Сәрсенбі, Тамыз 1, 2018
Негізгі > Абайтану > 23-дәріс. АҚЫН АБАЙ – ОЙШЫЛДЫҚ САТЫДА (1891-1893 жылдар аралығына ой шолу)

23-дәріс. АҚЫН АБАЙ – ОЙШЫЛДЫҚ САТЫДА (1891-1893 жылдар аралығына ой шолу)

Тақырып: 23-дәріс. АҚЫН АБАЙ - ОЙШЫЛДЫҚ САТЫДА (1891-1893 жылдар аралығына ой шолу)

Мақала мәтіні: Мақалада абайтану бағытында ескерілмей жатқан біраз мәселе қамтылған

Кіріспе сөз

Ұлы Абайды танып, білуге қай дәуір де мүдделі, ал әр толқын ұрпақ оған өзіндік үлесін қосуға міндеткер.  Бүгінгі таңда Абай мұрасын жаңаша көзқараспен зерттеп, зерделеудің бұрын-соңды болмаған тамаша мүмкіндігі туып отыр. Ол  – тәуелсіздік тартуы. Соны пайдаға асыра алсақ кәне.

Ашығы керек, жаңаша көзқараспен зерттеу, тексеру деп біз Абайдың рухани дамуының саты-сатысын анықтау тәсіліне сілтеп отырмыз. Бұл өзі абайтану саласында әлі күнге қолданылмай келген ғылыми методика болып табылады. Абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Омарханұлы Әуезов асыл мұраны жүйелеуде осы методикаға сүйену қажеттігін жақсы білген. Мысалға «Абай Құнанбайұлы» атты іргелі  монографиясында (Алматы, 1995 ж.) бірде: «Ақындық эволюциясын, жазушылық жолын біртіндеп, кезегімен тексереміз» десе, енді бірде: «Абай ойының, ізденулерінің ... саты-сатыларын анықтап ескеретін боламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады» (Аталған монография, 86-шы және 121-беттер), - деп мәлімдейді. Бірақ идеологиялық қыспақ жағдайында аталмыш методиканы толықтай іске асыру жалаңаяқ шоқ басқанмен парапартұғын.   Тоталитарлық жүйе хакім-теолог Абайды көзден тасалап, есікке қара құлыпты салды, саты-сатылап зерттеп, тексермек тұрмақ, әлем ойының алыбы деп мойындау да мұң болды.

Бүгінгі күнге оралайық. Абай: «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», - демекші, күллі тіршілік иелері кешетін өмір заңы – өзгеру, толысу, кемелдену. Дүниеауи білімді өмір бойы жинайсың, сол сияқты ес-ақыл, сана-сезімің де толығу, даму үдерісін кешпек. Асқан ақыл иесі Абайдың хакімдік  шыңға медресе шәкірті кезінен кемелдіктің саты-сатысынан басқыштап шыққанына кім таласар екен. Төменде соның бірі - шығармашылығының бел ортасына келетін ойшылдықтың алғашқы кезеңі - 1891-93 жылдар аралығына тоқталмақпыз.

Осы үш жылда Абай санасын түрлі ойлар қаумалап, өз сөзінше «көңілі шарқ ұрған». Ерекшелік те сол. Інісі Оспанның өлімі, соған ілесе жеткен сыртқы оқиғалар жай ғана көңіл-күйіне емес, ақынның ішкі дүниесі өзгеруіне, Мұхаң сөзінше, эволюциясына  әсер етті, оны мейлінше жеделдетті.  Осы кезеңге тиесілі ғақлия сөздері және өлеңдері пәлсапалық ойлардың жемісі әрі жаңғырығы есепті. Бізге ақын эволюциясының  саты-сатысын анықтау тәсілі көмекке келеді. Ол Абай әлемін түсінуге, жұмбағын шешуге, бұдан бөлек, кейбір жылы мәлімсіз өлеңдердің жазылған жылын анықтауға жол ашты. Міне, төменде сөз еткен жайларды рет-ретімен тексеретін боламыз. Оны «Абай кемел ой сатысына қай кезден шыққан»? деген мәселеден бастағанды жөн көрдік.

Кемелдік сатысына қай кезден шыққан?

Иә, ақын Абай ойға түсіп, толғанған жыл қайсы? Осы сұрақ қабырғадан қойылғанда, алдымен ойға 1891 жыл оралмақ. Себебі, осы кезден пәлсапалық мазмұн Абай шығармашылығында менмұндалап, нығырақ, басымырақ көрінеді. Бастапқы онға тақау ғақлия сөздердің жарымында (4, 5, 6, 7 қара сөздер) жан құмары, ахирет, иман тақырыптарына баруы соның айғағы.

Сөйтіп, ұлы ақын ендігі жерде тылсым, түпкі хақиқат (жан, ахирет, Алла, адам болмысы  және т.б. дүниенің көрінбеген сырлары) мәселесіне ойысқаны айқын белгі береді. Абай ағартушылықтан ойшылдыққа ойысты, бейнелеп айтсақ, әдебиетші Абайға философ Абай қол созды дейміз.  Осынау сапа өзгерісінің сыры неде? Сұрақтың жауабын ақынның өзі береді.  Мысалға «Менсінбеуші едім наданды» өлеңінде тыңдаушы қауым туралы күдігі көп: «адам бол» деген өсиеттерім жұртшылыққа өтпеді, тәрбиелік ойларым қоғамдық санаға шөкпеді дейді. Сондықтан ақындық қызметіне, жалпы өткен өміріне суық көзбен қарап,  «мен – қажыған арықпын» деп түйін түйеді.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып.

Бұл шумақ бізге ақынның қайтып, неліктен қажығанын ұқтырса керек. Абайдың «Не істеу керек?» деген жол айырыққа тірелген хәліне өзге де өлеңдерінен көз жеткіземіз.

Аралық кезең сияқты үш жылда ақын Абай санасында «Заманды емес, адамның мінезін түзету керек» деген жаңаша парадигма және «Бұл өмір алдамшы, құбылмалы, сол себепті қоғам да сондай» дегенге саятын пәлсапалық тың ойлау жүйесі қалыптасты. Өз кезегінде ой-сана өзгерісі шығармашылығына жаңаша мазмұн, бағыт әкелмегі заңды құбылыс.

Сонымен, шығармашылық деректері негізінде 1891 жыл бұрылыс, өзгеріс әкелген деп тұжырамыз. Осыған шекті шаршамай-талмай тер төккен мәдени-ағартушылыққа енді ақынның көңілі толмаған. Оған басты себеп, тағы пысықтайық, Абай рухани кемелденуінің кезекті баспалдағына жетті.  Төменде сөз болатын үш жыл туралы «Абай соны бағыт іздеген және іздегенін ойшылдық өрістен тапқан кезең» деуге ғылыми негіз осы.

Ескерте өтері, 1891 жылға дейінгі Абай поэзиясы даналық ой, кемел сөзден кенде, я болмаса, онда тек қана осы дүние көзделген деген жаңсақ ой тудырудан аулақпыз, құдай куә. Жаңағы соны сатыға шықты деген пайым бар болғаны: Абайда ойшылдық белгі молырақ, ақын ендігі жерде айнала құбылысқа философиялық биіктен қарауға бейілді дегенді ғана білдіреді. Басқаша айтқанда, көпбағытты ағартушылықтан бойы асып, ойшылдықтың дара жолына түсті. Осы жолдан ақырғы демі таусылғанша айнымай, әлемдік ой кеңістігінде самғады. Оның дәлелі, әрине, ойшылдың шығармашылығы.

Енді Абайдың «Ойға түстім, толғандым», «Тәңірбердіге» және «Домбыраға қол соқпа»  деген өлеңдеріне келейік. Үш туынды табылғаннан беріде қаншама су ақты десеңізші. Амал қанша, олардың  жазылған жылы әлі күнге ақтаңдақ. Төменде осынау сарындас, үндес үш туындының 1891-93 жылдар аралығына тиесілі екенін дәйектемекпіз.

Талдау, тексеру жұмысын Абайдың өзі туралы жазған, кемелдікке қадам басқанының айнасы есепті «Ойға түстім толғандым» өлеңінен бастап көрейік.

Ойға түстім, толғандым...

Абайдың «Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым» деп басталатын өлеңін, сірә да, 1891 жылғы туынды деп топшылап отырмыз.

Өлеңде өз өзіне көңілі толмаған хәлін ұлы дарын иесі:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес –

дейді. Келер жылғы «Қайғы шығар ілімнен» өлеңінде өзі міні жайлы  қайталап айтқаны бар:

Қайтып қызық көремін,

Әуре-сарсаң күнімнен.

Қайрылып қарап байқасам,

Ат шаба алмас мінімнен.

Көрдіңіз бе, ұлттық поэзияның классигі Абай «тау тасынан аз емес» және «ат шаба алмас мінімнен» деп өзіне жүрек шайлығардай қатал сын айтудан тартынбаған екен. Кәне, бұлайша ақтарылуының сыры неде? Ақылың таң қаларлық шығармашылық табысқа қол жеткізген поэзия алыбы, классик ақын Абайдың өз мінін қолға алғаны несі? Әр жұмыр басты пендеге тән айыпты мойындатқан құдірет қайсы? Осы жұмбақты түсініктемелеу маңызды мәселе сияқты.

Бізше гәп Абайдың тылсым тереңіне үңілген хәліне тіреледі. Неге десеңіз, өз мінін өзі көру және өзіне өзі күшті талап қою, әлбетте, ұлы миссияны орындауға бел буған данышпандарға тән қасиет. Мұсылмандық сопылық ілім бойынша толық тазару жолына түскен һәм хақиқатты халыққа жеткізу миссиясын мойнына алған ерекше жанның сыбағасы. Осыны растау үшін бір тәмсілді келтіре кетелік. Сахабалар «Құдайға ең жақын адам кім? Ол намазын қаза қылмаған тақуа ма?» деп сұрағанда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің: «Жоқ, олай емес, Құдайға ең жақын өз мінін сезініп, айыбын мойындап, соны түзеуге бет алған адам»  деген екен. Пендешіліктен кемелдіктің айырмашылығы осы арада болса керек.

Өлеңнің ортаңғы шумағында Абай:

... Осынша ақымақ болғаным,

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің,

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен,

Әбден үміт үзіппін, -

дейді.   Бұл арадағы сыр неде? Оны қалай ұққанымыз жөн?

Көпке аян, 1891 жылға шекті алты жылда Абай барша шығармашылық күш-қуатын сарп етіп, қазақ өмірінің күллі қырлары қамтылған классикалық поэзияны дүниеге әкелді. Асқан шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты жағынан қазақтың жазба әдебиетін «биік белге өрлетіп шығарды» (Әуезов).  Аударма еңбегі, сазгерлігі өз алдына бір төбе. Әйтсе де, «Көрінгенге қызықтым» дегеніне көңіл бөлер болсақ, ақын алған асуларына қанағат қылудан аулақ. Тек ағартушылық арна мен көңіл-күй, сезім поэзиясына байланған хәлін өзіне үлкен мін, кемшілік деп білгендей. Тереңге тартып, пендешілік шырмауынан құтылуға қанша асықса да ғаділетті жүрек шіркінді елеп-ескермеген хәліне өкінгендей болады. Біз байқаған сыр, астар осы.

Енді шумақтағы соңғы «ақыл менен білімнен, әбден үміт үзіппін» деген жолға ой жүгіртелік.  Әлемдік әдебиет пен ғылым қайнарынан мейірі қанғанша сусындаған 1878-1884 жылдар аралығымен салыстыра қарағанда, Абай соңғы жылдары Семейдің кітапханасына баруын сиретті, ғылым-білім бұлағынан алыстады. Өмір шындығы осы. Себебі қолы тимеді, алтын уақытын төл шығармашылығы мен ел жұмысына түгел сарқыды. Өзіңіз де ойлаңыз, бұл жылма жыл кемелденген тұлға үшін көңілі толатын жәйт пе? Әрине, жоқ. Демек, ақын «ақыл менен білімнен, әбден үміт үзіппін» деген хәлі күтулі жәйт, ол біздерді таң қалдырмауға тиісті.

«Ақынның ішкі әлеміндегі күйзеліс қайдан? Өзін өзі қатты сынағаны несі?» деген сұрақтарға берер жауабымыз әзірге осы.

Өзі туралы жырының соңын Абай:

«Сіз білесіз» дегенде,

Күнге күйіп, пісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін «пысықпын», -

деген шумақпен тәмамдауы заңды. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қайғы шығар ілімнен» өлеңдері сияқты бұл шумақ та ақынның сүйенген, сенген дәурені жалғандығына көзі жетіп, енді ойшылдықтың кемел кеңістігін аңсаған, жаны жай таппай шарқ ұрған хәлін паш етеді емес пе.

Сонымен, Абайдың «Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым» деп басталатын шығармасы ақыл-ойының, жан дүниесінің даму процессін көрсетуімен құнды. Тереңді көздеп, дүниенің көрінбеген  сырын барлау жолына алғаш түскенінің куәсі болуымен бағалы. Сондықтан оның жазылған жылын «1891 жыл» деп нақтылаудан ұтарымыз мол. Төменіректе келтірер дәлел, қисындар бұл датаның дұрыстығын бекіте түсетін болады.

«Тәңірбердіге» деген өлеңі қай жылғы?

Жоғарыда талданған «Ойға түстім...» өлеңі Абайдың сана өзгерісінің жемісі десек, «Тәңірбердіге» деген туындысы сыртқы жағдаяттан, ақын кешкен күнделікті күйбең тіршіліктен хабардар етеді. Абай мен туған ағасы Тәкежан (Тәңірберді) арасын  дәйім салқындық бөлетіні, қазақы тілмен айтқанда, жұлдызы жараспағаны, қалың оқырман қауымға «Абай жолы» эпопеясынан жақсы мәлім. Абай жалғызсырап, сенісерге дос, сырласарға туыс іздеп қиналған күндерде  Тәкежан ерекше қабілет иесі бауырына иығын тосқан ба,  сүйеніші бола алған ба? Жоқ, олай болмаған. Малға дос Тәңірберді, керісінше, жалт беріп, жау жағына шығып отырса не етерсің.

Әңгімені әріден бастап, алдымен 1884 жылға көз тіге кетелік. Ең алғаш осы жылғы болыс сайлауында, «жауым жоқ» деп жүрген Абайға дос-жаранның күллісі сатқындық жасап, Күнтудің күні туғантұғын. Сол жолы ақын ең жақын досы Ерболдан тірідей айырылып «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп күңіренген еді ғой. Сол сияқты «Көжекбайға» өлеңінде Абайдың:

Жақсыға біткен ағайын,

Өз үйіңде кезексіз,

Шешен келер сартылдап.

Білетін біреу кез келсе,

Сөз таба алмас қалтылдап.

Қалжыңға келер шорқақтау,

Жауға келер қорқақтау,

Еркін жерде ызақор,

Томырық келер тарқылдап, -

деп келетін мінездемесі бар. Оны шалғайдағы Көжекбайға я басқа біреуге емес, өз айналасы жақын ағайынға айтқаны дәлелсіз-ақ айқын.

Енді 1892 жылға қайтып оралар болсақ, Абай сегіз жыл бұрынғы тағдыр соққысын тағы бір сезінген. Өйткені, сүйенген, сенген інісі Оспаннан айырылған тұста да уайым-қайғыны бөлісер дос таба алмаған. Тәңірберді болса, қолтықтан демеудің орнына араздық отын үрлеген. Онымен де қоймай, тек мал-байлықты жиюмен әуре кісінің тірлігіне сәйкес Абайға түрлі міндет, салмақ артып, күңкілдеп мезі еткені белгі береді.

Оған дәлел 1892 жылғы «Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әркез тозбайды» деп басталатын өлеңінде ақын:

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған – ол да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды, -

дейді. Бұл жерде сын найзасы ұшына кімнің ілінгені өз өзінен түсінікті болса керек. Әрине, бөтен адамды емес, ағасы Тәкежанды айтқан.

Тұрағұл өзінің естелігінде: «1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жағына шыққан. ...Оразбаймен құда болған» деп дерек береді.  Жаралы жолбарыстай хәлдегі ақынға бұл соққы, әрине, оңай тимеген. Абай: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» (5-сөз), - десе, бұл хәлді өзі де кешкен деп ұқсақ жөн.

Сонымен, «Тәңірбердіге» өлеңі сөзі өтпейтін ағасына ыза болғаннан жазылған, өзі айтқандай, «қайғысы тілден сөз болып аққан» туындының бірі. Оны жаңағы Тұрағұл айтқан оқиға жаңғырығы деуге бейілміз.

Жеті шумақтан тұратын өлеңді Абай:

Байсып, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп,

Өзі ғана келгендей,

Дүниеге жансып, -

деп бастап, қолынан келері шамалы, бірақ өсек сөзге шебер Тәкежанның мінезін, жанды суретін көз алдыңа әкеледі. Арнау жырдың соңғы шумағында былайша түйін түйеді:

Өтірік, өсек, дау десе,

Бәйге атындай шабады.

Қолыңан келер түк те жоқ,

Осының болды маған кек.

Бірер жыл кейін Оразбай, Тәкежан тәрізді дәулет қонған байларды Абай былайша сипаттайды: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал.  Сөзді қайтып ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме?» (8-сөз).

Өздеріңіз де байқап отырсыздар, келтірілген абзац «Тәңірбердіге» өлеңімен бір сарынды, үйлес. Тегі, өлең кейіпкері Тәкежанды сол замандағы қыр байлары мен жуандарының жиынтық бейнесі десе де болады.

«Осы мен өзім – қазақпын» деп басталатын 9-қарасөзінде ойшыл: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын...», - дейді. Бұл сөзді әуре-сарсаңмен өткен 1892 жылдың соңында жазғаны, үміті үзілгендей болған көңіл-күйде қағаз бетіне түсіргені шүбәсіз секілді.

Күн мен түн, ыстық пен суық сияқты жақсылық пен жамандық та егіз. Егер  жақсылық ұзақ тұрмаса, жамандық неғып баяндап қалсын. Ақыры Абайға төнген уайым-қайғының қара бұлты да жөңкіле көшті, қарсы жақ қанша тырысса да  ойшылды мойыта алмады.  «1893 жылғы сайлауда, ... елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған», - деп жазады Тұрағұл. Сол жолы Абайдың кандидаты болып Әзімбай Тәңірбердіұлының тағайындалғаны ресми құжатта хатталған. Бұл факті бізге Абайдың ағасы Тәңірбердіге кешіріммен қарап, өзара ұғысуға, сыйласарлықты сақтап қалуға тырысқанын аңдатса керек-ті. «Тәңірбердіге» деген өлеңін жалпақ жұртқа жария етпей, жабықта сақтаған жайы да осымен өз түсінігін табады деген ойдамын.

Сонымен, Абайдың «Тәңірбердіге» деген өлеңі 1892 жылға сұранып-ақ тұр, оған ғылыми негіздер жеткілікті. Алдағы уақытта Абай жинақтарында «мәлімсіз» делінген туындылар қатарынан алынып, өз орнына қойылар деген үміттеміз. Мұны жұртшылықтың әділетті шешім деп қабылдары сөзсіз.

«Домбыраға қол соқпа» деген өлеңі ше?

Енді «Домбыраға қол соқпа» деген жазылған жылы мәлімсіз үшінші өлеңге келейік. Туындының Әйгерімге арналғанын абайтанушы ғалымдар бірауыздан құптайды. Мұхтар Әуезов аталмыш өлеңге «мән-мазмұны нәзік, автобиографиялық сыры бар» деген бағасын беріпті. Десе дегендей, өлеңнің мазмұны қам көңілмен жабығып отырған бір сәтте Абай қасындағы сүйікті жары Әйгерімге сөз арнап, жанына жәрдем, көңіліне медеу күткенін паш етеді. Жылы жүзіңмен қайғы-дертімді тарқат деген тілек білдіріп, жырды қажыған көңілімді қайта түлет - «семірт жем тауып!» деп аяқтаған.

Бірақ өлең қай жылғы? Бұл туралы болжамды кездестіре алмадық. Өлең   1892-93 жылдың қысында Аралтөбеде, Әйгерім қыстағында жазылған деп шамалаймыз. Төменде осыны дәлелдеуге талпынып көрейік.

Тағы бір еске салайық, 1891 жылдың дәл соңы, желтоқсан айында Абайдың жақсы көретін інісі Оспан мезгілсіз қайтыс болды. Келесі 1892 жылдан сыртқы арпалыс оты айдан айға лаулай береді. Бұрын Оспаннан  жасқанып жүрген  жаулар енді ашық шабуылға көшті. Айтпақшы, осы жылдың жазында Петербургтегі әскери училищенің соңғы курсында  оқитын Абайдың зор үміт артқан баласы Әбдірахман елге келгенде, оның денсаулығының нашарлығы, сырқат екені мәлім болған. Әке көңіліне қаяу салып,  жүрегін сыздатқан жәйттің бірі осы.

Сонымен, ақынның ішкі дүниесі дағдарысына сыртқы да қосылып, уайым-қайғы қат-қабат келген.  1892 жылғы «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде ақын:

Өмір, дүние дегенің,

Ағып жатқан су екен.

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең у екен, -

десе, бұл, әрине, қапалы көңіл-күйінің  сызы мен табы.

Міне, осындай көңілі сынық сәттерде кім кімнің де қасындағы жарына жанымды ұғып, мені жылы сөзімен жұбатар деп дәме етері, іштегі қайғы-дертімді азайтар деп емексірі заңды. Абайдың «Домбыраға қол соқпа» өлеңі «автобиографиялық сыры бар» деп Мұхаң меңзегендей осы айтылған хәлден қосымша дерек беретін сияқты. Өлеңді Абай:

Домбыраға қол соқпа,

Шымырлатып бір-бірлеп, -

деп бастап, әрі қарай жанашырлық іздеген жайын былайша ақтарады:

...Онан да жылы жүзіңмен

Кел, жарым, қара бетіме.

Жылы, тәтті жауап айт

Іштегі қайғы-дертіме.

Іштегі ескі жалынды

Сөндір жаңа қылықпен.

Сөйлесші жақсы, жағымды

Мендей көңілі сынықпен.

Бірақ Әйгерім жақсы, жағымды сөйлесіп,  Абайдың сынық көңілін «семірте» алды ма? Көзі көргендер Әйгерім Абайдың жанын түсініп, «жылы, тәтті жауабымен» жұбатып отырды демейді. Керісінше туған ағасы Тәңірберді сияқты сүйікті жары Әйгерім де малға дос болу себепті Абайдан біртіндеп алыстай түскен. Әсілі, «мал-байлық» деп, дәулет құрау – сол заманда барша қауымға тән мінез, әдет. Соның қызығына  өнерлі, сезімді Әйгерім де түседі. Әрине, мал жиып, соның табысына табынған жандарға терең ой, ақыл, білім іздеу дегеніңіз еріккеннің ермегі сияқты бос әурешілік болып көрінбек. Қалай деген күнде де оларға ұғымсыз, жат нәрсе. Абай: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» демей ме.

Бұл ретте Аралтөбеге көршілес Қанай деген жердің тұрғыны Дәулетияр Бітімбайұлы деген адамның естелік сөзін келтіре кетелік. «Абай кіші қатыны Әйгерімдікіне келіпті дегенді естідім, - дейді Дәулетияр шамасы 1897-98 жылдың аязды қысында болған кездесу жайында. ...Кешке жақын Абайға сәлем беріп қайтайын деп атыма мініп, аулына бардым. Үйіне сәлем беріп кіріп келсем, шай ішуге жаңа отырысқан екен, Абайдың қасында үш кісі отыр. Біз шай ішіп отырғанда жыртық қой жүнді шекпен күпісі бар зор қара кісі кіріп сәлем берді. Абай: «Бұл кім?» деді, әйелі: «Бұл біздің қойшы, өзі Көкше екен, қыстай қой бағуға жалдап алып едім» деді. Абай әйелінің бетіне тесірейе қарап тұрды да: «Әй, Әйгерім, сен малды жақсы көресің, малыңды бағып жүрген малшыны жалаңаш қоясың. Мен осында үш қонып Семейге жүремін, мен кеткенше тон, шалбар, тымақ тіккізіп мына қойшыңа кигіз, - деді». Қойшы тамаққа тойып, кейін шегінгенде Абай онан: «Сені кім кедей қылды?» - деп сұрайды. Ол: «Мені кедей қылған Құдай-дағы», - деп жауап қатады. Сонда Абай жарықтық: «Не, Құдаймен бұрыннан араздығың бар ма? Біздің қазақтың оңбайтыны өзі еріншек болып, жөндеп еңбек қылмайды да, мына біздің қатын сықылды адамнан малды жақсы көретін кісіге жалданады. Мұндай кісіге еткен еңбектен мал құрала ма?  Ол оны Құдайдан көреді. Осы уақытта білімді елдерде еңбек қып ақысымен байып жатқан кедейлер бар. Олар мал табуда Құдайға сенбей, еңбегіне сенеді», - деген екен (Абай туралы естеліктер. – Семей, 2010. -196 бет).

Хатталған өмір фактісінен Абайдың «сен малды жақсы көресің» деп Әйгерімді екі мәрте айыптағанын көреміз.  Арадағы шын махаббаттың сеңі сөгіле бастағаны содан дегенді ілкіде айтқанбыз. Абайдың шығармашылық шабыты шалқыған мекендер – Ақшоқы, Жидебай және Семей қаласы. Өз білуімде, бұл қатарда Әйгерімнің патшалығы Аралтөбе аталмайды.

1892-93 жылдары да Абай көп уақытын Аралтөбеде емес, бәйбішесі Ділдәнің ауылы Ақшоқыда өткізгені естеліктерде шаң беріп отырады. Мысалға Абайдың шәкірті  Әнияр Молдабаевтың Сапарғали деген баласы  былай деп жазады: «1893 жылы май айында әкем Әнияр аз күнге демалыс алып, Ақшоқыдағы Ысқақ ауылына келеді. Ертеңінде Абайға сәлем беремін деп, Ақшоқының сыртында «Көк үйірім» деген бұлақта отырған Абай ауылына бармақшы болады» («Абай» журналы. Естеліктер. -2016. №3, 84 бет).

Абай мен Әйгерімнің махаббаты «Абай жолы» эпопеясында сомдалған мәңгі ескерткішіміз. Әйтсе де, 1890 жылдардан кейін дана Абайды Әйгерім түсіне алмай, араға кірбің сызаты түскенін бүркелемегеннен ұтарымыз не, онан кімге пайда? Өмір шындығына тура қарау бізге жаңағы «Домбыраға қол соқпа» өлеңін Абай қай жылы, қандай жағдайда жазғанын және басқа да жағдаяттарды танып, анықтау үшін аса қажет. Бұдан өзге ешбір ниет, бөтен пиғыл менде жоқ.

Енді ақын Абай ойшылдық сатыда деген пайымды бекітуге бірер қосымша дәлелдер алайық. Ойшыл ақын бірінші қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік», - дей келе, сөзінің соңын: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», - деуімен түйіндеген еді ғой.

Ақын шығармашылығы өзгерісін жіті қадағалаған Мұхтар Әуезов Абай қара сөздерінде «күшті азаматтық сындарын оңайлатып, азайтып», оның орнына «ой менен мазмұнға зер салады» деп көрсетеді («Абай Құнанбайұлы» атты монография. – Алматы, 1995. – 212 және 219-бет).

«Ақыры осыған байладым» деп өзі айтқандай, Абай қара сөздерін үзбей жазып, қағаз бетіне түсіре бастаған. Сонымен қатар, осы үш жылға он шақты өлең тиесілі. Олардың сыр-сипаты ақынның пәлсапаға, Мұхаңның сөзінше «ой мен мазмұнға зер салған» хәлін паш етеді. Мысалға  «Заман ақыр жастары», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Жастықтың оты жалындап», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қайғы шығар ілімнен», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды туындылар тек қана көңіл-күй лирикасы ма? Әрине, жоқ. Оларда терең ойшылдық менмұндалап, кемерінен асып төгіліп тұр.

Қорыта келгенде, 1891 жылы Абайдың «қара сөз» атты мұрасын қолға алуы - қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы соны жаңалық. Сонымен бірге, ол ойшылдық өріске қадам басуының нақты дәлелі де.

1893 жылдың жазында Әбдірахман артиллерия училищесін бітіріп, офицер шенінде елге келгенде, Абай тобықты ішіне сіңген саудагер татар Ысқақтың баласы Сүлейменнің Мағрипа деген қызын айттырып, алып береді. Осымен, Оспан өлімінің жарасы ескірген, Абай алаңсыз өмір сүре бастаған жаймашуақ шақ та жеткен-ді. Ең бастысы, хакімдік асуға апарар соқпаққа түскенін сезінген ойшылдың көңілі жай табады.

Абайдың үш өлеңі мерзімдерін де пысықтай өтелік. Өздеріңіз де куәсі болған өмір фактілері мен қолда бар дәлел-қисынға сайсақ «Ойға түстім, толғандым» - 1891, «Тәңірбердіге» - 1892, ал «Домбыраға қол соқпа» -1893 жылдың туындысы деп тұжырамыз. Ұлы өмірдің ойшылдық өрісте өткен алғашқы үш жылы туралы сөзіміз осымен тәмам.

Түйін сөз

Қазіргі таңда қазақтың Абайы күллі әлемнің Абайына айналуда. Сәйкесінше абайтану ілімі де қарыштап даму үстінде ме?  Өкінішке қарай, олай емес, бұл салада қордаланған мәселе көп. Төменде соның бірі – Абай жинағын сапалы әзірлеу жайына тоқталуды өзіме парыз деп білемін.

Жасырып-жабары жоқ, бас абайтанушы ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезов бақиға озғаннан кейін абайтану саласы терең тоқырауға ұшырады.  Ащы да болса шындық қымбат, Абай жинақтарына көз салып, саралап шықсаңыз,  еліміз еркіндік алған соң да баяғы түсініктемелер бір кітаптан бір кітапқа ауысқанына куә боласыз. Болды, бітті. Ізденіс жоқ жерде, қайдағы жаңалық?! «Ау, редактор мырзалар, қазіргі заман мүлде басқа, соған сай толымды түсінік, жаңаша көзқарас, ғылымдық ізденістер қайда?» демей көр.

Құр сөз болмауы үшін екі мысал келтіре кетелік. Біріншісі, Мұхаңның көзі тірісінде жаңадан табылып, академиялық делінетін негізгі жинақтарда жарияланған Абайдың үлкенді-кішілі он алты өлеңі бар. Олардың бірде бірінің жазылған жылы әлі күнге анықталмаған. Анықталмаған деймін-ау, соңғы 1995 жылғы Абай шығармаларының екі томдық толық жинағына 16 өлеңнің сегізі кірмепті де. Жоғарыда талданған «Тәңірбердіге» өлеңінің де толық жинаққа енбей, «қысқарып» қалғаны неткен өкініш. Мұхаң тіріліп келсе: «Пәлі, о неге?» дер еді. Қалай болғанда да, Абайдікі екені талассыз шығарманың толық жинақтан сырт қалуы – ұлы мұраға қиянат емес пе...

Екінші мысал, соңғы басылым, жаңа айтқан екі томдықты шығарушылар  Абайдың аудармаларын бөлек емес, төл өлеңдері ара-арасына сыналап жариялаған. Апырай, кезінде Мұхаң мұны қателікке, қиғаштыққа балап, азар да, безер болған еді ғой...

Сонымен, Абай жинағының сапа деңгейін көтеру – халықтың рухани серпілісіне септігі тиетін маңызды мемлекеттік мәселе. Оны билік пен зиялы қауым үнемі назарында ұстап, қадағалап отырса игі. Абайтанудың қазіргі мүшкіл хәлін қалың жұртшылыққа жеткізіп отырған жайым сол.

Сөз соңы, әрнеге «документ жоқ, дәлел-дәйегің жеткіліксіз» деп жұлқына қарсы шығуды азайтып, мына әділетті пікірге құлақ түрсек жақсы.             «Қай шығарма Абайдың қай кезеңіне тиісті, қайсысы Абайға қонымды емес, оған сиымсыз деген жайлардан күдік айтуға болады, - дейді М. Әуезов өзінің «Абай мұрасы жайында» атты мақаласында. – ...Сөзіміз документке, шын ғылымдық жағдайға, тым құрыса көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін». Көкейге қонымды қисынға, өнімді ойға сүйенсек, жаңағы он алты өлең өз орындарын неге таппасын, әрине, табады!

Осы жолдардың авторы Астана қаласында 2014 жылы жарық көрген «Абай: ашылмай келген қырлары» атты кітабында Абайдың «Ойға түстім, толғандым» өлеңін ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылған деп қате топшылағаны бар. Міне, бұл Абайдың шығармашылық эволюциясын саты-сатылап қарастыру тәсілін ескермегендіктен орын алған олқылық болатын.

Орайсыз жәйттен түйгенім: көңілге анық қонымды дәлелге, мықты қисынға сүйенбей татымды жеміс жоқ. Бұл-бір. Екіншіден, сол дәлел, қисын көмбесін табудың басты шарты бар, ол – Абайдың даму процессін саты-сатылап анықтау. Алдағы уақытта ізденісіміз «Ойшыл Абай - зерттеушілік белесінде» (1894-1897 жылдар.аралығы)  және «Хакім Абай – теология асуында» деген (1898-1902) тақырыптар аясында жалғасын табады. Оларды да, әрине, асыл мұраны жаңаша жүйелеудің тың тәсілі арқылы тексермек ниетіндеміз.

Асан Омаров,

зерттеуші.

Мақалада абайтану бағытында ескерілмей жатқан біраз мәселе қамтылған

Кіріспе сөз

Ұлы Абайды танып, білуге қай дәуір де мүдделі, ал әр толқын ұрпақ оған өзіндік үлесін қосуға міндеткер.  Бүгінгі таңда Абай мұрасын жаңаша көзқараспен зерттеп, зерделеудің бұрын-соңды болмаған тамаша мүмкіндігі туып отыр. Ол  – тәуелсіздік тартуы. Соны пайдаға асыра алсақ кәне.

Ашығы керек, жаңаша көзқараспен зерттеу, тексеру деп біз Абайдың рухани дамуының саты-сатысын анықтау тәсіліне сілтеп отырмыз. Бұл өзі абайтану саласында әлі күнге қолданылмай келген ғылыми методика болып табылады. Абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Омарханұлы Әуезов асыл мұраны жүйелеуде осы методикаға сүйену қажеттігін жақсы білген. Мысалға «Абай Құнанбайұлы» атты іргелі  монографиясында (Алматы, 1995 ж.) бірде: «Ақындық эволюциясын, жазушылық жолын біртіндеп, кезегімен тексереміз» десе, енді бірде: «Абай ойының, ізденулерінің … саты-сатыларын анықтап ескеретін боламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады» (Аталған монография, 86-шы және 121-беттер), – деп мәлімдейді. Бірақ идеологиялық қыспақ жағдайында аталмыш методиканы толықтай іске асыру жалаңаяқ шоқ басқанмен парапартұғын.   Тоталитарлық жүйе хакім-теолог Абайды көзден тасалап, есікке қара құлыпты салды, саты-сатылап зерттеп, тексермек тұрмақ, әлем ойының алыбы деп мойындау да мұң болды.

Бүгінгі күнге оралайық. Абай: «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», – демекші, күллі тіршілік иелері кешетін өмір заңы – өзгеру, толысу, кемелдену. Дүниеауи білімді өмір бойы жинайсың, сол сияқты ес-ақыл, сана-сезімің де толығу, даму үдерісін кешпек. Асқан ақыл иесі Абайдың хакімдік  шыңға медресе шәкірті кезінен кемелдіктің саты-сатысынан басқыштап шыққанына кім таласар екен. Төменде соның бірі – шығармашылығының бел ортасына келетін ойшылдықтың алғашқы кезеңі – 1891-93 жылдар аралығына тоқталмақпыз.

Осы үш жылда Абай санасын түрлі ойлар қаумалап, өз сөзінше «көңілі шарқ ұрған». Ерекшелік те сол. Інісі Оспанның өлімі, соған ілесе жеткен сыртқы оқиғалар жай ғана көңіл-күйіне емес, ақынның ішкі дүниесі өзгеруіне, Мұхаң сөзінше, эволюциясына  әсер етті, оны мейлінше жеделдетті.  Осы кезеңге тиесілі ғақлия сөздері және өлеңдері пәлсапалық ойлардың жемісі әрі жаңғырығы есепті. Бізге ақын эволюциясының  саты-сатысын анықтау тәсілі көмекке келеді. Ол Абай әлемін түсінуге, жұмбағын шешуге, бұдан бөлек, кейбір жылы мәлімсіз өлеңдердің жазылған жылын анықтауға жол ашты. Міне, төменде сөз еткен жайларды рет-ретімен тексеретін боламыз. Оны «Абай кемел ой сатысына қай кезден шыққан»? деген мәселеден бастағанды жөн көрдік.

Кемелдік сатысына қай кезден шыққан?

Иә, ақын Абай ойға түсіп, толғанған жыл қайсы? Осы сұрақ қабырғадан қойылғанда, алдымен ойға 1891 жыл оралмақ. Себебі, осы кезден пәлсапалық мазмұн Абай шығармашылығында менмұндалап, нығырақ, басымырақ көрінеді. Бастапқы онға тақау ғақлия сөздердің жарымында (4, 5, 6, 7 қара сөздер) жан құмары, ахирет, иман тақырыптарына баруы соның айғағы.

Сөйтіп, ұлы ақын ендігі жерде тылсым, түпкі хақиқат (жан, ахирет, Алла, адам болмысы  және т.б. дүниенің көрінбеген сырлары) мәселесіне ойысқаны айқын белгі береді. Абай ағартушылықтан ойшылдыққа ойысты, бейнелеп айтсақ, әдебиетші Абайға философ Абай қол созды дейміз.  Осынау сапа өзгерісінің сыры неде? Сұрақтың жауабын ақынның өзі береді.  Мысалға «Менсінбеуші едім наданды» өлеңінде тыңдаушы қауым туралы күдігі көп: «адам бол» деген өсиеттерім жұртшылыққа өтпеді, тәрбиелік ойларым қоғамдық санаға шөкпеді дейді. Сондықтан ақындық қызметіне, жалпы өткен өміріне суық көзбен қарап,  «мен – қажыған арықпын» деп түйін түйеді.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып.

Бұл шумақ бізге ақынның қайтып, неліктен қажығанын ұқтырса керек. Абайдың «Не істеу керек?» деген жол айырыққа тірелген хәліне өзге де өлеңдерінен көз жеткіземіз.

Аралық кезең сияқты үш жылда ақын Абай санасында «Заманды емес, адамның мінезін түзету керек» деген жаңаша парадигма және «Бұл өмір алдамшы, құбылмалы, сол себепті қоғам да сондай» дегенге саятын пәлсапалық тың ойлау жүйесі қалыптасты. Өз кезегінде ой-сана өзгерісі шығармашылығына жаңаша мазмұн, бағыт әкелмегі заңды құбылыс.

Сонымен, шығармашылық деректері негізінде 1891 жыл бұрылыс, өзгеріс әкелген деп тұжырамыз. Осыған шекті шаршамай-талмай тер төккен мәдени-ағартушылыққа енді ақынның көңілі толмаған. Оған басты себеп, тағы пысықтайық, Абай рухани кемелденуінің кезекті баспалдағына жетті.  Төменде сөз болатын үш жыл туралы «Абай соны бағыт іздеген және іздегенін ойшылдық өрістен тапқан кезең» деуге ғылыми негіз осы.

Ескерте өтері, 1891 жылға дейінгі Абай поэзиясы даналық ой, кемел сөзден кенде, я болмаса, онда тек қана осы дүние көзделген деген жаңсақ ой тудырудан аулақпыз, құдай куә. Жаңағы соны сатыға шықты деген пайым бар болғаны: Абайда ойшылдық белгі молырақ, ақын ендігі жерде айнала құбылысқа философиялық биіктен қарауға бейілді дегенді ғана білдіреді. Басқаша айтқанда, көпбағытты ағартушылықтан бойы асып, ойшылдықтың дара жолына түсті. Осы жолдан ақырғы демі таусылғанша айнымай, әлемдік ой кеңістігінде самғады. Оның дәлелі, әрине, ойшылдың шығармашылығы.

Енді Абайдың «Ойға түстім, толғандым», «Тәңірбердіге» және «Домбыраға қол соқпа»  деген өлеңдеріне келейік. Үш туынды табылғаннан беріде қаншама су ақты десеңізші. Амал қанша, олардың  жазылған жылы әлі күнге ақтаңдақ. Төменде осынау сарындас, үндес үш туындының 1891-93 жылдар аралығына тиесілі екенін дәйектемекпіз.

Талдау, тексеру жұмысын Абайдың өзі туралы жазған, кемелдікке қадам басқанының айнасы есепті «Ойға түстім толғандым» өлеңінен бастап көрейік.

Ойға түстім, толғандым…

Абайдың «Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым» деп басталатын өлеңін, сірә да, 1891 жылғы туынды деп топшылап отырмыз.

Өлеңде өз өзіне көңілі толмаған хәлін ұлы дарын иесі:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес –

дейді. Келер жылғы «Қайғы шығар ілімнен» өлеңінде өзі міні жайлы  қайталап айтқаны бар:

Қайтып қызық көремін,

Әуре-сарсаң күнімнен.

Қайрылып қарап байқасам,

Ат шаба алмас мінімнен.

Көрдіңіз бе, ұлттық поэзияның классигі Абай «тау тасынан аз емес» және «ат шаба алмас мінімнен» деп өзіне жүрек шайлығардай қатал сын айтудан тартынбаған екен. Кәне, бұлайша ақтарылуының сыры неде? Ақылың таң қаларлық шығармашылық табысқа қол жеткізген поэзия алыбы, классик ақын Абайдың өз мінін қолға алғаны несі? Әр жұмыр басты пендеге тән айыпты мойындатқан құдірет қайсы? Осы жұмбақты түсініктемелеу маңызды мәселе сияқты.

Бізше гәп Абайдың тылсым тереңіне үңілген хәліне тіреледі. Неге десеңіз, өз мінін өзі көру және өзіне өзі күшті талап қою, әлбетте, ұлы миссияны орындауға бел буған данышпандарға тән қасиет. Мұсылмандық сопылық ілім бойынша толық тазару жолына түскен һәм хақиқатты халыққа жеткізу миссиясын мойнына алған ерекше жанның сыбағасы. Осыны растау үшін бір тәмсілді келтіре кетелік. Сахабалар «Құдайға ең жақын адам кім? Ол намазын қаза қылмаған тақуа ма?» деп сұрағанда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің: «Жоқ, олай емес, Құдайға ең жақын өз мінін сезініп, айыбын мойындап, соны түзеуге бет алған адам»  деген екен. Пендешіліктен кемелдіктің айырмашылығы осы арада болса керек.

Өлеңнің ортаңғы шумағында Абай:

… Осынша ақымақ болғаным,

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің,

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен,

Әбден үміт үзіппін, –

дейді.   Бұл арадағы сыр неде? Оны қалай ұққанымыз жөн?

Көпке аян, 1891 жылға шекті алты жылда Абай барша шығармашылық күш-қуатын сарп етіп, қазақ өмірінің күллі қырлары қамтылған классикалық поэзияны дүниеге әкелді. Асқан шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты жағынан қазақтың жазба әдебиетін «биік белге өрлетіп шығарды» (Әуезов).  Аударма еңбегі, сазгерлігі өз алдына бір төбе. Әйтсе де, «Көрінгенге қызықтым» дегеніне көңіл бөлер болсақ, ақын алған асуларына қанағат қылудан аулақ. Тек ағартушылық арна мен көңіл-күй, сезім поэзиясына байланған хәлін өзіне үлкен мін, кемшілік деп білгендей. Тереңге тартып, пендешілік шырмауынан құтылуға қанша асықса да ғаділетті жүрек шіркінді елеп-ескермеген хәліне өкінгендей болады. Біз байқаған сыр, астар осы.

Енді шумақтағы соңғы «ақыл менен білімнен, әбден үміт үзіппін» деген жолға ой жүгіртелік.  Әлемдік әдебиет пен ғылым қайнарынан мейірі қанғанша сусындаған 1878-1884 жылдар аралығымен салыстыра қарағанда, Абай соңғы жылдары Семейдің кітапханасына баруын сиретті, ғылым-білім бұлағынан алыстады. Өмір шындығы осы. Себебі қолы тимеді, алтын уақытын төл шығармашылығы мен ел жұмысына түгел сарқыды. Өзіңіз де ойлаңыз, бұл жылма жыл кемелденген тұлға үшін көңілі толатын жәйт пе? Әрине, жоқ. Демек, ақын «ақыл менен білімнен, әбден үміт үзіппін» деген хәлі күтулі жәйт, ол біздерді таң қалдырмауға тиісті.

«Ақынның ішкі әлеміндегі күйзеліс қайдан? Өзін өзі қатты сынағаны несі?» деген сұрақтарға берер жауабымыз әзірге осы.

Өзі туралы жырының соңын Абай:

«Сіз білесіз» дегенде,

Күнге күйіп, пісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін «пысықпын», –

деген шумақпен тәмамдауы заңды. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қайғы шығар ілімнен» өлеңдері сияқты бұл шумақ та ақынның сүйенген, сенген дәурені жалғандығына көзі жетіп, енді ойшылдықтың кемел кеңістігін аңсаған, жаны жай таппай шарқ ұрған хәлін паш етеді емес пе.

Сонымен, Абайдың «Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым» деп басталатын шығармасы ақыл-ойының, жан дүниесінің даму процессін көрсетуімен құнды. Тереңді көздеп, дүниенің көрінбеген  сырын барлау жолына алғаш түскенінің куәсі болуымен бағалы. Сондықтан оның жазылған жылын «1891 жыл» деп нақтылаудан ұтарымыз мол. Төменіректе келтірер дәлел, қисындар бұл датаның дұрыстығын бекіте түсетін болады.

«Тәңірбердіге» деген өлеңі қай жылғы?

Жоғарыда талданған «Ойға түстім…» өлеңі Абайдың сана өзгерісінің жемісі десек, «Тәңірбердіге» деген туындысы сыртқы жағдаяттан, ақын кешкен күнделікті күйбең тіршіліктен хабардар етеді. Абай мен туған ағасы Тәкежан (Тәңірберді) арасын  дәйім салқындық бөлетіні, қазақы тілмен айтқанда, жұлдызы жараспағаны, қалың оқырман қауымға «Абай жолы» эпопеясынан жақсы мәлім. Абай жалғызсырап, сенісерге дос, сырласарға туыс іздеп қиналған күндерде  Тәкежан ерекше қабілет иесі бауырына иығын тосқан ба,  сүйеніші бола алған ба? Жоқ, олай болмаған. Малға дос Тәңірберді, керісінше, жалт беріп, жау жағына шығып отырса не етерсің.

Әңгімені әріден бастап, алдымен 1884 жылға көз тіге кетелік. Ең алғаш осы жылғы болыс сайлауында, «жауым жоқ» деп жүрген Абайға дос-жаранның күллісі сатқындық жасап, Күнтудің күні туғантұғын. Сол жолы ақын ең жақын досы Ерболдан тірідей айырылып «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп күңіренген еді ғой. Сол сияқты «Көжекбайға» өлеңінде Абайдың:

Жақсыға біткен ағайын,

Өз үйіңде кезексіз,

Шешен келер сартылдап.

Білетін біреу кез келсе,

Сөз таба алмас қалтылдап.

Қалжыңға келер шорқақтау,

Жауға келер қорқақтау,

Еркін жерде ызақор,

Томырық келер тарқылдап, –

деп келетін мінездемесі бар. Оны шалғайдағы Көжекбайға я басқа біреуге емес, өз айналасы жақын ағайынға айтқаны дәлелсіз-ақ айқын.

Енді 1892 жылға қайтып оралар болсақ, Абай сегіз жыл бұрынғы тағдыр соққысын тағы бір сезінген. Өйткені, сүйенген, сенген інісі Оспаннан айырылған тұста да уайым-қайғыны бөлісер дос таба алмаған. Тәңірберді болса, қолтықтан демеудің орнына араздық отын үрлеген. Онымен де қоймай, тек мал-байлықты жиюмен әуре кісінің тірлігіне сәйкес Абайға түрлі міндет, салмақ артып, күңкілдеп мезі еткені белгі береді.

Оған дәлел 1892 жылғы «Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әркез тозбайды» деп басталатын өлеңінде ақын:

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған – ол да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды, –

дейді. Бұл жерде сын найзасы ұшына кімнің ілінгені өз өзінен түсінікті болса керек. Әрине, бөтен адамды емес, ағасы Тәкежанды айтқан.

Тұрағұл өзінің естелігінде: «1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жағына шыққан. …Оразбаймен құда болған» деп дерек береді.  Жаралы жолбарыстай хәлдегі ақынға бұл соққы, әрине, оңай тимеген. Абай: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» (5-сөз), – десе, бұл хәлді өзі де кешкен деп ұқсақ жөн.

Сонымен, «Тәңірбердіге» өлеңі сөзі өтпейтін ағасына ыза болғаннан жазылған, өзі айтқандай, «қайғысы тілден сөз болып аққан» туындының бірі. Оны жаңағы Тұрағұл айтқан оқиға жаңғырығы деуге бейілміз.

Жеті шумақтан тұратын өлеңді Абай:

Байсып, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп,

Өзі ғана келгендей,

Дүниеге жансып, –

деп бастап, қолынан келері шамалы, бірақ өсек сөзге шебер Тәкежанның мінезін, жанды суретін көз алдыңа әкеледі. Арнау жырдың соңғы шумағында былайша түйін түйеді:

Өтірік, өсек, дау десе,

Бәйге атындай шабады.

Қолыңан келер түк те жоқ,

Осының болды маған кек.

Бірер жыл кейін Оразбай, Тәкежан тәрізді дәулет қонған байларды Абай былайша сипаттайды: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал.  Сөзді қайтып ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме?» (8-сөз).

Өздеріңіз де байқап отырсыздар, келтірілген абзац «Тәңірбердіге» өлеңімен бір сарынды, үйлес. Тегі, өлең кейіпкері Тәкежанды сол замандағы қыр байлары мен жуандарының жиынтық бейнесі десе де болады.

«Осы мен өзім – қазақпын» деп басталатын 9-қарасөзінде ойшыл: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын…», – дейді. Бұл сөзді әуре-сарсаңмен өткен 1892 жылдың соңында жазғаны, үміті үзілгендей болған көңіл-күйде қағаз бетіне түсіргені шүбәсіз секілді.

Күн мен түн, ыстық пен суық сияқты жақсылық пен жамандық та егіз. Егер  жақсылық ұзақ тұрмаса, жамандық неғып баяндап қалсын. Ақыры Абайға төнген уайым-қайғының қара бұлты да жөңкіле көшті, қарсы жақ қанша тырысса да  ойшылды мойыта алмады.  «1893 жылғы сайлауда, … елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған», – деп жазады Тұрағұл. Сол жолы Абайдың кандидаты болып Әзімбай Тәңірбердіұлының тағайындалғаны ресми құжатта хатталған. Бұл факті бізге Абайдың ағасы Тәңірбердіге кешіріммен қарап, өзара ұғысуға, сыйласарлықты сақтап қалуға тырысқанын аңдатса керек-ті. «Тәңірбердіге» деген өлеңін жалпақ жұртқа жария етпей, жабықта сақтаған жайы да осымен өз түсінігін табады деген ойдамын.

Сонымен, Абайдың «Тәңірбердіге» деген өлеңі 1892 жылға сұранып-ақ тұр, оған ғылыми негіздер жеткілікті. Алдағы уақытта Абай жинақтарында «мәлімсіз» делінген туындылар қатарынан алынып, өз орнына қойылар деген үміттеміз. Мұны жұртшылықтың әділетті шешім деп қабылдары сөзсіз.

«Домбыраға қол соқпа» деген өлеңі ше?

Енді «Домбыраға қол соқпа» деген жазылған жылы мәлімсіз үшінші өлеңге келейік. Туындының Әйгерімге арналғанын абайтанушы ғалымдар бірауыздан құптайды. Мұхтар Әуезов аталмыш өлеңге «мән-мазмұны нәзік, автобиографиялық сыры бар» деген бағасын беріпті. Десе дегендей, өлеңнің мазмұны қам көңілмен жабығып отырған бір сәтте Абай қасындағы сүйікті жары Әйгерімге сөз арнап, жанына жәрдем, көңіліне медеу күткенін паш етеді. Жылы жүзіңмен қайғы-дертімді тарқат деген тілек білдіріп, жырды қажыған көңілімді қайта түлет – «семірт жем тауып!» деп аяқтаған.

Бірақ өлең қай жылғы? Бұл туралы болжамды кездестіре алмадық. Өлең   1892-93 жылдың қысында Аралтөбеде, Әйгерім қыстағында жазылған деп шамалаймыз. Төменде осыны дәлелдеуге талпынып көрейік.

Тағы бір еске салайық, 1891 жылдың дәл соңы, желтоқсан айында Абайдың жақсы көретін інісі Оспан мезгілсіз қайтыс болды. Келесі 1892 жылдан сыртқы арпалыс оты айдан айға лаулай береді. Бұрын Оспаннан  жасқанып жүрген  жаулар енді ашық шабуылға көшті. Айтпақшы, осы жылдың жазында Петербургтегі әскери училищенің соңғы курсында  оқитын Абайдың зор үміт артқан баласы Әбдірахман елге келгенде, оның денсаулығының нашарлығы, сырқат екені мәлім болған. Әке көңіліне қаяу салып,  жүрегін сыздатқан жәйттің бірі осы.

Сонымен, ақынның ішкі дүниесі дағдарысына сыртқы да қосылып, уайым-қайғы қат-қабат келген.  1892 жылғы «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде ақын:

Өмір, дүние дегенің,

Ағып жатқан су екен.

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең у екен, –

десе, бұл, әрине, қапалы көңіл-күйінің  сызы мен табы.

Міне, осындай көңілі сынық сәттерде кім кімнің де қасындағы жарына жанымды ұғып, мені жылы сөзімен жұбатар деп дәме етері, іштегі қайғы-дертімді азайтар деп емексірі заңды. Абайдың «Домбыраға қол соқпа» өлеңі «автобиографиялық сыры бар» деп Мұхаң меңзегендей осы айтылған хәлден қосымша дерек беретін сияқты. Өлеңді Абай:

Домбыраға қол соқпа,

Шымырлатып бір-бірлеп, –

деп бастап, әрі қарай жанашырлық іздеген жайын былайша ақтарады:

…Онан да жылы жүзіңмен

Кел, жарым, қара бетіме.

Жылы, тәтті жауап айт

Іштегі қайғы-дертіме.

Іштегі ескі жалынды

Сөндір жаңа қылықпен.

Сөйлесші жақсы, жағымды

Мендей көңілі сынықпен.

Бірақ Әйгерім жақсы, жағымды сөйлесіп,  Абайдың сынық көңілін «семірте» алды ма? Көзі көргендер Әйгерім Абайдың жанын түсініп, «жылы, тәтті жауабымен» жұбатып отырды демейді. Керісінше туған ағасы Тәңірберді сияқты сүйікті жары Әйгерім де малға дос болу себепті Абайдан біртіндеп алыстай түскен. Әсілі, «мал-байлық» деп, дәулет құрау – сол заманда барша қауымға тән мінез, әдет. Соның қызығына  өнерлі, сезімді Әйгерім де түседі. Әрине, мал жиып, соның табысына табынған жандарға терең ой, ақыл, білім іздеу дегеніңіз еріккеннің ермегі сияқты бос әурешілік болып көрінбек. Қалай деген күнде де оларға ұғымсыз, жат нәрсе. Абай: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» демей ме.

Бұл ретте Аралтөбеге көршілес Қанай деген жердің тұрғыны Дәулетияр Бітімбайұлы деген адамның естелік сөзін келтіре кетелік. «Абай кіші қатыны Әйгерімдікіне келіпті дегенді естідім, – дейді Дәулетияр шамасы 1897-98 жылдың аязды қысында болған кездесу жайында. …Кешке жақын Абайға сәлем беріп қайтайын деп атыма мініп, аулына бардым. Үйіне сәлем беріп кіріп келсем, шай ішуге жаңа отырысқан екен, Абайдың қасында үш кісі отыр. Біз шай ішіп отырғанда жыртық қой жүнді шекпен күпісі бар зор қара кісі кіріп сәлем берді. Абай: «Бұл кім?» деді, әйелі: «Бұл біздің қойшы, өзі Көкше екен, қыстай қой бағуға жалдап алып едім» деді. Абай әйелінің бетіне тесірейе қарап тұрды да: «Әй, Әйгерім, сен малды жақсы көресің, малыңды бағып жүрген малшыны жалаңаш қоясың. Мен осында үш қонып Семейге жүремін, мен кеткенше тон, шалбар, тымақ тіккізіп мына қойшыңа кигіз, – деді». Қойшы тамаққа тойып, кейін шегінгенде Абай онан: «Сені кім кедей қылды?» – деп сұрайды. Ол: «Мені кедей қылған Құдай-дағы», – деп жауап қатады. Сонда Абай жарықтық: «Не, Құдаймен бұрыннан араздығың бар ма? Біздің қазақтың оңбайтыны өзі еріншек болып, жөндеп еңбек қылмайды да, мына біздің қатын сықылды адамнан малды жақсы көретін кісіге жалданады. Мұндай кісіге еткен еңбектен мал құрала ма?  Ол оны Құдайдан көреді. Осы уақытта білімді елдерде еңбек қып ақысымен байып жатқан кедейлер бар. Олар мал табуда Құдайға сенбей, еңбегіне сенеді», – деген екен (Абай туралы естеліктер. – Семей, 2010. -196 бет).

Хатталған өмір фактісінен Абайдың «сен малды жақсы көресің» деп Әйгерімді екі мәрте айыптағанын көреміз.  Арадағы шын махаббаттың сеңі сөгіле бастағаны содан дегенді ілкіде айтқанбыз. Абайдың шығармашылық шабыты шалқыған мекендер – Ақшоқы, Жидебай және Семей қаласы. Өз білуімде, бұл қатарда Әйгерімнің патшалығы Аралтөбе аталмайды.

1892-93 жылдары да Абай көп уақытын Аралтөбеде емес, бәйбішесі Ділдәнің ауылы Ақшоқыда өткізгені естеліктерде шаң беріп отырады. Мысалға Абайдың шәкірті  Әнияр Молдабаевтың Сапарғали деген баласы  былай деп жазады: «1893 жылы май айында әкем Әнияр аз күнге демалыс алып, Ақшоқыдағы Ысқақ ауылына келеді. Ертеңінде Абайға сәлем беремін деп, Ақшоқының сыртында «Көк үйірім» деген бұлақта отырған Абай ауылына бармақшы болады» («Абай» журналы. Естеліктер. -2016. №3, 84 бет).

Абай мен Әйгерімнің махаббаты «Абай жолы» эпопеясында сомдалған мәңгі ескерткішіміз. Әйтсе де, 1890 жылдардан кейін дана Абайды Әйгерім түсіне алмай, араға кірбің сызаты түскенін бүркелемегеннен ұтарымыз не, онан кімге пайда? Өмір шындығына тура қарау бізге жаңағы «Домбыраға қол соқпа» өлеңін Абай қай жылы, қандай жағдайда жазғанын және басқа да жағдаяттарды танып, анықтау үшін аса қажет. Бұдан өзге ешбір ниет, бөтен пиғыл менде жоқ.

Енді ақын Абай ойшылдық сатыда деген пайымды бекітуге бірер қосымша дәлелдер алайық. Ойшыл ақын бірінші қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік», – дей келе, сөзінің соңын: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – деуімен түйіндеген еді ғой.

Ақын шығармашылығы өзгерісін жіті қадағалаған Мұхтар Әуезов Абай қара сөздерінде «күшті азаматтық сындарын оңайлатып, азайтып», оның орнына «ой менен мазмұнға зер салады» деп көрсетеді («Абай Құнанбайұлы» атты монография. – Алматы, 1995. – 212 және 219-бет).

«Ақыры осыған байладым» деп өзі айтқандай, Абай қара сөздерін үзбей жазып, қағаз бетіне түсіре бастаған. Сонымен қатар, осы үш жылға он шақты өлең тиесілі. Олардың сыр-сипаты ақынның пәлсапаға, Мұхаңның сөзінше «ой мен мазмұнға зер салған» хәлін паш етеді. Мысалға  «Заман ақыр жастары», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Жастықтың оты жалындап», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қайғы шығар ілімнен», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды туындылар тек қана көңіл-күй лирикасы ма? Әрине, жоқ. Оларда терең ойшылдық менмұндалап, кемерінен асып төгіліп тұр.

Қорыта келгенде, 1891 жылы Абайдың «қара сөз» атты мұрасын қолға алуы – қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы соны жаңалық. Сонымен бірге, ол ойшылдық өріске қадам басуының нақты дәлелі де.

1893 жылдың жазында Әбдірахман артиллерия училищесін бітіріп, офицер шенінде елге келгенде, Абай тобықты ішіне сіңген саудагер татар Ысқақтың баласы Сүлейменнің Мағрипа деген қызын айттырып, алып береді. Осымен, Оспан өлімінің жарасы ескірген, Абай алаңсыз өмір сүре бастаған жаймашуақ шақ та жеткен-ді. Ең бастысы, хакімдік асуға апарар соқпаққа түскенін сезінген ойшылдың көңілі жай табады.

Абайдың үш өлеңі мерзімдерін де пысықтай өтелік. Өздеріңіз де куәсі болған өмір фактілері мен қолда бар дәлел-қисынға сайсақ «Ойға түстім, толғандым» – 1891, «Тәңірбердіге» – 1892, ал «Домбыраға қол соқпа» -1893 жылдың туындысы деп тұжырамыз. Ұлы өмірдің ойшылдық өрісте өткен алғашқы үш жылы туралы сөзіміз осымен тәмам.

Түйін сөз

Қазіргі таңда қазақтың Абайы күллі әлемнің Абайына айналуда. Сәйкесінше абайтану ілімі де қарыштап даму үстінде ме?  Өкінішке қарай, олай емес, бұл салада қордаланған мәселе көп. Төменде соның бірі – Абай жинағын сапалы әзірлеу жайына тоқталуды өзіме парыз деп білемін.

Жасырып-жабары жоқ, бас абайтанушы ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезов бақиға озғаннан кейін абайтану саласы терең тоқырауға ұшырады.  Ащы да болса шындық қымбат, Абай жинақтарына көз салып, саралап шықсаңыз,  еліміз еркіндік алған соң да баяғы түсініктемелер бір кітаптан бір кітапқа ауысқанына куә боласыз. Болды, бітті. Ізденіс жоқ жерде, қайдағы жаңалық?! «Ау, редактор мырзалар, қазіргі заман мүлде басқа, соған сай толымды түсінік, жаңаша көзқарас, ғылымдық ізденістер қайда?» демей көр.

Құр сөз болмауы үшін екі мысал келтіре кетелік. Біріншісі, Мұхаңның көзі тірісінде жаңадан табылып, академиялық делінетін негізгі жинақтарда жарияланған Абайдың үлкенді-кішілі он алты өлеңі бар. Олардың бірде бірінің жазылған жылы әлі күнге анықталмаған. Анықталмаған деймін-ау, соңғы 1995 жылғы Абай шығармаларының екі томдық толық жинағына 16 өлеңнің сегізі кірмепті де. Жоғарыда талданған «Тәңірбердіге» өлеңінің де толық жинаққа енбей, «қысқарып» қалғаны неткен өкініш. Мұхаң тіріліп келсе: «Пәлі, о неге?» дер еді. Қалай болғанда да, Абайдікі екені талассыз шығарманың толық жинақтан сырт қалуы – ұлы мұраға қиянат емес пе…

Екінші мысал, соңғы басылым, жаңа айтқан екі томдықты шығарушылар  Абайдың аудармаларын бөлек емес, төл өлеңдері ара-арасына сыналап жариялаған. Апырай, кезінде Мұхаң мұны қателікке, қиғаштыққа балап, азар да, безер болған еді ғой…

Сонымен, Абай жинағының сапа деңгейін көтеру – халықтың рухани серпілісіне септігі тиетін маңызды мемлекеттік мәселе. Оны билік пен зиялы қауым үнемі назарында ұстап, қадағалап отырса игі. Абайтанудың қазіргі мүшкіл хәлін қалың жұртшылыққа жеткізіп отырған жайым сол.

Сөз соңы, әрнеге «документ жоқ, дәлел-дәйегің жеткіліксіз» деп жұлқына қарсы шығуды азайтып, мына әділетті пікірге құлақ түрсек жақсы.             «Қай шығарма Абайдың қай кезеңіне тиісті, қайсысы Абайға қонымды емес, оған сиымсыз деген жайлардан күдік айтуға болады, – дейді М. Әуезов өзінің «Абай мұрасы жайында» атты мақаласында. – …Сөзіміз документке, шын ғылымдық жағдайға, тым құрыса көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін». Көкейге қонымды қисынға, өнімді ойға сүйенсек, жаңағы он алты өлең өз орындарын неге таппасын, әрине, табады!

Осы жолдардың авторы Астана қаласында 2014 жылы жарық көрген «Абай: ашылмай келген қырлары» атты кітабында Абайдың «Ойға түстім, толғандым» өлеңін ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылған деп қате топшылағаны бар. Міне, бұл Абайдың шығармашылық эволюциясын саты-сатылап қарастыру тәсілін ескермегендіктен орын алған олқылық болатын.

Орайсыз жәйттен түйгенім: көңілге анық қонымды дәлелге, мықты қисынға сүйенбей татымды жеміс жоқ. Бұл-бір. Екіншіден, сол дәлел, қисын көмбесін табудың басты шарты бар, ол – Абайдың даму процессін саты-сатылап анықтау. Алдағы уақытта ізденісіміз «Ойшыл Абай – зерттеушілік белесінде» (1894-1897 жылдар.аралығы)  және «Хакім Абай – теология асуында» деген (1898-1902) тақырыптар аясында жалғасын табады. Оларды да, әрине, асыл мұраны жаңаша жүйелеудің тың тәсілі арқылы тексермек ниетіндеміз.

Асан Омаров,

зерттеуші.

0
Authorization

Registration

Password generation