Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Қайнар Олжаев: «БАЯН СҰЛУДЫҢ» БАСТЫ САБАҚТАРЫ

Қайнар Олжаев: «БАЯН СҰЛУДЫҢ» БАСТЫ САБАҚТАРЫ

Осы сериал қалай көрсетіле бастады, солай лап ете қалған дауға қатысушы да, арашашы да емес едік. Түрлі себептерге орай. Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Өмір Шыныбекұлы өз постының астына «бұл жәйтке Бейсен Құранбек пен Қайнар Олжай сынды мамандар не дер екен» деп сауал тастағанда пікір білдіруден бой тарттық.
Енді осы талқылауды бастаушылардың бірі, қаламгер қарындасымыз Анар Төлеуханқызы Төлеухан өз парақшасында «Қайнар Олжайға хат» жариялапты. «…Заманалар көшінен көнермей, қайта жауһардай жарқырап, ұлттық мақтанышқа айналып “Қозы Көрпеш-Баяндай бір молада өлсек-ай” дейтін махабаттың символына, сұлулықтың символына кір жағылды. Көңілдердің төрінен орын беріліп қастерленген бейнеге Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша пародия түсірілгеніне жан ауырды. Кейбіреу үшін қоғамда бұдан да өзге проблемалар жетіп артылып жатқанда бір шыққан хикаяттың соңынан қалмағандай көрінсек те, қазіргідей қазақы қалып, қазақ тілі, қазақ рухани əлемі өлара кезеңде, сын сағатта тұрғандай уақытта ұлттық қазынаны қолжаулыққа айналдыру түбі неге апарып соқтырады деген қауіпке толы ой маза бермейді.
Қадірлі Қайнеке! Сіз осы əлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, əрі ана тілдің жанашыры, əрі өзіңіздің біліміңіз бен білігіңізді, мол тəжірибеңізді, қаламыңыздың қайратын кейінгі буынға жомарттықпен жұмсап, осы желіде дəріс те беріп жүрген жансыз. Артынан ерген ізбасарға ізашар көрсетер сара жолды қасқайып салып келесіз. Сонда деймін-ау, Қайнар аға-ау, өзіңіз еңбек ететін арнадан осындай жосықсыз жолдың жасалуы қалай? Көркемдік кеңес деген жоқ па? Бар болса мұны қалай жіберді? Ал жоқ еді десеңіз оның мəнісі қалай, сонда эфирден өтер дүниелерді ешкім тексермей ме? Не айтасыз бұған?»
Енді шегінер жер қалмаған. Бұл сериалды істе татығысыз еткен Қазбек Исаның, Өмірзақ Ақжігіттің, Айгүл Болатханқызының, Бақыт Жаншаеваның және басқалардың пікіріне қанықпыз. Қорғап шырылдаған жақтан да ондаған постарды оқыдық. Өз ойымыз өзімізде ғана еді. Қажеті болса кейін, жылдар өткен соң телевизияға қатысты әлдебір ақыл-кеңес, пайымдау кітабымыздың бір тұсында мысал ретінде еске түсірерміз деп жүргенбіз. Жоқ, майдан шебі тура іргемізге тірелген көрінеді. Айтайық.

1. Баянға байланысты
Баянды ежелгі Есентаева, бірер маусымдық Мақсатқызы, берідегі Алагөзова кезінде бір көрмеген екенбіз. Тіпті телефон, тым құрмаса гаджет арқылы тілдеспегенбіз. Ой-арман, мақсат-мүдде, көзқарас пен қызығушылық, тіл мен діл және басқасының ешбірі ортақ болмағаннан шығар. Фейсбук, инстаграмдағы жазылушысы емеспіз, кітабын қолға ұстамадық. Ол ойнаған, әлде түсірген фильмдердің ешбірін көрмедік. Шығарған эстардалық па, басқа ма топтарының бірде-бір концертін тамашалаған жоқпыз. Оның қыздары (үйіндегі емес, құрған топтарындағы) айтқан әндерінің тыңдаушысы емеспіз. Бір елде, тіпті бір қалада шығар, өмір сүрсек те, бір сала – телевизияда жүрсек те жүздеспеппіз. Екеуміздің әлеміміз екі басқа екені хақ. Сондықтан Баян қандай продюсер, қаншалықты маман деген сұраққа еш жауабымыз жоқ. «Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған» деген мақалды Баян мен ол түсірген «Баян Сұлу» сериалына қатысты қолдануға бола ма, болмас па, ол жағын білмедік. Сонымен нүкте!
Келесі сөзіміз Ерлан Қаринға қатысты

2. Қаринға қатысты
Иә, бұл күндері (2017 жылғы желтоқсанның соңынан 2018 жылғы қаңтардың басында) Баян Алагөзовамен қатар Ерлан Қаринның бақшасы түтіндеп жатыр. Әлеуметтік желіде тағы да екі жақ бір-біріне жеңістік берер емес. Біз не дейміз?
Объективті себеппен ештеңе дей алмаймыз. Себебі, қазір Қарин басқарма төрағасы болып отырған корпорацияның қызметкеріміз. Оның көзқарасын ресми түрде қолдауды да, даттауды да өз моралімізге жат деп санаймыз. Күндердің күнінде Ерлан Тынымбайұлы бұдан да жоғары басқа мансапқа жетіп (лайым солай болсын, қабілет-қарымы жеткілікті жігіт) жатса, яғни қол астында істемейтін болсақ, қызметін, тұлғасын бағалар едік.
«Қол астында» дегеннен шығады, Ерлан Қарин ертеректегі сұхбаттарының бірінде өзін телевизияға тартқан біз екенімізді ауызға алған. Рахмет! Бірақ, онда штаттағы қызмет емес, бар болғаны «Хабар-2» арнасындағы шетел шолуына арналған бағдарламаның жүргізушілігі еді. Соның өзін ұмытпаған!
Субъективті себепке келсек, біздің бағалауымыздың бұл азаматқа қажеті шамалы. Өзін танытты. Президент Әкімшілігі, «Нұр Отан» партиясы орталық кеңесі сынды салмақты да салиқалы мекемелерде жауапты қызметте жүрді. Қазақ стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. Демек, қатардағы журналист Қайнар Олжай қалай бағаласа да, одан Ерлан Тынымбайұлының жүгі де ауып қалмайды, тасы да өрге домаламайды.
Кісілік «лайк» санаумен өлшене бастаған мына заманда жағымпазданудың жөнін таппадық. Бір ұжымда қызмет істеп отырып бет жыртысуға ар-ұят деген қазақы қасиеттерден аттап өте алмасымыз және анық. Сонымен нүкте!

3. Басқаларды бақылағанда
Жоғарыда қаншама постар мен комментарилерді көзіміз шалған дедік. Арасында жөндісі бар, жөнсізі бар. Қисындысы бар, қисынсызы бар. Бір ғана нәрсені аңғардық: ежелгі дастан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» бүкіл қазақ білетін болып шықты. Тіпті орыс тілдісі де. Серік Абас шах досымыз ара-тұра «ғажап» деп комментарий қалдыратын. Мынау – нағыз «ғажап».
Мектепке бармай тұрып үйдегі жалпақ, қоңыр мұқабалы кітаптан ежіктеп оқығанбыз. Бастауыш кластардан кейін судыратып оқыдық. Жазғы каникулда Боғас деген өзеннің бойында ауылдың сиырын кезекпен бағатынбыз. Сонда талдың көлеңкесінде, судың жағасында маса мен сонаға таланып жатып та оқығанымыз есімізде. Мектепте Зүбайла мұғалім «осы дастаннан әр оқушы кемі он шумақ жаттап келсін» деп үйге тапсырма беретін, ал класта тақта алдына шығарып «Қозы мен Қодарды салыстырып сипаттандар» деп тағы талап ететін.
Ақыр аяғында университетте «Қазақ ауыз әдебиеті» пәні бойынша алдыдан шықты. Бұл жолы ең елеулі, толық дастан деп ғылыми түрде танылған Жанақ ақын қалдырған нұсқаны басқалардікімен жарыстыра талдаған – профессор Сұлтанғали Садырбаев. Жарықтық қызық кісі еді. Жырды түсіндіріп тұрып «Қодар өзі қазған қырық құлаш құдықтан шығар деп Баянға жалынады,- дейтін. -Баян бұрымын төмен тастап Қодар содан ұстап тырмасып шығып келе жатады. Тура жер беті, жарық дүниеге жақындағанда Баян мұны шығарсам ба, шығармасам ба деп ойланады. Сосын қайшыны алып өз бұрымын өзі кесіп жібереді. Қодар қырық құлаш терең құдыққа қайта құлайды». Осылай деп Сұлтекең өзінің алдындағы үстелге үңілетін келіп. Тура қырық құлаш құдықтың түбіне қарағандай.
Байқасақ, тура осылай бес рет оқып, жырды жатқа айтпаса да толық білетіндердің салиқалы сөзі бар да, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп жазып жатқандар бар. Соңғысы көптеу сияқты сияқты. Бәрібір жүздеген посты біз емес, уақыттың өзі-ақ жарыстырады. Құнды, салмақтысы жарқырап сақталады, жаңқа, қоқымы ағыспен бірге жоқ болады. Жыр ғана емес, корпорация өміріне қатысты да нақ көрсеткен мен долбарлап нұсқаған пікірлер жыртылып айрылады.
Кейбір қисынсыздарына назар аудартайық. Біреу мақтағанның жөні осы екен деп «Ерлан Қарин 25 жыл бойы ауыспаған логотивті өзгертті» деп соғып жіберіпті. Бұл енді – мүлде жойдасыз пайым.
Біз корпорацияға Есетжан Қосубаев басқарған кезде келдік. Ол тұста екі әлде үш ақ жолақпен отау үйдің сұлбасын танытатын логотив болды. Қосубаевтан, оның алдындағы Сатыбалдиев, Көпішевтерден бұрын Ләйла Бекетова жасатса керек. Бастапқыда ішінде «1» деген цифр тұрған. Ежелгі көрермендердің «Қазақстан Бір» деп қалатыны содан. Біз осында Жаңалықтар қызметін басқарған Қосубаевтың тұсында ортасындағы цифры алынған отау тәріздес логотив тұрды.
Басшылыққа Ғалым Доскен келген соң бұл таңба ту ұстаған салт атты бейнесіне өзгертілді. Тұтастай ребрендинг сәтті еді. Бағдарлама соңындағы титрлар, эфирге шыққанның кім екенін аңғартатын субтитрлар, аңдатпалар бір жүйеге түсті. Тек, бұл байрақ ұстаған салт атты таңбасы қазақтан әріде тасқа қашалғаны талассыз. Тұтас түркі халықтарының ортақ телевизиясы ашылатын болса, тура осы логотивті қайта тірілтуге болар еді деп ойлаймыз.
Нұртілеу Иманғалиұлы басқарған кезде логотив ұлттық қошқар мүйіз түріне ауысты. Жанай Омаров төраға болғанда енді ашылған «Балапан» арнасының логотивін жасатты да, «Қазақстанның» таңбасына қолын тигізбеді.
Нұржан Мұхамеджанованың басшылығының бірінші бөлігінде қошқар мүйіздің бояуы бұрынғыдан қанық бола түссе, екінші бөлігінде «Қазақстан» жазуы жіңішке жолақ түріндегі көк пен сары түс аясына орналастырылды. Бергі Қарин жасатқан логотив көп назарында.
Біздің айтпағымыз: мақтау да, даттау да жөнімен болғаны ләзім еді. Бірақ, мына ала топанда телевизия тарихынан, оның ішек қырындысынан хабары барлардан гөрі ішкі есеппен айғайлап қалушылар басым сияқты.

Мақтау мен даттау демекші, Қадыр марқұмда ұмытпасақ, «Бата» аталатын өлең болушы еді.
Балам, озық өрен бол,
Қыз көзіндей терең бол.
Даттады ма құлақ сал,
Мақтады ма керең бол!
Есте ұстар нәрсе – бұл. Сол «Батаның» арғы жағы:
Күтіп тұрса тыста қол,
Басқаруға ұста бол.
Кенен ойға ұзын бол,
Қызыл тілге қысқа бол!- деп жалғасатын.
Дәл қазіргі дауда ең қажетті тілек еді. Бірақ, бергі Қадыр не, арғы Абай, одан арғы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» көтеріп ұстайтын байрақ емес, қол сүртетін шүперекке айнала бастаған дәуірде «кенен ойға ұзын, қызыл тілге қысқа болу» – ең қиыны екен. Жалғыз риза болған комментариіміз – Жұлдыз Әбділданың «мен үнсіз қалғанды жөн көрдім» дегені.
Келесі сөз жұртшылықтың жадысы жайында
(Жалғасы бар)

Қайнар Олжаевтың Фейсбук парақшасынан

https://www.facebook.com/kainar.olzhaev/posts/1560327527368651

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation