Кереку – Коряков емес
Павлодар қаласын қазақтар «Кереку» деп атайды. Патшалық-кеңестік кезеңнің деректерін басшылыққа алған тарихшылар мен өлкетанушылар мұның сырын өздерінше түсіндіреді. Олардың пайымдауынша, ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде Н. Коряков деген біреу Ресейдің Тара қаласынан қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерге келіп қоныс салған көрінеді. Сол елдімекенге кейін, 1720 жылы орыс әскерлері тұрғызған форпост Коряковтың құрметіне Коряковский аталыпты. Кереку болса – Коряковтың қазақша нұсқасы екен.
Ол кезде қазақтар Қазақстанның оңтүстік өңірлерін ғана мекендепті, тек 1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде қалмақтардың тықсыруымен Сыр бойынан Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріне ауып келіп, тұрақтай бастапты. Демек, қазіргі Павлодар облысының аумағы – қазақтардың тарихи мекені емес, ежелгі орыс жері…
Сондай қорытынды шығарғанымен, Коряковтың өмір сүрген жылдары, отбасы, ұрпақтары, әріптестері жөнінде бірде-бір дерек келтіре алмайды. Тіпті кәсібін де нақты айта алмайды, саудагер, жүзбасы (сотник), тұз өндіруші, қала салушы деп түрліше атайды. Бірақ ХҮІ ғасырда Сібір хандығы жерін жаулаған атаман Ермактың (1532-1585) өмірбаянына келгенде олардың еш кідірмейтіні анық.
Мұның өзгеше сыры бар. Өйткені, Коряков деген адам бұл өңірде мүлде болмаған, ойдан шығарылған аңыз кейіпкері. Тарихи бұрмалауды тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев әшкерелеп, шындықтың басқаша екенін ғылыми негіздеп дәлелдеді. Жерлес ғалым орыс картографы, географы және Сібір тарихшысы әрі жылнамашысы Семен Ремезов 1699-1701 жылдары құрастырған «Сібірдің сызба картасын» («Чертёжная книга Сибири») Омбыдан алдыртып, талдау жасады. Онда қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жер «Коряков Яр» түрінде картаға түсірілген. Одан соң Коряковский форпосының Коряков Яр деген жерге салынғанын айғақтайтын деректер тапты. Егер карта дайындалған ХҮІІ ғасырда өңірді орыстар қоныстанбағандықтан орысша атаулардың болуы мүмкін еместігін ескерсек, «Коряков Яр» сөзінің төркіні «Кереку жар» екенін байыптаймыз. Ал «Кереку» – Махмұд Қашқаридың (1029-1101) «Түркі тілдерінің сөздігіне» енген «үй», «кереге» деген мағына беретін көне түркі сөзі екені белгілі.
Жалпы айтқанда, «Сызбада» қандай да бір орыс адамының құрметіне қойылған географиялық атау ұшыраспайды. Барлығы да қазақ тіліндегі немесе көне түркі тіліндегі топонимдер екені және олардың орысша бұрмаланып немесе сөзбе-сөз аударылып берілгені байқалады: «Ямыш» (Жәміш), «Урочище 9-ти бугров» (Тоғыз бұйрат), «Качир» (Қашыр), «Шиган» (Шыған), «Баталы» (Боталы), «Урочище восьми рыжих жеребцов» (Сегіз жирен (айғыр), «Ирлытюп» (Үйірлітүп), «Сайгачий яр» (Сайғақ жар), «Верблюжий яр» (Түйе жар), «Белое соленое» (Ақсор), «Долгое соленое» (Ұзын сор), «Белые воды» (Ақсу), «Яр Аллабердыев» (Алдаберді жары), «озеро Енкуль» (Енкөл, Енекөл), «р. Тюлка» (Түлкі), т.б. «Түлкі» атауы күні бүгінге дейін қолданылады.
Жамбыл Артықбаевтың өңір тарихына байланысты соны тұжырымдарын тарих ғылымдарының докторы Қайырболат Нұрбаев, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаров, т.б. ғылыми зерттеулерімен бекіте түсті. Отаршылдық саясат салдарынан өңірдегі байырғы атаулардың жаппай өзгертілгенін нақты дәйектермен негіздеген осы ғалымдар еді. Қазақтар ертеден бері Құрманкөл, Құрмантұз атаған көл мен ауылдың атауы да Коряковка делініп өзгертілуі соның бір мысалы ғана.
Айтпақшы, жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар Ертістің Кереку өңірі қазақтардың әлімсақтан бергі ата-мекені екендігін, қазіргі Павлодар облысының аумағы бір замандарда Түркі қағанаты, Батыс Түркі қағанаты, Қимақ қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын орда мен Ақ орда мемлекеттері, бертін Қазақ хандығы аумағының құрамына кіргенін мүлде қаперге алмайды. Сөйтіп, өңір тарихын Коряковский форпосының іргетасы қаланған 1720 жылдан бастайды және 2017 жылы әскери бекеттің 300 жылдығын, басқаша айтсақ, қазақ жерін Ресей империясының жаулап алғанына 3 ғасыр толуын түрлі мәдени, саяси шаралармен дүркіретіп атап өтуді көксеуде…
Сөз соңында айтарымыз, Кереку – орта ғасырларда қазіргі Павлодар қаласының орнында салынған байырғы қоныстың атауы, Коряков – сол Кереку атауының орысша бұрмаланған нұсқасы. Ал бұл өңірге еш қатысы жоқ Павел патшазаданың аты қойылған қалаға келешекте әлгі тарихи атауы қайтарыла ма, әлде жаңа атау қойыла ма, бұл басқа әңгіме.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.