Ерлігіміз бен өрлігіміздің қайта жандануы Елбасы көрсеткен рухани жаңғырудың негізі. Тайға таңба басқандай жадымызда сақталған кешегі тарих бүгінгі күні санамызда қайта жаңғырады. Мәңгі есте сақталады.
Аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстарының қарқыны қатты. Құрылыс өз алдына бөлек әңгіме. Орталық көшелердің ажарына сән қосып бірнеше мүсіндер бой көтерді. Сол арқылы тұрғындар көңіліне қуаныш ұялатты. Ал, биікте желбіреген көк туымыз рухымызды онан сайын аспандата түсті. «Мәңгілік ел» аллеясы қайта құлпырды. Алтын түстес жазуы бар қабырға елдігіміздің нышандары – Мемлекеттік Әнұран, Елтаңба, Тумен толықты. Ауласы абаттандырылып, байрағымыз көк аспанда желбіреді. Маңына тұрғындар демалуға арналған орындықтар да қойылды.
«Мәңгілік ел» – ортақ шаңырағымыздың ұлттық иедясы. Бабалар арманы. Ұлттық құндылық пен заманауи игілікті бойларына үйлестіре дарытқан жас ұрпақтың, санасы сәулелі салауатты ұрпақтың келешекке бастар бағыты да осы. Аллея ұлыларын ұлықтаған халықтың тарихқа тағзымы деп білген абзал. Бүгінгі буын керегін кемел тарихтан алары хақ. Осы жолда мәңгілік елдің мәртебелі жастары тарихымызды құндақтамауға тиіс. Бұл ретте «Мәңгілік ел» аллеясы бабалар арманы мен мақсатын жалғап, болашаққа бағдар беріп тұрған халқымыздың темірқазығы іспеттес.
Көшелердің бойынан орын тепкен мүсіндер қазақылықтың иісі мен киесін қатар көрсететіндей. Жүйрік атын арттеп, құмай тазы мен қыран бүркітін қолына ұсаған аңшының бейнесі халқымыздың көне мәдениетін көз алдымызға әкеледі. Жеті қазынаны жеті ырыс деп білетін халқымыз өркенитке қадам басқан бүгінгі заманда да ырыздығын ысырап қылмайды. Құлынын ерткен бала да құндылықтардың орнын толықтырады. Көше бойындағы күміс жүзік халқымыздың зергерлік өнерінен сыр шертсе, арқар – тұмса табиғаттың сұлу жануары қоршаған ортаның құнды қазынасын көрсетеді. Махаббат дейтін сапарды баянсыз һәм баянды аяқтаған екі жүрек, егіз жүрек Қозы мен Баян да аудан орталығындағы көшеден орын тепкен. Бабаларымыздың махаббаты орталық көшеде қасқайып тұр. Одан бөлек, орталық алаңдағы орындықтар да жаңартылып, демалушылар үшін жағымды атмосфера сыйлауда. Көшелердің қараңғы түннің өзінде жарық сыйлап, нұр шашып тұруының өзі бір ғанибет.
Бұл мүсіндер өткен күндерден, бағзы замандардан сыр шертеді. Сол арқылы кешегімізді, тарихты көз алдымызға әкеліп, үлгі алуға, қастерлеуге, тағзым етуге шақырады. Аудан орталығының күн санап ажарланып, сәт сайын сәтті қадамдарға бастауы тұрғындар үшін. ауылдың тынысы да, тіршілігі де бірлікте. Бірлікке бастайтын қадамдардың бірі халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған игі істер. Ауыл ажары азаматынан дегеннің мәнін түсінсек, тұрғылықты жерімізге барынша қолдау көрсетіп, бір тал гүлін болса да аялап өсіру азаматтық, адамзаттық парызымыз.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.