1995 жылғы 19-шы қазанда Төтенше жағдайлар қызметі құрылған болатын. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің №2541 Өкімімен «19-шы қазан – Құтқарушылар күні» деп ресми түрде жарияланды. Содан бері жыл сайын бұл күн төл мерекеміз ретінде аталып өтуде.
Адам жанын ажал мен апаттан арашалайтын, тұрғындардың жайлы өмірін қамтамасыз ететін құтқарушылар қай заманда да халықтың алғысы мен ақ батасын алып келеді. Жылдамдық пен жинақылық, жеделдік және сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білу бұл қызметте парыз, міндет, борыш деген ұғымдармен сабақтаса келе іске асады. Қауырт қызметтің қарбалас тірлігі мұнымен аяқталып қоймайды. Күнделікті өмірде тұрғындардың мазасыз өмірін сақтап, тыныштығын қамтамасыз ететін төтенше жағдайлар бөлімінің бүгінгі тынысын біліп қайттық.
Қол бастаған жауапты басшы бар жерде қызметтің де мардымды әрі сын көтерерлік болуы заңды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшылық қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Орман Түсіпов аталған салада еңбегімен көрінді. Қатардағы қызметкерлер ел тыныштығы мен халық қамы үшін қалтқысыз қызмет етуде. Сондай-ақ, бөлімнің аға инженері Рүстем Төлегенов қатардағы 33 қызметкерді темірдей тәртіпке үндейді. Олардың қызметке адалдығы адам өмірімен өлшенеді. Апат жағдайда жанын шүберекке түйіп халқына қалтқысыз қызмет етпекке батылдық пен батырлық керек-ақ. Екінің бірі мойынұсынбайтын ауыр да жауапты қызметте тұрақтап қалу, абыроймен еңбек ету азаматы бір бөлек жігітке ғана тән қасиет. Батырларға тән бүкіл болмысты бойларына сыйдырған ер азаматтар аудан халқының, айрандай ұйыған жұрттың тыныштығын сақтап, өмірлеріне араша түсіп жүр. Басшылық құрамдағы қатаң тәртіпті басты назарда ұстайды. Орынды іске, пайдалы қаталдыққа ешкім өкпелемейді. «Тәртіпке бас иген құл болмайдыға» салсақ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі темірдей тәртіпті сақтанады. «Қиын сәтте тізгініңді босатпай шапшаң да шебер қимылда» – деген Бауыржан Момышұлының ұлағатты, рухты сөзі мұндағы әр құтқарушының көкірегінде маздайды. Бұл жерде шалыс басуға жол берілмейді. Елі үшін қызмет қылмау – жігіттікке сын. Хас батырлар қай кезде де халықтың қамы үшін бес қаруын сайлап, табандылық танытуда.
Құтқарушылардың адамзат алдындағы абыройлы борышы, қасиетті парызы – ел тыныштығын сақтау. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі осы үдеден шыға алып жүр. Оған дәлел, басына қара бұлт үйірілген сәтте түнекті сейілткен құтқарушылар қашанда сапта.
Әлия ТАУКЕНОВА.
Баянауыл.