Семей шаһарында тұңғыш рет үш тілде өткен пікір-сайыс турнирі өз міресіне жетті. Негізі, дебат ойындары — сөзді «қиыннан қиыстыратын» тіл жүйріктерінің идеялар шайқасы. Кандай тақырыпта болсын өз ойларын еркін жеткізіп, түйіткілді мәселелердің шешімін табуға талпынатын белсенді жастар қауымы. Кез-келген уақытта ұтымды шешім қабылдай алатын азаматтарды тәрбиелеуде шешендік өнердің, соның ішінде пікірсайыстың атқарар рөлі орасан. Жылда Қазақстанның әр аймағында сөз қасиетін шебер меңгеруге талпынған ораторларды бір жерге тоғыстырып, өз араларында мықты фракциялар мен ең үздік спикерлерді анықтау үшін көптеген турнирлер өткізіледі.
Осындай жарыстың бірі Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде «Мәңгілік Ел жастары» атты Республикалық пікір-сайыс турнирі ұйымдастырылды. Бұл дода Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен Астанамыздың 20 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кубогіне арналған. Аталған аламан қазақ, орыс және ағылшын лигаларының басын бір жерге тоғыстырған Республикада биылғы алғашқы турнирлер болса, үш тілде өтетін пікір-сайыс Семей шаһарында тұңғыш рет болып отыр. Жарысқа еліміздің әр түпкірінен келген жалпы саны 60-қа жуық фракция арасында «кім мықтыны» анықтауға мән берілді.Тартысқа толы өткен турнирдің іріктеу және финалдық ойындары Британдық Парламенттік форматында (БПФ) ойнатылды.
Қатысушылар сайыс барысында «Б.П Біріккен Ұлттар Ұйымы ретінде Күрдістан аймағы мен күрд территориясының тәуелсіз мемлекет болғанын қолдайды», «Б.П жәбірленуші тарапынан кешірім жасау, қылмыстық жауапкершілікті жояды», «Б.П Жасанды интеллектің дамуына тыйым салады» деген тақырыптарды талқылап, көзқарастарын ортаға салды.
Жарыстың қорытындысына сәйкес, Абай ауданының намысын қорғаған «Конгресс» зияткерлік дебат клубының аға буындары «Шәкір Әбенов» фракциясы Қуаныш Молдақашев пен Асылмұрат Барақбай жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Сондай-ақ ойнау ситльдерімен ерекшеленген Курчатов қаласының пікірсайысшылары «Гильотина» тобы ІІ орынға лайық деп танылса, Облысымыздың орталығы Өскемен өңірінің атынан шыққан «Өскемен алғашқы махаббатым» фракциясы үздік үштікті қорытындылады. Төрт раундтың көрсеткіші бойынша ең жоғары ұпай жинаған 8 спикер арасында Линкольн-Дуглас (ЛД) форматында үздік өнер көрсеткен Қуаныш Молдақашев «Ең үздік спикер» номинациясын жеңіп алды.
Ағылшын лигасында қарсыластарын шаң қаптырған Семей мемлекеттiк медициналық университетінің студенттері Нұрбақыт Исахан мен Талшын Серікова Америкалық Парламенттік пікірсайыс форматы мен ЛД ойындарының жеңімпаздары атанып, мемлекетіміз әлемдік аренада алпауыт елдермен иық теңестіріп, бәсекеге қабілетті болу үшін қазақ жастары ағылышн тілін жетік білу керектігін тілге тиек етті.
Турнирдің барлық жүлдегерлері мақтау қағаздарымен марапатталып, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді
Ғанибек Түсіпбек, «Жерұйық» порталы