Жексенбі, Қыркүйек 16, 2018
Негізгі > Тарих > ШЫНАШАҒЫ ЖЕРЛЕНГЕН ШЫНҚОЖА БАТЫРҒА  ЕСКЕРТКІШ ОРНАДЫ

ШЫНАШАҒЫ ЖЕРЛЕНГЕН ШЫНҚОЖА БАТЫРҒА  ЕСКЕРТКІШ ОРНАДЫ

 

090816-1-768x432

Қазақ даласының бүгінгідей байтақ қалпында сақталып қалуына кешегі ерен ерлердің еңбегі мен ерлігінің орыны айрықша. Әсіресе, сонау жоңғар шапқыншылығын тойтарған кемеңгер көсемдер мен дулығалы батырлардың жанкешті жорықтары, жанқияр шайқастары еліміздің мәңгілік мақтанышы болуы тиіс. Тарих керуені алыстаған сайын ақылман абыздардың, кемеңгер көшбасшылардың, жүрекжұтқан батырларымыздың есімдері мен ерліктері халық жадынан қалыс қалып бара жатқаны жасырын емес.

Тарихымыздың тәу етер бір кезеңі ХVIII ғасыр ортасындағы қазақ даласын жоғарлардан азат ету дәуірі. Абылай хан бастаған қазақ билері мен батырларының тізе қосып, атамекеніміздің шығысы мен оңтүстігін тұтастай басып алған қалмақты қансырата жеңіп, туған жерден түре қуған болатын. Осы жорықтардың бел оратасында Қаракерей Қабанбай батыр жасағының бір қосынын басқарған, көзсіз ерліктер жасаған жампоздың бірі – Шынқожа батыр. Базарқұлдың Шынқожасы жастайынан шарболаттай шынығып, ерлігін ерте танытқан тұлға.

090816-1

Оның атағын жығартқан шайқас  – Жоңғардың «Аюқара» атанған Доба деген батырымен шыққан жекпе-жегі екен. Добаны допша домалатып, жаудың жігерін құм қылған кезде Шынқожа 21 жаста екен. Жиырма жасында жасындай жарқылдаған ердің даңқы дүйім елге тарап, қалың қауымның мақтанышы болды. Одан кейін де Аңырақай; Қалба, Алакөл шайқастарында Қабанбай батыр мыңдықтары мен бірге жеңістерге жеткен Шынқожа есімі Тарбағатай өңірінде  Тума руының ұранына айналған.

Елі шіндегі шешірелерде Шыңғожа батыр Тума, Тоқпақ, Байғана жасағына қолбасы болып, Ақшәуліге (Тарбағатай биігі) ту тігіп, жорыққа  дайындалып жатқан (Еміл, Алакөл; Үржар, Қатынсу бойында) Қабанбай, Есенгелді; Еспембет, Баймұрат, Дәулетбай батырларға келіп қосылып, ұрыс жүргізген. Бұл өңірде қырқ жылдай мекендеп, шұрайлы өлкені иемденген сыңсыған көп қалмақ аса қатты қарсылық көрсетіп, сұрапыл соғыс онан әрі үдей түскендігі айтылады. Осы шайқастарда бас қолбасшы Қабанбай батыр  Еспембет мыңдығын – маңдайда, Шыңғожа мен Баймұрат жасағын екі қанатта, Есенгелді мен Дәулетбай құрамын артқы тосқауылда ұстап соғысқан екен деген де деректер бар. Сондай деректің бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің «Қазақ фольклоры әдебиетінің тарихы» ғылыми – зерттеу тобының құрастырған «Аягөз ақындары» атты сериалында да кездеседі.  Жинақтың 2-кітабының алғы сөзінде ақын Ғабиден Құлахмет Айдос жырау туралы айта келіп, «….Болашақ жырау онүш жасынан бастап Шыңғожа батырдың қасына еріп ерлігімен ел көзіне ерте түскенге ұқсайды. Өйткені жыраудың:

Бір мүшелге толғанда,

Тоғыз тулы Найманның

Айтулы ері Шыңғожа

Жаудың шебін шолғанда,

Белге алдаспан байландым

Сарамжақ садақ қолға ,-алдым деуі соны аңғартады» депті.

 

Жалпы, Шыңғожа батырдың көркем әдебиеттегі бейнесі Кәрібай ақынның «Қабанбай батыр» дастанында, Аманжан Жақыповтың «Шыңғожа батыр» жырында, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романында да жақсы сомдалған.

Міне, ел мен жердің еркіндігі мен бостандығы жолында жанын қиған хас батыр – Шынқожа Базарқұлұлының құрметіне Аягөз ауданының атқамінерлері үлкен құрмет көрсетіп, батыр тұлғасын тұғырға қондырды. Шынқожа ауылында орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі 6 тамыз күні жасалып, республикалық көлемде мән-мазмұны жарасқан ұлан-асыр мерекеге ұласты. «Шынқожа батыр және өңір тарихы» атты ғылыми конференцияда Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, Ахмет Тоқтабай сынды танымал тарихышылар мен ғалымдардың танымдық баяндамалары тыңдарманға ерлік пен ел бірлігіне қатысты үлкен ой салды. Ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, даңқты әншіміз Роза Рымбаева бастатқан эстрада жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті.

 

Қазақ жылқысының тарихына арнап айрықша кітап шығарған Ахмет Тоқтабай ағамыз батырлар тарихына да жүйрік болып шықты. Мұхаметқазы Мұхамедиұлы Шынқожаның Жоңғар шапқыншылығындағы ерлік істеріне тоқталса, Ахмет аға қырғыз бен қазақ арасындағы шайқастарға тоқталып, Шыңқожа батырдың осы жорықтарда мерт болғанынан мысалдар келтірді. Жоңғарларды ата-баба қонысынан сырып тастап, жаумен жағаласу осымен бітетін шығар деп жүргенде Қазақияның  оңтүстік бөлігінің біраз аймақтарын қырғыздар басып алған болатын. Алдында ғана атнт-су ішіскен қырғыз ағайынның мұндай тосын тұтқиыл жасағаны жайлы хабарға басында Абылай хан сеніңкіремеуі қарсы жақтың ішке еніңкіреп кетуіне де себеп болған деген деректер айтылды. Ғалымның келтірген мәліметтеріне қарағанда осы «бір туған» ағайынның тосын шабуылдарынан қазақтың көптеген батырлары мерт болыпты. Шынқожа, Көкжарлы Барақ батырлар осы кескілескен майдандардың бірінде көз жұмған екен.

Осы тұста ел аузындағы әңгімеден құлағымызда қалған бір деректі қоса кетейік. Қабанбай батыр Шынқожа батыр жасағына төнген қауыпті естіп, көмекке келгенше жау жағы оларды талқандап, батырды мерт қылып мәйтінде көзден тасалап үлгеріпті дейді. Ерлігін ерекше құрметтейтін Шынқожаның шәйіт болғаны бас батыр Қабанбайдың қабырғасына қатты батқаны соншалық , «ең болмаса батырдың өлі денесін тауып, арулап жерлейік» деп әмір береді. Алайда, жау жақтың  белгілі батырдың мәйтін қорлау әдетіне байланысты ма, мүрде табылмайды. Сонда, шайқас болған жерден шыңқожа батырдың шынашық саусағы ғана табылыпты. Сол шынашақ саусақты елге әкеп, батырдың мүрдесі іспетті арулап көмген екен дейді.

Міне, сол шынашақ жерленген жерде араға 3 ғасырдай уақыт салып сайын даласында баяғы болмысын бейнелеген ескерткіш орнады. Ел мен Ер егіз деген осы. Тәуесіздік рухы оятқан ел өз елрерін, тарихи тұлғаларын қашанда түгендей бермек. Аягөз – Алматы тасжолының 30-шы шақырымында осыдан оншақты жыл бұрын Шынқожа батырдың жаяу әскердей түрегеп тұрған мүсіні орнатылған болатын. Жаяу мүсін бүгін тұлпарын тақымына басқан нағыз баһадүр кейпіне енді! Өзі есімімен аталатын ауылдың айбынды көрінісіне айналды.

Шынқожа батыр жай ғана тұлпарына көтерілген жоқ, Ол бүкіл аймақтың ел мен жерінің рухын көтеріп тұр!

Мерейі өсіп, көңілі тасыған жергілікті жұрт осы ескерткіштің орнауына қаржылай қолдау жасап, зор үлес қосқан батырдың ұрпағы кәсіпкер Оңалғазы Жұмағазыұлына үлкен алғыс білдіріп, астына ат мінгізіп, өзге де қонақтар мен ел ағаларына лайықты қошамет көрсетіліпті.

Иә, берекелі ел барда Ер есімі ұмытылмай, өз бағасын ала бермек. Лайым солай болғай!

Қ. Зекенұлы,

«Жерұйық» порталы.

 P.S. Біз бұл мерекенің ортасында болмағандықтан іс-шараның ұйымдастырылуы мен оған үлес қосқан адамдар есімін және салтанатты көріністі кеңірек жазуға мүмкіндігіміз болмады.

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation