Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > Пайдалы кеңестер > ҰБТ-дан қалай сүрінбей өтуге болады?..

ҰБТ-дан қалай сүрінбей өтуге болады?..

Түлектер

 

[dropcap]Қ[/dropcap]азіргі таңда ҰБТ деген бір жыр болды. Тіпті, мұң болды. Олай дейтінім, интернет бетін ашып қалсам, «ҰБТ-дан құлап сөйтіп қапты, бүйтіп қапты» немесе «ҰБТ-ДАН СҮРІНГЕН ЖЕТКІНШЕККЕ ХАТ» (1)сияқты кері әсерлі ақпараттармен бітіруші немесе ертең тест тапсыруға кіргелі отырған оқушыға қайтсе де жаман әсер қалдыратын материалдар көбейіп кетіпті.

Соған орай арманына асыққан талапкерлерге тек сәттілік тілей отырып, алдағы белестерді сүрінбей бағындыра алатынына сенім білдіре отырып, «Массагет» пен «Алаш айнасы» әзірлеген төмендегідей пайдалы кеңестерді де ұсынамыз. Бұны да шпорыңдай жаныңа салып, сақтап жүргейсіңдер!

Қадірлі қарындас, ізетті іні! Бітіруші түлек! Сіздің қазіргі қал-жағдайыңызды тілсіз-ақ түсінемін, жүрек лүпіліңізді сеземін.

  1. «Қашқанның да, қуғанның да сыйынары – бiр Құдай» дейді сіздің ата-бабаңыз. Тілегін жалғыз Тәңірден тілеген көрегенді аталарыңыз: «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады», «Қажетіңді сұра Ұлы Алладан, Сұрағаны берілмеген бар ма жан?!» деп те айтып кетті.

Ал сені бәрінен де артық жақсы көретін Алла Тағала аяқ киімнің бауына дейін сұрауға рұқсат берді. Құлым маған қол жайып, дұға тілесе, Мен оны бос қайтаруға ұяламын дейді. «Сен маған қарай жүрсең, Мен саған қарай жүгіремін», ‒ деген аса Мейірімдінің, ерекше Қамқордың кеңшілігін сипаттауға шама да, сана да жетпейді. Ендеше, жақындай түс, Жаратушыңа! Оғана қарай жүгір! Қажетің мен уайымыңның дауасын Жалғыз Алла Тағала ғана береді. Ол сенің ерініңнің қыбырлағанынан ғана емес, жүрегіңнің жыбырлағанынан да хабардар. Не істегеніңді ғана емес, не істейтініңді де біледі. Ол саған күре тамырыңнан да жақын.

  1. Кез келген уақытта сені естиді. Бірде бір кісі Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Расулалла! Раббымыз жасырын дұға қыларлықтай жақын ба, әлде дауыстап шақырарлықтай алыс па?»-деп сұрайды. Ол үндемей қалады. Сонда жауап ретінде мына аят түседі: «Егер сенен пенделерім Мен жайында сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін. Тура жолмен жүру үшін олар да маған жауап берсін (бұйрығымды орындасын) және Маған сенсін». («Бақара сүресі, 186-аят). (Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМБД тарапынан жарық көрген “Дін мен дәстүр” кітабынан, 47-бет). Алламен жақынырақ танысу, Оның разы болатын істерін жасау арқылы Жаратушыңа жақындай түс. Ол саған тек қана жақсылықты қалайды.
  2. Әр күні дұға қабыл болатын уақыттарда Алла Тағаладан екі дүниеңе қайырлы болатын ұпайды сұрауды әдетке айналдырыңыз. Дұға қабыл болатын уақыттар: намаздағы сәждеде, намазда сәлемнің алдында, парыз намаздардан кейін, түннің үштен бір бөлігінде, таң намазынан кейін, таң атуға жақын уақытта, азан мен қаматтың арасында, садақа берген соң, жаңбыр жауып тұрған уақытта, жұма күні күн батар алдында, жолаушы сапарда жүрген уақытта және ең бастысы – ауыз ашу алдында дұғалар қайтарылмайды.
  3. Дұғаны Алланың есімдерін ортаға қою арқылы жасаған абзал. Мысалы: «Я, Кешірімді Алла, Сен кешірімді жақсы көресің, мені кешір!» Сондай-ақ, Алла Тағаланың «әр-Рахман (Аса Мейірімді), әр-Рахим (Ерекше Рақымды), әр-Рауф (Мейірбан), әл-Мужиб (Жауап Қатушы), әс-Самиғ (Естуші) т.б. ), Зул жәләли уәл икрам (Даңқ пен құрмет Иесі), әл-Хайй (Тірі), әл-Қайюм (Тұрғызушы), әл-Уаххаб (Сый беруші) есімдерімен дұға тілеңіз. (Алла Тағаланың басқа да есімдерін қараңыз). Сондай-ақ, ата-ананың баласына жасаған дұғасы қайтарылмайды. Ата-анаңызды ренжітетін істерден аулақ болып, барынша разы етуге тырысыңыз.
  4. Алла Тағала Құранда: «Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» деген. («Бақара» сүресі, 153 аят). Алдын-ала тапсырылған тест қорытындыларына бола еңсеңізді түсірмеңіз. Үмітіңізді үзбеңіз. Сабыр сақтап, нәтижені Аллаға тапсырыңыз. Намазға ықтияттылық танытыңыз. Намаз –  Алладан тілек тілеудің көпірі, күтпеген жерден береке есігін ашушы. Жаратушымен сәждеде  сырласаңыз. Түнгі намаздағы тілектер қайтарылмайды. Маңызды сынақтар алдында истихара намазын (көмек сұрау) оқуды әдетке айналдырыңыз.
  5. Егер Алла Тағала сіздің қажетіңізді өтеп, жәрдем берсін десеңіз, сіз бүгін біреуге жәрдем беріңіз. Жолыңыз ашылып, сәттілік пен бақ қонсын десеңіз Алла разылығы үшін садақа беріңіз. Шын ниетпен, бір Алла үшін берілген 20 теңгенің өзі сансыз сауаптарға жеткізуі мүмкін. Қаражат жеткілікті болған жағдайда, ата-анаңыздан бір Алла үшін құрбан шалуды сұраңыз. Себебі, Алла Тағала бір өзіне құлшылық жасап, ізгі амалдарға талпынған құлын жақсы көреді, сұрағанын береді.
  6. Барлық нәрсенің Иесі болған Алла Тағаланың ашуын шақыратын істерден аулақ болыңыз. Сіз қазір жоғары балға өте мұқтажсыз. Сондықтан,  кез келген сәттілік әкеледі деп естіген нәрсеңіздің соңынан еріп кетуге әзірсіз. Ойламаған нәрсенің өзі Алла Тағаланың қаһарын оятып, жазасына ұшырап қалуыңыз әбден мүмкін. Әсіресе, Алла Тағала кешірмейтін ең үлкен күнә – серік қосудан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Асылында, серік қосу дегеніміз – адамды бəле жаладан қорғау, береке əкелу, жетістікке жеткізу, бала беру, жолын ашу, қайсардай қуат беру, тіл көзден сақтау, шипа беру сияқты құдіреттер «Алладан өзгенің де (адамның, заттың, табиғи құбылыстың, сөздің) қолынан келеді” деп сену. Сіздің тағдырыңыз Алланың ғана қолында. Алладан өзге ешнәрсе: шүберек болсын, тас болсын, сүйек болсын, от болсын, мүсін болсын тағдыр мен несібеге иелік етпейді. Ал кейбір жандар асығыстық танытып, болашақты білу үшін немесе жол аштыру мақсатында бақсы-балгерге барып жатады. Мұның да жол ашуға себеп болатын емес, керісінше, сәтсіздікке ұрынар күнә екенін есіңізден шығармаңыз. «… Болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу, өлілерге табынып, олардан қажетін сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сиыну, табыну үдерістері мұсылманшылыққа жат қылықтар». (Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМБД тарапынан жарық көрген “Дін мен дәстүр” кітабынан, 26-бет).
  7. Әлі есімде, менің көрші сыныптасым болатын. Мектепте тапсырылған тестілеу нәтижесінде үнемі 100-ден жоғары ұпай жинап жүретін. Күндердің күнінде отбасы мүшелерімен көрші ауылдағы қабір басына баруға дайындалды. Мені де өздерімен бірге баруға шақырды. Ол кезде мен үнемі Аллаға дұға жасап жүретін болғандықтан, Алланың дұғамды тікелей қабылдайтындығына сендім де, бас тарттым. Олар кетті. Келгеннен кейін аз уақыттың ішінде ол үйдің тұрмысы ғана емес, сыныптасымның көрсеткіші де тым төмендеп кетті. Нәтижесінде, бар болғаны 51 балға ие болды. Ал мен Алла Тағаладан үнемі маған бар болғаны 112 балл берші деп жалына сұрайтынмын. Сенесіз бе білмеймін, ешбір адамның көмегінсіз, бір Алланың қолдауымен тұп-тура 112 баллға ие болдым. Ондай көрсеткішті сынақ (пробный) тестілеулерінде мүлде жинап көрмеген болатынмын.

Иә, бауырым! Сенің дұғаң ешбір көмекшінің қатысуынсыз, қасиетті қабірдің басына бармастан, кез келген орында қабыл болады. Шама-шарқыңша дайындал, оқы, жатта! Сонан кейін бір Аллаға тәуекел ет (ісіңді тапсыр). Өйткені – әрекет сізден, берекет – Алладан. Жоғары ұпай аспаннан жаумайды. Жоғарыда аталған, Аллаға ұнамды амалдарды дұрыс жасаған болсаң, Алла қаласа, бәрі де жақсы болады.

Жас түлек, ҰБТ деген мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда өмірдің тоқтауына себеп болатын қасиетті сынақ емес. ҰБТ – жай ғана бір баспалдақ. Өтсеңіз, жақсы, өтпесеңіз, ешкім сізді өмірден сызып тастамайды. Жыл сайын Қазақстанда 100 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді, мәселен, былтыр оның 92 077-сі ҰБТ тапсыруға өтініш берді, оның ішінде тек 30-40 мыңы ғана грантты жеңіп алды. Сіздіңше, қалған оқушылардың бәрі өлді ме? Олардың өмірі тоқтап қала ма? Жоқ. Олар дәл қазіргідей екі аяқ, екі қолмен өмір сүре береді және грантқа түскендерден мың есе бақытты бола алады.  Сіз ел секілді 100-120 балл жинай алмасаңыз, кінәлі емессіз. Бұл – тағдыр. Қайырлысы солай болып тұр. Оның артында сөзсіз бір жақсылық бар. Ол жай ғана балл, сан ғой. Аяғыңыз немесе қолыңыз жоқ болса, көзіңіз көрмесе, құлағыңыз естімесе не істер едіңіз? Ата-анаңыз, бауырларыңыз жоқ болса қалай болмақ? Қажетті балыңызды жинай алмасаңыз да, сіз миллиондаған адамдардан әлдеқайда бақыттысыз. Осыны ұмытпаңызшы…

ҰБТ-ға психологиялық кеңес

 

ҰБТ-ға дайындалудың тиімді жолдары

  • – Күн тәртібі мен жұмыс орнын қалай ұйымдастырамыз?
  • – Жұмыс орны өте ыңғайлы және тыныш болуы керек.
  • – Тестке дайындалатын үстел үстінде сары немесе күлгін түсті парақтар немесе мата қиындысы болғаны дұрыс, өйткені ол интеллектілік белсенділікті арттырады.

Күн тәртібі:

  • * күнді үш бөлікке бөл;
  • * Тестке күніне 8-сағат дайындық;
  • * Спортпен айналысуға таза ауада серуендеуге үй шаруасымен айналысуға 8-сағат;
  • * 8-сағаттан кем ұйықтама;
  • * 2-сағат тестке дайындалып, 30-40 минут мидағы жүйкелік қатаюдан арылып, ақыл-ой еңбегін дене еңбегімен (гимнастикалық жаттығулар т.б.) кезектестіру керек.

Тамақтану:
Күніне  3-4 рет витаминге толы тағамдармен  тамақтану керек. Грек жаңғағын, сүт өнімдерін, балықты, етті, көкөністі, жеміс-жидекті, шокаладты қолдау керек. Бұл тағамдар адам миындағы интеллект деңгейін арттырады.

 

Тестке 1-күн қалғанда

  • 1. Балаларыңызға мүмкіндігінің аз екендігі туралы айпаңыз.
  • 2. Отбасылық қарым-қатынасты дұрыс сақтаңыз.
  • 3. Балаңыздың ұйқысының дұрыс болып, физиологиялық тұрғыда шаршамауын талап етіңіз.
  • 4. Егер бір нәрсені оқып үлгермесе, дұрысы талап етпеңіз,  керісінше дем алып, көңіл көтеруіне мүмкіндік жасаңыз.
  • 5. Таза ауада достарыңмен, ең жақын адамдарымен серуен жақсы әсер етеді.
  • 6. Кешкі аста дастархан басында рухани қолдау сөздер айтыңыз.
  • 7. Балаңызды ерте жатып, дұрыс ұйықтауын қадағалаңыз.

Тест күні

  • 1. Тест күні балаңыздан бұрын тұрып, оятып, бүгінгі таң ол үшін сәтті атқанын сендіріп айтыңыз.
  • 2. Суық суға жуынуын, гимнастикалық  жаттығулар жасауын қадағалаңыз.
  • 3. Жеке куәлігін, рұқсат қағазын, қара қаламын ұмытып кетпеуін қадағалаңыз.

Тест күнгі тамақтану үлгісі:

  • 1. Аса майлы тамақ жеуге болмайды және  мүлдем тамақтабауғада болмайды.
  • 2. Қатты қобалжығандықтан, балаңызда тәбеті болмауы мүмкін, бірақ аудитория атмосферасына шыдау үшін тамақтанбаса болмайды.
  • 3 .Жеңіл көкөністен жасалған тағамдар жеген дұрыс.

Тест күнгі психологиялық қолдауды қалай көрсетеміз?

Таңертең балаңызбен бірге барыңыз, қолдау көрсетіңіз. Бәрі сәтті болатындығына сендіріңіз. Тесттен кейін жылау,  ашулану, тұйықталу сияқты әртүрлі мінез-құлық көрсетуі мүмкін. Тест нәтижесін көрмей қобалжудың орынсыз екенін ескертіңіз.Орынсыз ескертпелер айтпаңыз, мұның соңы қиын жағдайға соқтыруы мүмкін. Тест нәтижесін хабарлағанда қасында болыңыз. Сіз күткен нәтижеге сәйкес келмесе де сабырлылық танытып, қолдау көрсетіңіз. Ендігі өмірінің сәтті болуына тілек білдіріңіз.

Балаларыңызда тестте кездесетін қиындықтар.

  • 1. Психологиялық қобалжудың жоғарылауы
  • 2. Есте сақтаудың төмендеуі
  • 3. Сұрақты соңына дейін оқымауы
  • 4. Нұсқаларды толтыруда шатастыруы
  • 5. Уақытты дұрыс пайдалана алмау
  • 6. Ойын жинақтай алмау, шашыраңқылық
  • 7. Ұялы телефон, шпоргалка қолдануда комисия мүшелеріне ұсталу
  • 8.  Қосымша құралдармен жұмыс істеп, білетін сұрақтардың өзін белгілемейді.
  • 9. Жүрек айну, іш ауру

ҰБТ-дан кейінгі жаңа өмір

ҰБТ

11 сыныпты тәмамдаған соң сіздің алдыңызда жаңа өлкеге көшіп бару, яғни басқа қаладағы ЖОО-да оқу мүмкіндігі туады. Бұл уақытта қалаған оқу орныңызды таңдап, ҰБТ-ға дайындық барысындағы күйзеліс бәсеңдейді. Ата-анаңыздан жырақта өмір сүріп, еркін өмірдің ләззатын сезіне бастайсыз. «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» болғандықтан, өз әрекеттеріңіз үшін жауапкершілікті мойныңызға алуыңызға тура келеді. Бұл жаңа өмір бейтаныс өлкеге сіңісумен байланысты болғандықтан, оның үлкен өмірге аз-кем болсын дайындық жасататыны анық. Көшуге қалай дайындаламыз?

Алматыдай алып шаһарларда оқуды жөн көрген түлектер мұнда да қиындықтың көп екенін ескермейді. Кезекті материалымызда осы қиындықтар туралы сөз қозғайық. Осы қиындықтарды алдын ала білу арқылы өзіңізді моральдық тұрғыдан дайындайсыз, артынша бетпе-бет кездескен кезде, қандай шешім қабылдау керектігін біліп тұрасыз.

№1 қиындық. Ақшаны орнымен жұмсау. Бір айдың шәкіртақысын келесі айға жеткізу. Мұның несі қиын дейтін шығарсыз? Шындығында көп студент бір айға ақшасын әрең жеткізеді. Бұл өзімнің де тәжірибемнен өткен. Қаржы тапшы болғандықтан, 2-курстан бастап жұмысқа орналастым. Осылайша сабақ пен жұмыс арасында «шауып» жүрдім десем де болады. Тақырыбымызға қайтып оралайық. Ақшаны орнымен жұмсау үшін барған жеріңіздегі бағаның қандай екенін шамамен болсын білуіңіз керек. Бұл мәселеге реалистік тұрғыдан қараған сайын, оны оңай шешесіз. Және ауылдан беріп жіберетін соғым, мүшек-мүшек картоп дегеннен мүлдем бас тартпаңыз. Кейде студенттердің ауылдан азық-түлік алдырып отыруға ұялатын әдеті болады.

№2 қиындық. Үй шаруасын ретке келтіру. Қыз балалар мектепті тәмамдағанша тамақ жасап, үйді тазалап, кір жуып үйренетіндіктен, бұл мәселеде аса қиналмайды. Ал жігіттеріміздің жағдайы қиындау. Өйткені біздің менталитетімізге сай «ол кісілер» үй шаруасына араласпайды. Мұны тек қыз баласы жасауы тиіс деп біледі. Бөлмесін шашып, киімдері бірнеше апта бойы жуылмай жатады. Ыдыстар да қолданылатын кезде ғана жуылады. Алайда уайымдамаңыз. Ғалымдардың айтуынша, біз кез келген әдетте үзбей жасау арқылы 21 күннің ішінде қалыптастыра аламыз. Осы жаздың 3 айында үй шаруасына атсалысып, қарындастарыңыз бен анаңызды қуантуыңызға болады. Себебі жатақханада немесе жалдамалы пәтерде тұрсаңыз да, өз киіміңізді өзіңіз жуып, үтіктеп, дүкеннен азық-түлік сатып алуыңызға тура келеді. Табысқа жету үшін тәжірибенің көп болуы керектігін ескеріңіз. Өз бетіңізбен өмір сүруге алдын ала дайындалып көріңіз.

№3 қиындық. Өзгелермен тіл табыса білу. Үйде болған кезде, барлығы оңай. Себебі еркелігіңізді ата-анаңыз қуана көтеріп, бауырларыңыз әрдайым кешіруге дайын тұрады. Бастапқыда бір бөлмеде тұратын бірнеше студент бір-бірінің мінезін жақсы танымайды. Бірақ қанша уақыт бірге тұрса да, арасынан қыл өтпейтіндей дос болып, төрт жылдан соң қимай айырылысқан жандар да бар. Бөлмеде әртүрлі адам бірге тұратындықтан, әр өлкенің тәрбиесі басқа болатынын түсінесіз. Бірінің қылығы сіздің тәрбиеңізге жат көрінсе, енді бірі сіздің мінезіңізді түсінбей дал болады. Нарынқолдықтардың «ж» әрпінің орнына айтылатын «дж», «ш» әрпінің орнына айтылатын «чш» сынды аффрикаттарын жақтырмаса, енді бірінің батыстықтардың «Не зат?», «Не хабар?» дегенінен әбден зығыры шығады. Бұдан өзге үй шаруасына қатысты қиындықтар да туындайды. Бірі ас ішкен ыдысын бірден жуса, екіншісі кейін жууды жөн көреді. Бірі Әли Оқапов секілді жастарды тыңдаса, екіншісі Мұзарт, Нұр-Мұқасан, Қайрат Нұртас орындайтын қарапайым, қазақы әндерді ұнатады. Олармен сыйысу үшін ата-анаңызбен, үйдегі бауырларыңызбен ренжіспейтіндей дәреже жетіңіз. Әрине, кикілжің өміріміздің бір бөлшегіндей болып кеткеніне таласымыз жоқ. Алайда барлығын бейбіт жолмен шешуді үйреніңіз. Адамдармен қарым-қатынасыңызды реттеу арқылы ұстаздармен де, болашақтағы әріптестеріңізбен де жақсы тіл табысасыз. Артынша болашақ жарыңызбен бірге тұрған кезде де қиналмайсыз. «Ауру қалса да, әдет қалмайды», бірақ серігіңіздің, досыңыздың кемшілігін сол күйінде қабылдап, сыйысып үйренуіңізге болады. Бұл адамның қорылдағанына ұқсайды. Мысалы, жаныңызда біреу қорылдап жатса, оны «Қорылдама!» деп айту арқылы тоқтата аласыз ба? Жоқ. Бар болғаны, оның тәтті ұйқысын бұзып, оятасыз. Ал мұның орнына құлағыңызға айналадағы дауысты естірпейтін құрал сатып алсаңыз болады емес пе? Өзіміздің қалауымызбен әуре болатынымыз соншалық, қатты шаршаған адамның ғана қорылдайтынын тіпті ескермейсіз.

№4 қиындық. Күн тәртібіне сай өмір сүру. Енді сізге «Үй тапсырмасын орында» деп ешкім айтпайды. «Әй, балам оқысаңшы, әке-шешеңді аясаңшы!» деп жүгіретін ұстаздарыңыз да жоқ. Әркім өзі үшін жүгіреді. Сізді аяғыңыздан шалып, достықтан бағаны артық көретін студенттер кездеседі. Аяғымнан шалды деп айтуға келмейді. Алайда мұндай жағдай менің басымда да болған. Университеттегі алғашқы семинарда Өмірбек пен Дәметкен есімді группаластарым «Ол қате айтты. Мен түзейінші!» деп айтқан кезде, екі көзім шарасынан шығайын деп, төбемнен тоқпақпен ұрып жібергендей күй кешкен едім. Сол сәтте «Ісім осы екеуімен болсын!» деп тісімді қайрап, артынша өздерінің қатесін іздеп отыратын әдет шығарған едім. Себебі мектепте оқып жүрген кезімізде, сыныптасымыздың қатесін түземей, тек көмектесіп отыратын едік. Алайда осы әрекеттеріміз үшін қазір қатты өкінеміз. Өйткені олар әлі де жалтақтап, шеттен көмек күтіп отырады. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Ал Өмірбек пен Дәметкен сынды группаластарымыздың арқасында сапалы білімнің достықтан қымбат екенін, нағыз көшбасшының қандай болатынын білдік. Енді сіз – өз ісі үшін жауап бере алатын тұлғасыз. Бірақ бар қиындық осыда болып тұр. Өзіңіздің уақытыңызды бақылап үйренбеген болсаңыз, дәл қазір сол мүмкіндікті жүзеге асыратын уақыт. Уақытыңызды жоспарлап үйреніңіз. Тіпті сүйіктіңізбен кездесуіңіздің қанша уақытқа созылу керектігін есептеңіз. Айдың соңында күн тәртібіңізге сай өмір сүріп үйренген, үйренбегеніңізді бақылап көріңіз.

Егер дәл қазір үйіңізде осы материалды оқып отырған болсаңыз, басқа өлкеге көшу мәселесі туралы ойлаңыз. Алтын ұяңызды қимасаңыз да, сомдалған қанатыңызбен биік белестерді бағындыратын уақыт келді. Алдыңызда тәуелсіздіктің ләззаты күтіп тұр. Онымен бірге кішігірім қиындықтар да бар…

Құрметті оқырман, алдағы үлкен өмірде жолыңыз болсын! Аз-кем кеңестеріміз пайдаңызға жарар деген үміттеміз!

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation