Материалдық-техникалық база уақыт сырғыған сайын артып, дамып келеді. Соның бір көрінісі көше бойына орнатылған бейнебақылау камералары. Техника мен технологияның қарқынды қарыштауы игі нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз. Жақында аудан орталығындағы көшелер мен көше қиылыстарына бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл ең алдымен, тұрғындардың өздерінің қауіпсіздігі үшін жасалынып отырған шара. Яғни, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары. Тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған қарекет аудан орталығында да бастау алғанын газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Бүгінгі күні бақылаудың бағыты мен бастамасы қалай екенін жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Мұрат Мұсатаев баяндап берді.
– Баянауыл аудандық әкімдігі тарапынан көшеде бейнебақылау камераларын сатып алу және орнату үшін қаржы бөлінді. Маусым айында Жидебай демалыс аймағында үш бейнебақылау камералары орнатылған болатын. Аталған жүйенің көмегімен полиция қызметкерлері бірнеше әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, қоғамдық орындарға мас болып келіп және спирттік ішімдіктерді тұтынғандар саны – 158. Ал, арнайы белгіленгебеген жерде темекі шеккені үшін 28 адам белгіленген, сонымен қатар, ұсақ бұзақылықпен көзге түскендер саны – 19, – дейді полиция подполковнигі.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау камералары полицейлердің жедел әрекет ету шараларын да жылдамдатады. Сөйтіп, қылмыстық ахуалдың жақсаруына септігін тигізері сөзсіз. Осы ретте қылмыс жасағандарды ізін суытпай ұстауда бейнекамералардың көмегі тиген аудандық полиция қызметкерлеріне.
– Бейнекамералардың көмегімен бірнеше қылмыс тәркіленді. Атап айтар болсақ, 31-ші тамыз күні түнгі сағат 00.50-де Жасыбай демалыс аймағында Баянауыл ауылының тұрғындары К. және С. Жасыбай көлі жағасындағы пирстан екі электр жарығы шамының қалпағын (плафон) жымқырған. Бұл қылмыс бейнекамераға жазылып, қылмыс жасалған орында полиция қызметкері қылмыскерлерді ұстады, – дейді М.Мұсатаев.
Қыркүйек айында Баянауыл ауылында да көшелер мен көше қиылыстары 12 бейнебақылау камераларымен толықтырылған болатын. Оның себебінен қысқа мерзім ішінде бірнеше құқықбұзушылықтар да тәркіленген. Оны жергілікті полиция қызметінің басшысы Мұрат Мұсатаев баяндап берді:
– 15-ші тамыз күні таңғы сағат 8.30-да Сәтбаев көшесі 12 мекен-жайы бойынша орналасқан «Арзан» дүкеніне ауыл тұрғыны А. ұрлыққа түсіп, жанармайлы араны қолды қылған. Осы сияқты қылмыс 18-ші тамызда да орын алды. Кешкі сағат сегіз шамасында Сәтбаев көшесі 69 үйдің маңында ауыл тұрғыны К. 240 дана «қызыл шаршы» қырланған кеспе тастарын ұрлаған. Көше бойына орналасқан бейнебақылау камералары сондай-ақ, қоғамдық және жолдағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтайды. Баянауыл аудандық әкімдігі аудандағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін шараларды қарастырып, мардымды жұмыстар атқаруда. Орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыс пен құқықбұзушылықтар саны едәуір азаяды деп сенеміз, – дейді ол.
Темірге телмірген заман деп қанша жерден «назымызды» айтсақ та, оның қоғам үшін қажетті жақтары мол екенін ешкім де теріске шығармайды. Аталған жүйе аудан орталығындағы теріс қылықтарды тәркілеуде. Алдағы уақытта келеңсіздікке тап болмаймыз деген сенімдеміз. Бейнебақылаудан өзімізді көруге асықпайық!
Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.