2010 жылдың қазан айының 7-сі. Кешелі-бері мұнда ұлы Абайдың дүниеге келгеніне 165 жыл толу мерекесіне орай Алматы мен Астанадан, көршілес қырғыз елінен меймандар ағылып келіп жатыр. Сол қонақтардың арасында Қазақстан Республикасы мемлекетік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қалихан Ысқақов ағамыз да бар.
Семей. «Бинар» қонақ үйі. Кешкі сағат 10-дар шамасы. Қал-аға өз бөлмесінде екен. Кешкі астан оралған беті. Жазушымен біраз тақырыптың басын қайырдық. Сол сұхбаттан кейбір үзінділер мыналар.
Семейге деген сағынышы бөлек…
– Ескі Семейдің кезінде «Екпінді» дейтін облыстық газет бар еді. Редакторы сол кезде Байсақалов деген кісі. Өзге де ағаларым болды. Соларды сағалап келіп үш жыл газет практикасында жүрдім. Басқа жерге практикаға бармаған себебім, Семей маған сағыныш болатын. Менен басқа адамдардың Семейге деген сағынышы бар ма, жоқ па білмеймін, бірақ мен өз сағынышымды басқа ешкімнің сағынышына айырбастамаймын. Бұл өз алдына бір әңгіме. Сенің бүкіл тарихың осында. Мәдени орталығымыздың Семейі бұл.
Менің жақын ағаларымның көбісі осы Семейде оқыды. Олардың барлығы тұтқындалды. Жеңгелерімнің бәрі татардан еді. Бірақ қазақ болып кеткен. Осы уақытта соларды сағынышпен еске аламын. Біздің жақтың жұртының барлығы осы Семейден білім алды. Бірақ солардың барлығын аласапыран заман сыпырып кетті. Одан қалды, соғыс сыпырып кетті.
Әкем репрессияда, 36 жылы менің бір жасымда өліп қалды. Алдында кәмпескеге ұшыраған. 28 жылы қамалған. Сібірге айдалып кетті деп есептен шығып қалған. Мені комсомолға алмай қойған. Университетке түскенде билетімді жоғалтып алдым деп комсомолға өткем.
Алтыншы класта оқып жүргенде шешем ауырып жыл жарым жатты. «Құлыным, мен өлгеннен кейін бұл жерде бір күн де тұрма. Кет оқу іздеп» ,-деген аманаты күнібүгінге құлағымда.
Шешемнің қырқы берілген соң елден кеттім.
Апайым халық жауы болып айдалып кетті. Майлиннің өзі халық жауы ретінде ұсталған соң «Шұғаның белгісінде» Шұғаның рөлін ойнап жүрген, ертеңінде айдап алды да кетті.
Жеңгелерімнің барлығы жесір қалды. Байға тигендері кетті. Тимегендері, әне келеді-міне келедімен қартайып өлді. Сол жеңгелерімнің соңғысы осыдан бір жыл бұрын қайтыс болды.
Мен бес жасымнан мектепке бардым. Алтайда 40 градустан астам аяз арқырап тұрады. Боран болған күні мектеп пен біздің үйдің арасындағы екі шақырым жерді үрдесін жауып тастайды. Сонда жеңгелерім мені арқалап қайтатын. Келе жатып түбіт шәлілерінің арасына желкесінен танауымды тығып жіберемін. Сонда, «Өй, көк түйнек, танауыңды алып кетші, қытығымды келтірдің ғой»,- дейді. Мен: «Танауым тоңып қалады ғой»,-де еркелеймін.
Көп нәрсені көрдім, архивте көп жүрдім, қазақтың ой-санасын бүтіндеген орта осы Семейде болды. Оған деген сағынышым содан. Осы жерде Қайым Мұхаметхановпен, осы жерде Шәкір Әбеновпен, осы жерде Кашаф Туғанбаевпен таныстым. Алматыда жүріп бес жыл оқыған оқуымнан бұл жердегі үш жылдың ой-сарқыты басым.
63-шы жылы Қайнекей (Жармағамбетов) Мәскеуден қайтарда Семейде Қайыммен таныстырды. 3 бөлмелі үйі архивке толы. Бір бөлмеде бәйбішесі екеуі тығылып отыр. «Қайнекей сен маған ренжіме…»,-деп біраз сөз айты. Сол Қайымды айыптайтын жылдары ЦК-дан обвинитель болып келген Қайнекей екен, содан Қайнекей жылап отырды. Сонда Қайым: «Сен болмасаң, басқа біреу келер еді. Екеуімізге бәрбір, онан да мына Қалиханды Алаш азаматтары тоқтайтын көк үйге алып барайық» деді. Содан жаңағы аралға шықтық. Ол деген керемет жер еді. Бүкіл Семей сонда жиналатын. Өтірік қолымызға қармақ ұстаған болып Ертіс жағалаймыз. Онымыз тек әңгіме үшін ғана. Қайым аға сонда көп нәрсені айтты. Осы жерде Абай төңірегінде кімнің кім екенін туралы көп информация берді. Кейін Алматыға келгенде мен Жазушылар Одағының кәсіподағын басқарамын, кешегі Заманбектің алдынан 4 бөлмелі үй алып бердік.
Көзін Бейімбетпен ашқан
– Жұртқа өзімді өзім дәлелдеу үшін Бейбімбеттен үйрендім. Көркем тіл, көркем ойды. Мен көзімді Бейімбетпен ашқан адаммын. Өз стилімді шамалы еуропашыландырғаным болмаса. Прозада поэзияның ритмі болу керек. Жазушылығыңды дәлелдеу үшін. «Тұйықты» қағазға түсіргенде осыны дәлелдеуге жазған тұстарым бар.
– Әйгілі «Қоңыр күзді» жазған кезде жиырманың үстіндесіз ғой?
– 58-ші жылы жаздым. Ол кезде мен «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрмін.
– Бізге бір деммен жазылған сияқты көрінеді де тұрады. Кейін қалам тигізіп, өзгеріс жасаған жоқсыз ба?
-Қазір өзім де таң қаламын. Кейін өзгеріс жасауға қолым бармады.
– Басты кейіпкердің бірі – Алтынның прототипі бар ма еді?
– Алтын-колхоз председателінің қызы болатын. Ол біздің ауылдағы мектепке ауысып келген. Кереметтей қыз еді. Сұлулығын айтпаймын.Әйел заты ретінде. Жетінші класты бітіре салып мектеп директорының інісі алып қашып кетті. Үш баласы болған уақытта тастап ктті. Кейін іздеп барып жүрдім. Бұрынғы сұлулық жоқ, жүдеп-жадап кеткен. Мені құшақтап тұрып жылады. Бүкіл мектептің еркек кіндігінің бәрі ғашық болған Алтын еді-ау. Шынымды айтсам, осы әңгімені бір түннің ішінде жаздым.
– Үш баласы бар кезде неше жастағы кезі еді?
– Жиырманың ішіндегі, жиырма бестегі кезі. Жетінші класта алып қашып кеткен қыз сол жасында үш баланың анасы болатын.
– Сізді ел киносценарийдің асқан шебері санайды. Қалихан Ысқақовтың қолына тиген сценарий қайтадан жазылып шығады деген сөз жиі айтылады.
– Бәріміз күш сынауды киносценарийден бастадық. Елу алты жасында Шәкен Айманов өлді. Елу алты жасында Мәжит Бегалин өлді. Елу алты жасында Абдолла Қарсақбаев өлді. Сонда Олжастың айтқаны бар: «Ребята, сколько не пишите гениальные сценарий, они не нужны, потому что ставить их некому. Езжайте теперь по домам»,-деп.
Содан Олжас, мен, Асқар, Сайын, Әкім бар, түгеліміз киносценарий курсын бітіргенбіз, Жазушылар одағына қайта бардық.
Ал қазіргі киноларда қазақтың рухы да жоқ, «духы» да жоқ, таза қазақша «белиберда».
– Сіздің Бунин, Тургеневтен жасаған аудармаларыңызды жас кезімізде көп оқыдық. Қанық тіліне таңданатынбыз.
– Мынандай ұғым бар. Роман жаза беруге болады. Бірақ, өз стиліңді бекітуің керек. Толстой, Тургенев, Куприн, Буниндерді көп аудардым. Дегенмен Бунинге тоқтадым. Бунин 50 жасында «Академик изящней словестности» деген атақ алған адам. Әсем сөздің шебері. Айтуымыз керек, орыс прозасын қазақ прозасына алып келген Аймауытов. Ол –Әуезовтың ұстазы. 30 жыл бойы Аймауытовты оқи алмай қор болдық. Біз ол кезде осы заманғы стильді таптық деп мәз болып жүрсек, Аймауытов оны баяғыда тапқан екен. Орыс прозасын Аймауытов бүге-шігесіне дейін оқыған. «Орыс әдебиетінің алтын дәуірі» деген ұғым бар. Кейін тексеріп қарап отырсам қайдан келді деп, француз мектебінен келіпті. Ал Буниннің орыс әдебиетінің прозасына әкелген жаңалығы сол, ол прозаны қалай мәдениетті, интеллектуалды түрде жазу керектігін көрсеткен. Дүние жүзіне белгілі академик жазушы, Новель сыйлығын алған. Байқап отырсам, оның өзі ақын, өзі прозаик, бүкіл прозасы – поэзия. Бір абзацының ішінен-ақ орыс табиғатын көресің, Орыс әдебиетінде ондай ешкім жаза алмаған. Буниннің өзінің тегі қыпшақ. Оның жазғанынан поэзия иісі аңқып тұратыны содан.
Бунинді аударып керегі жоқ. Бунинді қазақшалау керек. Тілін, түрін, стилін сақтап. Қазақтың ұғымына, қазақтың көрермендік, «зрительный» зердесіне лайықтап. Бірақ, Ысқақовтың көзімен емес, Буниннің көзімен.
– Бунинді басқа түркі тілдес жазушылар аударды ма?
-Жоқ.
– Қазақ әдебиетінің болашағын қалай елестетесіз?
– Бүкіл түркі халықтарының ішінде қазақ – эпикалық халық. Ал эпикалық халық заманақыр болмай, еш уақытта өлмейді. Үш жүз жылда тапталып келген халық үш жылдың ішінде қалпына келе алмаса да, түптің түбінде қалпына келеді. Қазақ поэзиясы түркілердің ішіндегі ең үлкен поэзия. Ал прозамыз ақсап жатыр. Өйткені, жазушыларымызда ішкі мәнер жоқ. Жазудың ішкі техникасын меңгерген жоқ. Әйтеуір кітап шығару керек. Бір нәрсені шатастырамыз. Екі жанр бар. Көркем әдебиет. Журналистика. Журналистиканың орнын жазушы еш уақытта толтыра алмайды. Бір ауыз ақпарат жаза алмайтын жазушылар бар. Қазіргі қаламгерлер қазақтың көркем сөзін игере алмай жатып кеңселік сөзге ауысқан. Соның барлығы жауапкершіліктің жоқтығы. 15 жыл газетте, 24 жыл Жазушылар Одағында, 8 жыл кинода жұмыс істедім. Бірдеңені білген соң айтасың.
Ел тағдырын ойлаудан танбайды
– Алматыда тұрғаныма 62 жыл болды. Әлі күнге дейін өзімді вокзалда отырған сияқты көремін. Әлі күнге дейін мен Алматыға отыққан жоқпын. Бала-шағам отыққан шығар, мен отыққан жоқпын. Елдің тағдырын ойлаймын да жатамын. Бір Қатын-Қарағай емес, елдің тағдырын.
Қайбір жылы Шығыс Қазақстан облысында 366 ауылды аралап шықтым. Мәшинемен жүріп түк қоймай араладық. Менің Асқар Қабанбаев деген жиенім бар. Соны Мәжіліс депутаттығына өткізетін жылы. Келе жатасың, бір ауылға кірсең, бұрын 200 түтіні бар ауылдан екі-ақ үй қалған. Әлгі сықылды ауылдарға әсіресе түнде кіру қиын. Бейнебір көрге кіріп бар жатқан сияқтысың. Страшно. «Неужели, мынау менің ауылым. Әкеңнің…., Ысқақов, сен не бітіріп жүрсің?»,-деген сауалды сонда өзіме сан рет қойдым.
Елдегілер айтады: «Енді сен түк жазбай кетсең де саған разымыз, енді сен елді ойла»,-деп. Жасым жетпіс беске келді. Елдегі біреу қатынымен ажырасып кетсе де маған келеді.
– Былтыр Катон-Қарағайға жол түскенде сіздің Топқайыңда салынған ағаш үйіңізді көріп едік….
– Енді сендер елді аралайтын болсаңдар, Қалихан Ысқақ елде ме, жоқ па, соны біліп алыңдар. Ол елдің болмысын, парадигмасын менсіз сендерге ешкім айтпайды. Иә, елде ағаштан бір үй салып алғанмын. Оған өкіметтің бір тиын көмегі болған жоқ.
Біздің жақта Печи деп аталатын ескі кержақ ауылы бар. Ресей переселендері бұл жаққа шамамен 1730-шы жылдары келе бастаған. Кержақтар Бұқтырманың арғы, яғни, кері жағын, қазақтар бергі жағын мекендегін. «Кері жақ» деген атау содан шыққан. Кержақтар қазақтарды егін егуге, үй салуға үйреткен. Қазақтардан малдың терісі мен жүнін алып, пима басумен шұғылданған. Кержақтардың бүгінге жеткен ұрпақтарында әлі күнге дейін көне славян диалектісі сақталған.
Сол кержақтың амалымен үйдің қабырғасын белге дейін қызылқарағайдан, жоғары қарай қара самырсыннан тұрғыздым. Ерте кезде ағаш үйді қалай салған? Ағашты қар түсердің алдында дайындайды. Сонда ағаштың сөлі жерге сіңіп кетеді. Көктемде қабығынан тазалап, шауып, үй жинайды. Содан оны қайта бұзып, екі жылға суға тастайды. Содан судан алып қайта жинайды. Ол тағы екі жыл жел өтінде кеуіп тұруы шарт. Осыдан кейін қызыл қарағайды от та, оқ та, ара мен балта да ала алмайды. Бірінші Петрдің барлық кемелері осы алтай қызыл қарағайынан жасалған. Суда тұрған Венецияның да іргетасы алтайдың қызыл қарағайынан. Қандай мықты тасыңды да ылғал жеп қояр еді.
– Бірер жыл бұрын қазіргі ауылдың тіршілігі туралы «Келмес күндер елесі» атты романыңыздың үзіндісін оқып едік. Өз замандастарыңыздың ішінде бүгінгі ауылдың тіршілігі туралы өнімді жазып жүрген қаламгерлердің бірісіз. Сіздің пікіріңіз қалай, бүгінгі ауыл нарық жағдайына қалыптасып болды ма?
– «Келмес күндер елесі» – роман-эссе. Қоршаған орта, ел туралы, елдің азаматтары туралы дүние. Ал ауыл туралы пікірімді білгің келсе, абсолютно кері. Ал көшіңдер, қалаға барыңдар, деді, қалаға барды, жармысы қаңғыбас болып кетті, жармысы қылмыс әлеміне кіріп кетті. Бүтін бір ұрпақты жоғалттық. Ол туралы айтқам да, жазғам да. Бір ұрпақтан айырылдық. Енді келіп диплом алыңдар, ауылға барыңдар, үй салып береміз дейміз. Кощунственно! Ауылды жүз процент қираттық. Қаладағы өнеркәсіп орындарының анасын-мынасын арзанға сатып жібердік. Совхоздың директорынан бастап талан-таражға салды да, қашты да кетті. Олар да жарыған жоқ. Барды да, мәшине алды, үй сатып алды. Осымен байыдық деп ойлады. Оттапты!
Енді қазір соның барлығын көтермек. Ауылға көмек деп үш жылдық программа аясында ақша-көмек бөлді. Кім алды ол көмекті? Миллиондаған жері бар Кулагин алды, Терещенко алды, он гектар жері бар шаруа алды ма? Банкіге беретін жері аядай. Оны алмайды да кепілдікке. Алты гектар жерге егін сала ма? Ал азын-аулық астық алса, әдейі алмай қояды, арзан бағаға алып, спирт зауытына жібере салады. Арнайы, елді күйзелту үшін жасалған ба дерсің. Енді қайтып көтере алмай отырмыз ауылды. Бір мысал айтайын, Нигерия дейтін ел бар. Азып-тозып жұрттың бәрі қашты сол елден. Төңкерістен кейін шетелден инвестиция тартты да, екі жыл бойы ауыл шаруашылығына жұмсады. Енді Нигерияға қайтып келген елдің ағынын, инвесицияларды тоқтата алмай жатыр. Ал біз алдымен ауыл шаруашылығын құрттық. Ол кезде ауылда 69 пайыз қазақтар бар болатын. Содан 40 пайызы қалды. Ауылда қызмет қалған жоқ, жұмыс қалған жоқ. Кешегі совхозда директор, партком, рабочком, ветврач болатын. Кім бар қазір? Мектептен басқа ештеңе жоқ. Ауылға бір комиссия келсе, сол бейшаралар жүгіреді.Округтік әкім дейді. Қолында қаражаты жоқ. Беделімен ғана жұмыс жасап жатыр. Қайта ел кеңес кезінде тәуірлеу тұратын. Мал ұстайтын. Жұмыс болатын. Қазақстан мемлекетінің 90 проценті кедей қазір, 10 проценті миллионер, елдің өнеркәсібінің 98 проценті шетелдің қолында. Екеуі ғана өз ұлтымыздың қолында. Осыдан кейін қалай пессимист болмайсың.
– Қатты күйзеле сөйледіңіз. Ауылда ағайындарыңыз қалды ма?
– «Свободный человек в свободном государстве» деген Писаревтің сөзі бар. Ішіңе симаған соң айтасың. Ауылда жалғыз жиенім қалды. Немере інім бар еді, 2010-шы жылы баласымен мәшиненің апатына ұшырады. Ана жылы ауылға келсем, ауыл тозып кеткен. Ақсақалдар кеңесіне қатыстым. «Қалихан, сен өкіметтен сыйлықтың бәрін алып болыпсың. Енді сен түк жазбай етсең де біз разымыз, мына ауыл азып кетті. Осыны түзет»,-деді. Содан бес жыл уақытымды бүкіл Катон-Қарағай ауданы аумағын ұлттық парк аумағына жатқызуға сарп еттім. Соны ұйымдастыруға жұмсадым. Қарасам, қарағайдың бәрін кесіп Қытайға сатып жатыр, ағаш үйлердің барлығын құлатып Қытайға жіберіп жатыр. Метте бастаған жұрт. Калмыков деген бір кесек шенеунік.
Ауданның бұрынғы басшыларын пайдаланып, жоғары элита парктің бір пұшпағын меншіктеп алған. Иесіз қалған соң Ресейдің азаматтарына сатып жіберген. Ресей банктерінде кепілде. Атақты Рахман қайнары – Тәңірсудың басына осы кеп киілген.
Бес жыл бойы қалам тартқам жоқ. Бес жыл бойы Президентке, Парламентке дейін хат ұйымдастырып, Сол кездегі Мәжіліс депутаты Асқар Қабанбаевтың, көптеген халықаралық экологиялық жобалардың авторы Талғат Кертешевтің араласуымен Берлиндегі халықаралық табиғат парктері орталығында тіркедік. Ол ЮНЕСКО-ның қамқорлығында. Бұрынғы Катон-Қарағай ауданының аумағы ұлттық мемлекеттік парк болғаннан кейін шлагбаум салынып, тірлік қайта басталды. Қазір Катон-Қарағайдың ғажап табиғатын зерттеуге жыл сайын 2,8 миллион еуро бөлінеді. Қазақстан үкіметі де аз ақша бөлмейді. Бүгінде ұлттық паркте 500-ден астам адам жұмыс жасап жатыр. Алтайды екінші Швейцария деп атау үрдіске айналып кеткен. Ал жаңағы Берлиндегі орталықтан келген мамандар Швейцария Алтаймен салыстырғанда жасандырып киіндіріп қойған қуыршақ сықылды, Алтайдың қасында жіп есе алмайды деп баға беріп отыр.
Дегенмен ауылдың аяғына тұрарына сенемін. Қазір Катон өңіріндегі төрт мықты кәсіпкердің аттарын айтып өтуім керек. Катон-Қарағай автожол корпорациясының Бас директоры Темірбек Исабаев, ірі шаруа қожалықтарының басшылары Тоқтасын Қалибеков пен Толқын Райысов, «Ақсу» акционерлік қоғамының бас директоры Асқар Қабанбаев. Осы азаматтар ауылдық жерлерде мектеп, клуб, мешіт салып, ауылды көтеріп жатыр. Темірбектің төрт асфальт зауытында жарты мың кісі жол құрылысымен айналысады. Жол болса, жағдай сөзсіз түзеледі.
Мен елге барғанда демалуға бармаймын. Барғанша уайымдап барып, қайтқанда жылап қайтамын. Осы 75 жасымда қарық боп жүр деп ойлаймысыңдар. Лауреат та болдық, қайраткер де болдық, халықаралық сыйлықтың лауреаты, Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, екі ауданның құрметті азаматымын. Университтеттің құрметті профессорымен. Осының бәрі қара басыма неменеге?! Бала-шағаның тіршілігін ойлаған емеспін. Алматыда жатып миымда тек қана ел тұрады. Соның уайымын ойлап жатамын. Бұл уайым менде ғана емес шығар. Уайымын білдіре алмай жүрген қаншама азамат бар.
– «Тұйық» романындағы мылқау жігіттің кебі ме?…
– Неге ол мылқау болды. Бір ауыз сөзі жоқ мылқау заман еді. Ерліктің барлығы ол кезде ел үшін, жеңіс үшін жасалды. «Ақсу-Жер жаннатын» оқыдыңдар ма? «Ой беда, ой, беда!» деп орыс қатынның ойбайлайтыны бар. «Беу, ақсақ дүние!»-ні оқыдыңдар ма? Расымен де бір ақсақ дүние. Мен оны юмормен жаздым. Баяғыда Сәуірбек Бақбергеновтың айтқаны бар: «Мына Қалихан қайда туып, қайда өскен? Партия, совет туралы, ең болмаса кәсіподақ туралы бір ауыз сөзі жоқ…»,-деп. Сол Сәуірбек сынға алған романымды Жұмекен Нәжімеденов күні-түні бас алмай оқып шығып: «Әй, жынды, мынауың дұрыс екен…»,-деп баға берді. Он шақты сөйлемін ғана түзетті.
Бердібек облысқа ұлттың иісін алып келді
– Менің ағайындарымның бірі Әбдікерім Ережепов деген кісі Семейде 1920 жылдары Алаш партиясының программасын қабылдаған кезде Әлихан Бөкейхановқа қосымша баяндамашы болған. Кезінде Алаш партиясының мүшелерін Сталин әкесін танытып репрессияға үшыратты.
1920 жылы Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан облысы үшеуін Совнаркомның қаулысымен Ресейге қосып жіберген. Лениннің қол қоюымен. Губоблисполкомның төрағасы болып жүрген Әуезов Новосібірде 6 ай бойы дискуссия жасап, тарихи жағынан ол жердің қазақтың жері екенін дәлелдеп бергенен кейін Булгаков Ленинге барып сұрайды, сонда Ленин жарайды, қалса қала берсін дейді. Ол туралы Әуезов өз өмірбаянында еш уақытта айтқан емес. Бірақ үш облысты қорғап қалған Әуезов еді. Облыста Метте, Храпунов басшы болып тұрғанда сол Әуезовке Өскеменде бір ескерткіш қоя алмадыңдар дегем. Кейінгі келген басшылық соның барлығын ескерді. Өскеменнің төріне ешкімнің түсіне кірмеген Абай ескерткішін қойды. Пушкиннің ескерткішін қойды қатарластырып. Пушкин орыс емес, араб қой. Мұны өзіміз іштей ғана түйсінеміз.
Енді сол Сапарбаевтың үстінен арыз жазылып жатыр. Орыстар жағы «бізді қысып жатыр..»,- деп. Семейліктер «бюджеттен қысып жатыр..»,- деп. Ал екі облысты қосудың үлкен саяси мағынасы болғанын неге ескермейміз? Орыстанған Өскеменде бұрын 8 процент қазақ болған. Қазір 38 процент. 5 жыл бойы еңбекақысын ала алмаған, 5 жыл бойы пенсиясын, жәрдемақысын ала алмаған Семей қазір алып отыр. Тозып кеткен, кедейленіп кеткен қала жандана бастады. Елге шыққанда мәшиеннің рөлінде келе жатып жылап отыратын едім малы азайған қу мекиен даланы көріп. Қазір дала малданып жатыр.
Бердібек облысқа ұлттың иісін алып келді. Қазақ деген ұлт бар, қазақ деген халық бар. Саяси науқанға келгенде, қазақтың халі белгілі. Біз ұлтпыз деген сезімді енді ғана сезіне бастадық. Өскеменде Абай ескерткішін ашқанда бір орыс болған жоқ. «Молчаливый протест» дейді мұндайды. Бірақ ертең бұл басылады. Бұлар соншалықты биинттеллектуал адамдар емес шығар.
Мұнай дейміз, бірақ Шығыс Қазақстандағы түсті металдың құны сол мұнайдан әлдеқайда жоғары. Шығыс Қазақстан байлығы жағынан мұнайлы аймақтардан екі есе асып түседі. Уран, түсті металл, алтын, қорғасын, мырыш… Совет кезінде осы байлықтың 95 проценті шетке аттанып жатқан. Соны біліп елге шын қызмет жасайын деп отырған жігіттерге қарсылық жасалады. Өз ішімізден.
Осыған күйінесің.
Сайлау Өміртай.,
Семей, 2010 жыл.