Берік Құдайбергенұлы Омаров Аягөз өңірінің тумасы. Семейдегі Ш.Құдайбердиев атындағы №5 орта мектептің және Алматыдағы Өнер академиясының түлегі. Бүгінде Ә.Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі. Ж.Елебеков, К. Әзірбаев, Ә.Қашаубаев, Ә. Найманбаев атындағы республикалық және «Шабыт», «Ертіс әуендері» фестивалдерінің, т.б ән сайыстарының лауреаты. Концерттік сапарлармен Ресей, Қытай елдерінде болып, көптеген отандық телеарналардың жобасына қатысқан. Дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орыны бар, «ҚР мәдениет саласының үздігі» Берік Омаровпен арадағы сұхбатымызды көпшілік ұсынбақпыз.
- Берік Құдайбергенұлы, сіз, әншілік өнердегі тұлғаңызды қалыптастырған кәсіби мамансыз. Әңгімені осы өнерге қалай келгендігіңізден бастасаңыз?
- Бұл сұрақ маған балалық шағыма оралуыма, мектеп кезіндегі оқушы Берік қандай еді деген сұрақпен өткенге ой жүгіртеді…
Ата-анам «балаларым орысша білсін» деп Семей қаласындағы №5 мектепке берді. Жоғары сыныпқа көшкен соң, мектепішілік шараларға белсене қатыса бастадым. Домбыра үйірмесіне қатысып, оркестрде бас домбырада ойнадым. 7-сыныпқа келгенде «ән айтып көр» деп ұстаздарым әнге баули бастады. Содан бастап, оркестрдегі орнымды босатып, әнге көштім. Мектеп бітіруге соңғы жыл қалғанда қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі «Болашақта кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздырғаны есімде. Артынан ұстазым – Бағила Сайлаубайқызы сабақтан кейін мені алып қалып: «Алматыда әншілерді оқытатын «консерватория» деген оқу орыны бар. Сол жерде жерлесіміз Жәнібек Кәрменов деген ағаңа хат жазып жіберемін. Сен сол оқуға барып, бағыңды сынап көр» деп кеңес берді. Сонымен ұстазымның сөзі қолдау болып, мен сол оқу орнына баруға бел будым. Өкінішке орай, сол 1992 жылы мені ұстазым аманат қылмақшы болған Жәнібек Кәрменов жолапатынан қайтыс болды… Дегенмен, «тәуекел» деп мектеп бітірген соң, үміт арқалап Алматыға аттандық…1993 жылы екінші қайтара барып, консерватория студенті атандым. Бекболат Тілеухановтың төл шәкіртінің бірі болдым. Оқу барысында айғалағанның бәрі әнші емес екенін ұқтым. Әнші болу үшін көп тер төгу керегін, кітап оқып, сал-серілердің өмірін, олардың заманының қиындығы мен қасіретін барынша зерттеп, таныс болу керегін түсіндім. Қ.Байбосынов, С.Жанпейісова, Б.Жүсіпов, Е.Қосбармақовтардың алдында емтихан тапсырып, қатемізді түзеттік… Бекболат ұстазым айтушы еді «Адамға Алла бір-ақ пайыз өнер береді, тоқсан тоғыз пайыз өзің еңбекпен толтырасың» деп. Әншіліктің шыңына шықтым деп айта алмаймын. Әлі де іздену үстіндемін.
- Ән қоржыныңызда қандай әндер бар?
- Ән қоржынымда Абай, Шәкәрім, Біржан сал, Ақан сері, Абайдың ақын шәкірттерінің ішінде Балуан Шолақ, Мәди, Үкілі Ыбырай, Естай, Әсет, Майра сияқты 18-19 ғасырларда өмір сүрген барлық әнші-композиторлардың және 70-80-ші жылдар мен қазіргі сазгерлердің әндері бар.
- «Эстрада жұлдыздарына қарағанда дәстүрлі әншілердің танымалдылығы аз. Олар эстрада жұлдыздарының көлеңкесінде қалып қойып жатыр» деген пікірмен келісесіз бе? Дәстүрлі әншіге танымалдығы туралы не айтасыз?
- Кезінде ата-апа, әке-шешелеріміз асыға тосып көретін «Тамаша» еді. Сол Қ.Сұлтанбаев, Т.Құлыбаев және тағы да басқалар ойнаған тамашаның арасында үкілі домбырасын ойнап Қ.Байбосынов, Қ.Бекбосынов, Қ.Құлышевалар ән шырқайтын. Қазіргі ойын-сауық бағдарламалардың барлығын алып қарасаңыз домбыра ұстаған бір әншіні микроскоппен іздеп таба алмайсыз, тек эстрада «жұлдыздары» ғана ән салып жатады. Сонда сол әзіл-ысқақ қойылымның арасында дәстүрлі ән айтуға болмай ма? Домбырамен бір әнші шықса қойылымның мәні кете ме? Сәні бұзыла ма? Керек десеңіз халық әндері, халық композиторларының әндерінің ішінде әзіл әндер де жетерлік. Ол әнді жеріне жеткізіп орындайтын әншілер де бар. Бұл арада «халық сұранысына ие бір-екі жұлдызды шақырсақ, халық соларды көру үшін келіп, залды толтырады. Табысқа кенелеміз» деген жеке бас қамын көздеген мақсат қана тұр. Дәстүрлі әншілерге танымалдылық керек! Бірақ біз барып ән салатын, бізге арналған телевизиялық бағдарламалар бүгінде жоқтың қасы. Кезінде барып қатысқан «Алтыбақан», «Ауылдың алты ауызы», «Жеті саз» сияқты бағдарламалар архивке кетті. Ұзын сөздің қысқасы «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, біз қазақ деген ұлт болып қалу үшін, ұлттық өнерімізді жас ұрпақтың құлағына сіңіріп өсіруіміз керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да көздегені осы. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы да осы ұлы мақсатта жұмыс атқаруы қажет деп санаймын.
- Бүгінгі жаһандану дәуірінде, қоғамның рухани күйзеліске ұшыраған кезеңінде дәстүрлі әннің қазақ қоғамындағы орны қандай?
- Біз әлі рухани күйзеліске ұшыраған жоқпыз, оны бетін аулақ қылсын. Өзінің ұлттық бояуы бар музыкасынан айырылып қалған еуропалықтар қазір жан ұшырып шөп арасынан ине іздегендей күй кешіп отыр. Азиялықтар ұлттық нақыштағы ән-әуездерімен еуропалықтарды тамсандырумен келе жатыр. Олар бізге қызыға да, қызғана қарайды. Сондықтан да біз ұлттық бейнемізді сақтап қалу үшін қазіргі эстрададан бойымызды, құлақ, жан-жүйемізді аулақ ұстап, ұлттық аспаптарымызбен орындалатын ән-күйлерімізді насихаттауды күшейтуіміз керек. Еуропалықтарды қазіргі эстрада «жұлдыздарымызбен» таң қалдыра алмайсыз. Ол дәлелденген. Мысалға Францияға он эстрада «жұлдызымызды» апарып, арасына бір домбырамен ән айтатын әншіні қосып кеп жіберсеңіз, домбыраға бәрі таң қалып, онымен ән салған әншінің дауысына, дауыс бояуына екі таң қалып,«бис» пен «бравосын» жаудырар еді де, эстрада әншісін тыңдамай қояр еді. Солай, біз елде жүріп, сырттан келген кірме өнерге төрімізді босатып беріп отырғанымызды әлі толық сезінбей жүрміз. Тағы да айтамын, біз әлі рухани тоқырауға ұшыраған жоқпыз. Бірақ, осылай арзан әндердің, эстраданың жетегінде кетіп, ұрпақты аздырып алсақ, оны қайта қалыпқа келтіру қиынға соғары хақ.
- Берік Құдайбергенұлы, ұлттық құндылықтар мен ұлттық өнер сіздің отбасыңызда қалай көрініс табуда? Отбасы мүшелеріңіздің өнермен байланысы қандай?
- Бабалардың аманатын «көздің қарашығындай сақтайық» деген ниетпен, жанұямызбен өнерге үлкен құрмет, махаббат, ерекше ілтипат сезіммен қараймыз. Балаларымыздың көңілінде, құлағында жүрсе екен деген оймен жарым екеуміз елімізде танылған, енді танылып келе жатқан кез-келген өнер насихаттаушысының, ол мейлі дәстүрлі әнші, күйші, эстрада не опера жанрының орындаушысы болсын, сол өнер иелерінің аттарын айтып, өнерлерін «өзімізше» ортаға салып, талқылап отырамыз. Біз дәстүрлі өнерге үңілген кезде, біреудің қателігін немесе артықшықшылығы мен жаңа заманға сай жаңашылдығын көріп жатсақ, оларды да балаларымыздың құлағына құйып отырамыз. Құдай қосқан жұбайым Меруерт те Алматыда Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжі, дәстүрлі ән сыныбының түлегі, Қ.Байбосынов, Р.Стамғазиевтердің шәкірті. Содан кейін де болар, үлкеніміз Дарын «өнер жолын жалғастырамын» деп ниет білдірген соң, 9-сыныптан кейін Астанадағы «Шабыт» Ұлттық Университетінің колледжіне жіберген едік. Бүгінде колледжді тәмәмдап, университеттің өзінде білім алып жатыр. Ұлымыздың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Біз әншілік жолда болсақ, ол күйшілікті таңдады. Одан кейінгі қызым Бота домбыра ойнауға бейімделе алмаса да, өнерден кенде емес. Эстрадалық бағытта мектепішілік, қалалық, облыстық республикалық байқауларда өнерін көрсетіп, қуантып жүргені бар. Жақында ғана республикалық Абай оқуларында эстарада жанры бойынша жүлделі орынды иемденді. Одан кейінгі кенжеміз, кішкентайымыз – Айару. Оның болашағы алдағы уақыт еншісінде.
- Жаңа сіз осы өнерді жастарға насихаттау жайлы сөз қозғадыңыз. Осы тұста қазақтың дәстүрлі ән өнерін жастарға, шет елдерге дәріптеу елімізде қаншалықты қолға алынған деп есептейсіз? Сонымен қатар, осы өнерді ары қарай жалғастыратын «жас ізбасарлар» деп кімді айтар едіңіз?
- Дәстүрлі өнерімізді өз елімізде насихаттау жағы кемшін соққанымен, сол оқу орындары жұмыс істуін тоқтатқан жоқ. Керісінше, кей аймақтарда арнайы оқу орындарында дәстүрлі ән сыныптары ашылып жатыр. Біз түрлі интернет желілер арқылы ән-күйімізді жазып, таратудамыз. Шет елдік қаншама интернет достарымыз бар (күліп). Осылай ұлттық ән-жырымызды шамамыз келгенше насихаттап жатырмыз деп есептеймін. Бұл насихатымызды тоқтату ойымызда жоқ. Ізбасар әнші бауыр, қарындастарымыз көп. Бірін айтсам, екінші қалып қоюы мүмкін. Сондықтан ешкімің атын атамай-ақ қояйын. Бір ғана мысал, жыл сайын әр облыста өтетін республикалық дәстүрлі әншілер байқауында 30-40 шақты әншілер қатысады екен. Бұл аз емес, әмісе көбейе беруін тілейік.
- Қырықтың қырқасындағы әнші ағаны уақыт өткен сайын қандай ойлар мазалайды. Не бітірдім, неменеге үлгермей жатырмын дегендей, құпия болмасы алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Ақиық ақын Мұқағали да: «Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған, Баяғы бала мінез бала тұлғам, Дәл осылай он алты жасымда мен, Басымда түн өткеріп таңатырғам» деп, қырық жасқа келсе де өзін күш-қайраты, желік-жігері бойында он алтыдағыдай сезініп жырлаған ғой. Сол сияқты, біз де өзімізді әлі он сегіздегідей сезінеміз. Көңілімізде ондай үлкен жасқа орын жоқ сияқты (күліп)…Бірақ, шынтуайтына келгенде, қырық та бір белес. «Отызда орда бұзбаған қырықта қамал алмайды» деген сөз бар халқымызда. Бұл уақытқа дейін не тындырдық, не істедік деген кезде, республикалық байқауларға қатысып, өзімізді өзіміз сынаумен келген екенбіз. Деңгейіміз де сол байқаулар арқылы белгілі болды. Одан кейін, жұмыс орнымыздың тапсырмасымен республикалық, халықаралық деңгейдегі маңызды, үлкен концерт-жыйындарға қатысып жүрміз. Бірақ бұның барлығы да болашаққа із болып қала алмайтынын да білеміз. Әрине, кез-келген өнер адамы артына із қалдырғанын қалайды. Өнер адамының ізі, ол – шәкірті ғой. Сондықтан, шәкірт тәрбиелеу арқылы ұлтқа қызмет етсек деген жоспарлар бар. Ұлттық өнерде, дәстүрлі әнде жүрген әр өңірдегі аға-апайларымыздың барлығы да шамалары келгенше заман талабына сай өнер мектептерін ашып жатыр. Сол сияқты өзіміздің де «өнер мектебімізді ашсақ» деген жарым екеуміздің жоспарымызда жоқ емес. Әніміз бен күйіміз бар, қобыз, жетіген сынды ұлттық аспаптарды жастарға үйретіп, кейінгі толқынды ұлттық өнермен сусындатып, тәрбиелесе, сол арқылы өз таланттарын ашып жатса,оған біз себепкер болып биік деңгейлерге жетуіне қолғабыс тигізсек деген ниеттеміз. Алла қаласа, ол да іске асып қалатын шығар.
Үлкен балам Дарын күй өнерінен республикалық, халықаралық байқауларды бағындырып келеді. Байқаулардың деңгейінде шектеліп қалып қоймай, Қазақстанға аты мәшһүр күйші болса екен деген тілек, арман бар. Ұлттық өнерді ұлықтап, жер-жерді аралап концерттерін ұйымдастырсақ деген жоспарлар бар.
Қазақтың маңдайына біткен, тума талант иесі, жас та болса әлемді бағындырып жүрген Димаш Құдайбергеновтың ең бірінші қолдаушысы, қазіргі тілмен айтқанда продюссері – өзінің әкесі. Сол сияқты ұлымызға да шамамыз келгенше бас-көз, демеу болып, баспалдағын бастап берсек, ары қарай жақсы бір продюссердің қолына табыстасақ деген ойдамыз.
– Домбыра үніне, дәстүрлі әнге құмар жандардың құлақ құрышын қандырып келе жатқан еңбегіңізге табыс тілеймін. Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Назерке Қайролданова,
Семей қаласы.