Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > Бас баған > Ауылына атсалысқандар форумы

Ауылына атсалысқандар форумы

Шығыс Қазақстандағы шекараға жақын ауылдың бірі – Қарабұта. Әкімшілік аумақ бойынша Үржар ауданына қарасты ауылдық округ. Үржар ауданынан 140 шақырым шалғай болса, Мақаншы орталығынан 60 шақырым шеткері. Кезінде Мақаншы ауданының үлкен бір совхозы болып дүркіреген өңір тоқсаныншы жылдардан кейінгі реформада реңі қашып, болашағы бұлыңғыр бола бастаған. 1954 жылдары тың игеру мақсатында құрылған совхозда жат жұрттық ағайындар көптеп қоныстанып, шаруашылықтың да негізі тетіктері солардың қолында болған. Олар сол тоқсаныншы жылдарда құлаған Кеңес үкіметімен бірге біртіндеп атажұрттарына көшіп, ауыл тұрғындары күрт азайып қалған. Оның үстіне сол шақтардағы жұмыссыздық жергілікті жұрттың да бірқатарын қала жаққа жылжытып жіберді.

Жалпы, бұл еліміздегі барлық ауылдардың бастан кешкен жағдайы еді. Қаншама елді мекендер «болашағы жоқ ауылға» айналып кетті… Заман екпініне шыдаған ауылдар құлдырап барып қайт түледі. Сол құлдырап барып қайта түлеген өңірдің бірі – Қарабұта ауылы. Ол, бірінші кезекте, мемлекетіміздің кезінде экономикалық тиімсіздігіне қарамастан қаншама ауылдардағы әкімшілік пен мектептерді бюджетте ұстап келді. Екінші кезекте, сол өңірлерде кәсіп көзін ашып, қожалық, фермерлік шаруалармен шұғылданған азаматтар ауылдастарын еңбекпен қамтамасыз етіп отырды. Үшінші кезекте, ауылдан шалғай жүрсе де туған жерлеріне қол үшін созып отырған демеушілер ауылдың бір кертігіне кірпіш болып қалануға тырысты. Осы үштік өзара үйлесім тапса қандай ауылың болсын болашаққа жарқын қадам баспақ. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да осы үштіктің үйлесім табуына себеп болуда. «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен жеріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген Елбасы сөзі ел мен ердің санасын жаңғырта түскендей. Соны біз таяуда Қарабұта ауылында өткен «Туған жерге туыңды тік» жерлестер форумынан көзбе-көз көріп қайттық.

Қазанның 27 күні жалауын желбіреткен форумға жергілікті жұрттан бөлек ауылдан алыста жүрген түлектер мен аудан әкімшілігінің сала өкілдері қатысты. Шақырылған қонақтар түгел келмесе де осы ортадан табылған түлектерге ауылдастарының құрметі ерекше болды. Солай болатыны – олардың бірқатары осы ауылға әр жылдарда көмек қолын созып келген жерлестер жанашыры екен. Содан да болар іс-шараны ұйымдастырушылар қонақтар қауымын Қарабұтаның кіреберіс еңселі қақпасынан салтанатты түрде тосып, ауыл орталығына шерулетіп бастады. Топ басында форумға арналып жасалған Ту мен ауыл таңбасын атты азаматтар алып жүрді. Әрине, мұның бәрі жерлестер рухын көтеріп, жастардың ой түйерліктей назарын аудару үшін жасалып жатқан шара екені айтылмай қалған жоқ.

Салтанатты топ алдымен Иса қажы мешітіне бас сұғып марқұмдарға құран бағыштады. Мешіттен шыққан бетте орталық саябақтағы «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоғын қойып, мектепке бет бұрды. Мектеп ұжымы мен тамам оқушы қонақтарын мақтанышты көңілмен қарсы алып жатты. Бірі кәсіпкерлікте, бірі спортта зор биіктерді бағындырған ауылдас ағаларының құрметіне хошамет көрсетіп, қол соғып жатты. Мектептің мәжіліс залындағы кездесу кезінде екіжақты пікір алмасулар орын алды. Қонақтар тарапынан қомақты тартулар жасалды (Бұл жөнінде соңыра тоқталамыз). Мектептен кейінгі бас сұққан орындар ауылдық аурхана мен балабақша. Бірден айта кетейік, бұл ауылдағы мектеп, аурухана, балабақша, мәдениет үйі секілді ғимараттар үлкен орталықтағы осы тектес мекемелерден еш кемі жоқ заманауи орындар екен. Бұл сонау түпкірдегі ауылға да мемлекет шапағатының жетіп жатқандығының айғағы. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бұл жақта жемісін беріп тұр. Аурухана заманауи қондырғылармен жабдықталып, бірнеше бөлім жұмыс істейді. Дәрігерлер санының өзі онға жетіп жығылуы бұл емхананың әлеуетті екенін аңғартқандай.

Ал, бірер жыл бұрын жаңадан пайдалануға берілген мектеп тіптен жарқырап тұр. Іші-сырты мұнтаздай білім шаңырағының ауласы да әдемі әспеттелген. Оқушыларға білім мен қатар эстетикалық тәрбие де беріп жатқаны байқалады. Бір ауысыммен жылы да, жарық жерде тәлім алып жатқан жастүлектердің білім мен спорттағы жетістіктері де жаман емес екен. Білім шаңырағы жаңадан бой көтерген соң мектептің бұрынғы ғимараты ауылдың Мәдениет үйіне айналыпты. Мұнда ауыл әкімшілігі, кітапхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, мәдени ошақтар орналастырылған. Мерекелік шаралар өткізерлік кең сахналы залы да бар. Бүгінгі жерлестер форумының да мерекелік басқосуының салтанатты кезеңі осы жерде жалғасты. Ауыл әкімі Мұратбек Сарқытұлы баяндама жасап, басқосуды ұйымдастырудың негізгі себептеріне тоқталды. Мақсат –  мемлекет басшысы Н.Назарбаев нұсқаған «Туған жер» бағдарламасы аясында алыста жүрген ауылдастардың туған өңірлерімен байланысын арттыра түсу. Бойында ұлттық рухы бар кез-келген азамат қандай шалғайда жүрсе де өскен ортасынан, кіндік қаны тамған жермен байланыс орнатудан қашпайды. Тек соған ұйытқы болатын себептер керек.  Сол себепті, Қарабұтадан қанат қақаққан ауылдастарға ұран тастамаққа осындай үлгі ойластырылған. Форумның атауы белгіленіп, ауылдың туы, таңбасы, әнұраны пайда болған.

Әкім өз сөзінде бүгінгі форумға дейін де алыстағы ауылдастардың елге қолғабыс жасап жүргенін айтып, алдағы уақытта олардың қатары көбейе түсуін мақсат етіп отырғанын жеткізді. Осы орайда ауылдың нағыз жанашыры, бас демеушісі болып келген Серік Аязұлының ерен еңбектерін көпшілікке үлгі ретінде ұсынды. Әр заманның өз батыры болады десек, ауылдастары Серікті «Біздің заманның батыры» деп бағалайтындықтары жұрт алдында ашық айтылды. Солай болатын да жөні бар екен. Қарабұта мектебінен білім алып, тоқсаныншы жылдардан бері Алматыны мекендеп келе жатқан орта дәулетті азамат ауыл дегенде алдындағысын бөліп беруге дайын екенін бірнеше жылдан бері іспен дәлелдеп келеді. Ең алдымен 2008 жыл ауылға жаңадан мешіт салып берген. Содан бергі аралықта ауылына үздіксіз көмектесіп отырады. Мешіттен кейін, тойхана мен қатымхана салып, мектепке домбыра оркестрін әперген. Жыл сайын оқу жылы басталарда оқу құралы салынған100 сөмке, құрбан айт қарсаңында азық-түлігі салынған100 пакет жіберіп тұруды әдетке айналдырған. 2014 жылы сыныптастарының басын қосып ауыл саябағын абаттандырып, «Ана мен бала» бастатқан төрт бірдей монумент орнатқан. Бұл шаруалар бір азаматқа аз ба, көп пе ол жағын халық өзі бағалай жатар. Бірақ, осы басқосуда Олжас Соғымбай есімді азамат: «Бір Серік Аязұлы осыншама іс тындырғанда, біз, барлық азаматтар біріксек бір ауыл салып тастауымызға болады екен ғой» деген өткір де ұтқыр сөз айтып еді.

Ой легін аяқтау үшін сөзімізді тағы да Серік Исаевтан бастауға тура келмек. Бұл азамат осы жолы да ауылдастар кәдесіне деп қазақтың маңдайалды қаламгерлерінің туындыларынан 100 кітап көтере келіпті. Сонымен бірге, форумда көтерілген мәселелерге орай мектептің мәжіліс залын жаңадан жабдықтауды, ауруханаға телевизор, балабақшаға заманауи ұлттық ойыншықтар топтамасын әперуді мойнына алды. Сәкен Болыстың авторлығымен дүниеге келген «Жеті ойыншық» атты төл ойыншықтардың тағы бір топтамасын (комплект) осы «Нұр шуақ» балабақшасына Серіктің әріптесі, форум қонағы Совет Шөшеков әперуге ниет білдірді. Совет ағамыз мұнымен ғана шектелмей мәдениет үйіндегі бір кабинетке жөндеу жүргізуге уәде етті. Форумға жиналған өзге де жерлес қонақтар осы тектес демеушілік жасауға дайын екендіктерін білдірді. Мәселен, Берік Қаленов балабақшаның еден және терезе жабдықтарын әпермекке шешім қабылдаса, Дархан Исаев, Медет Кеңесов, Дидар Исаев есімді үш жас кәсіпкер мектептің үш кабинетін жабдықтап беруге бел буды.

Иә, мәселе алған-бергенде емес. Негізгі бағыт ауылдың гүлдене беруіне, сондағы жас буының елжанды болып өсуіне атсалысу. Жерлестер форумына келген барлық қонақтардың да ниеті мен мақсаты сол. Осындай мақсатта сонау шалғай ауылдағы форумға ат терлетіп келегендер қатарында Қайырбаев Айдар (Үржар аудандық спорт мектебінің директоры), Каленов Берік (Балқаш қаласында кәсіпкер), Смағұлов Жанат (Алматыдан), Қуандықов Уалихан (Семейден), Бүйінтінов Секен (Алматыдан)    Соғымбаев Олжас (Семей қаласында тілдерді дамыту орталығының директоры), Қуандықов Уалихан (Семейден), Шакенов Архат, Темірханов Ринат, Кенженов Берік, Шүкенова Райгүл есімді патриоттардың бар екені атай кеткен абзал.

Ауданды қойып, облыста ауылдар арасында бірінші болып өтіп жатқан бұл  форумға аудан басшылығы тарапынан да үлкен көңіл бөлініпті. Үржара удандық маслихатының хатшысы Қарашев Каленбек пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Заманбекқызы форумға бастан-аяқ қатысып, өз пікірлерін ортаға салулары соны білдіргендей.    Форум соңы арнайы жазылған «Қарабұтам» атты ауыл әнұранын ортақ шырқаумен аяқталды (әнұранының сөзі Олжас Соғымбайдікі, әні Серік Апырбаевтікі).

Қайрат Зекенұлы,

Семей-Қрабұта-Семей.   

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation