен жасалған десеңізші. Міне Әлихан бабамызға сондай сүйіспеншіліктің жетіспегені өзекті өртейтін өкініш.

Сөйтіп, қиял-үміттің күллі көкке ұшты. Басқаны қайдам, ескерткішті тасадағы орыннан көргенде көзге жас тығылды. 1917 жылы «Семей Алтай өлкесіне қарасын» деп жергілікті депутаттар қаулы қабылдағанда Мәскеуге, Лениннің өзіне жетіп, қаламызды алып империяның тырнағынан жан ұшыра алып қалған Сіз едіңіз, Әлеке! Енді ескерткішіңе көрнекі жерді қимай, неге шеттетіп, тасалап тастадық? Әлде алаш қозғалысы қазақ үшін ең аяулы, ең қымбатты құндылық екенін білмегендік, бәлкім, білгіміз келмегендік пе? Міне, осы ойлар қаумалап, қолыма қалам алғызып отыр.

Кешір біздерді, Әлихан баба! Алғаш қазақ мемлекетін құрған, сөйтіп, Еуразия картасын өзгерткен  тұлға ретінде өзіңді әлем танып отыр. Бұл фактіні мойындай алмай, байыбына жете алмай отырған мына біз пақырлар ғана. Енді қайттік? Қайда барып оңамыз, алаш жұрты?!…

 Асан Омаров, журналист.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation