«Ақын Абай» мейлінше мол зерттелген тақырып. Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) берген «Абай – қазақтың бас ақыны» деген бағаға ешбір қазақ күмән-күдікпен қарап көрген емес. Өйткені, ұлы ақынның поэзиясы – ұлттық болмыстың тұнығы, халықтың арман-аңсары, қазақ өмірінің айнасы. Осыған көз жеткізелік.
Ұлт ренессансының қайнары
1885-1889 жылдар ақын Абай үшін шабыты маздаған жылдар болды. Өлеңнің тығыны суырылып кеткендей қайталанбас тамаша жырларын бірінен соң бірін жазды. Ақындық абыройлы іске айналды. Арасында аударма жасап, дастандар туғызғанын еске алсақ, бұл кезең «Абайдың поэзиялық дәуірі» деуге сұранып-ақ тұр.
Олардың арқауы – ағартушылық, яғни қараңғы халықты мәдениет пен өнерге шақыру, қоғамдық пікір мен сананы жаңаша қалыптастыру. Заманның зор талабы осылар болды. Әр елдің таным, түсінігін білмекке орыс десе, Пушкин, Толстойға, француз десе, Бальзакка, неміс деген кезде Гете, Гейнеге дегендей, сол халықтан шыққан озық ойлы адамдарға қараймыз. Қазақ жанын білгісі келген кісі Абайға қарайды. Ол – ұлт ақыны, ұлт көсемі. Ол айтпаған сөз қалған жоқ. Поэзиялық мұрасы қазақ тұрмысының айнасы.
Мектепті тәмамдап, үлкен жолға шыққан жастарға:
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан! –
дейміз. Ұстаздар қауымына құрмет көрсеткен кезде:
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға,
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға, –
деген жолдар тіл ұшына оралады. Ер азаматтың мәрттігін көріп, сүйсінгенде:
Сүйер ұлың болса, сен, сүй,
Сүйінерге жарар ол, –
дейміз. Бұл қазақ неге осындай деген түйткіл мазаласа, жауапты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» мен «Сегіз аяқтан» таптық. Әлдекімнен пасық мінезді байқап, жиренгенде:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде, –
деген сөз орамы ойға оралады емес пе.
Абайдың мінеген, сөге сынаған өлең сөздері ескіргені кәне.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Билікке жалтақ, жағымпаз, ал қол астындағы адамға сыздана қарайтын бүгінгі кейбір әкім-қараны көргенде ақынның «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап» деп басталатын өлеңі «апыр-ай, әлі ескірмеген екен!» дерсіз.
«Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын», «Білгенге маржан, білмеске арзан», «Пайда ойлама, ар ойла», «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» сияқты аталы сөздері мақал-мәтелге пара-пар. Атам қазақ ұрпақ тәрбиесінде төрт қағиданы («жаман болады», «ұят болады», «обал болады» һәм «сауап болады») тірек етеді. Осы тәрбиелік жүйе орайында сауалдар туар болса, оны да Абай айтып қойған.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз, –
және:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Егер көзіңе түгіңді қоймай мақтап, былай шыға бере түгіңді қоймай ғайбаттайтын адамдар кездескен кезде «Сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген шымыр өлеңдер ойға сақ ете қалады. Жүректен шыққан сөздер жүрекке жетіп, сізді сабаңызға түсірері хақ. Ал дүние тарылып, келешек кеміген шақта қай қазақтың да «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп мұңайып, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп түңілетіні өтірік емес. Бір бірімізге «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме!» деп жігер беретініміз тағы бар.
Абай табиғаттың төрт мезгіліне де жыр арнап, бәріне жан бітірді. Қай кезде де тылсым табиғат көрінісіне тамсана қалсаңыз көкейіңізге тілге жеңіл, жүрекке жылы Абай өлеңдері құйыла кетеді. «Табиғат тақырыбында жазылған өлеңдері – ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел» (Қ.Жұмалиев).
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Әнші-күйші қауымға пайымы бөлек патша сөз іздесеңіз осы жолдар ойға оралады. Мысал алуды ұзарта беруге болады.
Сөйтіп, Абай поэзиясы тірілтпеген сезім, сәуле түсірмеген өмір құбылысы жоқ, ол – қазақ ренессансының қайнары.
Күллі қазақ өмірі айнадағыдай қамтылса, бұл ұлт ақынына тән белгі. Тұңғыш жинақта (1909 ж.) Абай өлеңдері мазмұны бойынша 17 бөлікке жіктелуі (халық туралы, өлең туралы, өзі туралы, ғашықтық туралы, ой туралы, насихат туралы, табиғат туралы және т.б.) осының айғағы. Әсіресе, бастапқы поэзиясы «мәдени-ағартушылық» шапанын жамылып, бөркін киді. Халық мәдениетінің бай мұрасын толық пайдалана отырып, «оған жаңа түр енгізіп, жаңа бағыт беріп, осының арқасында өз поэзиясын байытып, дамыта түсті», – дейді Мұхаң.
Ақынның поэзиясы жайлы материалдар көл-көсір, оларды қайталап жатудың қажеті шамалы. Абай қазақтың аударма мен дастан жазу саласының да ізашары болды.
Алғашқы аудармалары мен төрт дастаны
Абайдың орыс классиктерімен үндестігі және олардан жасаған аудармалары кеңестік дәуірде көп зерттелген тақырып. Белгілі абайтанушы, академик Зәки Ахметов: «Абай аударуға үлкен талғампаздықпен келіп, кейбір өлеңдерді іріктеп қана алған. Пушкин, Лермонтов, Крыловтан басқа ақындардың шығармасын аударуы сирек» дей келе, мына ерекшелікті атап өтеді: «Абай қазіргі аудармашылардай тек түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді ғана мақсат етпеген. Қай шығарманы болсын өз көңіл-күйіне үйлестіре, қысылмай, қымтырылмай еркін тәржімалайды» («Абай» журналы, 1994, №12).
Еркін тәржімалаудың сыры – Абай ұлт ақыны. Пушкиннің «Евгений Онегин» роман-поэмасын қазақша сөйлеткенде:
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем, –
дейді Татьяна. Осындай жарқын мысалдар мол. Ал, «Онегиннің сөзі» деген өлеңді Абай түгелдей өз жанынан шығарған. Осылайша ақынның 1889 жылы Пушкиннен асқан шеберлікпен тәржімалаған 7 өлеңі қазақ поэзиясының аударма саласына негіз болып қаланды.
Қазіргі тәржіменің соры – тура аударма, әріп, сөз түгендеу деседі. Бұл жағдайда аудармашының еркін көсіле алмай, аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалары анық. Сондықтан аударма ісінде Абайдың үздіктігі баршаға мәңгі эталон есепті.
Амал жоқ – қайттым білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Бұл Татьянаның Онегинге хатының алғашқы шумағы. Неткен шеберлік, дастанда айтып жеткізе алмайтын сезімді бір шумаққа сиғызу үшін Абай болып туу керек шығар-ау.
Лермонтовтың 28 өлеңнен құралған жинағы – Абайдың ең сүйікті кітабы болған. Бұл кітаптан шамасы 1882 жылы ең алғаш рет «Бородино» атты шығарманы аударған. Аударманың мәтіні түгел сақталмаған. Бүгінге 20 жолдық нұсқасы ғана жетіп отыр. Мына шумақ та тырнақалды аудармасы:
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Зар болып тыныштық пен баспанаға.
Абайдың Пушкин мен Лермонтовты сүйіп оқығанын «Абай жолында» Мұхаң да атап өтеді: «Бұл екі кітап – осы ауыл, өлкенің Абайдан басқа көп жанына әлі тілімен де, сырымен де ұғымсыз кітаптар. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов… Анау екі ақын Абайға көп кездесіп, бір туысқан аға, інідей көрініп қалады». Алдын ала айтайық, Абай мен Лермонтов арасындағы поэзиялық рухтың шағылысуы ұзақ жылдарға созылды. Күндізгі харекеттен босағанда, дөң басына шығып, түнгі тыныштық бесігіне тербелген Абай көбіне Лермонтов өлеңдеріне масаттанады. Басын шайқап, сүйсіне есіне алады. Кей шумақтар өз өзінен «мені де аудар» деп сұрана бастайды. Екі ұлы ақынның рухы мәңгі туыстасты, бауырласты.
Енді Абайдың дастандарына келейік. Олар жиыны төртеу: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» және Лермонтовтан аударған аяқталмай қалған «Вадим» поэмасы. Соңғы үшеуін Абай 1888 -1890 жылдары жазған шамасы. Осы жылдары өлеңдері азырақ болуы содан, бәлкім. «Ескендір» поэмасы, зерттеушілердің айтуынша, 1900-1902 жылдары жазылған. «Ескендір» – Абайдың ең жақсы поэмасы» (Әуезов). Ежелгі дүниенің аса ірі әскери қолбасшысын шығыста – Ескендір Зұлқарнайын, батыста -Александр Македонский деп атайды. Ол жайында Низами, Фирдоуси т.б. ақындар жырлап, көлемді поэмалар тудырған (Шығыс поэзиясында бір тақырыпты бірнеше ақынның жырлап, жарысу салты болған, оны «нәзира» деген). Ескілікте Ескендір қос мүйізді болып бейнеленіп, «Зұлқарнайын» («Қос мүйізді») деп аталған. Шығыс халықтары түсінігінде, адамға біткен мүйіз – ерекше бақ-берекенің белгісі. Мұндай түсінік қазақтарда да сақталған. Мысалы, қазақта: «Сондағы шыққан мүйізің қайсы?» – деген тіркес, «артықшылығың кәне?» дегенді білдіреді. Сөйтіп, Ескендір барлық шығыс поэзиясында әділетті, үлгілі патша, ол ол ма, ғайыптан уахи (аян) келген, пайғамбарлыққа жақын бейне.
Ал, Абай поэмасында олай емес, қазақ ақыны «Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен» деуімен Ескендірді аспаннан жерге түсіреді. Ол жасы әрең 21 толған, көрші елдердің бәрін бағындырмақ болып, оңды-солды көз алартқан қан төккіш патша дейді.
Олай болса, Абай Ескендір бейнесін қай дерек көзінен алған? Осы мәселенің шешімін академик С.Қасқабасов іздеп тауып, былай деп көрсетеді: «Абай «Ескендірінің» негізгі арқауы ең алдымен В.Жуковский поэмасы. Абай ол поэманы еркін түрде аударған. Жуковскийде жоқ эпизодты Талмудтан қосқан. Сөйтіп, екі шығарманы қатар пайдаланған. Бұл екеуінде жоқ жәйтті өзіне мәлім тарихи деректермен толықтырған. Сөйтіп, Абайдың өзіндік шығармасы – «Ескендір» поэмасы дүниеге келген» («Абай» журналы, 2012 жыл). Бұл жерде аталған В.Жуковский – орыс ақыны, А.Пушкиннің ұстазы. Ал «Талмуд» – көне дәуірдің жазба ескерткіші, «Інжіл» кітабымен қатар аталатын қасиетті мәтіннің бірі. Абайдың орысша аудармасы 1897 жылы жарық көрген Талмудпен таныс болуы бізге көп жайды аңғартса керек-ті.
Абайды Ескендір бейнесі неліктен қызықтырған? Поэма соңында «Мұны бір өзге сөздің бірі деме» деп ескертуінде қандай астар бар? Бұл сұрақтардың жауабын қазақтың ғұлама ғалымы Ақжан Машанидің «Әл-Фараби және Абай» (Алматы, 1994) атты кітабынан табамыз. Бұл «…Көп елді күтінбеген қырып жойып, шапқан жердің бәрін де бодан еткен» Батыс империализмі ұстанған жол Абайдың жанына бататындығы. Өйткені, бұл Ресей империясының Азия елдеріне қолданған әрекетінің бейнесі… Бұл қазақ жеріндегі өзіне аян жәйтті заман ағымынан жасқанып ашық айта алмаған Абайдың жан айқайы» (Аталған кітап, 115-116 бет). Ақжан ақсақал айтқан салиқалы пікірге толықтай қосыламыз.
Енді Абайдың «Масғұт» және «Әзім» поэмаларына келер болсақ, олар қарапайым туындылар. Зерттеуші мамандар олардың желісі шығыстық «Мың бір түн» атты әйгілі мұрадан алынғанын анықтап берді.
Қазақтың көрнекті ғалымы Әуелбек Қоңыратбаев: «Поэзия, философия, саясат, тарих – бұл төртеуі Абайда егіз» деп мәлімдеген еді. Оның Абай дастандарына да әділетті пікір екені сөзсіз.
Қазақ өмірінің тірі суреті
Поэзия, философия, музыка, өнер, тарих, заң, этнография, эстетика, педагогика, дін. Абай шығармашылығында қамтылмаған сала жоқ. Міне энциклопедиялық сипат деген осы (Абай поэзиясы – қазақтың өлеңмен өрілген энциклопедиясы болса, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолында» бұл дәстүрді прозамен жалғастырады).
Төменде Абай поэзиясының ерекшелігі мен жаңашылдығы деген мәселеге ғана тоқталмақпыз.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы (1886).
Абайдың поэзияға қояры басты шарттары міне осылар.
Абай өлеңі – қазақ өмірінің тірі суреті. Пушкин, Лермонтовты болсын, мейлі ескі әдебиет бейнелері болсын Абай жан бітіріп, қазақша сөйлетеді. «Ол ескіні де, өз заманын да дәріптемейді, – деп жазады Қ.Жұбанов. – Ескі образды алғанда, оны сүйдіру үшін емес, ескіні бұзып, жаңа қылып, сол жаңаны ұғындырумен болады. Абайдың қолы әдебиет, мәдениет үстеріне тиіп кетсе, ол тек сипап, сүртіп шаңын кетіріп шықпайды, өзінше бұзып, өзінше түзеп, өз қолының ізін қалдырады».
Өлеңдердің тілі орамды, сырты келісті, ішкі рухы күшті болғандығы соншалықты, олар арқылы: «Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген, – дейді Мұхаң. – Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған».
Абайды қазақ әдебиетінің негізін қалаушы классик биігіне көтерген қандай құдірет дегенге айтарымыз әзірге осы. Ахаңның «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деуі ескірмейтін, көнермейтін шындық.
«Шіркін, жақсы ән мен тәтті күй-ай» деп, әншілік-күйшілік өнерді бағалап өскен Абай 1889 жылы онға тарта ән шығарған екен. Абай төңірегіндегі әншілер қаракесек Әсет, Мауқай, уақ Мұқа, керей Уәйіс, інілері Майбасардың Мұхаметжаны, Құдайбердінің Әмірі, аталасы Әлмағамбет, өз баласы Ақылбай, сүйген жары Әйгерім, немересі Әубәкір болып жалғаса береді. Олар «Татьянаның хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Сегіз аяқ» шоқтығы биік керемет туындыларды бабына келтіре орындап, елге таратты. 1922 жылы А.Затаевич Абайдың жиыны – он жеті әнін нотаға түсіреді. Абайдың жаңашылдығы сазда да поэзияда сияқты ерекше байқалды. Яғни әндері де ой-парасатқа толы, эстетикалық биік талғамның жемісі. Энциклопедияға теңдес поэзиясы мен теңіздей телегей ағартушылық қызметін қанша айтсақ та тауыса алмаспыз.
Сонымен, қарастырылып отырған 1890 жылға дейінгі кезеңде Абай жаңашыл ақын, дастаншы, аудармашы әрі композитор болып қалыптасты. Ол сөз өнерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден бір күшті құралы қылды. Осымен, қараңғылықтан қазақтың «кегін» алды.
М. Әуезовтің сөзінше: «Қос қанаттан биікті меңзеген ақындығын бұрынғы қазақ ақындарының ешқайсысы шығармаған әлеуметтік ұлы тартыс, тарихтық тартыс құралына айналдырды».
Тақырыбымызды сабақтайық. Көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов: «Айталық, Абайға дейін немесе Абайдан кейін ақын болмап па? Абай қандай құдірет-қасиетімен ақындардың ақыны бола алды? Гәп осы арада жатыр. Белинский Пушкиннің ұлылығын ұлт ақындығы болғандығында деп түйген ғой. Ал ұлт ақыны болу оның шығармаларындағы жекелеген ұлттық сипаттарда, бояуларда, өрнектерде ғана емес, өзіне айналу. Бұл керемет нәрсе! Абайдың кереметтігі де сондай: қазақтың сөзіне, сөзі арқылы өзіне айналуында деп білу керек» (З.Қабдолов. Әуезов. -Алматы, 1997. 289 бет), – деп терең толғанады. Ал профессор Тұрсынбек Кәкішев «Сәбит танымы» атты мақаласында өз пайымын былайша жеткізеді: «Қазағым дегенді «ұлтым» деген мағынада түсінген Абай туған халқы өмір шындығының араламаған түкпірін қоймады және көрген-білгендерінің барлық бейнесін шығармаларына түсіріп отырды. Ол өмір шындығының тіркеушісі ғана емес, көрген-білгендерінің сыншысы және кем-кетікті қатты сынау арқылы түзетуге тырысушы. Сондықтан ол – ұлт ақыны» («Абай» журналы, 1995, №3).
Қолына қалам алған шығармашылық иесі болсын, мейлі ел мақсатын айтпақ болған шешендер мен ғалымдар болсын, Абайсыз ауыз ашып көргені жоқтың қасы. Абайдың рухын күллі қазақ зиялылары айырықша ардақтап өтті. Имандай шындық осы.
Асан Омаров,
абайтанушы ғалым.