«Құнанбай» фильмі 5-11 қыркүйек аралығында Қазанда өтетін ХІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатысады, деп хабарлады «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі. Картина режиссері – Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсынов.
ХІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатысу үшін 50 елдің режиссерлері мен продюсерлерінен 700-ден астам өтінім келіп түскен, ал конкурстық бағдарламаға әлемнің 33 елінен ойын, документалды және анимациялық 60 фильм іріктелді.
Қазақстандық картинамен қатар, сайысқа Ресей, Иран, Қытай, Сербия, Араб әмірліктері, Қырғызстан, Бангладеш, Малайзия елдерінің картиналары қатысады.
Конкурстық бағдарламадан бөлек, көрермендерді конкурстан тыс бағдарламалар күтеді. Фестиваль аясында кино қайраткерлерімен шеберлік сағаттары, фестиваль қатысушыларымен шығармашылық кездесу, кино өнерінің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаттары өтеді.
Конкурстық бағдарламада қазылық ететіндер: режиссер, сценарист, продюсер Сыддық Бармак (Ауғанстан/Франция), режиссер, кинооператор Осман Сапаров (Түркменстан), режиссер, сценарист Юсуп Разыков (Өзбекстан/Ресей) және кинооператор Валерий Севастьянов (Татарстан). ХІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестиваліндегі әділқазы алқасының төрағасы – танымал кинорежиссер, Ресей халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Александр Прошкин.