Наурыз – ол жыл басы, жаңару күні! Бұл мейрамның басты ерекшелігі, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрлеріміз кеңінен орындалып, адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы көпшілікке ұсынылады.
Жылдағыдан қарағанда биылда Еліміздің көптеген өңірі ұлыстың ұлы күніне қызу кірісіп, бірқатар мерекелік бағдарламалар ұсынып жатыр. Солардың қатарында Семей шаһары да айтулы мерекені өз дәрежесінде атап өтпекке қам қылып жатыр екен.
Атап айтқанда, жылдағыдай қаланың Орталық алаңда, Силикат кентінде, «Жаңа Көктем» сауда үйінің алдында және Мұхтар Әуезов алаңында Наурызға арналған киіз үйлер мен мерекелік нақыштар көрініс табатын болады. Орталық алаңда сағат 11-ден бастап 4-ке дейін «Қош келдің, әз Наурыз» атты концерттік бағдарлама өтсе, ал кешкі 16:00 мен 18:00 аралығынла ерекше форматтағы радиоконцерт өтеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің хабарлауынша, кешкі концертке «Алма қыз» әнімен танымал болған Қазақ эстрадасының жұлдызы Руфат Маратұлы қала тұрғындарымен қосылып хит әндерін орындамақ. Сонымен бірге жастарға да ерекше көңіл-күй, керемет атмосфера сыйлау үшін арнайы Алматы шаһарынан шақыртылған танымал диджей Паша Самойловтың сүйемелдеуімен би кеші өткізіледі. Одан бөлек, басқа да алаңдарда күндіз наурыз көже тегін таратылып, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат пен гір көтеру сынды спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Негізінен алғанда, Науырыздың қандай дәрежеде өтуі көпшіліктің ұлттық мерекені ұлықтай білудегі белсенділігіне де байланысты болса керек.
Ғанибек Түсіпбек, «Жерұйық» порталы