Сенбі, Қыркүйек 8, 2018
Негізгі > Бас баған > АЛАШ КЕЗЕҢДЕРІ – IV

АЛАШ КЕЗЕҢДЕРІ – IV

АЛАШ КЕЗЕҢДЕРІ – IV

Бұл кезең 1917-1920 жылдар аралығы.

Мұнда негізінен «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі – Алаш автономиясы, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі, Алаш атты әскер полктері туралы тарихи оқиғалар айтылып, әңгіме болады.

 «АЛАШ» ПАРТИЯСЫ ТУРАЛЫ:

1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ сьезінде қазақтың тұңғыш саяси  партиясы – «Алаш» партиясын құру туралы қаулы қабылданды.

«Алаш» партиясы

         «Алаш» партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917-1920 жж.).

1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шора-и исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ…», –  деген шешім қабылдады.

Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов россиялық кадеттер партиясынан мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді. «Қазақ» газеті (1917, №244) өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» деп қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою туралы жеделхаттар жіберілді.

«Алаш» партиясының облыстық комитеттері 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен шамамен қазанның 12-20 аралығында партияның облыстық комитеттері алдымен Семейде, одан кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.

 

АЛАШОРДА ҮКІМЕТІ ТУРАЛЫ:

1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы Екінші жалпықазақ сьезінде Алашорда үкіметі және оның жоғары басқарушы органы – Халық Кеңесін құру туралы қаулы қабылданды.

Алашорда үкіметі

Алашорда үкіметі құрылысымен дереу Алаш автономиясын және оның территориясын анықтап жариялады. Оның билік ету формасы – демократиялық-парламенттік  республика болып белгіленді. Алашорда үкіметінің жоғары басқарушы органы – Халық Кеңесінің мүшелері демократиялық негізде сайланып бекіді. Мысалы, оның 25 мүшесінің 10-ы өзге ұлт өкілдерінен сайланып қойылатын болды.

Алашорда үкіметінің төрағалығына Әлихан Бөкейхан, төрағаның орынбасарлығына Мұхамеджан Тынышбаев сайланды. Сондай-ақ Алаш автономиясының уақытша тұрағы Семей қаласы болып шешілді.

Алашорда үкіметінің Шығыс бөлімшесін Халел Ғаббасов, ал Батыс бөлімшесін Жаһанша Досмұхамедов басқарды.

Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі

Алашорданың Батыс бөлімшесін кұру туралы шешімге Ә. Бөкейханов 1918 жылдың 11 қыркүйекте қол қойды. Бұл шешімді Ә. Бөкейханов Уфа қаласында өткен және У. Танашев, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, А. Бірімжанов, Ә. Ермеков және М. Тынышбаев қатынасқан мәжілістің келісімі бойынша жасады.

Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы болып Жанша Досмұхамедов тағайындалды. Алашорданың Батыс бөлімшесі құрылуына байланысты Ойыл уәлаятының үкіметі таратылып, оған осы кезге дейін бағынып келген Батыс Қазақстанның қазақтар мекендеген жерлері аталған бөлімшенің қарамағына берілді. Батыс Алашорданың әскери бөлімдерінің қатарында екі мынға дейін жауынгер болған.

Алаш атты әскер полктері туралы:

1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы Екінші жалпықазақ сьезінде Алашорда үкіметі және оның жоғары басқарушы органы – Халық Кеңесін құру туралы қаулы қабылданды.

         Алаш әскері

Алаш атты әскерінің полктеріне Семей қаласынан подполковник Хамит Тоқтамысов (бір деректерде капитан) басшылық жасап отырды.

Алаш армиясын құрып жасақтауда Әлиханнан Бөкейханнан бастап Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Хамит Тоқтамысов, Биахмет Сәрсенов, Әбікей Сәтбаев, Әлімхан Ермеков, Ахметжан Қозыбағаров тәрізді тағы басқадай ұлт зиялылары өлшеусіз үлкен еңбек сіңірді.

Алашорда үкіметі өз қаулысымен Алаш әскерінің Әскери кеңесін құрды. Семей қаласындағы ақ гвардияшылардың Әскери штабында осы Әскери кеңестің атынан Ахмет Байтұрсынов өкіл болып сайланды. Кейінде оны Әбікей Сәтбаев алмастырды.

Алаштанушы Берік Әбдіғалидың  зерттеуінде, Азамат соғысы жылдары адмирал Колчак армиясының құрамында 5 Алаш полкі және 1 кадрлық полк, шамамен алғанда 2-2,5 мың қазақ әскері болған. Алаш полктері негізінен Шығыс Қазақстан облысы, Семей, Жетісу өңірі, Зайсан, Аягөз, Мақаншы, Үржар, Үшарал, Лепсі, Қапал, Сарқан, Жаркент төңірегіндегі ұрыстарға қатысқан. Әзірге Алаш полктері құрамында соғысқан 600 азаматтың тізімі табылып отыр.  Мәселен, Атбасар Алаш дивизионы (200 жігіт), Көкшетау қазақ дружинасы (80 жігіт), Қызылжар қазақ ротасы, Шымкентте екі жүздік Алаш әскері, Павлодарда 150 жігіттен, Қарқаралыда 250 жігіттен құралған Алаш сарбаздары болған. Қостанайда екі 1-ші және 2-ші Алаш полктері туралы да деректер бар, тіпті олардың командирлері анықталды.

Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінде 2000-ға жуық Алаш әскері қазақ жерін қорғап шайқасқан. Алаш полктері Жымпиты, Ойыл өңірін қорғап тұрған, сондай-ақ мұнда юнкер мектебі ашылған.

Семей өңіріндегі атаман Анненков армиясы қатарында үш Алаш атты әскер полктары соғысқан. Жетісу майданында Алаш жүздігінің командирі Отыншы Әлжанов қызылдармен шайқасып, ерлікпен қаза тапқан.

1918 жылдың 22 маусымындағы «Свободная речь» газетіндегі «Прибытие в Семипалатинск киргизских отрядов» атты шағын ақпаратта: «На днях в Семипалатинск из степей прибыли киргизские отряды во главе с инструкторами-русскими офицерами.

В среду 6 (19) июня около 6 часов вечера отряды были в городе. На площади возле Никольской церкви была устроена им торжественная встреча. Были сказаны приветствие пом. нач. штаба полка Папиным, адьютантом капитаном Виноградовым, уполномоченным Временного Сибирского Правительства Давыдовым и др. Во время встречи на площадь прибыл известный национальный деятель Букейханов, в честь которого по предложению подполковника Тохтамышева всадники произнесли «Алла».

На знаменах белого цвета на киргизском языке были начертаны лозунги: «Да здравствуют Всероссийское и Сибирское Учредительное Собрание», «Да здравствуют верные сыны Родины».

От речей, сказанных на встрече, веяло патриотизмом», – деп жазылған.

Мұратбек Мұфтиұлы, Семей.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation