Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Рухани келісім – жаңғырудың белесі

Рухани келісім – жаңғырудың белесі

Жыл сайын 18-ші қазан күні елімізде Рухани келісім күні атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1992 жылдың 18-ші қазанында Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі өткен күннен басталады. Елбасымыз тыныштық пен тұрақтылықты сақтауды жас мемлекетіміздің болашағы үшін маңызы зор екендігін өз жолдауларында: «Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісімге, әділдікке ұмтылу құрайды. Көп ұлтты қазақстандық мәдениетке тән рухани бастамаларды нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Жыл сайын Қазақстанда рухани келісім күні атап өтіледі. Қазіргі таңда түрлі этностар мен дінге жататын адамдарды біріктіруге қабілетті рухани құндылықтарды бекіту тұрақты күш-жігерді, әрі түрлі елдердің діни көшбасшылары, ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері тарапынан үнемі назарды қажет етеді. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізу қазіргі әлемнің руханилығын нығайтуға, мәдениеттер мен өркениеттер үн қатысуларын кеңейтуге маңызды қадам болатындығына сенімдімін», – деген ойларымен білдіріп отырды.

Рухани келісім күні өзімен бірге қайы­рымдылық істерге қолғанат болудың жаңа миссиясын алып келді. Ізгілік пен мейірімділікке жол салған осынау бастама бүкіл ел көлемінде жалғасын тапты.Ұлтаралық бірлікті нығайту мақсатында жылсайынғы шаңырақ конкурсы ұйымдастырылады.Қазақстан халқы ассамблеясының журналистика саласындағы “ШАҢЫРАҚ” республикалық шығармашылық конкурсының өңірлік кезеңінде еңбектері “Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласына арналған үздік ақпараттық материал мақалаларымен әріптестеріміз Еламан Қабділәшім және Әлия Таукенова үздік деп танылып республикаға жолдама алды.

Өркениеттің рухани әлеуетіне немқұрайлы қарау бүгінгі әлемдегі жаһандық деңгейдегі рухани және адамгершілік дағдарыстарға алып келіп отырғаны барлығымызға аян. Осынау үдеріс адамның өзінің ұлттық тамырынан, тарихы­нан және адамзатты сан ға­сырлар бойы ұйытып келген бей­біт­шілік, келісім, мейірім­ділік, қайы­рымдылық және жа­на­шырлық тәрізді құндылықтардан бой алыс­татумен қатар көрініс табуда. Жаһандық деңгейдегі осындай күрделі жағдайда Елбасымыз: «Рухани келісім – біз өзіміздің жаңа тарихымызда экономика, интеграция, жаңғырту және осы тәрізді басқа да еліміз үшін аса маңызды басымдықтармен бір қатарда мән беруіміз тиіс болатын құндылықтардың бірі» – деген өте маңызды ойды ортаға салды. Қазақстан халқының дәстүрлі мәдениетіне және қазақ халқының болмысындағы сан ғасырлардан бері жасасып келе жатқан эти­калық кодекстен бастау алатын рухани мұраттарға тұғырланатын негіздер біздің елімізде қайта тыныс ала бастады. Сондықтан, басқа идеялар мен көзқарастарға төзімділік танытудан, әртүрлі діндер мен этнос өкілдерінің дәстүрлі рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды ұқып­ты­лықпен қабылдауынан көрі­ніс табатын халқымыздың ділі мен рухының ашықтығы бүгінгі Қазақ­стан қоғамындағы рухани келісім­нің тұғыры болып табылатыны сөзсіз.

Конфессияаралық келісім жаһандық жаңалықтарға жол ашты. Осы ретте біздің мемлекетіміздің жаңа тарихы түрлі мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүре алатындығына ғана емес, сондай-ақ олардың қоғамның дамуына оң ықпал ете алғандығына шынайы дәлел болғандығын атап өткен жөн. Қазақстанда жасақталған мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынас моделі діндарлардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлауға, өзара түсіністікке қол жеткізуге және әріптестік қаты­настар орнатуға негізделген. Елі­мізде ар-ождан, діни сенім бостан­дығын және ой еркіндігін қамта­масыз ету үшін барлық жағдай жасалған.

Рухани келісім рухани жаңғырудың дара жолы. Өзара қауымдастық, достық, береке болған елде ғана асқаралы істер жүзеге асып, айрандай ұйыған ортақ шаңырақ бірлескен белестерді бағындыра бермек.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ

Баянауыл

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation