Сейсенбі, Шілде 3, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Ресми сайтын өздері оқымайтын әкімдерден не күтуге болады?

Ресми сайтын өздері оқымайтын әкімдерден не күтуге болады?

Шығыстық атқамінерлердің дені ақпарат құралдары бетінде жарияланған сыни материалдарға жауап бермек тұрмақ, зер салып оқымайтыны да рас. Атқарушы биліктің назарына ұсынған проблемалық дүниелерге қатысты нақты көзқарасын білдіруге келгенде тиісті сала басшыларының селқос қарайтыны жергілікті журналистерге мәлім болғалы қашан.

Дегенмен, қозғаған тақырыбына қатысты мекеме, басқармалардан ақпарат сұраған журналистермен «жасырынбақ ойнау» жалғаса берсе, оның соңы жақсылыққа апармайтынын жақында өткен ақпараттық кеңесте Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қадап айтқан болатын.

Кеңес отырысында мәлім болғанындай, облыстық басқармалардың көбі БАҚ өкілдеріне қажетті ақпарат тапсыруға құлықсыздығы өз алдына, ұсыныс хаттарына жауап беруді ұзын арқан, кең тұсауға салатын әдетті ұстанады. Соның ішінде Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаменті, ШҚО Білім басқармасы газеттер мен тілшілердің тікелей сауалына, тіпті ресми хаттарына түрлі сылтау айтып, ақпараттар беруді сиырқұйымшақтыққа салғаны мәлім болып отыр.

 – Тұрғындарға дәйекті, шынайы ақпараттарды тарату үшін облыстық басқармалар БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасауы қажет. Тікелей қойылған сауалдарға жауап беріп, сұраған ақпараттарын табыстап отырыңыздар, – деді Жақсылық Омар.

Сонымен бірге қазіргі күнде ғаламтор қолданушылары үшін әлеуметтік желілердің маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Шенеуніктер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әлеуметтік желілерден ресми парақша ашып, оны жаңартып отырса халық пен биліктің арасы тіптен жақындай түспек. Өкінішке қарай, ақпараттық кеңесте айтылғанындай, облыстық басқармалар мен аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желі мен интернет ресурстардағы жұмыстары сын көтермейді. Кейбір аудан әкімдері ресми сайт ашып қойып, ауданда өткен ұсақ-түйек шараны  салып қойғандарына мәз. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың сөзімен айтқанда, тек көрсеткіш үшін парақша ашып қойған жарамайды.

Көкпекті ауданы әкімінің фамилиясы қалай жазылады?

kokpektiОсы орайда аудан әкімдерінің сайтындағы жаңалықтармен таныспақ ниетпен бірқатар аудандарды ғаламтор бетінде «аралап шыққанымда» адам не күлерін, не жыларын білмейтін жайттарға тап болдым. Айталық, Көкпекті ауданы әкімінің фамилиясы қазақ тілінде екі түрлі жазылған. (http://kokpekti.vko.gov.kz/ru/akim.htm) Өмірбаянында «Сағындықов Р. Н» деп көрсетілсе, әкімнің өз атынан жазылған сайт оқырмандарына арнаған лебізінің соңында «Құрметпен Сағандықов Р.Н» деп қойылыпты. Ал орысша парағында «Сагандыков Р.Н» екенін көрдік. Қызық болғанда сайт парағы ашылғанда «Құрметпен,
Рамиль Нигметчанович Сагандыков» деген жазу толығырақ сілтемеге өткенде, «Құрметпен, Көкпекті ауданының әкімі Сағандыков Р.Н.» деп өзгеріп шыға келеді. Бұл, сөз жоқ, аудан әкімінің не қазақшаға шорқақтығының, не болмаса, аудан әкімі ретінде ресми сайтқа мүлдем көз қырын салмайтындығының белгісі. Осы тұста мектепте үлгерімі нашар оқушыларды мұғалімдердің «әлі күнге дейін фамилиясын дұрыс жаза алмайды» деп ұрсып жататыны еске түседі.

kurshimzharmaСол сияқты Жарма (аудан әкімі Н.Сыдықов) және Күршім (аудан әкімі С.Чукаев) аудандарының басшылары аудан сайтын қарауға «қолы тимей отырғанына» дәлелді өздері тауып беріп отыр. http://kurchum.vko.gov.kz/kz/ сілтемесіне өтіп, парағын ашсаңыз «Ресми сайты Күршім ауданы әкімінің» немесе http://garma.vko.gov.kz/kz/ сілтемесінен «Ресми сайты Жарма ауданы әкімінің» деген бадырайған жазуды көргенде өзі отырған ағашты өздері кескен әпенді көз алдыма келді. Бұл тегінде «Официальный сайт Акима Курчумского района» немесе «Официальный сайт Акима Жарминского района» деген орысша аударманың қалыптан шығып кеткен қазақшасы болса керек.

Ал Зырянға (аудан әкімі А.Кәрімов) «барсаңыз» (http://akimzyrian.gov.kz/) «Жаңалықтар» айдарындағы «Өткізілген іс- шаралар туралы ақпарат» деген жаңалық мәтіні былайша берілгенін көресіз:

zrian«2016 жылдың 18 шілдесінде сағат 10.00-де Октябрь кентінің «Прибой» қлубында кітапхана қызметшісі Гульнар Даулеткалиевна Даутовамен өлкетануға арналған «Уақыт. Оқиғалар. Адамдар» деген диалогтық алаңы өткізілді.  Іс-шарасында кентінің тууы туралы тарихы талқыланды. Іс-шарасында аралас категориядағы қатысушылар қатысты».

Бұл не мазақ, не жаңылтпаш?! Мәтінді сабырмен талдап, түсініп оқуға дәтің шыдамайды. Бар- жоғы үш сөйлемнен тұратын «жаңалыққа» «Өткізілген іс- шаралар туралы ақпарат» деп тақырыпты көпше түрде несіне сүйеніп қойғанына таңқаласың.

«Официальный интернет- ресурс Акима города Риддер» парақшасына хош келдіңіздер!

ridderМіне, осы фактілердің өзінен-ақ Шығыстағы кейбір аудан әкімдерінің БАҚ-пен байланысқа немқұрайлы қарайтындығын көруге болады. Риддер қаласы әкімінің сайтында (ridder.gov.kz) қазақшасының өзінде «Официальный интернет- ресурс Акима города Риддер» деп орысша көрсеткені өз алдына «ҚР Мемлекеттік Тіл туралы» Заң талаптарын өрескел бұзып отырғанынан бейхабар қала әкімі Мұрат Хайдаровтың қайда қарап отырғанын бір Құдай біледі. Егер өзі білсе, қазақ тіліндегі «Әкім блогы» деген қазақша сілтеменің өзінен орыс тілінде көрсетілген «uvazhaemye-posetiteli-sajta-akima-goroda-riddera» деген сорақы қателігін көрер еді.

Тұжырымдай келгенде, ақпарат таратудың түрлі мүмкіндіктері туындап отырғанда оны тиімді пайдаланудың орнына аудан әкімінің интернет ресурсына жауапты қызметкерлердің сауаттылығын талап етуге де құлқы жоқтығы байқалады. Әрине, біржақты мысал тізіп, аудан әкімдерінің сайтының бәрі осындай деп әділетсіз тұжырым жасауға болмайды. Абай (аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков), Тарбағатай (аудан әкімі Д.Оразбаев), Бородулиха, (аудан әкімі С.Акулов), Бесқарағай (аудан әкімі Н.Тоқсейітов), тағы да бірнеше аудан әкімдерінің ресми сайты жақсы безендірілумен қатар ақпарат беруге сергек қарайтындығы сүйсінтеді. Және аудан басшысының атқарған жұмыстары ғана емес, ауданның өзге де салаларындағы жаңалықтар сауатты беріледі.

 Айтпақшы, жергілікті шенеуніктердің БАҚ-пен байланысын нығайту баса айтылған кеңес соңында әкім орынбасары егер қандай да бір басқарма басшысы сауалға нақты жауап беруден бас тартса, мақалаға дәл солай «сауалға жауап беруден бас тартты» деп жариялауды ұсынды. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, өзінің аты ғана емес, басқарманың атына да сын әкелетін мұндай кемшілікке ендігіде ешқандай басшы ұрына қоймас деген үміттеміз.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы.

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation